Басты жаңалықтар

Ораза кезіндегі әңгіме

ҚЫЗЫР МЕН МҰСА

Қызыр мен Мұсаның жолдастығы — Құранда («Кәһф» сүресі, 60-82-аяттар) баяндалған оқиғаның бірі. Мұнда Қызыр пайғамбардың аты аталмаса да, ғалымдардың көпшілігі сөз Қызыр туралы деп білген. Мұсаға Алла көп ілім берген. Кітап та түсірген. Бір күні Мұса пайғамбар:

— Уа, Алла, білімі менен асқан құлың бар ма? — деп сұрайды.

Жаратушы иеміз екі теңіздің қосылған жерінде білімі Мұсадан да артық құлының бар екенін білдіреді. Мұса пайғамбар онымен кездескісі келіп, жолға шығады. Ақыры айтылған жерге жетіп, теңізге ойлана қарап отырған бір адамды көреді. «Ерекше ілім иесі осы болса керек» деп, қасына келіп, сәлемдеседі.

— Мен Мұсамын, өзіңізден ілім үйренсем деп келдім, біршама уақыт жолдас қылып, өзіңізге ертіңіз, — дейді.

— Маған жолдас болуға шыдамың жетпес. Бұған үлкен сабыр керек, — деді Қызыр.

Мұса тағы өтініп:

— Қолымнан келгенше сабырлы боламын, — деп уәдесін берді.

—Олайболса, мененештеңесұрамайсың. Сонда ғана екеумізжолдас бола аламыз, — дейді Қызыр.

Мұса ештеңе сұрамауға уәде береді. Сөйтіп олар жолға шығыпты. Біраз жүргеннен кейін бір кемеге мінді. Кеменің иесі Қызырды танығандықтан, одан ақы алмады. Біраз жүргеннен кейін Қызыр қолына ара алып, тақтайларын аралай бастады. Бұдан соң су жиналып, кеме қисайып қалыпты. Мұса мұны көргенде:

—Мұныңыз не? Сізге жақсылық жасап, еш ақы алмаған адамға қастандық қылғаныңыз қалай? —деп күйіп-пісіпті.

—Ештеңе сұрамауға уәде бергеніңді ұмыттың ба? — деді Қызыр.

Уәдесін ұмытып кеткені есіне түсіп, Мұса дереу кешірім сұрады. Осы кезде кішкентай бір құс ұшып келіп, теңізге тұмсығын батырып су ішті де, қайтадан ұшып кетті.

Қызыр мен Мұса бұл көрініске қарап тұрды. Құс ұшып кеткен сәтте Қызыр:

— Алланың ілімінің жанында біздің білгеніміз теңіздің тамшысындай ғана, — деді.

Ақыры кеме жағаға тоқтады. Екеуі кемеден түсіп, ары қарай жаяу кетеді. Бір уақытта алдарынан бір топ бала кезікті. Ал Қызыр дереу арада әлгі балалардың біреуін өлтіріп тастады. Бұл жолы Мұса бұрынғысынан да гөрі қатты ашуланып:

— Біреудің еш жазығы жоқ баласын неге өлтірдіңіз? — деді.

—Сабырың жетпейді деп айтпап па едім? — деді Қызыр.

Мұсатағы кешірім өтініп:

— Соңғы рет мүмкіндік беріңіз, — деді.

Екеуі жүре-жүре бір ауылға келеді. Бірақ оларды жолаушы екен деп, ешкім қонақ қылмайды, тамақ та бермейді. Екеуі амалсыз әрі қарай кетіп бара жатқанда, ауыл ең шетінде құлағалы тұрған бір қабырғаны көреді. Қызыр аялдап, сол қабырғаны түзетуге кіріседі. Мұса:

— Бұл ауылдың адамдарыбізді не үйлеріне қондырмады, не тамақ бермеді. Ал сіз танымайтын біреудің қорасынжөндеп жүрсіз? — деп ренжіді.

Қызыр:

— Міне, осымен соңғы мүмкіндігің бітті, — деп,уәдесін бұзғаны үшін Мұсамен сол жерде қош айтысатынын жеткізіпті. Қоштасар сәтте оған өздері басынан кешірген жайттардың мәнісін былай деп түсіндіреді:

«Әуелі, кеменің тақтайларын кесіп, оны қисайтып қойғаным — кеме иесі досымның жағдайын ойлағаным. Себебі теңіздің сол тұсында кеме тонайтын қарақшылар бар. Олар бүтін кемелерді ғана іздеп, қисайған кемелерге тиіспейді. Баланы өлтірген себебім, оның әке-шешесі — өте жақсы адамдар. Ал бала бұзақ, қаныпезер болып өсіп келе жатыр екен. Кейін оның кәрі ата-анасына күн көрсетпейтіні белгілі еді. Алла Тағала баланың ата-анасын аяғандықтан, маған оны өлтіруді бұйырды. Мына ауылдағыбұзылған қора болса, ол екі жетім баланікі еді. Құлағалы тұрған қабырғаның астында балаларға тиесілі қазына жатыр. Қабырға құласа, ауылдың қайырымсыз жұрты қазынаны талап әкетпек.Жаратушымыз екі жетімнің болашақ несібесін өздеріне сақтағысы келді. Мен қазынаны екі бала ержетіп, өздерін қорғай алатындай күнге жеткенше ашылмайтындай етіп көміп кеттім. Әй, Мұса, мұның бәрібір Алланың қалауымен жасалды».

Мұны естіген Мұса:

— Бұл істердің сырын енді түсіндім. Шынымен де, біліміңіз менен артық екен, — деп ізет көрсетіпті.

Сонда Қызыр:

— Шексіз ілім тек Аллада ғана болады! — деп, жүре берген екен.

ХАЛЫҚ — АЛЛАНЫҢ БІР АТЫ

Көне заманда балалы бола алмай, бір перзентке зар болып, қайғыдан қан жұтқан ерлі-зайыптылар өз тұсындағы пайғамбарға келіп:

— Тәңір Тағаладан бізге перзент сұраңыз, — деп өтінеді.

Олардың көз жастарын төге отырып айтқан өтініштерін пайғамбар жерге тастай алмай, Жаратушыға жалбарынады.

Жаратушы:

— Бала беремін. Бір оның ғұмыры бір айлық қана болады. Осыған көне ме екен? — деген жауап жолдайды.

Ерлі-зайыптылар:

— Мүлде перзентсіз өткеннен, бір ай болса да, сәби сүю бақытын көрген артық, — дейді.

Сөйтіп, олар балалы болады. Зарығып көрген қуаныштары деп, ағайын-туыс, көрші-қолаң қоса қуанып, жиналып келіп, «Құтты болсын!» айтысып жатты. Ерлі-зайыптылар іштегі уайым-мұңдарын ешкімге айтпай, тіпті сездірмеуге тырысып, мал сойып, ұлан-асыр той жасайды. Тойда: «Баланың ғұмыр жасы ұзақ болсын!», «Көп жасасын!», «Есейіп, елі мен ата-анасын қуанта берсін!» деген тілектер жауыпты.

Ата-анасы бір айдан соң шетінейді деген бөбек күннен-күнге қылық шығарып, аман-есен бір жасқа жетіпті. Уайымнан арылмаған ерлі-зайыптылар мұның мәнісін сұрап, пайғамбарға қайта келеді.

— Иә, Алла, расында бұл қалай? — деп сұрады пайғамбар.

— Иә, мен сәбиге бір айлық ғұмыр ғана жазған едім. Алайда жиналған халық оған шын көңілмен ұзақғұмыр тіледі. Мен халықтың тілеуін қабыл алдым. Көптің дұғасы қашан да қабыл болады. Өйткені, менің бір сипатым — халық, — деді жаратушы.

«Халық — Алланың бір аты» деген сөз осыдан қалыпты.

ДӘУІТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ ОТЫЗ ҰЛЫНАН АЙЫРЫЛУЫ

Дәуіттің отыз ұлы болған екен. Бірде құлшылық уақытында өзінің отыз ұлымен мешітке келіпті. Келсе, халық әлі жиналмаған екен. «Өзімнің отыз ұлым да жетпей ме?» — деп, жұртты күтпестен, ғибадатты бастап кетіпті. Намаз үстінде ұлдарына көзі түсіп: «Өзімнің балаларым да бір қауым ел, үлкен жамағат екен ғой» — деп ойлап, масаттаныпты. Намаз бітіп, бата жасарда, отыз ұлы да сәждеден бастарын көтермепті. Дәуіт өзінің астамшылық жасағанын түсініп, қалтырап қоя береді. Расында, ойлағанындай, халықты күтпегені, «өз ұлдарым да жеткілікті» деп, астамшылық жасағаны үшін, Жаратушы оның отыз ұлына бір мезетте қаза жіберген екен. Қателігін түсінген Дәуіт Алладан кешірім сұрап, қатты қайғырып, ас-суға да қарамай, бас көтермей жатып қалыпты.

Алла Тағала оны аяп, шын көңілмен сұраған кешірімін қабыл алып, күнәсін кешіреді.

— Күнәң кешірілді. Енді отыз ұлға татитын бір ұл беремін, — депті.

Көп ұзамай ұлды болып, есімін Сүлеймен қойыпты.

Діни әдебиеттерден алынды.

ТҰСАУКЕСЕР ДӘСТҮРІ ТУРАЛЫ ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?

 Адам баласына Жаратушыдан жүктелген жауапкершіліктің, ең үлкен аманаттың бірі — отбасы.

Отбасына қамқор болу, балаларына тәрбие беру — отағасына аманат. Халқымыздың мыңдаған жылдар бойы ұстанған дәстүрінде де, дінімізде де бұл мәселеге айрықша мән берілген. Сахих хадисте: «Сенің мойныңда отбасыңның ақысы бар. Ендеше, әр хақылы адамның ақысын бер» — делінеді.Әрине, адам өмірінің жалғасы саналатын бала-шағаның қызығын көрудің өзі — бір бақыт! Сонымен біргеәр перзент — Алланың аманаты. Табысты адал жолмен тауып, бос рәсуа, ысырап етпей, ретімен, жөнімен ғана жұмсау керектігі секілді, ұрпақты да адалынан бағып, дұрыс тәрбие беру, лайықты азамат етіп өсіру—ер-азаматтың басты міндеті.

Әр ата-ана ұл-қызының тәрбиесіне жауапты. Әрбір халықтың өзінің ұлттық тәрбиесі, баланы өмірге талпындырып, қызықтап өсіретін салт-дәстүрі болады. Қазақтар сәби дүниеге келгенде бар ағайынға жар сала қуанып, шілдехана, бесік тойын жасайды. Одан кейінгі маңызды сәт — баланың алғашқы қадамдары, енді ғана тәй-тәй басып жүре бастаған уақыты. Бұл шақта: «Сәбиім тез жүріп кетсін, қадамы нық болсын» деген игі тілекпен тұсаукесер рәсімі жасалады. Мұхамбет пайғамбардың:«Әр амал ниетке байланысты болады» деген сөзі бар. Демек, бұл рәсім де балаға деген тілеулестік, қуанышын ағайынмен бөлісу секілді игі ниетке бағытталғандықтан, оның шариғатқа еш қайшылығы жоқ. Сәбидің аяғына ала жіп байлап, жіпті кесер сәтте «Бісміллә» айтылады, яғни «Алланың атымен» деп басталады. Тұсау кесілгеннен кейін жан-жағын қаумалаған ағайын-туыс шашу шашады. Жиналғандар балаға:«Адал азамат бол», «Бөтеннің ала жібін аттама», «Бақытты бол», «Қадамыңа гүл бітсін» деген ақжарма тілектерінжаудырады. «Халық — Алланың бір аты» дегендей, бұл жерде көптің тілегі қабыл болады деген үлкен сенімнің де көрінісі бар.

Баланың тұсауын да кез келген адамға кестірмейді.Ата-анасы ақылдаса отырып, тума-туыс, дос-жаранның ішіндегі көпті көрген немесе ісіне адал, іс-қимылы тиянақты, шапшаң, құрметті һәм сыйлы адамды таңдайды. Тұсаукесердегі ала жіпке келетін болсақ, ол бала өскен кезде өзгенің ала жібін аттамасын, ешкімге қиянат жасамасын, жаман жолға түспесін деген ниетке меңзейді. Тіпті ерте заманда баланың тұсауын тоқішекпен де кескен, оның мәні «жоқшылық пен таршылық көрмесін, тоқ болсын» деген ниет екен. Баланың тұсауын жазық далада кілемшенің үстінде немесе үйде арнайы ақ матаның үстінде кесіп, бірнеше қадам жасатады. Баланың алдына кітап, қамшы, ойыншық, т.б. зат қойып, қайсысына баратынын қызықтап, таңдау жасатады. Кітапты — ілім-білімге, қамшыны батырлыққа жориды. Исламда жақсылыққа ырым етуге рұқсат берілген, сондықтан қазақ халқының баланың болашағына деген үлкен тілектестікпен тұсаукесер рәсімін өткізуі діннің де түпкі мақсатына сай келеді. Оның үстіне қуанышты көппен бөлісу ағайын-туыстың бірлігіне, ынтымағына жол ашады. Алла елшісінің: «Сендер (Раббыларыңның қалауымен) адамдардың арасынан шыққан жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын, Аллаға сенген қайырлы үмбет болыңдар» және «Сендердің араларыңда міндетті түрде жақсылыққа үндейтін бір қауым болсын» деген хадистері бар, ал игі тілек, ақ ниетпен жасалған рәсім де тек жақсылыққа жетелейді.

Бұрынғы бабалар баланы үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеп, жақсыға үйретіп, жаманнан жирентіп отырған. Бұлар —«ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген сөздер. Ұят болады дегені —«Өлімнен ұят күшті», ұятты істі жасамадегені еді. «Жаным —арымның садағасы» деп білетін қазақтар баланы жастайынан арды ойлауға тәрбиелеген. «Жаман болады» дегені — жамандықтан әрдайым аулақ жүруге шақырғаны.«Жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді» деп, жаман адамның өзінен сақтандырып отырған. «Обал болады» дегені — әр нәрсенің сұрауы бар, ешкімге көлеңкеңді түсірме, қылдай жамандықжасама дегені.

Сәбилік шағынан баланың қуанышты сәттеріне бар ағайынды ортақтастыруы,күнделікті тірлікте оны жақсы-жаманды, оң мен солын айыруға талмай үйретіп отыруы халқымыздың ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Соның ішінде атадан балаға үзілмей жалғасып келе жатқан тұсаукесер дәстүрінің астарында да жақсы тілеу ғана емес, үлкен мән, мазмұнды тәрбиенің нышаны бар.

Нұрхан ДҮЙСЕНБАЕВ,

теолог.

Басқа жаңалықтар

Back to top button