Басты жаңалықтарМереке

Ақтөбе — ғарышкерлер мекені

12 сәуір — Ғарышкерлер күні

 … Осыдан 15-20 жыл бұрын ер балалар ұшқыш болуды армандап, аспан әлеміне ерекше қызығушылық танытатын. Бұл ақтөбелік бозбалаларға да тән еді. Даңқты ұшқыш-ғарышкерлер Виктор Пацаевтың біздің жерлесіміз, ал Юрий Лончаковтың осы өңірдегі орта мектепті тәмамдағанын, сондай-ақ Талғат МұсабаевтыңАқтөбедегі Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі екенін ескерсек, бұған әсте таңғалуға болмайды. Яғни дүниежүзіне белгілі бірнеше ғарышкердің Ақтөбеге тікелей қатысы бар.

12 сәуір — Ғарышкерлер күніне орай біз жоғарыда аталған тұлғалардың жұлдызды жолы, Қазақстандағы алғашқы стационарлық планетарий — Ақтөбедегі ғаламшар үйінің тынысы, жалпы балалардың аспан әлеміне қызығушылығы туралы білген едік.

Әлқисса…

 Жұлдызды жолдары Ақтөбеде басталған…

 Қазақтан шыққан 3 ғарышкердің космосқа  ұшқаны белгілі. Бірақ өмірі Ақтөбемен байланысты космонавтар аз емес. Ең бірінші боп ойға оралатыны — Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаев.1933 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген ол осындағы орта мектепті аяқтаған. 1969 жылы ғарышкерлер отрядына қабылданған жерлесіміз арада 2 жыл өткенде, «Союз-11» ғарыш кораблінде Г.Добровольский және В.Волковтармен бірге ғарышқа ұшты. Сол жылғы маусымда «Союз-11» ғарыш кораблі «Салют» ғылыми станциясымен түйісу операциясын ойдағыдай жүзеге асырып, көкте 25 тәулік болды. Іссапар барысында кеңістікте алғаш рет телескоппен бақылау жұмысын жүргізген Виктор Иванович әріптестерімен бірге ұшу бағдарламасын аяқтап, Жерге қону кезінде түсу аппаратының герметикалық бұзылуы салдарынан қаза табады. Оның мәйітіМәскеудегі Қызыл алаңдағы Кремль қабырғасына жерленген.

Ақтөбеде батырдың есімін ұлықтау мақсатында орталық көшеде Виктор Пацаевтың ескерткіші орнатылып, көше атауы берілді. Және 1969 жылдан бері Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебі жұмыс істеп келе жатыр. Жалпы, ресми деректерге сүйенсек, В.Пацаев атындағы Ай бетінде кратер, №1791 Пацаев кіші ғаламшары, «Космонавт В.Пацаев» ғылыми-зерттеу кемесі де бар.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі №88 бұйрығымен республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне Ақтөбе қаласы бойынша 3 ескерткіш енгізілді. Солардың бірі — Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-косманавт Виктор Пацаевтың ескерткіш-мүсіні.

1976 жылы Әбілқайыр хан даңғылында орнатылған монументтік өнер құрылысы трапеция тәрізді сатылы стилобадтан тұрады. Ортасында биіктігі 4 метрлік қызыл қашалған граниттен тұрғызылған бес бұрышты стела бар. Ол стелаға ескерткішті аспанға ұмтылған етіп көрсететін батырдың екі метрлік бейнесі орнатылған.

Авторлары — мүсінші Ю.Тур, сәулетші А.Заварзин.

Жалпы, ақтөбелік ғарышкердің есімін ұлықтау мақсатында облыс орталығында, Алға ауданында  көшеге оның  есімі берілген. В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебі бар.

Тағы бір ғарышкер — Ресей батыры Юрий Лончаковтың балалық шағы Ақтөбеде өткен. Ғарышқа үш рет сапар шеккен ол Ақтөбе қаласындағы №22 орта мектепті бітірген. Оның қаршадайынан космосқа қызыққанын осындағы В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебінде оқығанынан-ақ байқауға болады.

Қазіргі таңда Ресейдегі Халықаралық ғылыми және техникалық ақпарат орталығының директоры Юрий Лончаков Ақтөбеге соңғы рет 2019 жылы, жас ұшқыштар мектебінің 50 жылдық мерейтойына арнайы келді. Ғарышта 200 күн, 18 сағат 36 минут уақыт болған даңқты тұлға әрдайым ақтөбелік курсанттармен кездесуге асық.

Айтпақшы, №22 мектепте Лончаковтың отырған партасы сақтаулы. Келер жылы ашылғанына 100 жыл толатын байырғы білім мекемесі өзінің ең танымал шәкіртін сол мерейтойында күтеді. Өйткені бірер жыл бұрын оқыған мектебіне барған сәтінде әйгілі ғарышкер «ғасырлық тойға келемін» деп уәде беріпті.

Ақтөбе жұрты үшін қазақтан шыққан екінші ғарышкер, Қазақстанның халық қаһарманы Талғат Мұсабаев та бөтен емес. Өйткені ол — Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының 1993 жылғы түлегі (ол кезде Ақтөбе азаматтық авиация жоғары ұшу училищесі деп аталды — А.Т.).Ақтөбе аспанында тәжірибесін шыңдаған Талғат Аманкелдіұлы ғарышқа үш рет ұшқан. Қазір ол Парламент Сенатының депутаты.

Қос батырдың тұтынған заттары

 Ғарыш саласын өскелең ұрпаққа насихаттау, батыр жерлестерін өзгелерге жан-жақты таныту мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейінде арнайы экспозицияжасақталған.

— Музей қорында жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаевтың жеке тұтынған заттары —қаламы, сызғышы, қойын дәптері, киімінің ілгектері, жаттығу киімі мен тарихи суреттері, кітаптары сақтаулы. Оны бізге кезінде батырдың зайыбы тапсырған. Сондай-ақ Юрий Лончаковтың бұйымдары, жалаушалары (вымпел) бар. Қазақ ғарышкерлері —Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов туралы мәліметтер де ұсынылған.

1984 жылы музей қызметкерлерінің тапсырысымен Мәскеу қаласында арнайы жасалған «Салют-6» орбиталық станциясы мен «Союз-11» ғарыш кемесінің макеттері — экспозицияның көрнекті жеріне қойылған, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айбек Ертеміров.

Мәдениет саласы қызметкерінің айтуынша, музейдің«1945-1991 жылдардағы Ақтөбе өлкесінің тарихы» тақырыптық залындағы«Ғарыш» экспозициясына келушілер дәйім ерекше қызығушылық танытады. Бұл жерде ғарышкерлердің экипаждағы азық-түлігінің үлгілері де қойылған.

СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?

…Дүниежүзінде 3 мыңға жуық планетарий бар. Бұлардың 50 пайызы — АҚШ-та, 40 пайызы — Еуропа елдерінде, 10 пайызға жуығы — Жапония мемлекетінде, қалғандары ТМД елдерінде орналасқан. Көршілес Ресейдің өзінде 70-ке тарта планетарий бар. 

…Ақтөбе облыстық планетарийіне ашылғалы 2 миллионға жуық келуші бас сұққан. Жылына орта есеппен алғанда 20 мыңнан астам адам арнайы келеді. Дәріс тыңдаушылардың 90 пайызы — оқушылар мен студенттер. 

…Біздің планетарийдегі мамандар келушілерге 40-қа жуық тақырыпта дәріс ұсына алады. Мұнда 9 телескоп бар. Ал ұжымдағы қызметкерлердің жалпы саны — 20.

…Келушілер арнайы аппараттардың көмегімен Жер бетінен көрінетін жұлдыздар әлемі мен табиғаттың тамаша құбылыстары — Күн мен Айдың тұтылуын, поляр шұғыласын, метеорлық жаңбыр, сондай-ақ қосалқы проекциялық аппараттардың арқасында Күннің ұясынан шығуы мен батуын тамашалай алады.  Барлық оқылатын дәрістер техникалық аппараттармен көрсетіліп, келушілер  өздерін ғаламның бір бөлшегі ретінде сезініп, таңғажайып жұлдыздар мен ғаламшарлар әлеміне сапар шеккендей әсерде қалады.

Қазақстандағы алғашқы стационарлық планетарийге қолдау қажет

Әлгінде айтқанымыздай, Ақтөбенің ғарышкерлер бесігі аталуы тегіннен-тегін емес. Қаламызда В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебі мен Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтынан бөлек, облыстық планетарий және Ақтөбе қалалық жас техникалық-шығармашылық орталығы бар. Аталған мемлекеттік мекемелердің жұмысы астрономия ғылымын, ғарышкерлердің өмірбаяны мен жетістіктерін көпшілікке таныту, бұл саладағы қайраткерлердің ерлігін насихаттауға бағытталған.

— Биыл елімізде ашылған алғашқы стационарлық планетарийге 55 жыл толды. Ақтөбе планетарийі — заңды мемлекеттік тіркеуден өткен, өзінің арнайы штат кестесі бар, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты осындай бағыттағы жалғыз мекеме. Кейінгі жылдары басқа өңірлерде планетарийлер біртіндеп салынып жатыр, бірақ бұлар Оқушылар сарайы жанынан үйірме есебінде жұмыс істейді. Сондықтан еліміздегі бірден-бір планетарийдің атаулы датасын ескерусіз қалдырмай, қазан айында республикалық астрономия олимпиадасын өткізуді жоспарлап отырмыз. Пандемия мерейтойды толыққанды атап өтуге қолбайлау болып тұр, — дейді облыстық планетарий директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Қорлан Бөлеков.

Біле білгенге облыстық планетарий — Ақтөбенің бренді. Өкінішке қарай, өңірдегі «ғаламшар үйінің» ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелері аз емес…Соның ішінде ең өзектісі —ғимараттың тарлығы.

—Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында салынған планетарийдің ғимараты ескірді, аумағы жағынан да талапқа сай емес. Тарлық етіп тұр. Осы мәселе 2010 жылдан бері айтылып келе жатыр, тіпті эскизі мен қажетті құжаттары да дайын. Алайда, қаржыға байланысты кейінге қалдырылып келеді.

Қазіргі заман талабына сай сандық планетарий да орнатқымыз келеді. Оның өзіне 100 миллион теңгеге жуық қаражат керек. Әзірге шағын сандық планетарийді пайдаланып отырмыз.

Сол сияқты келушілерге арналған автобус та қажет. Бізге, негізінен, оқушылар бас сұғатындықтан, олардың әрі-бері қатынауы қиынға соғып тұр. Ауыл-аудандарда қаншама ұл-қыз бар… Өзіміздің көлік болса, сол мәселе өздігінен шешілетін еді, — дейдіҚорлан Бөлеков.

Айта кетейік, Ақтөбедегі планетарий жанынан 2006 жылдан бері «Үркер» астрономиялық үйірмесі жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұнда аспан әлеміне қызығатын 20 бала келіп жүр. Олар — астрономия бойынша халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалардан жүлделі орындарды иеленген, болашағын осы саламен байланыстыруды мақсат еткен жас талаптар.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button