Ізгі ниеттің үлгісі
Құрмет
Әр пенденің пешенесіне Алла бұйыртқан тіршілігінде тағдыр жазмышына қарай есте қалдырар кезеңдері болады. Біз, бір топ азаматтар, қазіргі Әйтеке би ауданының құрамындағы кезінде Қарабұтақ деген құлаққа жағымды атауды иеленген дербес өңірде қызмет атқара жүріп танысқанбыз. Үлкен-кішілігімізге, кәсібіміздің әрқилылығына қарамай сыйласып, араластық. Онан бері де отыз жылдан асыпты. Жігімізді бұзбадық, жұбымызды жазбадық. Өстік, өркен жайдық, елге танылдық, алдымыз немереден өтіп, шөбере сүйдік. Ынтымағы үйлескен сол топтың үлкені — мамандығы жөнінен дәрігер Жақсылық Қасымов. Өзгемізді сыйлаған, өзін сыйлата білген азамат 80 жастың белесін бағындырыпты.
Еңбек еткен ерінбей…
Бабалардан жеткен тәмсілдің алғашқы жолын тақырыпқа шығарудағы ниетімізді зерделі оқырман ұғынары анық. Жалпы адам екі жағдайда — болашақ кәсіпті айқындауда және ғұмырлық жар таңдауда қателеспесе ұтатыны сөзсіз. Бұл ретте Жақсылық Қасымов — жолы болған жан. Бастапқыда педагогикалық мамандықты мақұл көрген жігітті райынан қайтарып, дәрігер мамандығына нұсқаған жездесі Сағырбайға алғысы шексіз.
Бірбеткей әке тәрбиесімен шыңдалған кейіпкеріміз медицина институтында үздік үлгеріммен оқи жүріп, сабақтан тыс уақытта оташылықтың қыр-сырын білу мақсатымен емханада жұмыс істеген, тікелей ота жасауға қатысқан. Жолдамамен Қарабұтақ ауылына келгенде тәуліктің кез келген уақытында шақырудан бас тартпай, сырқат жанға дереу ем жасауға бейімделіпті. Біз осы өңірде қызмет атқарғанымызда тұрғылықты адамдардан Қасымовтың елгезектігі, мейірімділігі жайында жылы лебіздер естігенбіз. Тіпті қайсыбір науқастың жағдайы жақсарғанша түн баласында үйінде болып, аянбай қызмет көрсетеді екен. Әрине, мұндай маманның еңбегі зая кетпесі анық. Бірте-бірте сатылап өсіп, бас дәрігер лауазымына жоғарылайды.
Теміржолдан жырақта орналасып, бірыңғай ауыл шаруашылығына бейімделген ауданда денсаулық сақтау жүйесіне ұзақ жыл басшылық етіп, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін, адамдармен тіл табысу шеберлігін көрсете білді. Шалғай ауылдарда учаскелік ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар ашылып, жан-жақтан кәсібіне берілген дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері шақырылды. Оларды үй-жаймен қамтамасыз ету, осызамандық медицина жабдықтарын және автокөліктерді алдыру қаншама күш-жігерді талап етеді десеңізші.
1997 жылы Президент Жарлығымен Әйтеке би (бұрынғы атауы Қарабұтақ – Ж.Қ.) және Бөгеткөл аудандары біріктіріліп, ұлы бидің есімін еншілегенде жер көлемі үлкен аумақта басдәрігерлікке Жақсылық Қасымовтың тағайындалуы тегін емес еді. Қажырлы азамат қысқа мерзімде іскерлігін таныта білді. Ауылдардағы медицина мекемелерінің ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді, жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункттер, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар салынды.
Осындай алуан шаруаларды ұштастыра жүргізіп, тәртібі мығым және ынтымағы зор еңбек ұжымын қалыптастырған азаматтың негізгі хирург кәсібінен қол үзіп кетпей, он алты мың ота жасауы — шынымен таңдай қақтырар құбылыс. Қасымовтың ұзақ жылдарғы адал еңбегі лайықты бағаланды. Президент Жарлығымен берілген «Құрмет» ордені, мемлекеттік мерекелік медальдар мен төсбелгілер, Алғыс хаттар, «Әйтеке би ауданының құрметті азаматы» атағы, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлерінің Алтын кітабына» енгізілуі — сол құрметтің айқын айғағы.
Әке тәлімі
Қасындағы ғұмырлық қосағы Тыным жеңгей екеуі бауырынан жеті бала өрбітіп, олардан жиырмадан астам немере сүйді, өмірге шөбере келді. Немеренің бірқатары Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында жоғары оқу орындарын тәмамдаса, Кәмшаты Германияда, Әлішері АҚШ-та, Дәурені Кипрде, Дианасы Францияда, Әлиханы Польшада білім сапарын сәтті жалғастырды. Әке-шешені әлпештеп, құрақ ұшып жүрген оларды көргенде іштей сүйсініп, марқайып қаламыз. Мәуелі бәйтерекке айналған Жәкең болса ағынан жарылып, сексен жасында өз қолынан жөнелген әкесі Қасым мен жетпіс алтысында жалғанның көшіне ілескен анасы Әйімжанды сағынышпен еске алар еді, көңілінде титтей қылау жоқ сол бір ғазиз жандар тәлімін ұмытқан емес.
Жердің шетінде, желдің өтінде ұжымшардың бір отар қойын бағу қамымен жүрген Қасым шал ұлдан да, қыздан да жалғыз Жақсылығын қайтсем де оқытып, бір қараға іліктірсем дейді екен. Қарақалпақстанның Қоңырат қаласында тұратын қарындасы мен күйеубаласына жеткенше түйемен жарты ай жүріп, бес жасар ұлды апарып, оқуға іліктіру осы ниеттен туған. Кейін заманның ызғарлы лебінен Жарқамыс мектебінде оқып, тәмамдағанда, Ақтөбе медицина институтындағы студенттік жылдарында әкенің қатал талабы ширықтырып, талай сынақтан сүрінбей өтуіне негіз қалады.
Енді кейіпкеріміздің әңгімесіне құлақ түрейік.
— Ақтөбе қаласында немере ағам Атағұлланың үйінде үш жыл жатып оқып, үш курсты тәмамдадым, — дейді Жәкең. — Төртінші курста жасақталған студенттер отряды құрамында Қарабұтақ ауданының «Шевченко» кеңшарында Аққұдық қыстауына шөп тасып, үю жұмыстарына жіберілдік.
Белгіленген екі ай мерзімнің бір айы өтер-өтпестен қайсыбір курстастары әртүрлі сылтауларымен ауылдарына қайтып жатты. Жақсылық та өзінше бір амал жасап, Байғаниннің Жарқамысында аудандық байланыс торабының бас есепшісі болып жүрген жақын туысы Бақиланға қалааралық телефонмен қоңырау шалып: «Анаң ауырып жатыр» деген жеделхат алдырады. Студенттік штаб жетекшісіне құжатты көрсетеді де, Ақтөбеден Оймауытқа ұшақпен жетіп, араға бір күн салып, алпыс шақырым жердегі қойшы әке-шешеге қауышады ғой. Нақтырақ айтсақ, анасы үйде, әке отарды жайып кеткен. Түн қараңғылығы түсе оралған Қасым шалдың алдынан шығып, жағдайды қысқаша баяндапты. Көңілсіздеу қабылдаған ол: «Өзіңмен бірге оқитын басқа балалар келді ме?» депті. «Жоқ, олар енді бір айдан кейін келеді». Отарды тал шарбақтың айналасына иіріп, үйге кірген әке:
— Кемпір, шай-тамағыңды тездетіп қамда. Жалғыз ұлдың қамымен айдалада ебіл-себіл болып жүрміз. Бұл шіркінің бізді алдап, оқымай жүрген шығар. Не болса да Нұржауға апарып тастаймын, әрі қарай өзі жетер…
Нұржау дегені — Оймауыттан он екі шақырым жер. Екі атты ерттеді: біреуінде – мен, екіншісіне киім-кешек салынған шабаданды таңып, өзі отырды. Түнгі он екі шамасында шығып, таңғы бесте туыс апайымның үйіне жеттік. Бір тостаған айран ішті де, кейін қайтып кетті.
«Отағасының бетіне жел боп тимей, айтқанын бұлжытпай орындайтын қайран анамның сондағы мен кетіп бара жатқанымда жылаған кейпі көңілден кетер емес», — деді Жәкең. Студенттік шақта институттың домбыра оркестріне қатысып, машықтанған ол жетпіс жасына орай жасаған тойында анасына арнап шығарған күйді немересі Ержанға тартқызып, бәріміздің жан-жүйкемізді босатқаны бар.
Сөйткен әке өздеріне деген қалтқысыз қызметі үшін баласы Жақсылық пен келіні Тынымға батасын беріп, ақыретке жөнелді. Бейнет шекпей өз үйі-өлең төсегінен аттанар сәтінде төс қалтасынан былғары әмиянын шығарып: «Балаларыңды оқыт, қажетіне жаратарсың», — деп ұсынды. Сөйтсе, жарықтық кемпірі мен екеуінің зейнетақысын шашау шығармастан жинап жүр екен ғой.
Жақсылардың жанында
Қашанда ізденісте жүретін, әсемдікке құштар азаматтың жеке бастамасымен композитор, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Қайырғали Қожанбаевпен осы мақаланың авторы «Ақ желеңді абзал жандар маршы» әнін жазып, бұл шығарма Әйтеке би өңіріндегі медицина қызметкерлерінің әнұранына айналды.
Халықта «Жақсының артынан сөз ереді…» деген ғибратты тәмсіл бар. Сол айтқандай, Қасымовтың өзіне де, өзгелерге де қатаң талап қоятыны, күнделікті жұмыста мазасыздығы қайсыбіреулерге ұнамады, сыртынан арыз да жазылды, мерзімдік басылымдарда жалған деректерге негізделген мақала жарияланғаны және бар. Сөйтсе де ақиқат айқындалып, адал жүректі азамат бұл тығырықтан алдырмай-жұлдырмай аман шықты. Сын сағаттарда өзіне қамқор пейілмен қарап, жалақорлардан қорғай білген аудан басшылығындағы Төлеу Алдияров, Кемейдулла Төлеубаев және басқа азаматтарды елжірей еске алады. Аудандағы лауазымды қызметін тапсырып, отбасымен Ақтөбе қаласына қоныс аударғанда облыстық туберкулез аурулары ауруханасында қызметке шақырылуы жігеріне жігер қосты.
Қасымовтың мәмілегерлігіне бір мысал, Кеңес Одағы тұсында өзі қызмет еткен Қарабұтақ аупарткомның бірінші хатшысы болып бірінен соң бірі Төлеу Алдияров, Кемейдулла Төлеубаев, Иманғали Есболатов, Кеңес Абдуллин қызмет атқарды. Онан кейін егемен елімізде әкімдік басқару институты енгізілгенде бес әкіммен жұмыстас болған. Бұл уақыттарда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынтағында тоғыз азамат отырған екен. Әрқайсысы өзінше бір әлем, мінез-құлқы, ойлау логикасы мен сөйлеу шеберлігі әрқилы. Солардың бәрімен тіл табысып, бір ауданда табан аудармай отыз жеті жыл бас дәрігер болуы, онда да зейнеткерлік жасты кейінде қалдырып, сегіз жыл өткеннен кейін үйреншікті орынтақты өз өтінішімен және абыройлы қалпында тапсыруы кейіпкеріміздің жағымды сипатын әсерлей түспей ме?!
Бұл күнде Жақсылық ағаның балалары елге танымал азаматтар болды. Бірі — медицина саласында, бірі — мемлекеттік қызметте, енді бірі — кәсіпкерлікте дегендей, ауқымды шаруалар тындырып жүр. Олардан тараған немерелер — атасы мен әжесінің қуанышы, үлбіреген үміті. Олардың өзі тілектес жандарды алғашқы жетістіктерімен қуанта бастады. Соның өзі әулет үшін үлкен мәртебе.
…Сонау жылдары Жақсылық Қасымовтың алпыс жасқа толған сәтінде әр санын оқырман асыға күтетін «Ақтөбе» газетінде танымал дәрігер, қолы жеңіл оташы хақында қалам тербегеніміз бар. Одан бері де жиырма жылдай уақыт өтіпті.
Енді, міне, қадірлі ақылшы аға-дос, қуанып-жабыққанда жанымыздан табылатын Жақсылық ағамыздың — Жәкеңнің ақсақалдық ауылына бет алған азаматтық тұлғасын өңір жұртшылығына тағы да таныстыру реті бұйырды.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.