Басты жаңалықтарӘдебиет

«Әдеби ортаға бір әңгімеммен танылдым»

Ұзақ жылдар бойы Шалқардағы шалғай ауылда математика пәнінің мұғалімі бола жүріп, қазақ әдебиетінің көшіне де ілесіп, қазақтың ат төбеліндей аз сатиригінің бірі ретінде танылған Төрежан Мәндібай биыл 85 жасқа толып отыр.

Белгілі ақын Сәбит Баймолдин кезінде: «Төрежанды тыңдау да, онымен бірге бір сәт болу да кәдімгідей сергітіп тастайды. Шын дарынның ажарлы ғұмыры ұзақ, әзілі мол болғай» — деп, әрі тілегін жеткізіп, әрі бағасын да берген екен. Бұл тілек қабыл болып, шүкір, жазушы әлі де қолынан қаламын тастамай келеді.

Біз оқырмандарымызға мерейтой иесімен сұхбат ұсынғанды жөн көрдік.

— Әдебиетке қалай келдіңіз? Әңгімені осы сауалдан, алғашқы қадамдарыңыз туралы естеліктен бастасақ?

— Қаламгер боламын деп о баста алдыма мақсат қоймаған едім. Ауылда өстім, әке-шешем де қарапайым адамдар. Мектепте жақсы оқыдым. 1960 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірдім. Сөйтіп, ауылыма қайтып келіп, мұғалім болдым. Таңдаған өз мамандығымды адал атқарып, шәкірттер тәрбиеледім. Бірақ күнделікті жұмыс, күнкөрістен басқа да адамның рухани қажеттілігі, қызығатын ісі болады ғой. Қызығатын іс дегенде, қарап отырсақ, сол заманда ауыл адамдарының алдында екі ғана «таңдау» бар екен: не арақ ішу, не кітап оқу. Ол кезде арақ ішу еш айып та саналмайтын, керісінше, ішпеген адамға шүйлігушілер табылатын. Дегенмен мен арақ іше алмадым, кітап оқуды таңдадым. Өзіміздің қазақ қаламгерлерін, Еуропа классиктерін, орыс жазушыларын бітіріп, үнді, парсы әдебиетіне көштім. Ал оқыған дүниең текке кетпейді, сенің қиялыңды да шартарапқажетелейді. Әр жұрттың жазушысы сол өз жұртының тірлігіндегі түйткілді мәселелерді қозғайды, толғанады, жаманына күйініп, жақсысына сүйінеді. Мұның бәрі оқырманға әсер етеді. Оқырман да жан-жағына қарап, ойлана бастайды… Бір күні таң алдында маған бір әңгіме «келді», келді дегенде, кәдімгі көз алдымда тұрып алды. Шынымды айтсам, «қолыңа қалам ал да, жаз» деп бұйырған ішкі бір үннен шошып, жазбауға тырыстым. Ол кезде жасым 35-те еді. Ал өзім оқыған жазушылардың көпшілігі — 15-20 жасынан бастап қолына қалам ұстаған жандар.Осыны сан рет ой елегінен өткізіп, «35 жас тым кеш» — деп шештім. Бірақ мен солай шешті екен деп, әлгі әңгіме мені жайыма қалдырған жоқ. Көз алдымда тұрып алатын болды. Басқа ештеңені көрмей, сүрініп құлап жүргенім… Ақыры әңгіме мені жеңді. Бір күні жазуға отырдым. Кейіпкерлерім де өз орындарына «тұра-тұра қалып», айтар сөзге кідіретін емес… Атын «Гипертония» деп қойдым. Ол кезде бұл ауылда мүлде естілмеген сөз еді.Жазып болған соң, оқып шықтым да, «жақсы әңгіме» деп бағаладым. Сонда да болса, бастапқыда бір жерге жолдауға асыққан жоқпын. Әңгіме 1972 жылы жазылды да, 1975 жылы «Жалын» журналының 1-санында жарық көрді.

— Күнделікті шығатын мерзімдік басылымдар, яғни газеттерге бермей, бірден әдеби журналға жолдадыңыз ба? «Жалын» екі айда бір рет қана шығып, онда ең таңдаулы дүниелер ғана жарияланатын еді ғой?..

— Иә, алдымен «Лениншіл жасқа» жібердім. Ол жақтан: «Ауру адамды мазақ қылуға болмайды» деген мағынада жауап алдым. Кейін білсем, газеттердің редакциясында хаттар түгел оқыла да бермейді екен. Өйткені хат өте көп келеді. Сол кездегі тәртіп бойынша, олардың бәріне жауап беру керек. Әр қызметкер күніне ондаған хатты оқып, жауап жазып отыруғауақытты қайдан табады? Сондықтан алдымен авторын қарап, ол таныс болмаса, әр жерден бір шолып шығады да, жауап жаза қояды екен. Маған келген жауап та әңгімемді бастан-аяқ оқымаған адамның асығыс жаза салған пікіріндей көрінді. Содан соң енді «Жалынға» не «Жұлдызға» жіберіп көрсем бе деген ой келді. Әрине, оқырман бұрын-соңды еш шығармасын білмейтін адамға бұл екеуінің дұрысырағы — «Жалын». Ол кезде бұл басылымда Дулат Исабеков, Төлен Әбдіковтер қызмет ететін. Менің әңгімем проза бөлімінің меңгерушісі Төлен Әбдіковтің қолына түскен. Ол оқып шығып, тасқа бастырып, «әдемі әңгіме екен» деп, бас редактордың орынбасары Дулат Исабековке апарады. Маған: «Құрметті Мәндібаев жолдас! Әңгімеңізді алдық, тамаша екен. Жақында басамыз» — деп, Дулаттың қолы қойылған жауап келді. Міне, қаламымнан туған алғашқы әңгімемнің жарыққа шығу тарихы— осы.

— Алғашқы шығармаларыңыз жайлы кімдер пікір айтты? Ауыл мұғалімін әдеби орта қалай қабылдады?

— Ол кезде «шын жазушының ауылда қалуы мүмкін емес» деген ұғым болмаған секілді. Тек жазғаныңа қарап баға береді. «Жалынға» тұңғыш әңгімем шыққан жылы жазда Алматыға жолым түсті. «Жалынның» редакциясына арнайылап соқтым. Дулат, Төлен, поэзия бөлімінің меңгерушісі Ибрагим Исаев, тәжірибеден өтуге келген студент Мұхтар Шерімовтер бар екен. Танысып жатырмыз ғой. Мен аты-жөнімді айтқаннан-ақ, бәрі: «Гипертония» десті де, у-шу болып күле жөнелді. Дулат: «Осы әңгіменің эпизодтарын отырған жерімде айтып, жұртты да күлдіріп жүрмін» — деді. Төлен де: «Сөз өнері дертпен тең» — деген. Сен де сол дертке шалдыққан екенсің, енді «жазылмауыңды» тілеймін» — деп, ықыласын білдірді. Ал сол жылдың соңында «Қазақ әдебиеті» газетіне Оразбек Сәрсенбаевтың мақаласы шықты. Мақаласында «Гипертония» туралы да пікір айтып, «биыл «Жалынға» шыққан әңгімелердің ішіндегі ең үздігі депті. Сөйтіп, әдеби ортаға бір әңгімемен танылдым десем де болады.

Жазғандарым тек баспасөз, кітап емес, сондай-ақ сахна арқылы да халыққа таралды. Мысалы, 1978 жылы «Жалынға» «Аралдың арғы жағынан қыз алып едік» деген әңгімем шыққан болатын. Журналдың бес бетін алған сол әңгімені белгілі артист Құдайберген Сұлтанбаев «Тамашада» жатқа айтып, жұртты қыран-топан күлкіге кенелтті.

Мен бастан-ақ осы әңгіме жанрын қаладым, оның ішінде, негізінен, сатиралық әңгімеге ден қойдым. Әңгіме — шағын жанр, әңгіме жазған адамда том-томдаған кітап бола бермейді. Кеңестік заманда екі кітабым шықты. 1982 жылы жарық көрген «Сыпыртқы командасы» атты алғашқы кітабым мықты цензурадан өткен. Совет өкіметіне «зияны тиеді-ау» деген сөйлемнің бәрін жоқ қылған. Тіпті «Жалынға» шыққан «Гипертония» атты әңгімемнің де бір бөлімі жоқ. Ол заманда сатира жазудың өзі оңай болмағанын да айта кеткім келеді. Мұғалімді, дәрігерді, аудандық партия комитетінің хатшысын, еңбек адамын — ешкімді сынауға болмайды. Тек саудагерді ғана сынай аласың… Сөйтіп, цензура қаламгердің совет өкіметін «құлатып кетпеуін» қатты қадағалайтын.

Ал енді «Оңай деймісің» деген атпен екінші кітабым шыққанда, Горбачевтің қайта құру, демократия деп ұрандатып жатқан заманы еді. 1987 жыл болатын. Сондықтан бұл жолы әңгімелерім бір сөзі де өзгерместен шыға келді. Сол жылғы Жазушылар одағының бір жиынында жаңа кітабымды Әбдірахман Асылбеков «биылғы кітаптардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі» деп атап өтіпті. Оның бұл пікірі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды.

Ол кездің тәртібі бойынша, екі кітабы шыққан адам ғанареспубликаның Жазушылар одағына мүшелікке алынатын. Екінші кітабым шыққан соң мен де осы Одаққа өтуді жөн көрдім. Алматыға барып, ұйымның басқарма хатшысы Әкім Таразиге жолықтым. Әкім бір нәрсеге ашуланып отырған секілді, қатқыл үнмен: «Кітабыңды әкел. Кез келген жерінен 5-6 сөйлемді оқып көремін де, жазушы не жазушы емес екеніңді бетіңе айтамын» — деді. Мен «Оңай деймісің» деген кітабымды алдына қойдым. Орта тұсын ашып, аз көз тастады да, түсі жылыды. «Кітапты мен алып қаламын, — деді. — Бірақ саған бір ақыл айтайын. Жазушы деген халық рушыл, жүзшіл, жершіл болып барады. Сен ондайдан аулақ бол. Аз қазақ рушыл болып, қайда барамыз? Руды емес, ұлтты ойлау керек». Осыны айтты да, алдында тұрған тізімге менің аты-жөнімді жазып қойды. Кейін білдім, ол тізімдегі 39 адамның арасынан «Одаққа өтуге лайық» деп, 16 адам таңдап алыныпты. Мен сол 16 адамның бірі едім. Алайда қолымызға билетіміз бірден тиген жоқ. Өйткені қазақтың өз еркі өзінде емес еді. Қазақстанның сол тұстағы басшысы Колбин 86-ның Желтоқсанына қазақ қаламгерлерін кінәлады, соған байланысты республиканың жазушылар ұйымына қырын қарады… Есесіне, 1993 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан сатириктердің «Найзағай» атты қауымдастығы құрылғанда мен сол ұйымның нөмірі бірінші билетін алдым. Бұл менің шығармашылық ғұмырымдағы үлкен бір белес ретінде есімде қалды.

— Дегенмен ол заманда ауылда жүрген қаламгер де жақсы дүние жазса, астанадан өз кітабын бастырып шығара алатын. Және олардың таралымы да жақсы болатын. Ал кейінгі отыз жылда қанша кітабыңыз шықты?

—  Таралым туралы айтуыңыз дұрыс. Ол кезде қазақ қаламгерінің кітабы10 мың данамен шықса, бұл аз болып есептелетін. Өйткені кейбір қаламгерлеріміздің кітабы 30-40 мың данамен таралушы еді.Ал қазір 1-2 мың данамен шығарып, соны қанағат етіп жүрген жайымыз бар.

Тәуелсіздік жылдарында да, шүкір, кітаптарым шықты. 1997 жылы «Өлке» баспасынан «Махаббат минуты» атты кітабым жарық көрді. Ол кезде кітап шығару өте қымбатқа түсетін, алайда маған Шалқар ауданының азаматтары, кәсіпкерлері көмектесті. Одан соң 2004 жылы «Қазығұрт-Қорасан» атты кітабым қолыма тиді. Кейін «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен тағы бір кітабым жарық көрді.Соңғы екі кітап сол тұстағы облыс басшылығының қолдауымен жарыққа шықты.

Бұл кітаптарым жан-жаққа, еліміздің басқа өңірлеріне де таралды. Өкініштісі, таралымы аз болғандықтан, қазір кітап көбіне тек көпшілік кітапханаларға үлестіріледі де, ал оқырманның жеке кітапханасына жете бермейді.

Жуырда «Қалың елім, қазағым» деген атпен тағы бір кітабымды оқырманға ұсыну ойымда бар.

— Өзіңіз оқырман ретінде сатириктерден кімдерді ұнатасыз?

— Мен көп халықтың сатирик-жазушыларының шығармаларын оқыдым. Бірақ жаныма ең жақыны, әрине, өз сатириктеріміз. Қазақтың нөмірі бірінші сатиригі — Оспанхан Әубәкіровтен бастап, Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышұлы, Сейіт Кенжеахметұлы, Бейсебай Кірісбаев, басқа да сатириктердің шығармаларын сүйіп оқимын.

— Сіздің әңгімеңізден өзін танып, дау шығарғандар болды ма?

— Шығарма жазғандаештеңені де аспаннан алған жоқпын, жан-жағым, өз ортам, өз заманымнан көрген-түйгенімді пайдаландым. Сондықтан ондай жағдайлар да болып тұрды. Бірде ауылдағы карта ойынына салынған адамдар туралы жаздым. Әрине, ешкімнің атын бадырайтып, тура айтпайсың. Сонда да құрдастарым кейіпкерді танып қалып, «Міне, мынау сіздің сөзіңіз емес пе?» — дескен. Қайтер екен деп, қызық іздесе керек? Мектепте істеймін. Әлгі кісі мектептің директорына барып, арыз айтады. «Мені мазақтапты, тыйсаңдаршы!» — дейді. Директор: «Нақты аты-жөніңіз бар ма? Болмаса, әдеби шығарма үшін ешкім жазаланбайды» — деп, әзер түсіндіріпті…

— Сіз ауыл адамдарының, өз замандастарыңыздың өмірінен бөлек, саяси сатира да жаздыңыз. «НКВД дәптері», «Данышпан патшалар туралы хикаят» атты шығармаларыңызда кеңес елі басшыларының бет-бейнесін аштыңыз. Сіз кеңестік заманда қуғын-сүргін көрген әулеттенсіз бе?

— Менің ата-анам Бердімұрат пен Ханжан — қарапайым колхозшы болған адамдар. Біздің әулет кеңес билігінен еш қуғын көрген жоқ. Алайда кеңестік заманда халқымыздың басынан өткен айтып жеткізгісіз ауыртпалықтарды қалай ұмытуға болады? Әлихан, Ахмет, Сәкен, Мағжан, Бейімбет сынды арыстарымыздың не жазығы бар еді? Тіпті кеңес өкіметіне қарсы үн көтергендердің өзінің атып тастайтындай жазығы жоқ қой? Міне, осы тектес сауалдар үнемі мазалайды. Өз әулетіңнің, атаңның не әкеңнің басынан өтуі міндетті емес, халқыңның тағдыры болған соң ол ойыңнан кетпейді, жаныңа батады. Кеңес өкіметі біз секілді ұлттарға жасаған зұлымдығы мен сол зұлымдықтың әшкере болуынан құлап тынды.

— Қаламгерлердің көпшілігі тек жазумен, кітап шығарумен ғана өмір сүрмейді. Қошемет, сый-құрмет іздеп тұрады… Ал сіз ауылда тып-тыныш ғұмыр кештіңіз?

—  Мен ауылды қатты жақсы көрдім. Ауылдан кеткім келген де кезім жоқ. Қартайған шағымда қосағым дүниеден өтіп, балаларымның бәрі жұмыс, тұрмыс қамымен Ақтөбеде болған соң, жалғыз қала алмай, амал жоқ, балаларыма келдім.

Шулы өмір, сый-құрметке бөлену, атақ алу — жазушының басты мақсаты емес. Жазушының мұраты — өз заманының тынысын, замандастарының келбетін беріп кету, келешек ұрпақ сенің заманыңның шындығын іздесе, соны таба алатындай туындылар жазу. Мен тек осы мақсат жолында еңбек етуді ғана ойладым.

— Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button