Басты жаңалықтар

Жалпықалалық сенбілік: 7 мыңға жуық адам. 40 саябақ. 1300 тонна қоқыс 

16 сәуір күні Ақтөбе қаласында жалпықалалық сенбілік өтті. Тұрғындар, мемлекеттік мекемелердің және кәсіпорындардың қызметкерлері жұмылып,  көшелерді, саябақтар мен скверлерді тазалады. Сағи Жиенбаев атындағы көшенің бойында ұйымдастырылған шарағаАқтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Екі айлық және екі күн

Бүгін қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді жастар бірлесіп, Жиенбаев көшесінің бойын тазалап жатыр. Бұл көшенің тазалығына байланысты көп сын айтылды. Өйткені аталған көшенің маңында бау-бақша ұжымдары, саяжайлар көп. Кейбір саяжайлар келісімшартқа отырмаған.

Қоқыс шығару үшін арнайы техникалар да жұмылдырылды. Жалпы, бүгінгі сенбілікке барлық мекемелердің қызметкерлері белсене қатысып, өздеріне бекітілген аумақтарды жинап жатыр. Бейсенбі күні де тазалық жұмыстары жүргізіледі. Бұл күні бюджет саласы қызметкерлері қаланы тазалайды, — деді Асхат Шахаров.

Сенбілікке жалпы саны 6894 адам қатысты. Олардың арасында қала тұрғындары, мемлекеттік органдар, кәсіпорындар қызметкерлері, бизнес өкілдері де бар.

Қазір адамдар сенбілікке шақырсаң, шықпайды, қоғамдық жұмыс істегісі келмейді. Бірақ тазалық туралы сын айтуға шебер. Жауапкершілікті бәріміз де сезінуіміз керек. Әлгінде өзім барып, осы аумақтың тұрғындарын сенбілікке шақырып келдім. Ұсынысты құптап, сенбілікке білек сыбана кіріскен тұрғындар да бар. Мысалы, Гастелло көшесінің тұрғындары ұйымшылдықтарын көрсетті.

Тазалықты насихаттау, халықты игілікті іске жұмылдыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді, — деді қалалық мәслихат депутаты Райса Байлиева.

Қалалық мәслихат депутаты Шахан Жолдасбаев та сенбілікке белсене қатысты:  — Қала — біздің ортақ үйіміз. Оның таза болуы өзімізге байланысты. Әр адам қала тазалығына өз үлесін қосуы керек. Кейбір тұрғындар қоқысты контейнерлерге салмай, жол-жөнекей лақтырып кетеді. Қоршаған орта осыдан лас болады.Сол себепті әр тұрғын тәртіп пен тазалықты өзінен бастағаны дұрыс, — дейді ол.

Сквердің жаңа келбеті

Сенбілікке қатысқан «Қазхром» ТҰК» АҚфилиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 300 қызметкері «Жеңіс» скверін тазалады.

Тұрғындар қалашығы шағын ауданында орналасқан Жеңіс скверін күтіпұстауды өз міндетімізге алдық. Аталған сквер үшін кәсіпорын тарапынан 80 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға скверді жөндеу, демалушылар үшін орындықтар орнату, ойын алаңдарын салу, қарағайлар егу секілді жұмыстар жасау жоспарланып отыр. Бүгінгі сенбілікте скверді тазалап жатырмыз. Шараға 300 адам жұмылдырылып отыр. Олардың бәрі — біздің зауыттың қызметкерлері, — деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры, қалалық мәслихат депутаты Жалғас Мұсабеков.

Айта кету керек, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты тек Жеңіс скверін ғана емес, жалпы Тұрғындар қалашығы шағын ауданының жаңа келбетін жасауды міндеттеріне алып отыр.

Былтыр біздің кәсіпорын облыстық әкімдікпен бірлескен меморандумға сәйкес осы шағын ауданды көркейту үшін 500 миллион теңге бөлген болатын. Бұл қаржыға өткен ғасырдың 50-жылдары салынған үйлердің қасбеттері сырланып, шатырлары бүтінделіп, жаңартылды. Үйлердің маңындағы жолдарға асфальт жамылғысы төселді. Ойын алаңдары салынды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. Кәсіпорын тарапынан 300 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатқа осы шағын ауданның тұрғын үйлерін жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. 

Тұрғындар қалашығы шағын ауданының тарихы Ақтөбе ферроқорытпа зауытымен байланысты. Бұл аудандағы тұрғын үйлер 1943 жылы зауыт жұмысшылары үшін салына бастаған болатын. Қазір де мұнда біздің ардагерлеріміз бен жұмысшыларымыз тұрады, — деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабеков.

Сенбілікке белсене қатысқан жастардың бірі — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №2 балқыту цехының шеберіАсылбек Қалиоллаев. Ол аталған зауытта 6 жылдан бері еңбек етеді.

Біздің кәсіпорын облыстағы көптеген игі істерге белсене қатысады. Ақтөбе қаласының көркеюі, ажарының арта түсуі үшін үлкен жобаларды жүзеге асырып жатқаны қуантады. Бұл жолғы шараға да ұжым қызметкерлері әдеттегідей жұмыла қатысып жатыр, — деді Асылбек Қалиоллаев.

Дәстүрлі шара — денсаулық кепілі

Бұл күні қоғамдық келісім мекемесінің ұжымы «Достық» саябағын тазалады.

«Достық» саябағын тазалау біздің мекемеге бекітілген болатын. Қазір мұнда этномәдени бірлестік мүшелері, аналар кеңесі, қоғамдық кеңес, журналистер кеңесінің мүшелері бірлесіп тазалық жүргізуде. Қыстан қалған қоқыстарды жинап, тал-теректердің түбін қопсытып, әктеп жатырмыз.

Бізге екі ай бойы сенбі сайын осы саябақты тазалау жүктелген. Сондай-ақ әр бейсенбі Сәңкібай батыр даңғылында орналасқан Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ғимаратының айналасын тазалаймыз, — деді қоғамдық келісім мекемесінің директоры Дариға Исмағамбетова.

Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан Абай бюсті маңының тазалығына  облыстық қаржы бақармасының қызметкерлері жауапты екен.

Сенбілік басталғалы екінші рет шығып отырмыз. Бастапқыда 40 қаптан астам қоқыс шығарған едік. Бұл жолы да біршама қоқыс жинадық. Ағаштардың түбін қопсытып болдық. Енді әктейміз. Келесі сенбілікте сырлауға кірісеміз. Осы алаңдағы жұмыстарды толық бітірген соң қаланың басқа бөлігін тазалайтын боламыз. Былтыр біздің басқарманың мамандары екі айлық сенбілік аясында 3 учаскені тазалады, — деді облыстық қаржы басқармасының бас маманыНұрлыбек Жұмағалиев.

Ал облыстық тексеру комиссиясының қызметкерлері 3 жылдан бері Нұрпейіс Байғанин ескерткішінің маңын тазалауды дәстүрге айналдырған. Облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Серік Орынбаевтың айтуынша, сенбілікке 35 адам жұмылдырылыпты.

Жалпықалалық сенбілік аясында 40-тан астам саябақ пен сквер тазартылды. Полигонға 1300 тонна қоқыс шығарылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button