БілімБасты жаңалықтар

Жылдар бойы қызмет ететін жобалар жүзеге асырылады

Облыста Балалар жылы аясында көп жұмыс атқарылады. Жаңа мектептер, балабақшалар еңсе көтереді, материалдық база жаңартылады, мектеп кітапханалары мен асханалар жаңарады. Сондай-ақ балалар денсаулығын нығайту, сауықтыру мәселесіне де көбірек көңіл бөлінеді. Жалпы, атаулы жыл аясында жергілікті бюджеттен 5,185 миллион теңге бөлініп отыр.
Біз облыста Балалар жылының қалай өткізілетіні туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен сөйлескен едік…

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған соң бұл атаулы жылды өз деңгейінде өткізу үшін іс-шаралар жоспарын жасадық. Содан бері бірнеше шараны да өткізіп үлгердік. Дегенмен сәуірдің 20-сы күні біздің облыста Балалар жылына арналған шаралардың ресми басталуы өтеді. Өнер орталығында ұйымдастырылатын «Бақытты бала — бақытты ел» атты жиынға өңірдегі 1200 бала қатысады. Шара барысында «Ақтөбе — мүмкіндіктер мекені» атты көрме ұйымдастырылып, онда өңірдегі өнертапқыш, шебер, суретші балалардың еңбектері қойылады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Атаулы жыл аясындағы шаралар 7 бағытта ұйымдастырылады. Олар: «Білімді бала», «Отбасы — қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Бала қорғау» және «BALA_TIME.KZ».
— Өңірде Балалар жылы аясындағы жұмыстарды тек білім басқармасының қызметкерлері ғана емес, аудандық әкімдіктер, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының да мамандары жұмыла атқарады. Жоспарланған жұмыстар бос дүрмек, көзбояушылық әрекет емес. Облыс балалары үшін бір емес, бірнеше жыл бойы қызмет ететін жобалар бар. Біріншіден, биыл облыс бойынша 13 мектептің құрылысы жүргізіледі.
Екіншіден, 56 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Бұл үшін өңірдегі білім беру ұйымдарының жай-күйі зерттеліп, соның негізінде мектептердің нақты қажеттіліктері ескерілді. Соған байланысты бірінің пәндік кабинеттері жабдықталса, екіншісінің кітапханалары, енді бірінің асханалары жаңартылады.
Үшіншіден, отбасылық тәрбие, ата-аналармен жұмыс, адамгершілік-рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстар жанданады.
Төртіншіден, балалар тасымалы үшін автобустар сатып алу жоспарланып отыр.
Бесіншіден, балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз ету мақсатында 20 балабақша ашылатын болады.
Сондай-ақ таланты балалар үшін «Білімді бала» облыстық интеллектуалдық викторина, техника-инженерия бағытындағы STEM олимпиадасы, ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының таланттары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы, мектепке дейінгі жастағы балалар арасында «Ақылды бала» зияткерлік байқауы өткізіледі. «Жарқын болашақ» жобасы аясында балалардың жоғары оқу орындарының гранттарын иеленуіне мүмкіндік беріледі, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Балалар жылында атқарылатын игі шаралардың бірі — ерекше балаларды қолдау, сауықтыру. Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация беру мекемесі ашылады.
Ерекше балаларды мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиелеумен қамту үшін балабақшаларда арнайы 8 топ ашу жоспарда бар. Биыл өңірдегі 38 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізіледі, оның ішінде 20-сына пандус орнатылатын болады. Бұл да ерекше балдарды қолдау бағытындағы жұмыстың бірі.
447 мүмкіндігі шектеулі балаға жартылай стационар және үй күтімі жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Аутизмге шалдыққан балалар да назардан тыс қалған жоқ. Олар үшін 2 инклюзивтік кабинет ашылады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button