Басты жаңалықтар

Тілсіз жаудың әлегі

Кеше облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста өңірдегі су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан шаралар, төтенше жағдайдың алдын алу мен жою мәселелері қаралды. Оған аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты. 

Жиында алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев облыстағы жағдай туралы баяндады.

— Қазіргі таңда облыс аумағында су тасқынына қарсы шаралар қарқынды жүргізіліп жатыр. 1-2 сәуірде өңірімізде күндізгі температура 7-15 градус, облыстың кейбір оңтүстік аймақтарында 17-20 градусқа дейін жоғарылайды. Яғни бұл күндері өңірдің барлық аудандарында қар еріп жатыр. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша облыс аумағының 71 пайызын қар жапқан. Қазіргі таңда Ырғыз, Шалқар, Байғанин аудандарының оңтүстік аумақтарында қар толығымен түскен. Ал облыстың барлық өзендерінде 7-ден 75 сантиметрге дейін мұз қату сақталуда. Бүгінгі күні үш ірі су қоймасындағы судың көлемі 28-36 пайызды құрап отыр.

Өткен тәулікте облыстағы су тасқынына қарсы штабтарға 858 өтініш келіп түсті. Нәтижесінде 10 мың текше метр су сорылып, 2500 тонна инертті материал төселді. Ұзындығы 210 шақырымды құрайтын арық тазартылды, — деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, өңірде 31 наурыздан бастап ауа райының күрт жылынуы салдарынан

Байғанин ауданында екі елді мекенге, Қобда ауданында екі ауылға апаратын грейдер жол мен көпірді су шайып кеткен. Қазір аудандардағы жағдай бақылауда тұр. Жол қатынасы су деңгейі түскеннен кейін қалпына келтірілмек.

— 31 наурызда су қаупі төнген Ақтөбе-Атырау-Астрахань автокөлік жолының 100-ден 174 шақырымға дейінгі учаскесі мен Ақтөбе-Болгарка жолының 191 шақырымдағы учаскесінде көліктің барлық түріне қозғалыс шектелді. Қазір бұл бағытта жұмыстар жасалып жатыр, — деді ол.

Жиында бейнебайланыс арқылы Қобда, Ойыл, Қарғалы аудандарының әкімдері су тасқынына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, бірқатар жол қатынасы үзілген ауылдарда азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қоры жеткілікті, тұрғындардың жай-күйі бақылауда екендігін жеткізді.

Отырыста Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Дамир Көбенов қала аумағындағы су тасу қаупі бар Қурайлы, Ақшат, Өрлеу, Құрашасай, Жаңақоныс, Думан, т.б. тұрғын үй алаптарында тасқынға қарсы шаралар белсенді жүргізіліп жатқанын айтты.

— Кеше Батыс-3 ауданындағы бірқатар көшелерді су алып кеткен. Қазір су деңгейі 2 метрге төмендеді. Жағдай тұрақты. Көшелердегі, жертөлелердегі суды сору жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов жауапты тұлғалар мен аудан әкімдеріне тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді, су қоймаларын үнемі бақылауда ұстауды, су тасқынына қарсы шараларды шұғыл әрі сапалы жүргізуді тапсырып, нақты тапсырмалар берді.

                                                                                         Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button