АуылБасты жаңалықтар

Қаймағы бұзылмаған ауыл

Облыста тірлігі жарасқан, бірлігі берік,  қаймағы бұзылмаған ауылдар көп. Сондай ауылдардың бірі — Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабанов атындағы ауыл. Қобда ауданынан 15 шақырымдай жердегі ауылдық округте, орталығы да осылай аталады.

Барсаң, Білтабанға бар

Күннің лайсаң, ауа райының құбылмалы екеніне қарамай «Қобда, қайдасың?» деп тартып отырдық. Қызметтік көлігіміз Қобда ауданына бір сағаттың шамасында алып кірді. Онда бізді өзіміз бет алған округтің әкімі күтіп алды. Аздап жол таңдайтынкірпияз көлігімізді орталықта қалдырып, өзінің «бап талғамайтын» «Нива» автокөлігіне салып алды. «Қонақ қойдан да жуас». Келгенше ұялатынымыз тағы бар, үндемедік. Сөйтсек,«ат ауыстыруымыздың» себебі бар екен. Аудан орталығынан шыға бере көтерме жол басталды. Жолдың үсті еріген қар, жауған жаңбырдан кейін аяқ алып жүргісіз балшыққа айналыпты. Кейбір жерлері дегдіп қалған. Алайда шетелдік жеңіл көліктерге жүру қиын. Қай ауылдың да басты проблемасы осындай жол ғой. Оның үстіне көктемгі уақытта қандай болатыны бесенеден белгілі.

Бізді алып келе жатқан округ әкімі Нұрболат Даржан алдымен осы жолдың жайымен таныстыра бастады. Оның айтуынша, жазда аудан орталығынан ауылға дейін 20 минутта жетесің. Қыста да жол тақтайдай тегіс болады екен. Тек көктемгі лайсаңда ғана ауыл тұрғындары 10-15 күндей жайсыз жолмен ұзақ жүруіне тура келеді. Көтерме жолдың үсті кепкеннен соң арнайы техникамен тегістеледі. Жолға жауапты мердігерлердің бар екенін, жолдың уақытында қырылып, қардан аршылуы тендерден ұтқандарға тәуелді екенін білсек те сұрақты төпеп келеміз.

Ауылда барлық мәселе шешілгендей. Жалғыз осы жолдың жайы ғана алаңдататын. Бірақ сіздерге қуанышты жаңалығымызды айтайын. Биыл бұл жол орташа жөндеуден өтіп, асфалтталады. Оған аудандық, республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптамадан өтіп тұр. Жер кепкеннен кейін жол құрылысы басталып, қар түскенше бітпек. Бұған ауыл боп қуанып жатырмыз, — деді округ әкімі.

Жайсыз жол сағаттан аса уақытымызды алған екен. Ауылға кіргенде байқағанымыз — орталық Астана көшесіне асфальт бұрын «барып алыпты».  Былтыр 2 шақырым жерге төселген екен.

Орталық көшеге қойылған заманауи жарық шамдары сән беріп тұр. Әлеуметтік нысандар түгелге дерлік жаңарған. 2017 жылы ауызсу, 2019 жылы газ кірген.

Округ әкімінің айтуынша, И.Білтабанов ауылы — аудан бойынша «Абаттандырылған ауыл» бағдарламасын көрген жалғыз ауыл. Күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйі, 30 орындық дәрігерлік амбулатория, көше шамдары, балалар ойын алаңы мен спорт алаңдары былтыр бір жылдың ішінде іске асқан.

— Келесі жылы ауылда жаңармаған әлеуметтік нысан қалмайды. Мұның бәріне 250 миллион теңге құйылды. Барлығы да «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша жасалды. Енді Иманғали Білтабанов көшесіне асфальт төселіп, жарықтандырылады және әкімшілік үйі күрделі жөндеуден өтеді. Оның құжаттары дайын тұр, — дейді округ әкімі Нұрболат Даржан.

Округ орталығы қырда орналасқан. Құмнан қауіп жоқ. Ауыл әкімі көшелерге тал егуді жүйелі түрде қолға алған.  Ауылдың кіреберісіне 1000 түп тал егілген. Оның сыртын қоршауға алыпты. Биыл тағы да 1000 түп тал егуді көздеп отыр.

«Бұрынғы қараағаштар қазір сәннен қалды. Оның орнына үйеңкі егіп жатырмыз. Біздің жерге қолайлысы осы ағаш», — дейді ауыл әкімі.

Сонымен, ауылдың бірінші жалғыз мәселесі —жол. Ол да биыл шешімін таппақ. Бұған 495 миллион теңге бөлініп тұр. Енді жергілікті тұрғындардың тіршілігіне келейік.

Құсы көп ауыл

Ауыл әкімі тұрғындардың барлығының дерлік өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанын айтады. Бұған көз жеткіздік. Округте 900 тұрғын болса, оның 600-і орталықта тұрады. Мал шаруашылығымен айналысатын 2 ЖШС және 50 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Округ еншісіндегі Қосөткел мен Байтақ елді мекендерінің өрісінде мал көп.

Ауылдың бренді — сүт өнімдері. Бұл округтің сүттен жасалған тағамдары аудан орталығында сұранысқа ие. Ауылшаруашылық жәрмеңкелерінде сөренің сәні болатын жеңсік тағамдар лезде өтіп кетеді екен. Одан бөлек тапсырыстар көп түседі. Ешкі сауатындар да бар. Бақша салмайтын аула кемде-кем. Ауылдың тағы бір ерекшелігі, барлығы дерлік құс өсіреді екен. Бұл — бұрыннан келе жатқан кәсіп. Әр үйдің ауласынан кем дегенде 20-30 қаздан өреді.

— Құс ұстамаған үйге бірдеңе жетпейтіндей көрінеді. Әуелден келе жатқан хоббилері десек те болады. Көктемде балапандарын өсіріп, күзде семіртіп, сойып алады. Көбіне жайылымда жүреді. Соярдан бұрын 15 күн қораға қамап, жемдейміз. Осы кезде тез семіреді. Содан кейін қыстың алғашқы аязынан соң сойып аламыз. Одан кейін бақсаң, шығынға батасың, — деген ауыл әкімі өзі де қаз ұстайтынын айтты.

Демек, ауылдың тағы бір берекесі — осы. Ал ертеңгілік өріске әр үйдің ауласынан 30-40 ірі қара шығады. Мұнда жер дауы көп кездеспейді. Биыл жеке тұрғындардың мал жайылымына тағы 2000 гектар жер беріледі. Шаруаға бейім ауыл сырттан ештеңе сатып алмайды, керісінше, артылған мал азығын, мал шаруашылығы өнімдерін сатып, біраз пайда табады.

Лагерьге лайықты жер

Округте жасанды су қоймасы бар. Оны жергілікті тұрғындар «үлкен платина» дейді. Округ әкімінің айтуынша, оны «Ақжайлау» шаруа қожалығы жалға алып отыр. Ауыл тұрғындарына балық аулауға ешқандай кедергі жоқ. Бірақ ау салуға болмайды. Қазіргі таңда ол жерден үйлер салынып жатыр. Әзірге 6 үйдің құрылысы басталған. Алдағы уақытта мұнда лагерь болмақ. Лагерьдің негізгі мақсаты — демалыс кезінде қаланың балаларын әкеліп,  ұлттық негізде тәрбие беру орталығына айналдыру. Онда балалар таза ауада атпен серуендеп, қымыз ішіп, демалады. Қаладан келген балалар демалып қана қоймай, ұлттық спорт түрлерін меңгереді. Үлкен платина аудан бойынша жалғыз болғандықтан, келушілер көп. Бұл жердің болашақта ішкі туризмге сұранып тұрған орындардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар.

Батырдың ұрпағы

Сапар барысында Иманғали Білтабановтың ұрпақтары тұратын үйге арнайы бардық. Батырдың інісі Ысқақтан туған балаларының бірі Серікқали Білтабанов ауылдағы қара шаңырақты ұстап отыр. Бастапқыда  «Ленин» колхозы боп құрылған ауыл кейін «Хабаловка» деп аталған. 1997 жылы ауылға Иманғали Білтабановтың аты берілген болатын. Ерлі-зайыпты Серікқали-Зада Білтабановтар 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Балалары қалада тұрады. Бүгінде зейнетке шыққан олар ауылдан кетпеуді ұйғарыпты.

Атамыздың бір ұрпағы болып ауылда қалуды шештік. Қазір жасым 63-те. Абырой ортақ. Келім-кетім адам көп. Қара шаңырақта біреу болуы керек қой. Азын-аулақ мал ұстаймыз. Кенже баламның шағын кәсібі бар. Қаламен екі ортада жүреді. Бұл ауылда жалқауға жұмыс жоқ, ал еңбектенсең, табыс көп. Қай жағынан да қолайлы. Бәрі бар. Ауылдастардың соңғы кездері айтатын бір-ақ мәселесі жол еді. Ол да салынғалы жатыр, — дейді Серікқали Білтабанов.

1943 жылы соғысқа алынған 19 жасар Иманғали Білтабанов 1945 жылы 25 қаңтарда Польшадағы Ополе қаласы  тұсында Одер өзенінен өтіп, арғы жағалаудағы Одерфельддер үшін болған ұрыста пулеметімен жаудың 58 солдаты мен офицерін жойып, ерлікпен қаза тапқан.  Ополе қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 28 шақырым жердегі Флосте деревнясында жерленген.

Серікқали Білтабанов батыр атасының басына барып, тәу етуді жоспарлап отырғанын айтты.

Ерболаттың еңбекақысы

Округке қарайтын ЖШС мен  шаруа қожалықтарынан бөлек, «Бек» ауылшаруашылық-өндірістік  копперативі бар. Былтырдан бастап округтің өрісін асылтұқымды малмен толтыра бастапты. Қазір қойлары төлдеп жатыр. Кооператив басшысы Ерболат Жұмалиев бала-шағасымен науқанды жұмыстың басы-қасында жүр екен. Бірден көзге ұрғаны ұзын қора-жайлар, мен техника болды. Қыстақта үй, монша, тағы басқа құрылыс нысандары бір жылдың ішінде бой көтерген. Жиналған мал азығы да қомақты көрінді. Ерболатмалдың бәрін асылтұқымға айналдырғысы келетінін айтады. Қазірдің өзінде 2500 қой алынған. Оның санын 6 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Одан басқа 200 бас ірі қара алмақ. Қыстаққа электр желісі тартылған. Оған 8 миллион теңге жұмсалыпты. Шаруа иесі техникадан ақша аямапты. Өз қалтасынан 17 миллион теңгеге «погрузчик» тракторын алдырған. Ол осы шығындары үшін және жемшөпке субсидия алмағанын айтты.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы келіп кетті. Қазір техникаға субсидия берілмейтінін айтты. Мемлекеттен несие алып, қой шаруашылығын дамытуды бастадым. Ол үшін өріс керек. Аудан, ауыл әкімдері «қосымша жер береміз» деп отыр. Әзірге 3-4 жұмысшым бар. Тұрақты мал бағуға адам табылмай тұр, ешкімнің келгісі келмейді, — дейді Ерболат Жұмалиев.

Кооператив басшысы тұрақты жұмыс істейтін отбасылы адам іздейді. Тамағы тегін. Ай сайынғы жалақысы — 150 мың теңге. Бұл ғана емес, Ерболат Жұмалиев малшыға 20 қой, 2 сиыр беремін деп отыр.Малдың да жемшөбі шаруашылықтың есебінен. Қойдың санын 100-ге, сиырдың санын 10-ға дейін көбейтуге рұқсат бар.

Шаруашылық иесі сенімді адамға малдан да, ақшадан да таршылық көрсетпейтінін айтты.

Әрине, малшы тапшылығы облыс бойынша үлкен мәселе. Бірақ «Бек» ауылшаруашылық-өндірістік кооперативінің артықшылықтары көп: тұрғын үй, жарық, монша, интернет бар. Бір-екі жылдықта қыстаққа газ тартып беру де  жоспарда бар. Орналасқан жері аудан орталығынан 10 шақырымдай жерде — Ойыл-Қобда тасжолының бойында.

«Бек» ауылшаруашылық-өндірістік кооперативінде жаңашылдық көп. Бәрі де заманауи тәсілге көшкен.

Айтпақшы, қыстақта 2-3 пони жылқысы жүр. Ерболат Жұмалиев жылқының осы түрінен үйір ұстағысы келеді.

Аудан орталығында өткен биылғы наурыз тойында мінуге арнайы апарған осы аласа атпен қобдалық балалар серуендеп, бір жасап қалған.

Сапарымыздың соңын аудандағы осындай көз қуантар жаңалықтармен тамамдап,  қалада бау-бақша ұжымдарында немесе аядай бөлмеде пәтерақы төлеп қысылып, әрең күн көріп отырғандар ойланар деген оймен қалың оқырманға жеткізуге асықтық.

P.S.Бәрі жақсы дегенмен, ауылдың бір «әттеген-айы» бар. Барлығы 175 үйден тек 90 оқушы ғана мектепке барады екен. Күрделі жөндеуден өткен 300 орындық мектепте 35 мұғалім білім береді. Ауылдың үлкендері қалып,жастары қалаға кеткен. Оқушы санының аздығы көңілге көлеңке ұялатқанымен, келер күннен үміт басым. Қазір қалаға көшу азайған. Былтыр ауылға 3 отбасы көшіп келген. Ауылға келушілердің саны аз жылда артатын сыңайлы. Өйткені тап қазір ол жақта барлық мүмкіндік бар.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button