Ұлтты ұйыстыратын ұлы мереке

Наурыз — уақыт жаңаратын ұлы күн, жыл басы ретінде кемінде бес мың жыл уақыттан бері тойланып келе жатқан мереке.
Қазақ жерінде Наурызды кең көлемде жария түрде атап өту 1926 жылдан кейін тоқтатылған. Кейбір зерттеушілерге сүйенсек, бүгінге дейін архивтен не баспасөзден Наурызды тойлауға тыйым салынатын ресми құжат табылмаған. Алайда өткен ғасырдың 20-жылдарының соңынан бастап Наурыз мерекесінің «ескіліктің сарқыншағы» ретінде «қудалауға» ұшырағаны айтылады. Кеңестік заманда баспасөзде Наурыз жайында ақпарат, деректердің жарияланбауы, оның зерттелмеуі, насихатталмауы, расында, бұл мерекеге қатысты үлкен бір салқындықтың болғанын аңғартады. Тек 1988 жылдан бастап қана Наурызды жалпы халық болып тойлау қайта қолға алынды.
Әрине, арадағы 60 жылдан астам уақыттың ішінде Наурызды халық атаусыз қалдырған жоқ, әсіресе шалғайдағы қазақ ауылдарында Наурыз мерекесіне қатысты ғұрыптар сақталды. Алайда кеңестік замандағы сол үзіліс біздің ой-санамызға өз салқынын тигізді: үлкендер жастарға мерекенің, оның аясындағы әдет-ғұрыптардың мән-мағынасын дәріптей алмады, сөйтіп, Наурызға қатысты дүниетанымымызды жоғалттық, тіпті бұл мейрамды нақты қай күндері тойлаудың өзі даулы мәселеге айналып отыр.
Осыған байланысты біз мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыны сөзге тартқан едік…

— Амангелді Әбдірахманұлы, Наурыз мерекесімен қайта қауышқан жылдардағы баспасөзге қарасақ, көпшіліктің оны діни мереке ретінде қабылдағанын, кеңестік заманда Наурызға «діннің сарқыншағы» ретінде тыйым салынған деп түсінгенін аңғарамыз. Шын мәнінде, исламға, дінге еш қатысы жоқ, ежелден келе жатқан мереке неліктен «қудалауға» ұшырады?
— Мұның бір ғана себебі болды: ол — идеологиялық мақсат. Кеңес билігі өз уысындағы бүкіл халықтардың бірдей өмір сүріп, бірдей ойлап, бірдей салт-дәстүрді ұстанғанын қалады. Наурыз қазақ пен Кеңес одағының шығысындағы басқа да халықтар үшін жыл басы болатын. Ал орыстар бұл кезде жылды қаңтардың алғашқы күнінен бастайтын күнтізбеге көшкен еді. Сонда кеңес халқының бір бөлігі Жаңа жыл мерекесін наурыздың ішінде, екіншілері қаңтардың басында тойлайтын болып шықпай ма? Кеңес билігі, міне, осыған жол бергісі келмеді. Расында, кеңестік заманның бастапқы кезеңінде шығыс халықтары қаңтардың алғашқы күнін Жаңа жыл мерекесі ретінде сезінген де, тойлаған да жоқ. Наурыз кең түрде тойланудан қалып, оның мән-мағынасы бірте-бірте ұмытылғаннан кейін барып қана, Жаңа жылды қазіргі қолданыстағы күнтізбе бойынша атап өтетін «дәстүрге» көштік.
— Бала күніңізде өзіңіз туып-өскен ауылда Наурыз тойланатын ба еді?
— Мен 20 жасқа дейін Астрахань облысында, Ресей қазақтарының арасында өстім. Бұл — өткен ғасырдың 40-50-жылдары. Батыс облыстардың, Қарақалпақстан жағының қазағы секілді, Астрахань өңірінің қазағы да 14 наурызда мәре-сәре болып, бір-бірімен көріседі. Бұл күнге халықтың ерекше ынта-ықыласпен, үлкен әбігермен дайындалатыны есімде. Үйдің іші, айналасы, қора-қопсы — бәрі тазартылып, тап-тұйнақтай болып, жарқырап тұруы тиіс. Әрине, ол — тұрмыстың жүдеу шағы. Соның өзінде халық бұл күні ең жақсы киімдерін шығарып, жасанып киінеді. Барынша мол дастарқан жаюға тырысады. Осы мерекеге деп, яғни көрісе келетін адамдарға арнап, соғымнан арнайы сыбаға сақталады.
Қазір 14 наурызды біреулер «Көрісу күні», енді біреулер «Қауышу күні» деп атап жүр. Шынына келгенде, бұл мерекенің мән-мағынасы, астары — өте тереңде, ол аман-саулық сұрасумен ғана шектелмейді. Адам дегеніміз — әлеуметтік пенде. Ол басқа адамдармен сырласпай, пікір алмаспай, қуанышын, қайғысын бөліспей тұра алмайды. Қазақтың тұрмысында қыста жұрт ауыл-ауыл болып, оқшауланып қалады. Ал көктем шыға, күн жылына бір-біріне көрісе барады. Тек көрісіп, хабар аласып қоймай, бірі-бірінің қуанышын не ауыртпалығын бөліседі. Көрмеген-көріспеген уақыттың ішіндегі жаңалықтардың жақсысына «құтты болсын» айтысады, қайғыға ортақ екенін жеткізеді. Яғни көрісу ел-жұрттың үзілмей келе жатқан аралас-құраластығын одан әрі жалғауға, жақындаса түсуге, ынтымақ-бірлікке жол ашады. Халқымызда: «Бармасаң, келмесең, жат боласың» деген сөз де бар.
— Көрісу адамгершілік парыз саналған ба? Өйткені бұрын кейде «көрісуге де жарамады» деген реніштер де айтылған ғой?..
— Халқымыздың тұрмыс-салтында сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге зор мән берілген. Үлкенге, ата-анаға, ұстазға, жақын туысына көрісе бару — сол сыйластықтың бір бөлшегі. Әсіресе үйден шыға бермейтін жасы үлкен адамдар өзінің бала-шағасы, немерелері, туған-туысы, құда-жекжаты сынды жақын-жуығының көрісе келуін күтеді. Көрісу ғұрпы, расында, бір күнмен шектелмейді. 14 наурыздан бастап, көктем, жаз айларында жұрт бір-біріне арнайылап көрісе баруды жалғастыра береді. Күткен адамы келмесе, ренжіп, өкпесін айтып жататын жағдайларды өзіміз де көрдік, есіттік.
Ертеде бір 105 жасқа келген кейуанаға Жыл басында бүкіл жан-жағы көрісе келіпті деседі. Бірінен соң бірі ағылған қонақтар кетіп, оңаша қалған сәтте, кейуана біртүрлі көңілсіз, елеңдеулі отырыпты. 80-ге келген ұлы бар екен. Ұлы: «Күткен адамымыздың бәрі келді. Неге алаңдаулысыз?» — деп сұрайды. Сонда анасы: «Төркін жағымнан ешкім келмеді ғой», — депті. Сөйтіп отырғанда төркін жағынан туыстары да келіпті. Соғымнан сақталған сыбағасын, арнайылап әзірлеген сый-сияпатын, дәмін ала келген екен. Төркінімен қауышып, олар әкелген дәмнен татқаннан кейін көз жұмып, демі үзіліпті. Жұрт: «Соңғы дәм төркінінен бұйырған екен», — десіпті.
Көрдіңіз бе, 105-ке келген кейуананың өзі төркін жағынан туыстарын сағынып күтеді? Ал төркіні де оны ұмытпай, іздеп баруды парыз санаған.
Жас Абайдың өзінің нағашылары — шаншар руының ақсақалдарына сәлемдесе барған сапары жөнінде де ел аузында сақталған сөз бар. Абайға сын көзбен қарай отырып, үлкендердің бірі: «Әлден-ақ, бүкіл денесін қалың түк қаптаған ба?» — дейді. Сонда жас Абай: «Қап, әттеген-ай, әуелде қыздарыңды ұзатқанда, «Түкті бала таппа» деп айтпауларың-ай!» — деп әзілдеп жауап береді. Баланың осылай сөз тауып кеткен тапқырлығына үлкендер жағы бір сүйсініп қалады.
Жалпы, үлкендер көрісе келген жастарға батасын беріп қана қоймайды, оны адамгершілігін, мінезін сынап көріп, ақыл-кеңесін де айтады. Мысалы, жасөспірім бозбаладан: «Жасың нешеде?» — деп сұрайды. «Жасым 15-те», — деп жауап береді. Бұдан кейін сөз: «Он беске келдің, енді үлкен азамат болдың» — деп басталып, әңгіме өрбиді. Ал үлкеннің айтқан ақылы, жанашырлық сөзі құймақұлақ жастың құлағында қалады. Сондықтан бұл — халықты, ағайын-туысты жақындастырумен қатар, үлкен тәрбиелік-педагогикалық мәні де бар ғұрып, үлкен мектеп.
— Көрісу ғұрпына тән тағы бір талап — кешірім. Яғни жаңа жылда алғаш көріскен, қауышқан сәттен бастап, бұрынғы өкпе-реніштер ұмытылуы, кешірілуі керек.
— Иә, бұл — тазару мерекесі. Халқымыз Наурызда уақыт, кеңістік жаңарады, барша табиғат оянады деп түсінген. Сонымен бірге жанымыз да тазарып, бұрынғы өкпе-реніштер ұмытылуы керек. Әлдебір пенделік ренішпен араласпай кеткен адамдардың өзі бұл күні бар кірбіңді, араздықты өткеннің еншісіне қалдырып, бір-бірімен қайта табысады. Сондықтан Наурыз — ағайынды татуластыратын, ұлтты ұйыстыратын ұлы мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» — деп, орынды атап өтті.
Наурыздың мазмұнын байыта түсу үшін оның тарихы тереңірек зерттеле беруі керек және бұл мәселеде, халқымыздың тамыры өте көне заманға кететін, бай тұрмыстық ғылымы болғаны ескеріліп, негізге алынуы тиіс. Айталық, көрісу ғұрпының өзінде ер адам мен ер адамның, әйел адамдардың, үлкен мен кішінің көрісуі бірдей емес, әрқайсысының бөлек-бөлек тәртібі, этикасы бар. Жаңа жыл 14 наурыздан басталатын күнтізбені Байбақты Қазыбек түзген деп те айтылып жүр. Кейбіреулер бұл күнді «Амал мерекесі» атайды. «Амал» — ежелгі күнтізбедегі алғашқы айдың аты деген жорамал айтылса, ал этнографиялық энциклопедияда жылдың әр ай-тоқсанындағы ауа райы және табиғат өзгерiстерi мен құбылыстарының «амал» деп аталатыны көрсетілген. Ел ішінде осы амалдардың қалай өтетінін шамалап, болжап отыратын адамдар болған. Амалдар наурыз айынан басталған.
Наурызды тойлау барысында ұлттық дастарқан, ұлттық киім және ойындарды жаңғыртумен шектелмей, осындай танымдық, тәрбиелік жағын, адамгершілік қатынастарды, ынтымақ-бірлікті нығайта түсуге әсері бар тұстарын көбірек зерделеп, жылдан-жылға соларды дендеп енгізе берген жөн.
Сұхбаттасқан Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



