Әдебиет

Әйеліңізді шақырып жіберіңізші…

Әйелдер мерекесі күні кешке қарай есікті біреу сыртынан сипалады. Қақ қанжоқ, сипалады… Естіп тұрмын, құлағыма құмырсқа кіріп кеткен жоқ.

Еңіретіп есікті ашсам, көршім Мыжбан екен. Қипақтап, қиылып тұр.

— Не болды?—деп сұрадым мен.

— Әйеліңізді шақырып жіберіңізші.

Мен есікті жауып, оны бұрышқа тықтым.

— Әйелімді қайтейін деп едің?

— Жұмысым бар…

— Ол қандай жұмыс?

— Құпия енді…

— Айт деймін, осы сен неге күнара әйелімді іздейсің де жүресің?

— Қашан?

— Кеше?

— Кеше тұз сұрадым.

— Әйелің келіп сұраса, сырғасы түсіп қалама, не?

— Әйеліңіз әйеліме бермейді…

— Неге бермейді?

— Ұрысып қалған…

— Жоғалшы! Жоқ болып кетші, а?

— Әйеліңіз керек еді…

— Сен жындымысың? Менің әйелімде не жұмысың бар деймін?

— Кешіріңіз, сіздің әйеліңізді аса құрметтеуші едім…

— Құрметтесең қайтейін?

— Жақсы әйел.

— Оны өзім де білемін.

— Біздің әйел сияқты емес.

— Құдая сенің әйеліңнің беті құрысын! Көкбет.

— Сосын ғой, сіздің әйеліңізге келіп тұрғаным…—деді ол.

Жыным келіп,жағасынан ала түстім. Қызғаныштан өртеніп бара жатырмын. «Неге менің әйелімді шақырып алмақ? Бірдеңелері бар ғой…Ұятсыз, мені жұмсап тұр тағы да!»

— Мыжбан, айт шыныңды, менің әйеліммен кездесіп жүрсіңбе?

— Иә. Көңілі қаласа бере салады…

Мен оныңбетінешапалақпенсалыпжібердім.

— Немене бере салады?—дедім мен қалшылдап.

— Неге ұрасыз?—деген ол артына жасырған қолын көрсеткісі келмей, кері шегінді.

— Өлтіремін сені!

— Сіз бермейсіз ғой, апай кейде: «басым сынып тұр, бір  «чекучкаға» жетпей тұр, елу тиын…» десем, бере салады…

— Қазір неге келіп тұрсың, құрметті маскүнем?

— Біздің әйелді білесіз ғой, көкбет. Гүл сыйлап едім, бетіме лақтырып жіберді. Сосын…

— Немене сосын?

— Апайды 8 наурыз мерекесімен құттықтай салайын деп…—деген ол артына жасырған бір шоқ гүлін көрсетті.

Қуанып кеттім. Жаңа ғана әйеліме «Мерекеңмен!» деп гүл салатын ваза сыйлап едім, жақсы болды ғой. Оның қолындағы гүлін жұлып алдым да, ашылып қалған аузына жүз теңгелікті тастай салдым.

— Бар, басың сынып тұр ғой, жоғал!—дедім.

Ол жүз теңгені көріп, қуанып кетті. Құлағына сыбырлап: «Мына гүлге мен тапсырыс берген болайын, сен айтып қойма!» дедім. «Аха» деп ол кетті. Әйелімді гүлмен құттықтап, бөлме ішінде ыңылдап жүр едім, біздің есікті біреу жаймен тоқылдатып, артынша сипалады.. Қоңырауы бұзылып қалған еді… Есікті жұлқып ашсам, көршім қисалаңдап тұр.

— Не болды тағы?—деп сұрадым.

— Әйеліңізді шақырып жіберіңізші…

— Әй, саған не керек, а?

— Гүлімді қайтып алайын деп едім, біздің әйелді білесіз ғой, бетон бет. Жаңа ғана:«Алмаймын, дені дұрыс адам әйеліне иіссу, алтын сырға сыйлайды, сенде ондай ақша да жоқ!» деп қуып шыққан еді ғой.

— Енді?

— «Гүліңді қайда құрттың? Әкел деймін,ойбай, мамама барып, құттықтап келеміз!» дейді… Құдай үшін, әйеліңізді шақырып жіберіңізші, ол мені түсінеді…

Мен оның бетіне быттиған қолымды жауып, итеріп жібердім. Мұндай көршіні көрсем, көзім шықсын! Айқай-шуды естіп, әйелім есіктен басын қылтитты. Қолында «мен сыйлаған» гүл шоғы. «Бәрін естідім. Мыжбан көрші, гүліңді ала ғой…» деді де, маған ала көзімен ата қарап, есікті тарс жапты. Мыжбан болса, гүлін алып, айран-асыр үйіне кіріп кетті. Мен тұрмын дәлізде пияз жегендей тыжырынып… Қазір «Ұлы Отан соғысы» басталатын болды… Нем бар еді, көрші алқаштың гүліне құмартып? Өмірімде әйеліме гүл сыйлап көрмеппін… Вазаны кабинетімнен ала шығып едім… Есіктің сыртынан сипаладым… Үнім де әрең шықты: «Қатипаш, хал… халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын!» «Әй, Ахмет, ілтипатыңа рақмет!» деген әйелімнің даусы шықты іштен. Біра қесікті ашпады. Ойбай, неғып тұрмын? Қырғыз министрінің өзі, митингіге шыққан әйелдерге гүл сыйлады емес пе? Гүл іздеуге кеттім! Айтпақшы, мен танитын, танымайтын қыз-келіншектер, мерекелеріңіз құтты болсын!

Мұхтар ШЕРІМ.

Ақтөбенің айтқыштары

Ақтөбелік ақын Талғат Тілеулесов пен сазгер-ақын Орал Байсеңгірдің ел ішінде айтылып жүрген жарасымды қалжың сөздері көп. Кейде шекісіп қалатын кездері де аз емес. Сондайдың бірінде Талғат ренжігенін білдіріп: «Өміріңді өшірмегенмен, нөміріңді өшірдім» деп телефоннан хат жібереді. Көп кешікпей Оралдан келген хатты ашып қараса, «Бұл кім?» деп тұр екен. Сөз тапқыштығына күліп жіберген Талғат Оралды шайға шақырыпты.

***

Орал — достарының ішінде ең алғаш боп екі қабатты үй салған жігіт. Қоныстойына достары жиналып, сыйлық алмақшы болып ақылдасады. Талғат жігіттердің ойын білмек болып: «Үй сатып ала алмай жүргенімізде, үй салып алып  күйдірді ғой», – депті. Бұны естіген жігіттер күлкіге қарық болады.

***

Орал тұмауратып қалып, өткізетін тойына асаба болуды Талғатқа ұсыныпты. Мазасызданып отырған Орал: «Досым, тез жазылып кетейін,түнімен дұғада болшы» депті. Ертеңіне Талғат жағдайын білейін деп тағы хабарласады. Тұмаудан айыға қоймаған Орал: «Әлі жазылған жоқпын» десе, Талғат: «Ә, онда дұғам қабыл болған екен», — депті.

***

Тәкең Оралдың үйінде шай ішіп отырып, дастарқандағы құрмаға  қол соза бере:  «Күніне үш құрма жеген адамға шайтан жоламайды екен» —  десе, Орекең: «Қап, бүгін тек екеуін жеп едім,  шын айтқан екен ғой», — депті Тәкеңе қарап.

***

Жазба ақындар Бауыржан Бабажанұлы мен Ертай Ашықбаев және айтыскер ақын Тәкең  бірде қонақта отырып, ас қайырған соң  Орал аят оқыпты. Баукең мен Ертай ағалары «Жақсы оқиды екенсің» деп риза бопты.  Тек Тәкең ғана: «Оқуың дұрыс па екен,  мешітке барып тексерттің бе?»— депті күмәнмен. Сонда Орекең: «Иә, имамға  бардым.  Жазба ақын болмағанмен, айтыскер ақындарды шығара беруге болады деді», — деген екен.

***

Талғаттың облыстық ақындар айтысынан 2-орын алғанын естіген Орал бірден Ербол досына хабарласып: «Тәкең ақындар айтысынан 2-орын алды!» — деп сүйінші сұрапты. Сөйтсе, Ербол: «Айтысқа екі-ақ ақын қатысқан ба?» — деген екен.

***

Талғат туған ауылына барған сайын бірге өскен достары қаумалап, дастарқан жайып, құрмет көрсетеді. Құрдастардың басы қосылған жерде «бір жүз грамм алып қояйық» деген әңгіме міндетті түрде болады.

Бұл жолы Талғат татып алмапты. Қанша қинағандарымен көнбепті.

Талғат ішпеуінің себебін түсіндірмек болып: «Әжем түсіме үш рет кіріп, осы пәлекетті әрең қойдырды», — депті. Сонда қасында отырған Берік құрдасы: «Тәке, біз үшін осы жүз грамды алып қой, бір жағынан әжеңді көріп қаласың» — деген екен.

***

Шынберген ақын Аралдың Қызылжар ауылынан Ақтөбенің Ақжар ауылына көшіп келіп, қоныстойын жасайды. Машинасы қарға батып, әрең жеткен Талғат: «Шынберген-ау, Ақжарыңнан Қызылжарың жақсы еді ғой»,— деген екен.

***

Талғаттың зайыбы Шынардың балабақшада жұмыс жасап жүрген кезі екен, 8 наурызға ата-аналар сыйлық жасапты. Қолындағы сыйлығын көрген Талғат: «Мынаны кім берді?» — десе, зайыбы: «Ата-ана берді», — дейді. Талғат: «Ей,бері қарап айтшы,  ата ма, ана ма?» — деген екен.

***

Талғат Тілеулесовті бірде МАИ қызметкері тоқтатыпты. Қасына келіп өзін таныстырған өкілге  кітабын ұсына салады. Кітапты алған қызметкер ойланып-ойланып тұрып: «Қолтаңба жазып беріңіз», — депті. Сонда Талғат:
—Жазда да, інім, қыста да,
Қиылыс, бұрылыс тұста да.
Халық үшін туған ақынды
Ретке келсе, ұстама,— деген екен.

Олар туралы

Әйелдер отыз жасқа дейін жасарады, отыздан кейін ғана жақсарады…

***

Әйелдер кеңпейілді: олар өз ерінің барлық кінәсін кешіре алады. Тіпті ол кінәлі болмаса да.

***

Әйелдер парадокс секілді: олар еркектерге алдымен өмір сыйлайды, сосын өмір сүруге мүмкіндік бермейді.

***

Халықаралық әйелдер күні не үшін 8-не белгіленгенін білесіз бе? Өйткені олар — әлемнің сегізінші кереметі.

***

Әйелдер «50% жеңілдік» деген жазуды көрсе болды, милары да 50% жұмысын тоқтатады.

***

Әйелдер құпияға берік келеді. Олар тек топ болып құпия сақтайды. Олардың құпияларын, кем дегенде қырық адам біледі.

***

Табиғатынан бұйра шашы бар әйелдер шашын түзегісі келсе, шашы түзу арулар бұйралағысы келеді.

***

Әйелдерді түсінуге тырыспай-ақ қою керек, өйткені олар әлі өздерін толық түсінбейді.

***

Әйелдер ғана «Болды, маған хабарласпа» деп алып, артынша қоңырау күтіп жүреді.

***

Тек әйелдер ғана тісін тазалап жүріп раковинаны қоса жуып тұрады. Ал еркектер тісін жуып тұрып «Раковина неге кір болмайды?» деп басы қатып тұрады.

***

Күйеуі әйелінен сұрап жатыр:
— Сүйіктім, мерекеңе не сыйлайын?
Көлік дәметкен әйелі:
— Маған үш секундта 100-ге дейін жететін нәрсе сыйлашы.
Күйеуі ойлана келіп, таразы сыйлапты.

***

Бір кісі дәрігерге барып:
— Дәрігер мырза, әйелімнің құлағы естімей қалған сияқты, не істеуге болады? — дейді.
— Үйге барғанда әйеліңіздің артында, біраз қашықта тұрып, орташа дауыспен оған сұрақ қойыңыз. Егер сізді естімесе, жақынырақ барып сол сұрағыңызды тағы қайталаңыз. Қандай қашықтықта еститінін анықтайық, соған қарай бір ем қарастырамыз.
Әлгі кісі үйіне қайтады. Ас бөлменің есігінде тұрып орташа дауыспен:
— Жаным, кешкі асқа қандай тамақ жейміз? — дейді.
Әйелі жауап бермейді. Ол жақынырақ келіп тағы да сұрайды:
-— Жаным-ау, кешкі асқа қандай тамақ жейміз?
Әйелі тағы да жауап бермейді. Ол жанына келіп тағы:
— Бүгін кешке қандай тамақ?
Әйелі:
— Үшінші рет айтып тұрмын ғой саған, котлет!..

Дайындаған Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button