АуылБасты жаңалықтар

«Мұз жастанған әулие» немесе үңгіртас қандай сырды бүгіп жатыр?..

Ақтөбе жері киелі, қасиетті орындарға өте бай. Сенбесеңіз,облыстың кез келген ауылына сапар шегіп, ондағы ақсақалдардан сол ауыл тарихы туралы сұрап көріңіз. Бұрын-соңды естімеген ғаламат дүниелермен танысарыңыз анық. 

Бұл жолы оқырмандарды Әйтеке би ауданына қарасты Аралтоғай ауылдық округі аумағындағы киелі әрі көрікті жерлермен таныстыруды жөн көрдік.

«Мұз жастанып, қар жамылған» әулие туралы естідіңіз бе?

Әйтеке би ауданында  Назаралы әулие туралы білмейтін адам жоқ шығар. Ұлғайсын ауылы маңында жатқан зиратқа келушілер саны әсіресе жаз шыға көбейеді. Бүгінде зират жанында арнайы шырақшы үйі бар. Бұл үйді 2019 жылы Аралтоғай ауылының тұрғыны Жанғазы Осман салған екен. Әулие туралы халық аузында айтылыпжүрген аңыздардың біразын Жанғазы ағайдан сұрадық.

Аңыздарға сүйенсек, Назаралы ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің ащы дәмін татып өседі. Бастапқыда оның ерекше қабілеті барын, қандай да бір қасиетке ие екендігін туыстары елемепті де. Баланың бойындағы ерекше дарынды ауыл тұрғындары байқаған көрінеді.

— Назаралы әулие осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өмір сүрген. Кіші жүздің Төртқара руының тумасы. Көпшілігі оны «Мұз жастанған әулие» немесе «Бит әулие» деп біледі. Аңыздарға сүйенсек, қыстыгүні ол жатқан жердің қары еріп кететін көрінеді. Тағы бір ерекшелігі — оның үстінде бит қаптап жүреді екен. Әулие қонған жерге биттері жайылып, ол кетуге қамданған сәтте бірі  қалмай оның үстіне қайта шығып кететін болған. Таңғы намазын ылғи Түркістанда оқыпты деген де аңыз бар, — дейді Жанғазы ағай.

25 жасында дүниеден озыпты. Ол дүние салған соң, ауылдан шалғайда жатқан мазарына келіп, Құран бағыштап, тілек тілейтіндер көп болған. Арада қанша жыл өтсе де, үлкендердің аманатыменен зиратты айналып өтпей, басына соғып, Құран бағыштап,  іштей ниет етіп, бағалы бұйымдар немесе  адал ас қойып кетіп жүрген. Сондай жолаушылардан қалған бұйымдардың бірі ретінде зират басындағы жез самаурынды айтуға болады. Жанғазы Осман ол самаурынның әлі де тұрғанын айтады және ондағы оқтың ізін анық көруге болады екен. Осы жерде оқырманға самаурынға оқ қалай тиген деген ой келері сөзсіз.

Бұл оқиғаның кейіпкерінің басынан өткен оқиға адам сенгісіз. Алайда ауыл тұрғындары оның солай болғанына сенеді.

Ауыздан-ауызға тараған аңыз бойынша, бір топ азамат әулие зираты жатқан далаға жақын жерге киік аулауға шығады. Зират жанынан өте бере, аңшылардың бірі ағашта ілініп тұрған жез самаурынды көздеп тұрып, дәл тигізеді. Бірақ зират басына соқпастан кете береді. Сол күні аңшы ауылға қайтар тұста апатқа ұшырайды. Жағдайы ауырлап, біраз уақыттан кейін ес жияды. Алайда екі қолы мен екі аяғысал болып қалған екен. Әулие оның бірнеше рет түсіне кіріп аян беріпті, бірақ аңшы оны елемеген деседі.

Әулиенің зираты жатқан маң — жайылымға қолайлы, шөбі шүйгін дала. Жаз шығысымен бұл жерде шөп шауып, мал жаятындардың қарасы көбейеді. Киелі орынды мал баспасын деп Жанғазы Осман бастап, ауыл азаматтары қостап, белгі қойып, сыртын қоршаған.

— Мен бұл жерге 2014 жылдан бастап қызмет ете бастадым. Мұнда тілек тілеп, еміне шипа сұрап келетіндер қарасы көп. Бірақ жақын маңда ауызсу болмады. 2015 жылы ұңғыма қаздырдым. 2018 жылы әулиенің 150 жылдығына орай ас бергенмін. Халық өте көп жиналды. Өзге өңірлерден келген азаматтардың қарасы көп болды. Сол астан қомақты қаражат түсті. Кейін сол ақшаға зират жанынан үй салдым. Бұның барлығы көпшіліктің қолдауымен, демеуімен біткен іс. Мен тек ұйымдастырып, іске асырушы ғанамын,— дейді Жанғазы ағай.

Үңгіртасқа барып көріңіз

Әйтеке би ауданы аумағында табиғи үңгірлер көп. Жүйелі зерттеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, мұндағы үңгірлерді көп адам біле бермейді. Бірақ Аралтоғай ауылдық округіне қарасты Ұлғайсын ауылынан 9 шақырым жерде жатқан Үңгіртас туралы естігендер бар шығар.Бұл маң тұрғындардың жаз айларында келіп демалатын сүйікті орнына айналған.

Өзеннен 2,5-3 метр жоғары орналасқан таудың биіктігі шамамен 100 метр.

Үңгірге кіретін аузы солтүстік-батыс жағында. Таудың қырқа  басынан қарағанда өзеннің арғы бетіндегі биік жарқабақтағы үңгірдің ауызы бірден көрінеді. Оны өзен табанынан үш бөлек жалпақ тас  бөліп тұр. Тастардың жиегі тап-таза ақ құм жапқан кішкене арал сияқты. Үңгірдің ішіне он шақты кісі сыяды. Ауыл адамдарының айтуынша,  бұл үңгірдің іші ертеде үлкен болыпты. Бүйіріндегі терезеден шығыс жақ жағалау  тегіс көрінеді, ал есігі арқылы тауға шығуға ыңғайлы. Сырт жағынан келу қауіпті. Екпіндеп келген адам терең құзды байқамай, тік жарлы сайға құлап кетуі ықтимал. Ал бергі жағынан қарағанда  үңгірдің есігін бірден айыра қою қиын. Ертеден қалған әңгімелерге сүйенсек, Кенесары Қасымұлы 60 сарбазымен осы үңгірдің ішін паналаған деседі. Талай жапа шеккен жандарға да пана болған деген қилы-қилы әңгімелер бар. Осы үңгіртастың жоғарғы жағында Сандықтас деген жер бар. Бұл да бір өзіндік тарихы бар зерттелмей жатқан жер.Көрікті жерді көргіңіз келсе, Үңгіртасқа барып көріңіз.

 «Екінші Швейцарияның» жағдайы қалай?

Табиғаты жасыл желекке бөленген Аралтоғайды аудан тұрғындары «екінші Швейцария» деп атайды. Темірбек Жүргенов ауылынан 115 шақырымқашықтықта, Ырғыз өзенінің сол жағалауында жатқан ауылдың жері малға да, жанға да  қолайлы.

1700-ге жуық тұрғыны бар ауылдық округке Аралтоғай, Қияқты, Ұлғайсын, Милы ауылдары кіреді. Ешқашан ауызбіршілігін жоғалтпаған ауылдық округте 85 жеке кәсіпкер, 47 шаруа қожалығы тіркелген. 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 1 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс жасап тұр. Бүгінде шаруалардың дені асылтұқымды мал өсіруді қолға алған.

Жыл сайын ауылдағы әлеуметтік нысандарға да көңіл бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. 2016 жылы Ұлғайсындағы клуб күрделі жөндеуден өтсе, 2017 жылы Аралтоғайдағы дәрігерлік амбулатория жөнделді. 2019 жыл да аралтоғайлықтар үшін жағымды жаңалықтарымен есте қалған жыл болды. Бұл жылы ауылға ауызсу кіріп, интернет желісі тартылды. Елде пандемия басталған уақытта да ауылдағы тірлік тоқтап қалған жоқ. 2020 жылы С.Оразалин атындағы орта мектепке ішкі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  Милы ауылына дейінгі көтерме жолға тас төгіліп, тегістелді. Көшелер жөнделіп, мектеп ауласына жарықшамдар орнатылды. Балаларға арналған ойын алаңы ашылды.

Ал өткен жылы ауылға көгілдір отын жетті. Самара-Шымкент республикалық жолы жанай өтетін ауыл бұл жаңалықты зор қуанышпен қарсы алды. Мұндағы газ құбырын іске қосу шарасына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі қатысқан болатын. Ақтөбе қаласынан 220, аудан орталығынан 110 шақырым қашық болғанымен, Аралтоғай ауылына дейінгі жол сайрап жатыр. «АСУ-К» ЖШС жүргізген газ құбырының ұзындығы — 23 шақырым. Жұмыстың жалпы құны — 299 миллион теңге. Ауылдық округ әкімі Серік Дүйсенбаев биыл да округ аумағында ауыз толтырып айтарлықтай ілкімді істер атқару жоспарда тұрғанын айтты.

— Аралтоғай ауылына кіреберістегі жол мен Амангелді, Жанқожа батыр көшелерін асфальттау осы жылдың еншісінде тұр. Сондай-ақ округ орталығында жаңа әкімшілік ғимараты мен спорт кешені салынады. Округке қарайтын 4 ауылдағы көшелерді жарықтандыратын боламыз. Ең басты жаңалығымыз — биыл Ұлғайсын ауылына су құбыры тартылып, медициналық бекет салынады. Құжаттары өткен жылы әзірленіп қойған.  Сондай-ақ газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.  Ал Милы ауылына блокты-модульді су станциясын орнатамыз, — деді округ әкімі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button