Қызғалдақ — даланың құнары

Қызғалдақ — Ұлы дала көктемінің символына айналған гүл. Ғалымдар оны Қызғалдақтың отаны Ақтөбе деген де әдемі теңеу айтылып жүр соңғы кездері.
Ғалымдар оны алғаш рет бұдан 10-15 миллион жылдай уақыт бұрын, бүгінде Орталық Азия мен Қытайдың, Иранның арасын бөліп, мыңдаған шақырымдарға созылып жатқан таулардың етегінде пайда болған деп есептейді.
Осы аймақты ертеден мекен ететін көшпелі халықтардың арасында қызғалдақ гүліне қатысты сан түрлі аңыз да тараған. Сол аңыздардың бірінде қызғалдақ гүлі жыл сайын ерте көктемде аз күнге ғана туған жеріне қонаққа келіп кетуге мұрсат алатын ата-бабалар рухымен байланыстырылады. Бұл аңызда бұлтартпас бір шындық бар — қызғалдақтың аз күн ғана көрініп, келер көктемге дейін көзден ғайып болатыны…
Табиғаттағы қызғалдақтың ғұмыры тым қысқа — 7-15 күн ғана. Ал оны қолдан өсіруді ХІ ғасырда ирандықтар бастаған деседі. Дегенмен жаппай өсіруді қазақ жерінен кеткен оғыздардың ұрпағы — Османлы түріктері жолға қойған. Еуропаға, соның ішінде Голландияға қызғалдақ ХVI ғасырдың 50-жылдарының ішінде осы түріктер арқылы барған. Қызғалдақты голландиялықтар өздерінің ұлттық мақтанышына айналдырды. Орта ғасырларда Еуропа қызғалдақтың отаны —Голландия деп есептеген. Француз жазушысы Онере де Бальзактың «Абсолютті іздеу» атты шығармасында Дуэ қаласында тұратын бас кейіпкердің арғы түбі голландиялық ақсүйектер әулетінен болғандықтан, қызғалдақтың атақты сорттарынан бай коллекциясы бар еді деп баяндалады. Бүгінде қызғалдақ — Голландияның нөмірі бірінші экспорттық тауары. Деректер бойынша, бұл гүлдің саудасынан олар жылына 25 миллиард доллар пайда тауып отыр екен.
«Қызыл гүлді барады қыр ап қашып…»
Қазақ ақыны Төлеген Айбергенов:
«Кезім менің! Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қыр ап қашып», — деп жырлады. Ал оның замандасы, қазақтың тағы бір аяулы ақыны Фариза Оңғарсынова бұл жолдардың жазылуын үлкен батырлыққа балады. Неге? Өйткені Кеңес өкіметінің азуын Айға білеп тұрған шағында жазылған бұл өлеңде дала гүлдерінің жойылып, жердің жұтаңданып бара жатқаны айтылған. Бір-ақ сөйлеммен болса да, айтылып тұр…
Расында, кеңестік билік, сырттан келген келімсектер қазақ жерінің экожүйесін сақтау мәселесіне бас қатырған жоқ. Тың игереміз, миллиард пұт астық аламыз деп жүріп, қызғалдағы құлпырып тұратын алқаптардың жұлым-жұлымын шығарғанын былай қойғанда, дәл қызғалдақ маусымы — мамыр айының басында күнтізбеге екі бірдей мереке енгізіп, демалыс берген «жомарттығы» да қазақ даласының соры болды. Демалыста жұрт бала-шағасымен шұбырып қырға шығып, қызғалдақты әп-сәтте отап алатын еді. Жаны ашымас келімсектерден осы әдетті жергілікті жұрт та жұқтырды. «Көкті жұлма — көктей соласың» — деп, даласының қамын ойлаған бұрынғы ата-бабаның өсиеті жөніне қалды. Түз гүлі тұқым шашып үлгерместен үзіліп, кей түрі мүлде жойылып та кетті.
Бүгінде әлемде қолдан өсірілетін қызғалдақтың 3 мың сорты болғанымен, табиғатта кездесетін түрлері аз. Біреулер оның санын 100, енді біреулер 80-нің айналасында дейді. Ал Қазақстанда 35-40 түрі өседі. Бұлардың 18-і — жойылып кетуге айналған, сирек кездесетін гүлдер. Тағы бірқатары эндемик, яғни басқа еш жерде өспейтін өсімдіктер ретінде қорғауға алынған. Мысалы, Регель қызғалдағы — Қазақстанның эндемик өсімдігі. Тек Шу-Іле таулар жүйесі мен соның баурайында өседі. Бұл — шебер тігіншінің қиялынан шыққандай, сызық-сызық болып жиырылып тұратын жапырағы, үлбіреген ақ-сарғыш гүлі бар, биіктігі 5-10 сантиметр болатын өсімдік. 1887 жылы орыс ботанигі А. Краснов Аңырақайдан көріп, ғылымға енгізген. Петербург ботаникалық бағының директоры Регелдің атын берген. Осы бақта, одан кейін Ташкентте өсіріп көруге талпыныс жасалғанымен, ол тәжірибелер сәтсіз аяқталыпты. Тіпті Алматының өзін жерсінбеген: 3-4 жыл гүлдеп тұрғанымен, тұқым жаймайды екен.
Қазақстан Ұлттық банкі 2006 жылы «Қазақстанның өсімдіктер әлемі» сериясымен бағалы монеталар шығара бастады. Олардың алғашқысы — тап осы Регель қызғалдағының суретімен шыққан күміс монета. Айта кетейік, Регель қызғалдағының мекені Шу-Іле таулары — тарихи жер. Мұндағы Хантауда Қазақ хандығының алғашқы билеушісі — Керей хан жерленген, яғни туризм саласын дамытуға сұранып тұрған жерлердің бірі.
«Мал да жейді» демеңіз
Қызғалдақ жұлу — жаттан сіңген әдет, қазақы экологиялық мәдениеттен жұрдайлықтың белгісі. Қызғалдақ теруге қатысты дауларда: «Пиязшығы топырақта қалады ғой» — деген уәжді алға тартушылар бар. Бірақ ол пияздың ғұмыры мәңгілік емес, 60-70 жылдың шамасында ғана екені ескерілмейді. Сондықтан жылма-жыл дәнін сеуіп, көбейтіп отырмаса, өзің болмағанмен, немереңнің тұсында жоғалып кетуі, не селдір тартып, даланың көктемгі әдемі қызыл көйлегі «шұрқ тесікке» айналуы мүмкін.
Ал әр дән топыраққа түскеннен кейін, 10-13 жылда ғана өсіп-жетіліп, гүлдейді. Соған байланысты зерттеушілер қызғалдақ пен адамның ғұмырының ұқсастығы бар деп те жатады.
Кейде: «Мал да жейтін қызғалдақты адамнан қызғанғаны несі?» — дейтін реніштер де айтылады. Малдың жейтіні рас. Бірақ малмен жағаласып, малдан қалғанды енді адамның барып құртамын деуін қабылдау қиын?.. Оның үстіне, адамның жұлғаны аз ермек болып, аяқ асты қалады. Ал мал жегенін сізге шипалы қымыз, шипалы сары май қылып ұсынады. Бұрынғы қазақ көктемге әзер жеткен әлсіз, қаны аз адамдарды мамыр айындағы қымызбен емдеген екен. Бұл кездегі қымыздың шипалық қасиеті ерекше бағаланған. Сондай-ақ мамыр айындағы қызғалдаққа жайылған сиырдың сары майының түсі де, қасиеті де ерекше болатынын баршамыз білеміз. Оны мамыр айында көптеп жиып алып, қысқа сақтауға тырысамыз. Қыстағы суық тигенге, жөтелге таптырмас табиғи ем санаймыз. Қысқасы, мал жеген қызғалдақ арқылы туған жер сізге өзінің құнарын, нәрін ұсынады, қуат береді, емдейді.
Этнограф-ғалым, профессор Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, біз қазір «мамырдың майы» атайтын өнімді бұрынғылар «қызғалдақ майы» деп атаған. Тіпті қызғалдақ майын алғаш алған күні, ауыл жиылып, арнайы дастарқан жаятын дәстүр де болған. Беріде «қызғалдақ майының шайы» деген аталған бұл дәстүр, этнографтың айтуынша, Орал жағында сақталған екен. Бұл дәстүр де Ұлы далада туризмді дамыту мақсатымен жандандыруға сұранып-ақ тұр…

Жұлмаңыз — жазаланасыз
Қазақ жерінде өсетін қызғалдақ түрлерінің басым бөлігі Қызыл кітапқа енгендіктен, оларды жұлған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 339-бабының «Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бөлімі бойынша жазаға тартылады. Заңда ондай жағдайда әр жұлған қызғалдақ үшін айыппұл салынатыны не сол айыппұл мөлшерінде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылатыны, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектелетіні көрсетілген.
Қылмыстық Кодексте жұлынған гүлдің саны көрсетілмеген, яғни бір гүл жұлғанның өзінде жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ заң талабын білмедім деу жауапкершіліктен құтқармайды.
Ең бастысы, туған жерге деген жанашырлық керек. Қызғалдақ — туған топырағымыздың құнары, туған даламыздың сұлулығы. Голландтар сол сұлулықты өз жеріне қолдан жасап беріп әрі одан табыс тауып та отыр. Ал біз даламызды, ең болмаса, табиғаттың өзі берген көктемгі ғажайып көркінен айырмайық.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



