Мәдениет

Қоғам – адамдарымен қадірлі

Мерей

Шайзада Ахметова:

Қоғам – адамдарымен қадірлі

Біздің қоғамда өзінің саналы ғұмырын саяси-көпшілік қызметке, ұрпақ тәрбиесіне арнаған адамдар бар. Олардың көбі кешегі кеңес заманының куәгері ғана емес, бүгінгі жаңашыл қоғамның да жанашыры. Сондай жандардың бірі — Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері Шайзада Ахметова.  Мереке қарсаңында ұстазбен әңгімелескен едік.

–– Кейде өткеніңе бір сәт көз жүгірткің келетіні бар. Менің де өмірімнің бар мәнді-мағыналы кезеңіне ойша қайта оралып, шолу жасайтын шақтарым болады. «Не тындырдым? Кімдермен бірге жұмыс жасадым? Қандай із қалдырдым?» деп ойлаймын. Ондайда бала кездегі арманшыл кейіптен бүгінде қандай айырмаң бар екенін айырғың келеді…

Әйтеке би ауданының Қарабұтақ селосындағы Т.Шевченко атындағы орыс орта мектебін бітірген соң, Алматыдағы С.Киров атындағы (ол кезде солай аталған) Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Аталмыш оқу орнын 1974 жылы ойдағыдай тәмамдаған соң, өзім оқыған орыс орта мектебінде тарих пәнінен сабақ бердім. Ауданда комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істедім. Кейін аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болдым. Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірдім. Кеңес дәуірінде комсомол, партия ұйымдарына бір кісідей белсенді түрде қызмет еттім деп ойлаймын.

1999 жылы қалаға келіп, білім саласындағы қызметімді әрі қарай жалғастырдым. Қоғамымыз нарықтық экономикаға көшкен кезде облыстық экономика басқармасы жанындағы «Бизнес мектебі» орталығында директордың орынбасары қызметінде болып, жастарға менеджмент, хатшы-референт қызметтері жайында сабақ бердім.

Қызмет жолдарымда Төлеу Алдияров, Кемейдолла Төлеубай, Сара Еламанова, Федор Чемоданов, Ислам Медеубаев сияқты тәжірибелі де іскер адамдардың ақыл-кеңесін тыңдап, солардың мектебінен өткенімді үлкен ризашылықпен еске аламын.

Кейін қаладағы №37 орталау мектебінде мұғалім, директор болып қызмет жасадым. Орталау мектептің материалдық-базалық жағдайын жақсартып, орта мектепке айналуына көп үлес қостым.

Ал, 2005 жылдан былтырғы жылға дейін №36 қазақ орта мектебінде директорлық қызметте болдым. Бүгінде осы мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүрмін. Мектеп бүгінде жедел дамыған қоғамда өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі жетілдіруге бейім жаңа ұрпақты қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Биылғы жылы қала бойынша өткен «Ең үздік мектеп асханасы» байқауында жеңімпаз деп танылды.

Сонымен бірге, былтырғы жылы Астанада өткізілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мұғалімдерінің, білім беру қызметкерлерінің І съезіне делегат болып қатыстым.

–– Сіз екі дәуірдің куәгерісіз. Соның қайсысы жаныңызға жақынырақ?

–– Кеңес дәуірі – менің балалық, жастық шағымның куәгері іспетті. Ал  қазір мен тәуелсіз еліміздің әлем елдеріндегі дамушы елдер қатарынан көрінуге қол созған ұмтылысының куәгері болып отырмын. Екеуі менің біртұтас өмірімді құрайды. Бұрынғы кезеңнің ұраны «асықпаған арбамен қоянға жетеді» дегенге келіңкірейді. Ал, бүгінгі қоғам ұршықтай зырылдап тұр. Сонымен бірге, қазір біз ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әр күн маған жаңалық күтетіндей көрінеді. Демек, жаңа қоғам үрдісіне тез бейімделдім десем, артық айтқандық емес. Қазірде адамдар рухани серпіліс іздейді. Мысалы, діни дүниетаным құбылысы соның куәсі сынды. Осыған орай мектептерге дінтану пәнінің енгізілгені белгілі. Яғни, бүгінгінің адамдарында діни сана, діни қарекет бар. Жалпы қай қоғам да өз адамдарымен қадірлі.

–– Сіз кешегі өткен атеистік қоғамның өкілісіз. Бірақ, соған қарамастан, Сізде діни көзқарас қайшылығы жоқ сияқты.

–– Мұның өзіндік себебі бар. Менің әкем Орынбасар Ахметов – кеңес дәуірінде өмір сүрсе де медреседе арабша оқыған адам. Ұлы Отан соғысының ардагері.  Қажылыққа барған. Арабша, латынша, орысша жақсы білген. Соның әсері болса керек, мен дінді, діни наным-сенімдерді жатсынбаймын. Қазірде №36 мектепте дінтану пәнінен сабақ беріп жүрмін. Мектеп оқушыларына дінді теологиялық, этнографиялық, психологиялық тұрғыда түсіндірудемін.

Соңғы жылдары елімізде түрлі діни секталар көбейіп бара жатыр. Ал жастарды, өскелең ұрпақты ондай алауыздықтан тыю, оларға діни білім беру қажет.

–– Мұғалім ұдайы ізденісте өмір сүреді деседі… Сіз ше?

–– Менің де өмірім ізденістен, әрдайым үздіксіз білімге ұмтылудан тұрады. Меніңше, үнемі ізденісте болатын, өз жұмысының нәтижелеріне қанағаттанбайтын мұғалім ғана шәкірт жүрегіне жол таба біледі. Өйткені мұғалім – әрқашанда белсенді, шығармашыл тұлға. Оқушының сабаққа деген қызығушылығын оятып, оларға жетекші бола білу үшін мұғалім ұдайы теориялық, шығармашылық ізденісте болуы керек.

Бүгінде «Тарихи аспект: ХХ ғасырдың 50-90 жылдарындағы Қазақстанның мұнай өнеркәсібі» тақырыбында кандидаттық еңбегімді жазып жатырмын.

Менің заңгерлік те мамандығым бар. Жалпы мен бала кезімде заңгер болуды армандап едім. Сол арманымды іске асыру мақсатында қай бір жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттің университетінің заң факультетін сырттай оқып бітірдім.

Жұмыстан қолым босаған сәттерде кітап, газет-журналдар оқимын. Қазір «Алтын Орда хандарын» оқып жатырмын.

–– Мұғалім беделі, шәкірт тәрбиесі жөнінде не айтар едіңіз?

––Бұрынғының мұғалімін қазіргі мұғаліммен салыстыруға болмайды. Әр кезеңнің өз қолтаңбасы бар. «Мұғалім беделі төмендеп кетті» деген пікірлерді де естіп қаламын. Алайда қай кезеңде өмір сүрсе де шәкірт алдында құрметке бөлену мұғалімнің өзіне байланысты. Бүгінгі жастардың талабы жоғары. Ал, сол талап биігінен көріне білген ұстазды шәкірті ғана емес, дүйім ел сыйлайтыны сөзсіз. Білімді, білікті мұғалімді шәкіртінің сыйламауы мүмкін емес.

Ал шәкірт тәрбиесі жөніндегі ойымды былай тұжырымдағым келеді. Елбасымыз биылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» дегенін біз бір сәт есімізден шығармауға тиіспіз. Бұл біз үшін асқаралы міндет, ұстаздық борыш. Жас ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығы да осында.

Әңгімелескен Жанар НҰРҒАЛИ.

Бір ауыз сөз:

Марал БАЛДАНОВА, №36 қазақ орта мектебінің мұғалімі:

–– «Ұстаздық – ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, оған лайықты болу үлкен абырой деп есептеймін. Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық табиғат берген құдірет. Ал Шайзада Ахметова –– сондай ұстаз. Ол ұстаз деген ұлы атақты абыроймен алып жүрген адам.

Апайдың өмір тәжірибесі, білім-білігі, көргенінен түйгені көп. Көп жылдардан бері білім саласында маңдай терін төгіп, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келе жатыр. Шайзада апайдың бір ерекшелігі, әр балаға ұлттың болашағы, елдің ертеңі деп қарайды.

Апай өте білімді, жан-жақты адам, ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары. Білімді болу, шәкірттер жүрегіне жол таба білу сияқты қасиеттерді осы апайдан үйрендім. Бойыңа қуат, күш-жігер беріп, өрге сүйрейтін де, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет десек, сондай ізгі мінездердің бәрі Шайзада апайдың бойынан табылады. Ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі де ұшан-теңіз. Сондай-ақ ол –– ізденімпаз, әрдайым ізденісте жүретін ұстаз.

Жанар НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button