Үш команда үзеңгі қағыстырып тұр

Премьер-Лига
17 наурыз күні 3-тур кездесулері өтті.
Алматыда «Таразды» қабылдаған «Қайрат» қарымта гол соққызып алып, ойынды тең аяқтауға мәжбүр болды.
Түркістанда «Тұран» командасын жеңген «Каспий» екінші жеңісін тойлады.
Шымкентте «Ордабасы» командасынан жеңілген «Ақжайық» екінші рет ұпайсыз қалды.
«Тобыл» Қостанайда чемпионға лайық ойын өрнегін көрсетіп, «Қызылжарды» ұтты.
«Атырау» өз алаңында «Мақтааралдан» басым түсті.
«Шахтер» мен «Ақсу» командаларының кездесуі ауа райына байланысты кейінге қалдырылды.
Үш турда 19 кездесу өткізіліп, 27 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 1,42 голдан өткізілді.
* * *
Соңғы жылдары ақтөбелік футболшылардың «Астана» мен «Қайраттан» жеңілуі заңдылыққа айналған тәрізді. Бұл жолы да солай болды. Рас, әуелгіде олай болмайтын да сияқты көрінген. Бірінші минуттан бастап-ақ біздің футболшыларымыз дес берместей қимылға көшті. Шабуылды шабуылға жалғастырумен болды. Бірақ әсіре қызыл тез оңды. Қарсы қақпаны торлаудың қамынан басқаны ұмытқан «Ақтөбе» 9-минутта оңбай шапалақ жеді. Қорғаушыларымыз бен қақпашымыз Стас Покатиловты қатарластыра қателестірген «Астана» гол соғып кетті. Айып алаңында ортадан суырыла шыққан Аслан Дарабаев салқынқандылықпен қимылдап, жерлестерімізге сан соқтырды — 1:0.
Ақтөбеліктер бұдан соң да өрекпіп бақты. Дегенмен ештеңеден еш нәтиже шықпады. Мысалы, айып алаңына жетіп келген Уга Видемонт қарсыластар қақпашысының қателігінен, сәтін салып, аяғына оңтайлы келе қалған допты не оң, не сол бұрышқа емес, сол қақпашының өзіне қарата тура тепті. Бірінші таймда жерлестерімізге бұдан басқа аса ыңғайлы сәт кезікпеді.
«Астана Арена» стадионына мол жиналған жанкүйерлеріміздің қызу қолдауымен екінші таймда да «Ақтөбе» шабуылдаудан кенделік жасаған жоқ. Бірақ сол баяғысынша алаөкпе жүгірістен өзге жаңа өрнек табылмай қойды. Рас, «Астана» да ерекше бір тактикамен сүйсіндіре алмады. Дегенмен алаң иелері өздеріне қолайлы есепті сақтап қалуға барынша тырысты және сол мақсаттарына жетті де. «Ақтөбе» ойынның соңғы минуттарында ғана «Астана» қақпасына шүйілуді айрықша үдетті. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Осылайша «Астана» биылғы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Екі команда ұпай жөнінен теңесті.
«Астана»-«Ақтөбе» — 1:0
Гол авторы: Аслан Дарабаев, 9-минут (1:0)
Ескерту қағазын алғандар: Исламбек Қуат, 3-минут; Даниил Бескоровайный, 41-минут («Астана) — Ескендір Қыбырай, 66-минут; Әділхан Таңжарықов, 90-минут; Руслан Камболов, 90+1 минут («Ақтөбе»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Арман Кеңесов, Артурас Жулпа, капитан (Руслан Камболов, 64-минут), Йоахим Адукор, Темірлан Ерланов, Ескендір Қыбырай (Әділхан Таңжарықов, 73-минут), Рамазан Оразов (Әлібек Қасым, 78-минут), Никита Маляров (Дмитрий Шомко, 73-минут), Уго Видемон, Рожерио Шина (Жерар Гоу, 73-минут), Виталий Балашов.
Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Әлішер Әжімов, Юрий Логвиненко, Рустам Темірхан.
Бас бапкер — Владимир Муханов.
17 наурыз 2022 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена» стадионы. 3000 адам.
* * *
Біздің мергендеріміз:
Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 1 гол;
Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол.
Жерлестеріміз 3 кездесу өткізіп, 1 рет жеңді, 2 рет ұтылды. Ұпай саны — 3. Доп айырмашылығы — 2:4.
* * *
Басқа кездесулер:
«Тұран» (Түркістан)— «Каспий» (Ақтау) — 0:1
Гол авторы: Мақсат Тайкенов, 44-минут, пенальти (0:1)
«Қайрат» (Алматы) — «Тараз» (Тараз) — 1:1
Гол авторлары: Хосе Канте, 59-минут (1:0), Дінмұхамед Қараман, 68-минут (1:1)
«Атырау» (Атырау) — «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 2:1
Гол авторлары: Матеус Бисси, 28-минут (1:0), Тодор Петрович, 45-минут (2:0), Артем Разгонюк, 74-минут (2:1)
55-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Алекс Бруно, 86-минутта екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Артур Западня (екеуі де «Мақтаарал») жасыл алаңнан қуылды.
«Ордабасы» (Шымкент) — «Ақжайық» (Орал) — 2:0
Гол авторлары: Виктор Гедеш, 53-минут (1:0), Максим Ваганов, 63-минут (2:0)
29-минутта екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Иван Антипов («Ақжайық»), 90+3 минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Максим Ваганов 90+3 («Ордабасы») жасыл алаңнан қуылды.
«Тобыл» (Қостанай) — «Қызылжар» (Петропавл) — 2:0
Гол авторлары: Зоран Тошич, 31-минут (1:0), Асхат Тағыберген, 73-минут, пенальти (2:0)
* * *
Үш турдан соң 1-3 орындарға жеті ұпаймен «Қайрат», «Тобыл», «Каспий» шықты.
4-орында — алты ұпайы бар «Шахтер», 5-орында — бес ұпайы бар «Тараз».
6-8 орындарда төрт ұпайдан жинаған үш команда тұр: «Ордабасы», «Ақсу», «Атырау.
9-10 орындарда тұрғандар 3 ұпайы бар екі команда: «Ақтөбе», «Астана».
11-12 орындарға бір ұпайдан жинаған екі команда жайғасты: «Тұран», «Мақтаарал».
13-14 орындардағы «Ақжайық» пен «Қызылжарда» ұпай жоқ.
«Шахтер», «Ақсу», «Тұран», «Ақжайық» командалары екі кездесуден ғана өткізгенін еске саламыз.
* * *
4-тур ойындары енді екі апталық үзілістен соң өтеді:
3 сәуір, жексенбі
«Қызылжар» — «Ақсу»
«Каспий»— «Ордабасы»
«Тараз» — «Атырау»
«Мақтаарал» — «Астана»
«АҚТӨБЕ» — «ШАХТЕР»
«Тобыл»— «Тұран»
4 сәуір, дүйсенбі
«Ақжайық» — «Қайрат»
Е.АХАТҰЛЫ.



