«Ауыл көркею үшін тұрғындар көшпейтіндей жағдай жасау керек»

Өткен демалыс күндері облыс әкімі Оңдасын Оразалин Байғанин және Темір аудандарына жұмыс сапарымен барып, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен кездесті. Сапарын Байғанин ауданынан бастаған өңір басшысы көктемгі су тасқынынан жарылып кеткен Ақтөбе-Атырау тасжолын қайта қалпына келтіру жұмысының барысымен танысты.
Биыл күрт еріген қар суының тасқыны Жарлы ауылынан 2 шақырым жердегі ұзын жолды бұзып, көлік қозғалысына кедергі келтірген-ді. Жол салушы мердігерлер жедел әрекет жасап, жолды 3-4 сағат ішінде инертті материалдармен бітеп, жеңіл көліктерді өткізген. Ал жүк көліктері бір тәуліктен соң жүрді.
Жол салушы «СМС» ЖШС директоры Мехмет Буданның айтуынша, ол жерден екі жыл бұрын су өткізгіш құбыры салынған. Бірақ биылғы судың тасқыны шамадан тыс көп болып, құбырдан асып кеткен.
— Құбырының жарылу себебі — су тіке келмеген. Жолдың жиегімен келіп, сол жерге иін жасап, иірім пайда болды. Нөпір су құбырдан өтіп үлгере алмай, жанынан тесіп кетті. Мұндай жағдай келесі жылы да қайталанбас үшін су келетін жақтан дамбы саламыз. Бұл суды тежеп, ағысын бәсеңдетеді, су құбырдан еркін өтетін болады, — дейді мердігер мекеме басшысы.
«Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетов барлық жұмыс жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын және мамыр айында аяқталатынын айтты.
Одан кейін облыс әкімі Жарлы ауылындағы Қ.Боқанов көшесіндегі жол-құрылыс жұмыстарын қарап шықты. Жоба құны — 116 миллион теңге. Жоспар бойынша жол құрылысы тамыз айында аяқталмақ.
Жақында Жарлы ауылында тағы бір әлеуметтік нысан ашылады. Маусым айында ангарлық үлгідегі денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы аяқталуы тиіс. Оның жалпы ауданы — 995,8 шаршы метр.
Нысандарды қарап шыққан облыс әкімі аудан, ауыл әкіміне жобаларды іске асыру мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды және жұмыстың сапалы атқарылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен біргеауылдың санитарлық тазалығы мен көшенің көркін бұзып тұрған кейбір үйлерді, аулаларды сынға алып, ауыл әкіміне осы олқылықтардың барлығын тазалық айлығында реттеу керектігін айтты.
Мектепте өткен кездесуде тұрғындар бірнеше мәселе көтерді. Солардың бірі — Көлтабан ауылдық окургінің орталығы Жарлы ауылы туралы. Бұл үлкен ауылда қазіргі таңда 2292 адам тұрады. Теміржолдың арғы бетінде 260 үй бар, онда 700 адам тұрады. Ауыл үлкендері «сол теміржолдың арғы бетінен мектеп салынса» дейді. Жарлыдағы жалғыз мектепте білім алып жатқан 435 оқушының 181-іарғы беттен келіп оқиды екен. Тұрғындар сұрақтарына жауап берген облыс әкімі толғандырған әлеуметтік мәселелерге назар аударатынын айтты.
— Қай нәрсенің де алдағы уақыттағы тиімділігін анықтау керек. Әрине, мектеп керек болса, оны да салып береміз. Бірақ алдымен жүйелі түрде зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Өз орталарыңыздан комиссия құрып, аудан, ауыл әкімдерімен бірлесіп, жан-жақты талқылап, ұсыныс беріңіздер. Шынында, теміржолдың арғы бетінен қатынап оқу қиын. Алайда ол жақта да тұрақтылық керек. Ертең мектеп салып алып, онда оқитын бала таппай қалсақ, еңбегіміз еш кетеді. Сондықтан,ең алдымен,өсу қарқыны жоғары ауылдарға қолдау көрсетеміз. Бәрі кезең-кезеңімен жасалатын болады, — деген облыс әкімі түйінді мәселелерді шешу жолдарын түсіндірді.

Халықпен кездесуден кейін облыс әкімі аудан орталығы Қарауылкелдіден 7 шақырым жердегі «Әулие» бөгетіне барды. Биыл бөгет суға толған, онда жиналған судың көлемі — 350 мың текше метр. Бұл су қоры бақша мен малды суаруға пайдаланылады.
Облыс әкімінің Темір ауданындағы сапары Тасқопа ауылына қарай апаратын жолдың құрылысымен танысудан басталды. Жобаның жалпы құны —1,4 милиард теңге. Тасқопаға апаратын 33 шақырым көтерме жол бұрын жөндеу көрмеген. Көктем, күз айларында жауған жаңбырдан балшыққа айналып, көліктерді жүргізбейтін. Жолды орташа жөндеу мерзімі — 3 жыл. Биыл тасқопалықтар үшін жолдың бейнеті 11 шақырымға қысқарады. Ауыл әкімі Мәрзия Қожақованың айтуынша, Тасқопада ауызсу, газ, интернет бар. Ұялы байланыс желісінің 4 түрі істеп тұр. Тұрғындар үшін тек жолдың ғана мәселесі қалған еді. Облыс әкімі жол жасап жатқан мердігерлерге биыл 11 шақырым жолды асфальттаған соң қалған бөлігіне қиыршық тас төсеуді немесе тегістеп беру керектігін айтты.

Одан кейін Оңдасын Оразалин Досжан хазірет мемориалды кешенінде болды. Қазіргі уақытта мұнда 2020 жылы басталған кешенді абаттандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисоваға құрылысы аяқталуға жақын кешеннің жұмысын жандандыра түсуді тапсырды.
Ақсай ауылдық округіне қарасты Шығырлы елді мекеніне орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылып жатыр. Су құбырын тарту жұмыстары қаңтар айында басталған. Күзде ауыл тұрғындары сапалы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.
Шығырлы ауылының клубында өткен кездесуде тұрғындар газдандыру, ауданның елді мекендерін сумен қамтамасыз ету, жаңа спорт нысандарын ашу және тағы басқа мәселелерді көтерді. Шығырлыда қазір 80 үй бар. Негізгі мектепте 37 бала оқиды. Ауылда балабақша жоқ. Жастардың дені қалаға көшіп кеткен.
Күре жолдың бойындағы табиғаты әсем, мал бағып, құс өсіруге қолайлы ауылдың тамырына қан жүгіре бастапты. Облыс әкімі айтылған барлық ұсыныстар мен өтініштераяқсыз қалмайтынын айтты:
— Ауыл көркею үшін әуелі тұрғындар көшпейтіндейжағдай жасау керек. Қазір ауылдарға су, газ, интернет жеткізу, басқа да мәселелерді біртіндеп шешіп беріп жатырмыз. Биыл тұщы суға қол жеткізсеңіздер, енді газдандыру мәселесі тұр. Осының бәрі жастарды ауылға қайтарып, бұрын қаңырап қалған елді мекендердің еңсесін тіктеу үшін жасалып жатқан дүниелер. Кейбір мәселелер бір жылдың ішінде шешіледі. Шешілуге тиіс, бірақ уақытты қажет ететін мәселелер де бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында ауылдық елді мекендерді абаттандыру, оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жалғаса береді, — деп сапарын қортындылады облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Самат НАРЕГЕЕВ.



