Басты жаңалықтар

Сабыр — иманның жартысы

Ораза кезіндегі әңгіме

Ақтөбе қаласындағы «Қайырқожа» мешітінің бас имамы Сұңғат Саметовпен  сұхбатымызда көркем мінез, адам бойындағы теріс қылықтарды жеңудің амалдары, күйзелістен арылу, жалпы көңілдің кейбір кездері туралы сөз қозғадық…

— Қазіргі таңда адамдар ашуланшақ болып кетті… Бұған сандық технологияның да кесірі тиген болуы мүмкін. Сіздің ойыңызша, мазасыз болып, бірден ренжіп шыға келуіміздің себебі неде?

—Ашу-ыза, өкпе-реніш — мінезден. Алла адамды мінезді етіп жаратқасын, ренжу мен ашулану — қалыпты жағдай, бірақ адам оны дер кезінде ақылға жеңдіре білуі керек.

Расында, әлеуметтік желілер алыстағыны жақындатып, жақындағыны алыстатты. «Терезеңді ашсаң, таза ауамен бірге шаң кіреді» дегендей, технологияның дамуы да пайдасы мен зиянын қатар әкелді.

Бүгінгі таңдаәр шаңырақта кемінде бір көлік болғанымен, ағайынның үйіне арнайы шақырмаса, өздігімізден барудан қалдық. Ардақты  Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) «Өздеріңе тілегендеріңізді өзгеге де тілемейінше— кәміл мұсылман бола алмайсыңдар», — деген. Бір-бірін ойламай, жақынға жанашыр бола алмаса, адам өз бетімен тіршілік етіп, барлығын өзі жасауға мәжбүр болады, күйбең тірліктен қолы тимейді. Ондай адамның ештеңеге үлгермей, ашуланшақ болатыны айтпаса да түсінікті. Яғни береке-бірлік пен татулық-ынтымақтың азаюынан адамның көңілі құлазыңқы, әрдайым ашушаң, өкпешіл болады.

—«Сабыр — иманның жартысы» деген сөз бар. Шариғатта байыпты, қай нәрсені де үлкен түсіністікпен қабылдау туралы не айтылған?

—  Сабыр ету — үлкен құлшылық. Қасиетті Құранның жетпістен аса жерінде «сабыр» сөзі аталады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сабырға шақырған хадистері де өте көп. Атақты ғалым Хасан Әл-Басри: «Әдебі жоқтың — білімі жоқ, сабыры жоқтың — діні жоқ» десе, дана халқымызда «Сабырсыз мұсылман дін бұзар» дейді. Тірлікте әртүрлі оқиғалар мен жағдайлар болып жатады. Бір кем дүние… Ешқашан біреудің өмірі тегіс, тамаша, мінсіз болуы мүмкін емес. «Енді бір толыстым-толдым» дегенде, жақының бақилық болады, тұрмыстық мәселеге тап келесің, денсаулығың сыр береді, әйтеуір, тіршіліктің түйткілі таусылмайды. Алла тағала адамды қиындықтармен сынайды, Құранда: «Шүбәсіз, Біз сендерді қауіппен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер», —(«Бақара» сүресі 155-аят)дейді. Сондай бір сәттерде мортсынып кетпей, Алланың жазуы екендігіне иланып, ол күннің де өтерін түсіну керек. «Соңын қайырлы ете көр» деп дұға жасап, сабыр ете білу керек. Қиыншылыққа төзе білу үлкен жақсылықтарға жетелесе, тағдырды тілдеп, сары уайымға салыну, яғни сабырсыздық таныту бақытсыздыққа жол ашады…

—Қиын жағдайға тап болып, жаны қысылған адамға «сабырлы бол» деп айту да оңай емес… Шариғат жолына салсақ, ондай кезде әрекет етудің белгілі бір амал-тәсілдері бар ма?

— Қанша жерден қайғысына ортақтасқанмен, тастың түскен жерге ауыр болатынындай, басына қиындық келген адамның дәл өзіндей жағдайды сезіне алмайтындығымыз рас. Дегенмен тірі адам тіршілігін жасайтынын алға тартып, кез келген қиындықтың артынан міндетті түрде жақсылықтың берілетіндігі жөніндегі аяттарды айтып, Алланың сабыр етушілерге арнаған жеңілдіктерін жеткізу керек.

Қиындықтың түрі көп. Ең үлкені — жақындарыңнан айырылу. Мұндайда Пайғамбардың жұбату тәсілінен артық ештеңе таппасымыз анық. Қызмет бабымен шалғайда тұратын серігі Мұғаз бин Жәбәл былай дейді: «Ұлым қайтыс болғанда Пайғамбарымыз маған былай деп хат жолдады: «Алланың Елшісі Мұхаммедтен  Мұғаз бин Жәбәлға. Әуелі өзінен басқа ешқандай тәңір жоқ Аллаға мақтау болсын! Алла сауабыңды арттырсын! Саған сабыр берсін! Бізге әрі саған шүкір ете білуді нәсіп етсін! Расында,біздің жанымыз бен малымыз, әйел, бала-шағамыз және олардың малдары Алланың бізге берген тәтті сыйлары әрі уақытша жанымызда қалдырған аманаттары. Алла саған ол баланы беру арқылы сені қуанышқа бөледі. Ал қазір үлкен сауап бере отырып, оны сенен алды. Егер сабыр етсең, үлкен сауапқа кенелесің. Байқағайсың, қайғы-қасіретің сауабыңды жойып жібермесін. Кейін өкінетін боласың. Біліп қойғын! Жылап-сыздау өлгенді кері қайтармайды. Қайғыңды да сейілтпейді. Болар іс болды» — дейді.

Бұл жұбату — өлімге көңіл айтудың ең көркем үлгісі. Сондықтанжақын туысынан айырылған адамға Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Мұғаз бин Жәбәлға жолдаған осы бір жылы сөздерін айтып жұбатып жатамыз…

—Тағдырға өкпелеу, торығу жан азабына — күйзеліске әкеліп соқтырары анық. Тіпті өмірден баз кешіп, әлгі аурудың шарықтау шегіне жеткендер де болады. Бұл жағдайда қайтпек керек?

— «Ағаштан бір жапырақ түссе де, Алла оны біледі» деген Құранның аятыәрбір іс Алланың назарынан тыс қалмайтынын меңзейді. Қазақта «Құдайдың бұйрығынсыз қурайдың басы да сынбайды» деген сөз де бар. Жалпы, тағдырдағы жақсылық пен жамандық та тек қана бір Алланың қалауымен жүзеге асатындығына шын жүрекпен илану — мұсылманның парызы. Өмір — Жаратушының адам баласына берген шексіз нығметі әрі сынағы. Нығметі дейтініміз, біз осы өмір арқылы Алланы танимыз, өмірге келеміз, үйленеміз, үй боламыз, айналамызды танимыз, құлшылық жасаймыз, ақ пен қараны ажыратамыз. Абайша айтқанда, адамды сүйіп, Алланың хикметін сезуге әрекет жасаймыз. Демек, тірліктің мәні — құлшылық және қарым-қатынас. Осы екі нәрсе дұрыс болмаса, адамның күйзеліске ұшырайтыны да заңдылық. Соған тап болып, өмірден баз кешіп жүрген адамға қабірді, қарттар менмүгедектер үйлерін аралауға кеңес берер едім. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, адам өзі түңілген жағдайда миының белгілі бір шеңберінен шыға алмай қалып жатады. Сана-сезімін оятатын осынау бір әрекеттерөзін «ешкім емес» санап жүрген адамның қаншама нығметі мен мүмкіндіктерінің бар екендігіне толығымен көзі жеткізері сөзсіз.

— Соңғы уақытта психолог мамандарға барып, іштегі шерін тарқататындар көбейді. Бұл, әрине, ақылы қызмет. Ал жан сырын тегін айтқысы келгендер мешітке барса, оларды тыңдап, жөн сілтейтін арнайы маман бар ма?

—  Имам — рухани жетекші, ол намаз өткізумен қатар, діни сауат аштыратын ұстаз, уағызшы,  кеңесші, психолог, моральдық және мешіттің шама-шарқына қарай материалдық көмек беруші. Әр имам кез келген адамды қабылдап, көмегін беруге тырысады.

Қазақта психолог деген болмаған. Себебі бұрын психологиялық проблемалар дегенді білмедік. Бабалар салты, отбасылық тәрбиенің өзі— тұнып тұрған психология. Бірақ ата діннен алшақтап, қазақы тәрбиені тәрк етіп, рухани күйзеліске ұшырағаннан кейін біздің қоғамда да әлгіндей мамандар пайда бола бастады…

— Сабырлы, кемел адам болу үшін қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едіңіз?

— Тап қазір ойыма оралып отырғаны — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарыққа шыққан «Ихсан — тәрбие негізі» кітабы. Соны оқу арқылы жұмыр басты пендеге аса қажет ықылас, ниет, тұрақтылық, тиянақтылық, Аллаға, Құранға, Пайғамбарға деген махаббат, нәпсімен күресу жолдары, жүрек дертінен арылу, жан мен тән тазалығы сынды көркем мінезді қалыптастыратын сипаттарды тұла бойымызға сіңіру қажеттігін түсінеміз. Еңбекте ата-ана, бала-шаға, айналадағы адамдардың ақысы жайлы құнды насихаттар жаман әдеттерден арылудың жолдары туралы да жазылған.

—Асылы, адамның көңілінің тоқ болып, барлық ой-арманының орындалуы мүмкін емес… Шариғатта шүкіршіліктің ролі қандай?

— Құран Кәрімде: «Енді мені еске алыңдар, сонда мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, күпірлік етпеңдер»— делінген. Әр адам баласы өз бойындағы нығметтерге көз жүгіртер болса, санап тауыса алмасы анық, түрлі жақсылықты, сый-несібені дұғамен сұратып және сұратпай бергені өте көп. Ендеше, Алла тағаланың берген өміріне, денсаулығына, материалдық және рухани байлықтарына алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкіршілік қылып жүру — әр мұсылманның міндеті. Алайда өмір сынақ болғаннан кейін арасында қиыншылықтары да болады. Десе де Жаратқанның бұған дейінгі жақсылықтарын ұмытып, «қандай күнәм бар еді?», «не жаздым?» деген сияқты сөздермен күпірлік қылуға болмайды. ӨйткеніАлла тағала «Нахыл» сүресінің 18-аятында: «Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Әлбетте, Алла — жарылқаушы, (әрі) рақымшыл», — деген. Сондықтан «Және Раббың жариялаған сөздерін естіңдер: «Ант етемін, егер (берген нығметтеріме) шүкір етсеңдер, әлбетте сендерге (нығметтерімді) арттыра беремін. Ал егер қарсылық жасасаңдар (шүкіршілік етпесеңдер), әлбетте азабым өте қатты» дегеніндей шариғаттағы шүкірдің орны өте үлкен екенін түсіну керек.

—Қай нәрседен болсын, жақсылық көре білу, оның сауабы туралы айтсаңыз?

— Бірде араларында ізгі адамы болған тайпа бар еді. Барлық ауыл сол кісінің насихатын тыңдап, кеңесін алып жүретін. Бір күні түн ортасында ауылдың бүкіл иті қырылып қалады. Ауыл адамдары жиылып, дана кісіге барып, бұл істің мән-жайын сұрайды. Дана ойланып отырып, сенімді кейіппен: «Иттердің қырылып қалуында біз үшін жақсылық болуы мүмкін»,— дейді. Тағы бір күні түнде ауылдың әтештері түгел өліп қалады. Жұрт әлгі кісіге тағы да келеді. Хакім тағы да: «Әтештердің де қырылып қалуы — бізді бір қатерден құтқаруы мүмкін»,— деп жауап береді. Сонда халық: «Данышпан, иттер күзетіміз, ал әтештер азаншымыз еді. Бұлардың өлуінен біз үшін қандай жақсылық болуы мүмкін?» деп сұрақтың астына алады. Әлгі данышпанның бұған да уәжі дайын болады: «Бүкіл сырды және құпияларды білетін тек жаратушы — Алла тағала, әлбетте. Алла осы оқиғаның ішіне біздің ақылымыз жетпейтін үлкен бір хикмет кіргізіп қойған…»,  — дейді. Келесі түнде ауылдағы ешбір үйдің оты жанбай қалады. Барлығы да бірауыздан: «Бір бәле болды ма?» — деп секем алып қалады. Ертеңіне болған істердің ақиқаты мәлім болды. Сол түні көрші ауылдарға жау шауып, тонап кеткен екен. Қарақшылар осы ауылдың жанына дейін келіп, не иттің үргенін, не әтештің шақырғанын ести алмай, не оттың жарығын көрмей, яғни ауылдың бар екенін байқамай,  өтіп кеткен екен. Осылайша әлгі ізгі адамның  даналығынан дүйім жұрт аман қалыпты деседі…

Қысқасы, әр ісімізде әуелі Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етуіміз керек. ӨйткеніҚұранда Алла тағала: «Қандайда бір іске бел бусаң, Аллаға сүйен! (тәубе ет!) Алла, сөзсіз, өзіне сүйенгендерді жақсы көреді», — дейді.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button