Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

«Рухани жаңғыру»: 5 жылдағы белестер

Соңғы бес жылда елімізде, әсіресе Ақтөбе өңірінде мәдени-рухани саланың дамуы жолында бірталай шаруа жасалды. Облыста бірнеше жаңа ескерткіш бой көтеріп, өнер, рухани-адамгершілік тәрбие беретін орталықтар ашылды.  2017 жылдан бері өңірдегі меценаттардың демеушілігімен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 12 млрд 777 миллион теңгеге 2939 жоба жүзеге асырылыпты. Мұның барлығы — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асқан дүниелер. «Ақтөбе — құтты мекен» атты он тараудан тұратын энциклопедия жарық көрді.

Қоғам мен әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың басым бағыттарын айқындап берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының елімізде жүзеге асырылып келе жатқанына биыл — 5 жыл. Осы орайда құтты мекенде жаңару мен жаңғыру жолында қандай нақты істер атқарылғанын саралап шықтық.

БИЫЛ:

  • «Ұлы Жібек жолында: жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» облыстық халық шығармашылығы этнофестивалі;

  • «Жан серігім — домбыра» атты дәстүрлі әнші-жыршылардың республикалық байқауы;

  • «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауы;

  • «Едіге деген ер екен» республикалық жыршылар байқауы;

  • «BALAUSA V» халықаралық эксперименталды спектакльдер фестивалі өтеді.

  • «Туған жер» арнайы жобасы аясында меценаттар тарапынан 75 нысан салынып, 14 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бес жылдағы белес

Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасеновтің айтуынша, жұмыстар 6 бағыт, 17 арнайы жоба бойынша жүзеге асырылды.

Ұлттық дәстүрімізді дамытып, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсатында «Жұбановтар әлемі» мұражай үйі, «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Өнер орталығы салынғанын көзіміз көрді. Шығармашылық академиясы іске қосылып, «Хоккей модулі» кешені мен «Тәуке хан» спорт алаңы ашылып, жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік туды. Сондай-ақ Ақтөбенің брендіне айналған халықаралық «Baqytty bala» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы, «Жұбановтар әуені» ұлт аспаптар оркестрлер және ансамбльдер фестивалі, «Ақжелең» халықаралық күйшілер байқауы, «Елім менің» ән байқауы  дәстүрлі түрде өткізіле бастады.

«Ақтөбе облысының киелі жерлері географиясы» жобасы аясында белгіленген критерийлер бойынша киелі ескерткіштердің сипаттамалары, оларды картаға түсіру жұмыстары жүргізілді.  112 нысанның 38-і —археология, 52-сі — этнография және архитектура, 22 нысан — табиғат ескерткіштері.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Алға ауданында Есет батырға, Байғанин ауданында Дәуімшар батырға, облыс орталығында Бөкенбай батыр мен Есет батырға, Ер Едігеге ескерткіштер орнатылды. «Киелі жерлер географиясы» жобасы аясында жалпыұлттық маңызы бар орындар мен нысандар тізіміне өңірден 12 нысан енді. Ал 46 нысан жергілікті маңызы бар киелі орын ретінде танылды. Тарихи-мәдени ескерткішті цифрландыру мақсатында облыстағы 149 ескерткішке QR-код орнатылды. Ал интернет байланысы жоқ шалғай жерлерде QR-код тақтайшаларындағы ақпаратты қолжетімді ететін офлайн мобильді қосымшасы әзірленді.

— 2017-2021 жылдар аралығында 473 миллион теңге қаражат бөлініп, аса маңызды 37 тарихи-мәдени және сәулет өнері ескерткішіне ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.Ойыл-Қиыл өзендері, Солтүстік Арал маңы, Жем-Сағыз өзендері бойындағы және Доңызтау-Үстірт аймағының тарихи-мәдени ескерткіштерін этносфера-этнографиялық тұрғыда кешенді ғылыми-зерттеу жөніндегі экспедиция барысында Оймауыт, Қантөркөл, Шөптікөл, Зымыстан, Сәңкібай-мола, Асмантай-Матай құмдары маңындағы қорымдарда ескерткіштердің картографиясын жасау, нысандарды өлшеу, жобаларын түсіру, фотофиксация, ғылыми суреттеу, құлыптастардағы эпиграфикасының көшірмесін алу секілді жұмыстар жүргізілді. Ал Темір ауданы Тасқопа ауылы маңындағы қорымнан сармат дәуіріне жататын «Алтын адамның» табылуы еліміздің тарихындағы ерекше оқиға болды, — дейді Нұрлыхан Хасенов.

«Киелі жерлер географиясы» жобасы аясында биыл да қыруар шаруа атқарлымақ. Мәселен, Байғанин ауданындағы Аққұмсағыз, Ақтолағай қорымдарына, Әйтеке би ауданындағы Аққисық қорымымен Мұғалжар, Хромтау, Темір аудандарындағы ортағасырлық ескерткіштерге археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспары тұр. Қарғалы және Мәртөк аудандарындағы тас дәуірі ескерткіштері зерттеліп, Ырғыз ауданындағы ХІХ ғасырға жататын Алмат тамы кесенесін консервациялау, Алға ауданындағы Шәкен ишан мешітін (ХХ ғ. басы) реставрациядан  өткізу де биылғы жылдың еншісінде.

Руханияттың алтын діңгегі

 «Заман зымырап өтеді, дәуір ауысады, қоғам өзгереді. Бірақ сөз, соның ішінде көркем сөз өлмейді. Қаламы жүйрік, талғамы биік қаламгерлер қауымы мәңгі жасайды». Ақтөбеде өткен «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық әдебиет форумында облыс әкімі Оңдасын Оразалин осылай деген болатын.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста қаламгерлерді қолдау мен олардың шығармаларын насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келеді. «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында дәстүрге айналған республикалық «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумы қазақ әдебиетінде қолтаңбасы бар аға буын, орта буын және жас толқын өкілдерінің басын қосып, руханият жайлы әңгіме өрбітетін ашық алаңға айналғаны соның бір айғағы. Форум аясында «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітаптар саны 50-ге жетті. «Жауқазын» сериясымен  ақтөбелік 10жас қаламгердің кітабы жарыққа шықты. 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайға, ал өткен жылы ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған ескерткіш орнатылды. Сондай-аққазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен азаматтарға арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты мемориалды кешен ашылды.

Ер Едігенің есімін ұлықтау мақсатында«Едіге батыр» эпосының 600 жылдығына орай бірқатар қоғамдық-саяси, көпшілік-мәдени шара ұйымдастырылды.Байғанин ауданындағы «Едіге жалында» белгі қойылып, «Ер Едіге» жыр мектебі ашылды. Ақтөбеден Қобда бағытына шығар жолдағы үлкен көше Едіге есімімен аталады. Сол көше бойындағы көрнекті жерге батырдың ескерткіші орнатылды.«Ер Едіге — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбомы 500 данамен жарық көрді. Ал биыл Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Ер Едіге»  этнофольклорлық тарихи драмасы жұртшылық назарына ұсынылды.

Ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Светқали Нұржанның пьесасы негізінде қойылған спектакльде аты аңызға айналған қаһарман қолбасшы, біртуар батыр Едіге тұлғасы дараланып көрінеді.

— Бұл  Едіге батырдың ерлігін дәріптейтін еліміздегі алғашқы қойылым болды.

Десе де, тек қазақ халқына ғана емес, барша түркі жұртына ортақ батыр тұлғасы әлі де толық зерттеуді қажет етеді. Егер Байғанин ауданындағы «Едіге жалында» батырдың сүйегі жатқандығы дәлелденсе, бұл тек қазақ халқы үшін ғана емес, барша түркі жұртына ортақ тарихи жаңалық болары сөзсіз, — деді Нұрлыхан Хасенов.

«Бақытты бала» жылында Қазақстанның және облысымыздың киелі және көрікті жерлеріне 14584 бала туристік саяхаттарға жіберілді.Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 983 баланың «Отбасы банкіндегі есепшоттары 79 миллион теңгеге толықтырылды. 81 жетім балаға пәтер кілті табысталды.

Игілікті істердің ұйытқысы болған жоба

Орталық басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде балаларды қолдауға арналған жобалар да қолға алынғанын айтты. Облыста жүзеге асырылған «Бақытты бала» жобасы — соның айқын дәлелі. Аталған жоба аясында ерекше балаларды қолдаудың өзгеше механизмі қалыптасты.

Сөйлеу, ойлау қабілеті бұзылған, психикалық дамуы тежелген,  эмоциялық-ерік аясының қалыптасу тежелісі бар, Даун синдромымымен, тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған балалар үшін  арнайы (түзету) балабақша ашылды.Облыстағы  ерекше білімді қажет ететін барлық балалар және инклюзивті білім беру енгізілген білім мекемелері 588 сенсорлы үйшікпен қамтамасыз етілді. Жоба аясында көпфункционалды 46  спорт алаңы, 52 воркаут, 52 ойын алаңы, 27 хоккей корты —  барлығы 177 спорт-ойын алаңы іске қосылды.

— Балалардың қабілеттерін шыңдауға  бағытталған, соңғы үлгідегі замануи құрылғылармен жабдықталған Шығармашылық академиясы — «Бақытты бала» жобасы аясында «Қазхром» трансұлттық компаниясының демеушілігімен бой көтерген орталық. Академияда  балалардың ғылыми және шығармашыл қабілеттерін шыңдауға бағытталған 8 факультет 82 түрлі үйірмені қамтиды. Орталық соңғы үлгідегі қондырғылармен, заманауи планетариймен, ғимарат шатырында орналасқан обсерватория, телескоп, үйірмелерге қажетті музыкалық аспаптар, спорттық инвеньтарлар, интерактивті тақталар, проекторлар және  компьютерлік кабинеттермен жабдықталған, — дейді Нұрлыхан Хасенов.

Биыл мектепке дейінгі ұйымдарда «Жеті ойыншық» жобасын енгізу, білім беру ұйымдарында «Балалар мен театр» жобасын іске асыру, «КitapFest» фестивалін өткізу, батырлық пен ерлік мысалдарында «Батырлар институты»  жобасын, жұмысшы кәсіптерді насихаттауға бағытталған «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатын өткізу жоспарланып отыр.

Рухани жаңғыру жолындағы қадам

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру — рухани жаңғырудың бір талабы. Бұның ұлттық құндылықтардың, рухани мәдениетіміздің және білім, мәдениет, өнер, экономика салаларының дамуына серпіліс әкелері анық.

— Бағдарламаның басым бағыттарының бірі — қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Өңірде бұл жұмыстар да Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Латын графикасы негізінде қазақ әліпбиін насихаттау мақсатында жергілікті телеарналарда түрлі телебағдарламалар әзірленіп, әлеуметтік роликтер дайындалды. www.til-aktobe.kz сайтында «Тілтану» қазақ тілінің жаңа әліпбиі негізінде қашықтан оқыту курсы ұйымдастырылды. 2020 жылдан бастап аталған сабақтар циклі «Qazlatyn» бөлігінде өзектендірілді. Сайтта үйренуші өз бетімен базалық деңгейді меңгеріп шығу үшін барлық жағдай жасалған.Сондай-ақ жаңа графикада жазу машықтарын қалыптастыруға бағытталған «Білімді балақай»  өлеңдер мен тапсырмалар жинағы жарық көрді. Әлеуметтік желі қолданушыларының қазақ әліпбиін латын графикасында шапшаң меңгеруіне жағдай жасау мақсатында «LatynTime» жобасы жүзеге асырылды. Жоба караоке форматындағы материалдарды қамтыды. «Ақылды әліпби» мобильді қосымшасы іске қосылды, — дейді облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы.

Облыста тарих, география, қазақ әдебиеті, музыка пәндері кіріктірілген «Өлкетану» оқулығы жарық көрді. Оқулық қазақ және орыс мектептеріндегі 5-6-7 сыныптарға арналған. Онда өлкені терең танып білуге арналған материалдар кеңінен қамтылып, туған мекеннің тарихы толыққанды насихатталған.

Жаңғырудың жарқын жолы

— 2021 жылдың 12 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы бекітілді. Жоба мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдениетін, талғамын және рухын көтеруді, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың түрлі бастамаларын жан-жақты қолдауды көздейді. «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш, 66 ауқымды іс-шарадан тұрады. «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы ұлттық мәдениет пен ұлттық әлеуетті қалыптастыру жолында «Рухани жаңғыру», «Ел рухы» және «Тәуелсіздік құрдастары» деп аталатын үш негізгі бағыт бойынша жұмысын жүргізетін болады, — дейді Нұрлыхан Хасенов.

Биылжобаны жүзеге асыру барысында  облыс көлемінде «Туған жер» арнайы жобасы аясында меценаттар тарапынан 75 нысан салынып,14 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Р.S Біздің тілге тиек еткеніміз бес жыл ішінде атқарылған жұмыстардың сүйекті, ірілері ғана. Облыс аумағында бұдан басқа да ауқымды әрі мазмұнды мыңдаған шара өтті. Рухани жаңару мен жаңғыру жолындағы жұмыстар бес жылдық белеспен тоқтап қалмайды. Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасенов «Жаңа Қазқастанды» құру жолында жаңа міндеттер мен тың жобалар күтіп тұрғанын айтады. Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеруді көздейтін ұлттық жоба аясында сапалы көрсеткіштерге қол жеткізу алдағы күннің еншісінде…

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button