Мәдениет

Музей түні және жүз мыңыншы жәдігер

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына сексен жылдан асты. Осы уақыт  ішінде Ақтөбедегі халқымыздың тарихына қатысты құнды дүниелерді тірнектеп жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған қасиетті қара шаңыраққа Елбасынан бастап, қазақтың талай қасқалары мен жайсаңдары бас сұқты. Жергілікті халық та мұнда жиі келеді.   Мұнда сан ғасырлардың куәсіндей ерекше заттар көп, әрқайсысы тарихтың тылсым сырына үңілуге, туған өлкенің өткенін тануға жетелейді.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі экспонаттар саны бойынша республикада үшінші орында тұр. Өткен жылдың қорытындысында жәдігерлер саны 100 мың 443-ке жеткен. Осыншама көп дүниенің әрқайсысының өз орны, салмағы бар. Өткен жылдың аяғында ресми түрде рәсімделген  100 мыңыншы жәдігерді Әбілқайыр ханның жетінші ұрпақтары тапсырған. Музейдегі әрбір жәдігер туралы сағаттап айтуға шаршамайтын, оларға қатысты деректерді ерінбей-жалықпай жинап жүрген  музей қоры бөлімінің меңгерушісі Шәйзада Мұқашевадан өзімізді қызықтырған заттарға қатысты мәліметтер алдық.

100 мыңыншы жәдігер

Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағына дейін сақталып жеткен бұл терезе яки есікке тұтынған перденің сыры кетсе де, сыны кетпеген.  Матасы – қытайлық қоңыр қызыл  түсті мауыты. Бетінде кестемен  төгілген гүл сабақтары мен бүршіктері бар, олардың үсті кезінде  күміс жіппен көмкерілген. Бір кездегі айбынды алты қанат ақ орданың есігіне тұтылған жапқыш па деген де ой келеді. Шәйзада Мұқашева осы жәдігер жайында былай деді:

«Бұл перде  біздің музейге Бақытжан Қаратаевтың немересі Жәрдемнің зайыбы, жақында дүниеден озған Бибажар апай арқылы жетті. Жалпы Бибажар апай хан тұқымына қатысты дүниелерге ерекше сақтықпен, қамқорлықпен қарап, музейге тапсырылуына үлкен мән берді. Өзінің ұрпақтарының бойына да осы тәрбиені сіңіріп кетті деп ойлаймын. Ресми түрде рәсімделгенше, бұл жәдігер туралы айтуға асықпадық. Бұған дейін Әбілқайыр ханның тұқымы қазақтан шыққан тұңғыш заңгер  Бақытжан Қаратаевтың «Отцы и дети. Судебная реформа» атты кітабы, сол кісінің  табаны тиген кілем, оның әйелі Әбдіханифа тартқан шәлі, олардың  шай ішкен ыдыстары, күмістелген қасық, ожаулар, осы әулетке қатысты фотосуреттер сияқты құнды жәдігерлер жыл сайын музейде өткізілетін дәстүрлі «Ұрпаққа мұра болар сыйлықтар» акцияларында Бибажар апай арқылы қорға түскен болатын. Ал осы пердеге қолымыз енді жетіп отыр.

Бұл  пердені, сірә, Тойғара Нұралықызының көзі шығар деп ойлаймыз. Өйткені Әбілқайыр ханның зайыбы Бопай ханымнан (Бәтима Сүйіндікқызы) бастап, хан тұқымынан тараған қыздардың шетінен сұлу,  өткір, сауатты болғаны, мемлекеттік істерге араласқаны жайлы тарихтан белгілі. Бізге жеткен мәліметтер бойынша білетініміз — Тойғара асқан сұлу болған көрінеді, Орынбор өңірінде оған тең келер ару болмапты. 1796-1799 жылдары Орынбордың әскери губернаторы болған Осип Игельстром Тойғараға өлердей ғашық болған деседі. 1854 жылы Санкт-Петербордан шыққан Павел Небольсиннің «Рассказы проезжего» деген кітабында Тойғараның Игельстром арқылы туыстарының хан билігіне қол жеткізуіне күш салғандығы туралы айтылады. Тойғара күйеуі шекара сотының  заседателі Қожа Нұрмұханбетов  екеуі  отбасымен  Орынборда тұрған.  Текті жердің қызы Тойғара  ақсүйектер өміріне тез бейімделіп, салтанатты кештерге  айрықша көз тартатын әдемі ұлттық киімдер киіп баратын болған, биді де бір кісідей меңгеріп алған. Кітап авторының жазуынша, Игельстром Тойғараны өзіне қарату үшін барын салған. Тіпті «княгиня» атағын алып берген Орынбордың шұрайлы жерінен жайылымдық жер тарту еткен, Тойғара сөйтіп  қазақта тұңғыш жер иеленуші әйел болған. 1797 жылы Санкт-Петербордан  орыс ханшайымы Елизавета алты пар ат жегетін әдемі пәуескені  сыйға тартқан және Игельстром болса  соны Орынборда пайдалану үшін рұқсат қағаз әперген. Тойғара Орынбордың көшесінде осы пәуескемен жүргенді ұнатады екен. Сол уақта Тойғара Нұралықызы тұрмыста тұтынатын заттарды, үй жиһаздарын Еуропадан алдыратын болған. Бұл перде, сірә, шетелден әкелінген болса керек. Бұлай деуіміздің себебі де бар.

Осы жәдігер қолға тиген соң, тап сол кезде Түркістанға барып келе жатқан Харьков ғылыми-зерттеу институтының маталар бойынша сарапшысы, этнограф ғалым Татьяна Крупаға пердені көрсетіп алудың сәті түсті. Қанша дегенмен көзі танитын адам ғой. Ол пердені қолымен ұстап қарап тұрып: «Бұл шамамен ХІХ ғасырдың ортасында  Еуропада жасалған» деген болжам айтты, ал одан арғысын білу үшін  зертханада тексеріп көруге  бір жібін алып кетті. Одан әзірге хабар  келген жоқ.

Демидовтардан жеткен 383 құнды бұйым

Музейде тарихы тереңде жатқан небір дүниелер бар. Соның бірегейі —бір кездегі Темір қаласының тұрғындары, ерлі-зайыпты Павел мен Ольга  Демидовтардың қызы Светлана Павелқызы  дүниеден озғаннан кейін, 10 жылдан соң ғана , 1985 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен түскен патша заманында шығарылған заттар коллекциясы. Жиынтық  ішінде сабы бұрандалы күміс қасықтар, шанышқылар, пышақтар, тәрелке бар. Қасықтың  сыртында Мәскеудегі орыс шіркеуінің суреті қара эмальмен бейнеленген. Сондай-ақ сыртына алтын жалатқан кофе ішетін күмістен жасалған ыдыс,  Романовтар әулетінің 300 жылдығына арнап шығарылған ең жоғары пробалы күміс рубльдер, әлі күнге әппақ күйінде тұр, еш қараймаған, құрамында 10,5 г алтын бар. Бағалы металдан жасалған барлығы 367 дана тиынды Демидовтың ұрпақтары көзінің қарашығындай сақтаған. Павел Демидовтың арғы атасы Петр  біріншінің тұсында өмір сүрген Никита Демидов (1656-1725)  темірден түйін түйген ұста болған, Тула қаласында патшаның шетелде жасалған тапаншасын қалпына келтіріп беріп, содан көзге түседі де, алғашқы зауыттың ашылуына мұрындық болады. Демидовтар ұрпағының иелігіндегі зауыт саны 55-ке дейін жеткен.   Содан Қазан төңкерісінен кейін олардың ұрпақтары  «бай-шонжар» ретінде қуғындалып, Темірге жер ауып келген.

Шәйзада Мұқашева бұл жәдігердің тарихы туралы былай дейді:

«Музейдің сексен жылдығында бұл коллекцияны да көрмеге қойдық. Басқа бір экспонат бойынша айтып беруге келген сексен жастағы Феруза Ақбердина апай Демидовтарды білетін болып шықты. Ол кісі: «Демидовтар ерекше адамдар еді, кезінде Ресейден  көшіп келген, өздерімен бірге үй қызметшісін ерте келген дәулетті  адамдар болған. Павел Демидов сол өңірдің халқы жақсы білетін білікті  дәрігер болды, Ольга Вильгельмовна Темір мектебінде неміс тілінен сабақ берді. Қызы Светлана да сол жерде еңбек етті», — деді.

Түнгі музей – тосын сый

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының және  халықаралық музей күнінің  қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымы ақтөбеліктер үшін тосын сый жасамақ. Мамыр айының 13-інде тұңғыш рет «Түнгі музей» акциясын ұйымдастырады. (1978 жылы Мәскеуде өткен конференцияда  мамыр айының 18 жұлдызын музейлердің халықаралық мерекесі деп бекіткен болатын). Ол «Түнгі музей — 100 мың экспонат» деп аталады.  Осы шара туралы музейдің этнография және археология бөлімінің меңгерушісі Күнзия Үмбетова былайша түсінік береді:

— «Музей түні»  — көпшілікке арналған акция.  Алғаш рет Германияда 1997 жылы өткізілді. Одан Ресей, Украина музейлерінде жалғасын тапты. Қазақстанда 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Алматы, Астана, Орал қалаларында өтті.

Музей түнінің ерекшелігі мынада — кешкі алты мен түнгі он екі аралығында ұйымдастырылады. Түрлі бағдарламалар, экскурсиялар жүргізіледі. 100 мыңнан астам жәдігерлерді көрмеге шығаруға тырысамыз. «Сармат әлеміне саяхат» залында көрме жасалып, «Табиғаттың таңғажайып әлемі» атты экспозиция жасақталады. Батырлар залында «Ер қаруы — бес қару» атты жәдігерлер бойынша көрмелер ұйымдастырылады. Қолөнер шеберлері шеберлік сабақтарын өткізеді.  Шынында экспозициялар күндіз басқаша көрінеді, кешкілік шам жарығымен мүлде басқа кейіпке енеді. Көненің көзіндей заттардан көп жұмбақтың жібін тарқатуға болады. Мақсат — музейдің халық арасында танымалдығын арттыру. Кешкілік адамдардың қолы босап, музей ішін асықпай аралауға, кеңірек танысуға мүмкіндік мол. «Болашаққа мұра болар сыйлықтар» акциясы да қатар өтіп жатады. Әлі де ұйымдастыру жұмыстарына қатысты  толықтырулар болады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button