Шынайы ризашылықтың ескерткіші

1 наурызда Тұңғыш Президент саябағындағы тутұғыр маңында«Ақтөбе облысы кәрістерінің қазақ халқына алғысы» мүсіндік композициясының ашылу салтанаты өтті.

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Корея Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сок, Корея Республикасы Елшілігінің Консулы Ким Вон Йон, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.
Тутұғыр маңынан бой көтерген мүсіндік композицияның жалпы биіктігі — 4,7 метр, ені — 4,5 метр. Мұнда қазақ және кәріс әйелдерінің мүсіндері бір шаңырақ астында бейнеленген. Депортацияның қиын кезеңінде мыңдаған кәріс ұлты өкілдерінің аман қалуына көмектескен қазақтың қонақжайлығының символы ретінде қазақ әйелі кәріс әйеліне қымыз құйылған ыдысты ұсынып тұр. Екі әйел де өздерінің ұлттық киімдерін киген. Кәріс әйелі баласын арқалап тұр:бұл — кәріс ұлтының балаларды алып жүруінің дәстүрлі тәсілі. Ақ құстың айшықты қанаттары
шаңырақты ұстап тұр. Шаңырақ күнді бейнелейді және екі халықты біріктіреді.
Ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин:
— Алғыс айту күні — мейірімділіктің, өзара сыйластықтың, достық пен ынтымақтастықтың мерекесі. Ақтөбе облысында Алғыс айту күні болған жарқын оқиға — аталған ескерткіштің ашылуы болды. Бұл біздің халыққа деген шынайы ризашылықтың белгісі. Біз үшін елдің ынтымағы, барлық этностардың береке-бірлігі — баға жетпес құндылық. Оны көздің қарашығындай сақтау қажет. Ол — біздің мемлекеттік саясатымыз, халқымыздың ұстанымы. Кәріс ұлтымен біздің халықтың ұқсас жерлері көп. Тағдыр бізді қиын кезеңдерде табыстырды. Қыстың көзі қыраудажер аударылған кәрістер қазақ жеріне табан тірегенде бабаларымыз оларды еш жатсынбай қарсы алды. Жұт жылдары дастарқандағы барымен бөлісті. Жүрек жылуымен бөлісіп, бауырға басты. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген біздің дана бабаларымыз. Сол қасіретті күндерде көмек қолын созғаны үшін кәріс ұлтының өкілдері Қазақ еліне мәңгі қарыздар екенін еш ұмытқан емес. Сондай ризашылықтың дәлелі — осы тұрған композиция. Шынайы адалдықтың символы болатын «Ақтөбе облысының кәрістерінің қазақ халқына алғысы» атты мүсіндік ескерткішін ризашылықпен қабылдаймыз. Алғыс айту күнінің де басты ұстанымдарының бірі — барлық этнос өкілдерін бұрынғыдан да жақындастыру. Осы ашылып отырған ескерткіштің мағынасындай өзара түсіністігіміз бен достығымыз мәңгілік болсын! — деп,өңір тұрғындарының атынан Елшіге және Корея Республикасының халқына, осы идеяның авторларына және оны қолдағандарға алғыс айтты.
Ал Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сок құттықтау сөзінде:
— Осыдан 85 жыл бұрын Сталиннің бұйрығымен кәрістер қиыр шығыста пойызға отырғызылып, Қазақстанға күштеп қоныс аударылған. Сол кезде Қазақстан халқы ашаршылық пен шаруашылықты ұйымдастыру салдарынан қиын жағдайды бастан кешіріп отырғанына қарамастан, кәрістерге баспана, киім-кешек, азық-түлік жағынан көмек қолын созып, оларды бауырындай қарсы алды. Алғыс айту ескерткішінің ашылу салтанаты — кәрістердің 85 жыл өткен соң Қазақстан халқының ынтымақтастығының асқақ рухын еске алып, алғысын білдіру үшін жасалған шара, — деп атап өтті.
Жиналғандарды Алғыс айту күнімен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов та құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің бірқатар мүшесін марапаттады. Орайы келгенде ол өзінің балалық шағының бір кезеңі нағашыларында — Ойылдың құмы мен Темірдің жусанында, Қайыңды ауылында өткенін айтып, алғысын жеткізді.
Шара соңында қатысушылар мүсіндік композицияға гүл шоқтарын қойып, ата-бабалар рухына тағзым етті. Одан соң Ассамблеяның жергілікті өнерпаздары шараны әнмен, бимен көркемдеп, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мерекелік шара Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында жалғасты. Мұнда ҚР Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова этномәдени бірлестіктер мен консультативтік-кеңесші органдардың төрағаларымен кездесу өткізді. Шара барысында Марат Әзілханов жиналғандарды Алғыс айту күнімен құттықтап, бірқатар азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Шара соңы «Алғысым шексіз еліме» атты мерекелік бағдарламаға ұласты. Концертте өзге ұлт өкілдері қазақ халқына деген алғысын әуезді әнімен, мың бұралған биімен жеткізді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



