Білім

Білім саласының инвестициялық әлеуеті қандай?

Еліміздің білім беру саласында 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар — студенттік жатақханаларды салу және қайта қалпына келтіру, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру аясында жекеменшік мектептерді салу және қайта қалпына келтіру, «Aqyl» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (білім беру депозиті), білім беру несиелеріне кепілдік беру. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ ілгерілету және коммуникациялық департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин және аталған орталықтың сарапшысы Диас Жамбылов қатысты.
Брифинг барысында қаржы орталығының өкілдері кәсіпкерлерге әлеуметтік нысандарды салу жобаларына қатысудың артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы жан-жақты түсіндірді.
— 2018 жылы Елбасы «Бес әлеуметтік бастама» атты Үндеуінде жатақхана тапшылығын жою туралы тапсырма бергені белгілі. Осы міндетке қол жеткізу үшін кәсіпкерлерді тарту, оларға мемлекеттік тапсырыс беру тетігі әзірленген болатын. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімді мүмкіндік. Өйткені қазір жатақханаларға сұраныс көп. Алдын ала талдау жұмыстарының қорытындысы да таяу болашақта студенттер санының біршама артатынын көрсетіп отыр. Демек, студенттік жатақханаларға сұраныс арта түседі. Бұл, әрине, кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ, — деді Диас Жамбылов.
Инвестор өз қаражаты есебінен әлеуметтік нысанды салады. Құрылыс талаптары орындалған жағдайда мемлекет тарапынан тапсырыс беріледі.
— Бұл жерде үш параметрді атап өту керек. Біріншісі — орналастыру принципі. Басты шарт — студент жатақханада тұруы тиіс. Екіншісі — орналастыру мерзімі. Мемлекеттік тапсырыс ай сайын 8 жыл бойы беріледі. Үшіншісі — төлемдер мөлшері. Бір студентке арналған мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері — құрылыс салынған жағдайда 122 айлық есептік көрсеткіш, қайта қалпына келтіру жасалған жағдайда 47 айлық есептік көрсеткіш, — деді Диас Жамбылов.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдермен қатар, инвестордың өзі әрбір студент тұру үшін орташа есеппен 15-20 мың теңге төлем алады (құны өз бетінше анықталады). Сондай-ақ кәсіпкер үшін «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы («Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры) аясында 9 пайызға дейінгі банктік несиені субсидиялау және дайын жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну (стандартты және жеке жобалар) секілді қосымша мүмкіндіктер қарастырылған.
— Кәсіпкер түрлі қызмет көрсету үшін асхана, шаштараз, жаттығу залы секілді коммерциялық алаңдар аша алады, — деді орталық сарапшысы.
Брифинг барысында «Aqyl» мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі туралы және жоғары оқу орындарының студенттерінің білім алуы үшін берілетін несие жөнінде айтылды.
Қаржы орталығы қызметкерлерінің айтуынша, депозит ашқан жағдайда 9 пайыз көлеміндегі банктік сыйақымен бірге мемлекеттік сыйақы да есептеледі. Мемлекеттік сыйлықақы мөлшері — жылына 5 пайыз (халықтың әлеуметтік осал топтары үшін — 7 пайыз).
«Aqyl» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктер: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Жусан Банкі» АҚ, «ВТБ» банкі, «Нұрбанк» АҚ.
Жобаның тағы бір артықшылығы — жинақтау мерзімін, жинақ көлемін және салымдардың жиілігін өз бетінше анықтау мүмкіндігі. Бұл салымшы қаражатын өзіне ыңғайлы кез келген уақытта және оған қолжетімді кез келген сомада толықтыра алатынын білдіреді.
Ақылы негізде оқуға қабылданғаннан кейін салымшы депозит ашылған банкке ЖОО-мен келісімшартты ұсынады. Банк оқу ақысын салымшының шотынан тікелей білім беру ұйымына аударады.
Егер оқудың барлық мерзімін төлегеннен кейін депозитте қаражат қалса немесе грант иесі атанса, салымшы оларды өз қалауынша пайдалануға құқылы.
(Қатысушылардың шарттары мен банктер туралы толық ақпаратты 8 800 080 28 28 телефоны арқылы алуға болады).

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button