Билік

Атқарушы билік сынақтан сәтті өтті

Жазылған жайдың жалғасы

Константин ПЕТРОВ:

Газетіміздің өткен сандарының бірінде облыс әкімі аппаратының басшысы Константин Петров аймақтағы жергілікті атқарушы органдар басшыларының тұрғындармен есепті кездесулерін өткізу барысы туралы баяндап берген еді. Бүгінгі әңгіме барысында ол осы саяси науқанның қысқаша қорытындылары туралы айтты.

— Ағымдағы жылдың 10 қаңтарынан 16 ақпанына дейінгі аралықта біздің облысымызда барлық деңгейдегі әкімдер өткізген 583 кездесу болды. Бұл шараларға тұрғындардың ынтамен қатысқанын мынадан байқауға болады: атқарушы билік өкілдерімен кездесулерге алпыс мың шамасындағы адам қатысты. Бұлар әншейін белгілену үшін кездсеуге келгендер емес, кездесулер барысында екі мың шамасындағы қатысушылар сөз сөйледі, әсіресе, зейнеткерлер (сөз сөйлегендердің 38,4%)  мен қызметкерлер көбірек белсенділік танытты.

Барлық кездесулер, мейлі ол селоларда немесе облыс орталығында өтсін, аймақтық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрініс тауып отырды. Бұл барлық ақтөбеліктерге ортақ іске өзінің де қатыстылығын сезінуге, туған өлкенің қандай жетістіктері мен табыстары, проблемалары бар екендігін түйсінуге мүмкіндік берді.

— Өткізілген кездесулердің деңгейін сіз қалай сипаттар едіңіз? Мәселен, облыстың елді мекендері үш жүз мың шаршы шақырымнан астам кең аумақта қоныс тепкен. Қандай да бір шенеунік шалғайдағы елді мекендегі кездесуін өткен жылдардың үлгісімен өткізе салуы мүмкін ғой.

— Әрине, адами факторды ешкім де жоққа шығара алмайды. Біріншіден, Ақтөбе қаласы мен аудандар әкімдерінің барлық кездесулеріне облыс басшылығының өкілдері қатысты. Екіншіден, биылғы жылы бұл шараларды видеоға түсіру практикаға енді. Мұның бәрі есепті кездесулерді дайындау мен өткізу сапасын, әрбір аудан әкімінің біліктілік деңгейін нақты бағалауға мүмкіндік береді.

Біздің әкімдеріміздің озық технологияларды белсендірек пайдалана бастағанын атап өткім келеді. Мәселен, Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов «Аққайнар» жергілікті кабельдік телевидение мүмкіндігін пайдалана отырып, нақты уақыт режимінде өз есебін берді. Нәтижесінде тұрғындар өздерінің сұрақтарын телефон арқылы бере отырып, өз басшыларының есебін үйлерінде де, арнаулы жабдықталған ғимараттарда отырып та қарады. Іс жүзінде барлық әкімдер халық алдындағы сынаққа шығармашылық тұрғыдан дайындықпен келді, олар өздерінің есептерін беру барысында арнайы жасалған слайдтарды қоса жүргізіп отырды, ал кездесулер басталғанға дейін облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы фильм ұсынылды.

— Ақтөбеліктерді қандай мәселелер көбірек толғандырады, қандай сұрақтар жиі қойылғанын айтсаңыз?

— Бұл сауалыңызға жауап беру үшін әуелі статистикаға жүгінейік: тұрғындармен кездесу барысында 875 ұсыныс айтылды, олардың барлығы дерлік тұрғындардың тіршілік жағдайына қатысты, оның ішінде елді мекендерді газ желісіне қосу, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды жөндеу және құрылыстар салу мәселелері бар.

Бір атап өтерлігі, 690 сауалға қатысты жедел түрді түсіндірмелер берілді, ал қалғандары бақылауға алынды, олардың жауаптары мәселенің шешілу ретіне қарай жыл ішінде берілетін болады.

Ақтөбеліктер өздерінің көз алдында өтіп жатқан аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жақсы хабардар екендігін атап өткім келеді. Сондықтан да көптеген сөз алушылар өте зәру мәселелерді шешкені және қолдау білдіргені үшін еліміз бен аймақтың басшыларына шын көңілден шыққан алғыстарын білдірді. Мысалы, облыс тұрғындары туған өлкеміздің келбетін көріктендіруге себепші болған, өткен жылы ұйымдастырылған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасына ерекше ықылас білдірді және биыл да бұл жұмысты жандандыра түсуге байланысты бірқатар ұсыныстарын айтты.

Бұдан басқа, көптеген ауыл тұрғындары өткен жылғы құрғақшылық салдарларын жеңудегі теңдессіз көмегі және мал қыстатуға байланысты азық дайындауға ықпал еткені үшін айрықша алғыс сезіміндегі ықыластарын танытты.

Сөз соңында, негізінен алғанда, Ақтөбе облысының атқарушы билік органдары өздерінің кәсіби жарамдылығына сынақтан табысты өткендігін атап өткім келеді. Енді бізге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында алға қойылған ауқымды міндеттерді шешуде барлық күш-жігерімізді біріктіріп, өзіміздің лайықты үлесімізді қосу қажет.

Жазып алған Любовь Чернова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button