Жаңалықтар

Құстар күніне арналды

Көрме

1 сәуір —Халықаралық құстар күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме ұйымдастырылды.

Музей қорында 40-қа жуық құстың тұлыбы бар. Әсіресе жойылу қаупі бар сарыалқым аражегіш, тауқұдірет, аққу, үкі, балықшы тұйғын, қалбағай, қарабай, тарғақ сияқты т.б. көптеген құстардың тұлыптары жақсы сақталған.

Музейдің табиғат залында өлкеміздің інжу-маржаны саналатын «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты туралы мәлімет беретін диорама жасақталған. Республикамыздағы екі құс жолының бірі осы резерваттың үстінен өтеді. Үнді, Пәкістан, Иран жерлерін қыстап шыққан, орта есеппен 2-3 миллионға жуық құс көктем мен күз айларында 30-ға жуық көлге қонақтап, Ырғыз аумағындағы көлдерді нағыз құс базарына айналдырып жібереді. Резерватта Қызыл кітапқа енгізілген құстардан қоқиқаз, бірқазанның екі түрі, безгелдек, лашын, аққудың екі түрі, қаршыға, дуадақ, көкқұтан, ақбас үйрек, су бүркіттері, балықтың он түрі бар. Қазақстанның Қызыл кітабына ақтырна, бұйра-қызғылт бірқазандар, жалбағай, қызғылт қоқиқаз, жорға дуадақ құстары енгізілген.

Көрмеден құрқылтайдың ұясын да көруге болады. Құрқылтай — киелі құс. Торғай тәрізділер отрядына жатады. Дене тұрқы — 11 сантиметр, салмағы — 20 граммдай. Құрқылтайдың ұясын ата-бабамыз ежелден түрлі ауруға шипа ретінде емге қолданған.

Көрмеге киелі құстардың бірі үкінің де тұлыбы қойылған. Үкі жемін көбіне түнде аулайды. Олардың сүйікті тамағы — кірпі. Қанаттарының ерекшелігіне байланысты түнде дыбыссыз ұша алады. Бұл қабілет аң аулау кезінде үлкен көмегін тигізеді. Кейбір түрлері тырнақтарының көмегімен балықтарды да аулап жейді.

Құстар — табиғат көркі. Оларды қорғау және егістікті бау-бақшалы жерлерге тарту үшін қолдан жасанды ұялар салып, ағаштарды көбірек егу керек. Бұл жұмыстарды мектеп оқушылары қолға алып, жүзеге асырса, нұр үстіне нұр болар еді.

 Әсел БАЛҚАСЫНОВА,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі табиғат және экология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button