Мәдениет

Әдебиет

Жанна ЕЛЕУСІЗ

Қара суық желге бердім сыртымды.

Жүрегімде — мәңгі жасыл бақ заңғар…

қызғанбашы менің жылы күлкімді,

еріп бара жатқан Қар…

жымиғаным сәнді етеді ернімді,

көзімдегі жұмсарады ренішім…

шыршама іліп қоям сенің белгіңді,

еріген қар, соның бәрі Сен үшін…

кешіктік біз, сен де, мен де. Көген жыр.

Ол да байғұс табар сылтау күлерге.

Қаңтарда емес, Наурызда келер Жыл —

қадірімізді білер ме?..

Еріген қар тротуарлар шетінде,

қара суық жасап жатыр тірі мұз.

Ол қағаздың, мен өлеңнің бетінде,

жымиямыз бірімізге біріміз.

***

Индира ӨТЕМІС

Сезгендей тағдыр оған жар етерін,

Санадым бар арманым және теңім…

Ал енді бәрі бітті! Жалғыз ғана —

Ұмыту керек мүлде бар екенін.

Нұрланып қанша үміттен бұла таңы,

Басқаны ол күйіп-жанып ұнатады.

Жылаған менің сәби-сезімімді,

Білмеймін сонда қай жан жұбатады?

Бәрінен қиын тиіп мына қайғым,

Көзіме жас боп келіп тұрады-ай мың…

Жапанда жалғыз қалған жаралы боп,

Кеудемде жүрегі бар құралайдың.

Өте ме өкінішпен бекерге күн,

Несіне жоқ бақытқа жетем дедім?

Несіне алданғанмын —

бұл адамды

Сүюге хақым да жоқ екен менің.

Ұнатқам сөзі үшін де, өзі үшін де,

Тұратын жарқылым боп көз ішінде —

Мен ешкім ұға алмаған бұл сезімді

Енді өзім өлтірем бе өз ішімде?

Жете ме оған әлім?…

***

Жанар НҰРҒАЛИ

Жалғызбын…

Жоқты аңсап, барды сезінбей,

Арманның құрып ындыны.

Іздейді екем өзімдей,

Қиялы аппақ жындыны

Мойнымда тынбай сыңғыры,

Жазмыштың темір шылбыры.

Дүние кезіп кетсем бе,

Ойдырып тасқа табанды —

Ұға алмай өзің кеткенде,

Күнім де — айсыз қараңғы.

Тірілте алам ба өлеңмен,

Жарамды «сен, сен!..» деп өлген?..

Сарғайып сіңіп сағымға,

Жалғандық әнін салғыздың,

Мен үшін  меңіреу жаныңда,

Қалмаса  мейір — қар, мұзбын.

Көйлегін киген сан күздің,

Көлеңкесі жоқ жалғызбын…

***

Гүлжахан ТӨРЕХАНОВА

ФӘНИЛІК БАҚ

Бұл дүние бал күлкімен базарлы шақ,

Бақыттың бір бөлшегі басымда жүр…

Көктемде көк үнімен тазарды бақ,

Сәбидің күлкісіндей шашыл, жаңбыр!

Фәнилік тірлігімнің мәні — мәңгі,

Бір сендік тіршіліктен тұрар, бәлкім…

Періштем, пейішімнің шамы жанды,

Пәктігің пәс тартпағай, жыр арнарым!

Қылықты қызықтарым, құлдыраған,

Кеудеме қонақтайды көктем бір сәт…

Бұлақтай Фәни Баққа жыр құлаған,

Жұмақтың жұпарына жеткен аңсап…

***

Индира КЕРЕЕВА

Көпшік туралы

Таңым күліп атар ма?

Сіз

Жетпейсіз бе үш-ақ басып?!

Бүгін тағы жатам жалғыз,

Көпшігіммен құшақтасып.

Өмірімді өпті өлеңім,

Құшақтайды жылап қайғы.

Көпшігімді жек көремін,

Ол да мені ұнатпайды.

Көпшігіме тамар жасым,

Жапырақ-жан гүлсіз көктеп.

Нәзік болып жаралғасын,

Бар «айтарым» үнсіздік тек…

Құс болып мен ұшамын ба?

Қия құздан құлап барам…

Бауырыма қысамын да,

Көпшігіме сыр ақтарам.

Айға балап тағдырымды,

Түнде ғана тірілетін.

Жанардағы жаңбыр мұңды,

Көпшігіме төгілетін.

Айтам бәрін, айта берем,

Үнсіздіктің тілі мұңды.

Естелікке қайта келем,

Ұмыта алмай қылығыңды…

…. Таң атады. Әлем әлек,

Тыйдырады өксігімді.

Үнсіз тұрып әдемілеп,

Жинап қоям көпшігімді.

***

Нұрлыхан АИТОВА

Кем-кетік

Бақытсыздық торып сені не қылсын?

Өзіңе де жетпей жүр ғой өштігің.

Сор сейіліп, нұрлана  бір керілші,

Бақыттылар «ұрланды», — дер, — төстігім:

Сараң көз!

Абыройын асқақтатып біреу жүр,

Сабы тиіп байрағының — шат күнің.

Өзіңді еске алғаныңша, тіреу  бұл,

Ес жиғанда, көзін саған сатты мұң…

Арам без!

Бүтінделмей жүрсің. Көп пе өкпе-наз?!

Жартыкештер түп-түгелдей тасыды, ә?!

Көптен желін, көппенен көр, көпке жаз,

Ал жалғанға жағымпаздар ашына.

Жаралым!

Ызалысың, ұстап алсаң бақты егер,

Жүн-жүн бетін ұстаралап болшы мәз.

Жомарттанып тапқан дәмін қақ бөлер,

Титтей ниет жетсе бірде қоңсыға аз —

Жарадың!

Бар күледі тонағанын тон көріп,

Тоғын басар тобырдың ақ ниеті.

Нар жүдеді, ойын азық он бөліп,

Іс күтумен жұртынан жақ сүйетін

От шашақ.

Бұраң-бұраң, әжім бетті, нұр сөнік,

Қажыған қас, арыған бас, күп кеуде.

Мыстан тірлік көр қазуға тұр төніп,

Тісі бітіп, әлі келмей үптеуге:

Боқташақ.

…Бұ да сенің, сенің сенім-үмітің,

Жанып-сөніп, үш дегенде үшкірген.

Кем-кетік қой, кем-кетік-ау тірі тін,

Жалған-жұрын жазым етер түс түрмен.

Ояу бол!

Одан әрі көктеміне қаз күтіп,

Жалғастырар жолыңды кім тар несіп?!

Жылжиды-мыс, жоқ, барады жаз зытып,

Қалмашы тек жалаңаяқ қар кешіп.

Аяулы ел!

Сақтандыру сорлы шайыр міндеті,

Ғұламалар ғұмырынан ақ үгіт.

Сайқалдықтың бола қоймас күн беті,

Бүліктенсең, жақындар ма тағы Нұқ?!

Жөніңді ұқ!

Қайырымды қала қайда зайырлы ел,

Әбу Насыр жүрегінде сыздаған?

Жақындатпай залымдықты қайырлы өл,

Болса да сәл мүмкіндігің мұздаған.

Сенімді ұт!

Бірге жылжыр өтірігің кәмілмен,

Сабырдың көк жағалауын көзде нық.

Кіл жамандық болмайды, әсте, әмірден,

Жақсылық та өңірге емес, сөзде құт

Әрі іргең!

Бізден шошып қашар ма еді, жылар ма,

Өңкей асыл тұра қалса қабірден?

Жұмақта да мәселеміз тынар ма,

Десек: «ылғи көз ашпадық зәбірден»?!

Тәңірлен!

***

Парасат РАУШАНОВА

Жырдағы жалғыздық

Жалғыздықтан жабығамын күн батса,

Ұза-а-ақ түнмен егесіп…

Сағат тілі тоғызға кеп үн қатса

Қағушы едің сен есік.

Ал бүгін ше?

Бір ай бопты. Тамаша!

Қалайша мен шыдағам?

Сағат тілі тықылдайды жаңаша

Саған емес,

Олай жасау жар сағатқа ұнаған.

Ал өзің ше?

Өзің жүрсің махаббатты алдамшы етіп, табалап.

Көктем емес,

солғын күзді желіккеннен жағалап.

Түсінемін!

Себебі сен елікпе ең ғой есірген.

Бірін емес,

мың жүректі жалыныңмен шарпысаң да кешіргем.

Тек жаным-ау,  қаймықсаңшы

Махаббат берер кесірден.

Қате құрған бұл сезімді пәк жырыммен өбем де,

Бір кездері үміт үзем сағаттан да, сенен де.

Сезім өлер, өксігіне жүрек көнер,

бірақ та…

Бейнең тұрар мәңгілікке уақыт санап өлеңде.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button