Басты жаңалықтарМереке

Ел сағынған мереке

Ақтөбеліктер Наурыз мейрамын ерекше ықыласпен қарсы алды. Ұлыстың ұлы күні таңертең ертелетіп, Тұңғыш Президент атындағы орталық саябаққа қарай асыққан тұрғындар көп болды. Мұнда«Әз халқына нұр сепкен ұлыс күнім!»атты мерекелік шара ұйымдастырылды.  

Бұл күні саябақтағы алаң ерекше «жасанды». Жасыл желекке оранған атырапта сән-салтанаты келіскен 5 киіз үй тігілді. Cахна да әдемі безендіріліпті.  Ұлттық нақыштағы сәнді киім киген қыз-жігіттер төңіректі тіпті құлпыртып жіберді. Ақтөбе аспанында әсем сазды әуен әуелеп, күмбірлеген күй төгілді.

Мерекелік шара барысында Т.Ахтановатындағы облыстық драма театрының ұжымы театрландырылған көрініс ұсынды: олар қысты «шығарып салып», көктемді «қарсы алды». Жаңғырған ұлы далада әз Наурыз салтанат құрды. Театр артистері ұсынған «Ауыл» театрландырылған көрінісі де әсерлі шықты. Сахна төріне үш киіз үй тігіліп, ауылдың тірлігі көрсетілді. Көктемнің келуін тойлаған халық ерекше көңілді. Бір-бірімен көрісіп, ақжарма көңілдерін білдіріп жатыр. Киіз үйдің енді бірінен қазақтың қайнаған тіршілігін көріп сүйсінесің. Келіншектер жүн сабап, ұршық иіріп, киіз басып жатса, әжелер қымыз сапыруда. Балалар асық ойнап, асыр салып жүр. Көріністе қазақтың салт-дәстүрлері, ене мен келін арасындағы сыйластық, өзара қарым-қатынас шебер бейнеленді. Қыдыр атаның бата беруі, алаң төріне тайқазан әкелінуі де әсерлі болды. Жиналған жұртшылыққа наурызкөже, ағарған ұсынылып, бауырсақ таратылды.

Мерекелік шарада Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филормонияның өнерпаздары да өнер көрсетті.

Тұңғыш Президент атындағы саябаққа жиналған халықты облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сіздерді ұлық мереке Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жылдың басталуымен біз ең асыл тілектерді біріктіріп, белгілі бір мақсаттар қоямыз. Алайда ештеңе өздігінен келмейді.Қолайлы өмір   нақты іс пен тиімді әрекеттің нәтижесі. Өзгеріс әрқайсысымыздан басталады, сол үшін санамызды өзгертіп, сөзден іске көшкеніміз жөн. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында алдағы жаңару мен жаңғыруға деген батыл қадамдар көрсетілген. Ел Президенті айқындаған басымдықтарды қоғамымызды қайта форматтау, жаңа Қазақстанды құрудың негізі ретінде қабылдау керек. Біз ауқымды міндеттерді сапалы әрі өнімді орындау үшін жұмыла қимылдауымыз қажет. 

Наурыз игі істер мен позитивті өзгерістердің бастауы болсын! Еліміз бен әр отбасыға құт-береке әкелсін!— деді Оңдасын Оразалин.

Мерекелік бағдарлама барысында Ақтөбе аймақтық теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бошық Қуатов халыққа бата берді. Өзге ұлт өкілдері де ақ тілектерін айтты. №1Мәртөк орта мектебінің мұғалімі Артем Райзих, «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе қаласындағы филиалының төрағасы Рахиб Азизов ел-жұртты береке мен бірліктің мерекесі — Наурыз мейрамымен құттықтап, ынтымағымыз артып, бірлігіміз жараса беруін тіледі. Сондай-ақ шарада облыстық мәслихаттың депутаты, айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекова мен«Волонтерлер лигасы» облыстық филиалының төрағасы, «Шапағат» медалінің иегері Нарқозы Қартжан да сөз алып, көпшіліккеыстық ықыластарын білдірді.

Саябақта үлкен де, кіші де толып жүр. Бәрінің көңілі шат. Мейрамды тойлауға қос немересі Қарақат пен Мирасты ерте келген Ақтөбе қаласының тұрғыны Қырмызы Есжановамен тілдескен едік.

Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әсіресе ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптелген тәрбиелік маңызы зор театрландырылған көрініс көңілімнен шықты. Ән мен күй тыңдап, қуанып қалдым. Немерелерім де мәз.  Халық та көп жиналыпты. Екі жылдан бері індеттің салдарынан мұндай жалпыхалықтық мереке болған жоқ қой. Ел-жұрттың думанды тойды сағынып қалғаны көрініп тұр. Қуанышты ел болып тойлағанға не жетсін, шіркін! Ең бастысы, еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, —деді Қырмызы Есжанова.

Шара барысында киіз үйлерде этнографиялық бұйымдар қойылып, қолөнер шеберлері туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Жастар жағы кезектесіп, алтыбақан тепті. Сондай-ақ қазақша күрес, арқан тарту, қол күрес, асық ату, ләңгі тебу, қап киіп жарысу, садақ ату, қошқар көтеру және тағы басқа ұлттық ойын түрлерінен сайыс ұйымдастырылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Ұлттық спорт күні

19 наурызда ақтөбеліктер Ұлттық спорт күнін атап өтті. Бұл күні облыс орталығында және барлық аудандарда ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Ақтөбе қаласындағы негізгі шаралар Жекпе-жек сарайы алаңында өтті.

— Спорт — елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Ал ұлттық спорт — мақтанышымыз. 19 наурыз облыста «Ұлттық спорт күні» болып белгіленді. Облыс тұрғындарына ұлттық спорттың мәні мен маңызын түсіндіру және Ұлыстың ұлы күні қарсаңында көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы  түрлі шара ұйымдастырды, — деді басқарманың бас маманы Әділбек Дилжанов.

Бұл күні Жекпе-жек сарайының алаңына келген жұрт арқан тартысып, қол күресінен бақ сынады. Енді бірі ләңгі теуіп балалық шағын есіне түсірсе, өз білегіне сенген мықтылар гір тасын көтеріп жарысты.  Сондай-ақ қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі тоғызқұмалақтан сайыс өтті. Жас ерекшеліктеріне қарай балалар мен жасөспірімдер 3 топқа бөлініп, өзара мықтыларды анықтады.

Жекпе-жекке келген спортсүйер қауым әлем чемпионы Әшім Қалидің жүлдесіне арналған каратэден XXI республикалық турнирді тамашалауға мүмкіндік алды. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткен жарысқа республиканың 10 өңірінен 500-ге жуық спортшы жиналды.

Ал Қазақ-орыс халықаралық университетінде облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында волейболдан қайырымдылық турнирі өтті. Бұл жарысты ақтөбелік жастар Наргиз Нағашыбаеваның еміне көмек қолын созу мақсатында ұйымдастырды. 13 команда қатысқан жарыстың нәтижесі бойынша бірінші орынды Қазақ-орыс халықаралық университетінің құрамасы жеңіп алды.

Дәл осы күні облыстық тарихи-өлкетану музейі алаңында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, Халық шығармашылығы үйінің өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Сарқыт күні

Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алаңында өткен Ұлыстың ұлы күніне арналған шара «Сарқыт — салтымыздың сарасы» деп аталды.

Алаңда облыстық ішкі саясат басқармасының және облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен Жастар ауылы құрылды. Қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық салт-дәстүрлері ұлықталып, спорттық шаралар өткізілді. Киіз үйлер ішінде ақ дастарқан жайылып, жиналған жұртшылық наурыз көже мен бауырсақтан дәм татты. Тары-талқан, ірімшік, құрт секілді ұлттық тағамдардан әзірленген сарқыт та таратылды.

Жастарға киіз үйді құру, жаңа сойылған малды жіліктеу, қамшы өру, келі-келсаппен дәнді-дақылдарды түю жұмыстарынан шеберлік сағаттары өтті. Сондай-ақ көпшілік асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, гір көтеру, садақ ату сынды ұлттық ойындардан ұйымдастырылған жарыстарға белсене қатысты. Қолөнер көрмесінен түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалды.

Қаладағы №51 мектеп-гимназияның әскери жетекшісі Бағдат Сағынбайұлы қой сойып, оны дұрыс жіліктеу жолдарын таныстырды.

— Бүгінде кейбір жастарымыз мал союды білгенімен, оны жіліктеуді біле бермейді. Дәл қазір біз қойды 12 жілікке бөліп, басын үйіттік. Қазақ халқының дәстүрінде әр жіліктің табаққа тартылу тәртібі бар, — деген Бағдат Сағынбайұлы сыйлы қонақтарға тартылатын сүйек түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Сондай-ақ шарада ақ жаулықты аналар ұлттық тағамдардың бірі — жөргемнің қалай жасалатынын таныстырды. Қаладағы І.Есенберлин атындағы №15 орта мектептің мұғалімі Арайлым Төлеуованың айтуынша, малдың ащы және тоқ ішектерін, қарнын араластырып, өру арқылы жасалатын жөргем тағамын бұрын ата-бабаларымыз бас табаққа салып, сыйлы қонаққа ұсынған. Бүгінде ұмытылып бара жатқан аталған тағам түрі жиналғандарға кеңінен насихатталды. Сондай-ақ балалар қамшы өрудің қыр-сырымен танысып, сайысқа түсті.

— Қамшыны халқымыз қастерлі де киелі дүние санаған. Оны төріне іліп ұстаған. Қамшыны құнан өгіздің немесе серкенің терісін илеп жасайды. 4-тен 40 өрімге дейін өруге болады. Әсіресе қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді, — дейді қаладағы №47 орта мектептің мұғалімі Жақыпбай Сейітқасымов.

Сондай-ақ көпшілік қазақтың ұлттық бұйымдары қол диірмен мен келі-келсапқа ерекше қызығушылық танытты.

Шара соңында көрмені облыс әкімі Оңдасын Оразалин аралап шықты. Өңір басшысы жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап, жаңа жылда елімізге тыныштық, халқымызға ауызбіршілік, әр отбасына амандық тіледі.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

ШЕБЕРЛЕР КҮНІ

Пандемияның кесірінен екі жыл тойланбаған Наурыз мейрамыбиыл облыста кең көлемде, яғни әр күнге атау беріліп, он күн бойы тойланып жатыр. Мәселен, 21 наурыз — «Шеберлер күні» аталып, шығармашылық пен қолөнерді насихаттауға арналды.

Бұл күні Тұңғыш Президент саябағында ертемен қазақтың көңілді әндері алыстан естіліп тұрды. Үлпілдек наурызшаның жауып тұрғаны да, күн райының сәт сайын құбылып, алай-түлей борап тұрғаны да қала тұрғындарының мерекелік көңіл күйіне әсер ете алмады. Саябақта бес киіз үй тігіліп, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Белгілі қолөнер шебері, зергер Болат Атыраубаев көрмеге күмістен соққан әшекейлерін әкеліпті:

— Қазақтар «Күміс — емдікке, алтын — сәндікке» деп жатады. Күмістен жасалған мына белбеу «кемер белдік» деп аталады. Ертеректе жігітті белдігінен таныған ғой. Бұрын шалқарлық ұсталар күмістен құйма белдіктер соққан. Мен соған қарап,оюларын келтіріп, көшірмесін жаңартып жасадым.Матасы — барқыт. Барқыт белді терлетпейді, көп пайдасы бар, — деп жұмысын таныстырды зергер.

Сондай-ақ көрмеге қолөнер шебері Орынбасар Төлегеновтің қыштан жасаған бұйымдары, Шығармашылық академиясының педагогіГүлнұр Асқарованың киізден жасаған кәдесыйлары, қалалық Оқушылар сарайының педагогі, суретші Наталья Скуратовичтің эпоксидті шайырдан (смола) жасаған бұйымдары, бейнелеу өнерінің мұғалімдері Жұлдыз Қасқырбаева мен Гүлнар Шұлғаубаевалардың және басқа да әуесқой шеберлердің туындылары қойылған.

— Наурызда табиғат-ананың тоңы жібіп, мал төлдеп, ағаштар бүр жарып, күн мен түн теңеседі. Наурыз мейрамы қарсаңында осындай рухани құндылықтарымызды насихаттаудың мәні зор. Осындай көрме-жәрмеңкеде адамдар ұлттық мәдени мұрамызбен, салт-дәстүрлерімізбен жақынырақ танысып жатады, — дейді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

 

***

Жайлау күні

 

Есет батыр тұрғын үй алабында даНаурыз тойы дүркіреп өтті. Бұл маңдағы думан «Жайлау күніне» арналды.

Алаңда кәсіпкерлер, депутаттар, №78 мектеп ұжымының ұйымдастыруымен алты киіз үй тігіліп, келген жұртшылыққа наурыз көже, бауырсақ таратылды. Ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, тазылар көрмесі өткізілді. Спорттық ойындардажасы 72-дегі ақсақалға дейін гір көтеріп, мерекенің көрігін қыздырды. Ақсақалдар бата беріп, әжелер мен апалар ұлттық қолөнерден, халық әндерінен тарту жасады. Жастар алтыбақан тепті.

Сахна төрінде көркемөнерпаздар концерті мен қазақ батырларының дәуірін еске салған театрландырылған қойылым ұсынылды. Қойылымдық концертте жасыл жайлаудың көріністері, қазақ даласы, төрт түлігі, береке хабаршысы — наурызек құсы таныстырылды.Танымал тарихи тұлғалардың бейнелері сомдалып, батыр мен жыраудың, би мен елдің ортасындағы сыйластық, жөн-жоралғысы көрсетілді.

Жайлау —  қазақ халқының ұғымында кеңдік, кеңістік, ал қыстаудан жайлауға көшу — ұлан-асыр той. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Мәдениет үйлерінің өнерпаз ұжымдары осындай көңіл күйді көпке жеткізуге тырысты.

Есет батыр тұрғын үй алабындағы Наурыз мейрамына Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қатысып, жиналған жұртшылықты  Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Наурыздың ежелден салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптейтін мереке екенін атап өтті.

Ұлыстың ұлы күні — береке-бірліктің, жақсылық атаулының бастауы.  Осындай мерекелік шаралар қала аумағының барлық бөлігінде өтіп жатыр. Осы тұрғын алаптың аумағы бірнеше жыл бұрын ен дала болатын. Бүгінде зәулім үйлер, ғимараттар салынып, ел қоныстанды. Әлі де үйлер, әлеуметтік нысандар салынады. Мұның бәрі де тәуелсіздіктің, ел бірлігінің жемісі. Ел аман, елдігіміз мәңгі болғай!

Жаңа театрландырылған қойылым кезінде Есет батыр бабамыздың бір жақсы сөзі айтылды. Баһадүр «Халыққа қожалық емес, қызмет етемін» деді. Біз ел болып, салт-дәстүрімізге, тарихи болмысымызға, рухани құндылықтарымызға қызмет қылайық, ағайын. Сонда сырттан жау, іштен дау алмайтын ел боламыз, елдігіміз бекем болады. Ұлысоңболсын! — дедіқалаәкімі.

Шара барысындаЕсет батыр тұрғынүйалабыныңбіртұрғынықалаәкімінекүтпегенжерденөтінішайтып, АсхатШахаровдәлсолжердесүйкімдібалапанРамазан Жаңабаевтыңтұсауынкесіп, қадамынасәттіліктіледі.

Наурызкөжеішіп, бауырсақ пен тәттіденауызтиіп, қойылымдықшараны көрген тұрғындар көтеріңкікөңілкүйментарасты.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button