10 сотық жер: Қазақстанның кез келген жерінен ала аласыз

Бұрын ел тұрғындары жеке тұрғын үй құрылысын салу мақсатында жер учаскесін алу кезегіне тұру үшін жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге жүгінетін. Олар тек өз аймағының жерлерін таңдай алатын. Бұдан былай ел азаматтары Қазақстанның кез келген аймағынан жер ала алады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш
өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Жер кодексінің 50-бабына сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 сотық жер) тегін алуға құқылы. Жер кезегіне тұру, өтінім беру секілді рәсімдерге қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді.
Бұған дейін Мемлекет хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай тізілімін әзірлеуді тапсырған болатын. Баспасөз қызметі хабарлағандай, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жер учаскесін алуға кезекке қою процесін автоматтандыру мәселесін пысықтаған. Ал әкімдіктер «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жаңа ақпараттық жүйесінің Жария кадастр картасына жүктеу үшін бұдан бұрын кезекте тұрғандар туралы жиналған ақпаратты ұсынған.
«Бұған дейін жер учаскесін алу кезегіне тұру үшін қазақстандықтар әкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсыратын, онда кезек ретінің дұрыс жүргізілмеу қаупі болатын. Ол кезде кезекке тұру процесі 12 күн уақыт алатын. Бұл өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталды. Жаңа жүйенің арқасында қазақстандықтар кезекке тұрып, eGov.kz-те оның жылжу барысын өз бетінше бақылап, жер кезегіне бұдан бұрын берілген өтініштің деректерін өзектендіре алады. Осылайша 10 сотық жерді алу процесі барынша ашық болады. Ал автоматизация арқасында бұл процеске 5 минут қана жұмсалады», — делінген ресми хабарламада.
Әкімдіктер берген тізім цифрландырылып, электронды форматқа ауыстырылған. Енді кәмелет жасына толған әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге eGov.kz арқылы өтінім бере алады.
Тағы бір жаңашылдық, енді таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер теліміне өтінім беруге болады. Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елді мекенде жеке тұрғын үй құрылысы үшін бос жер телімі болса, жер кезегіне өтініш бере алмайды.
Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді әкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елді мекеннің бас жоспарына сәйкес бос аумақтар болған жағдайда берілетін болады. Ал бұрын өзі тұрып жатқан өңірде жер теліміне кезекке тұрған адам оны өзге аймақтан алғысы келсе, кезек реті ертерек келген өңірден алуға құқы бар. Одан кейін қалған өтініштердің күші жойылады, себебі Қазақстанның әрбір азаматына жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер тегін бір рет қана беріледі.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



