Спорт

Төртінші жүлде

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында жерлесіміз Мейрамбек Айнағұлов күміс жүлдегер атанды.

Азия чемпионатының алғашқы күнінде 5 салмақ дәрежесі бойынша грек-рим күресінің балуандары бақ сынады. Осы бес салмақ дәрежесі бойынша жарысқа қатысқан қазақстандықтардың төртеуі, атап айтқанда, Мейрамбек Айнағұлов (63 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг), Мақсат Ережепов (77 кг) және Аманғали Бекболатов (55 кг) финалға өтсе, Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) қола жүлде үшін таласуға жолдама алды.

Өкінішке қарай, алтын үшін күресте төрт балуанымыздың үшеуі жеңіліп, тек Әлімхан Сыздықов қана жанкүйерлер үмітін ақтады. Әлімхан оңтүстіккореялық балуан, 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Ким Мин Сокты 9-0 есебімен уақытынан бұрын жеңді.

Мейрамбек финалда қырғызстандық балуан Тынар Шаршенбековтен жеңілді. Ал Нұрсұлтан Тұрсынов қола медаль үшін таласта осы елдің балуанын жеңді. Сөйтіп, құрлық чемпионатының алғашқы күнінде біздің балуандар 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Жарыс 24 сәуірге дейін жалғасады.

Айта кетейік, Мейрамбек Айнағұлов — грек-рим күресінен еліміздің үздік балуандарының бірі. Ол екі мәрте әлем чемпионатының (2017, 2019 жж.) жүлдегері атанды және осымен төртіншірет Азия чемпионатының (2016, 2017, 2018 және 2022 жж.)жүлдесін иемденіп отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button