Спорт

65 жылдыққа 65 шаңғышы сайысты

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің оқытушы-профессорлық құрамының бір тобы жоғары оқу орнының  65 жылдық мерейтойын спорттық сайыспен бастауға шешім қабылдады.

Олар демалыс күнді пайдаланып ұйымшылдықпен шаңғы жарысына шықты.

Жарысқа қатысушылар алдында ректордың міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының докторы Эльнара Исмағұлова сөз сөйледі.

— Биыл  біздің ұжым үшін  айтулы жыл, университеттің іргетасы қаланғанына 65 жыл толады. Марат Оспанов атындағы медициналық университетте бүгінгі таңда бакалавриат, интернатура және жоғары оқу орнынан кейінгі резидентура, магистратура, PhD-докторантура, негізгі білім беру бағдарламалары бейіні бойынша мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүзеге асырылады. Университеттің халықаралық маңызы да артып келеді. Қазірдің өзінде халықаралық бағдарлама шеңберінде Үндістаннан 300-ге тарта студент білім алуда. Университетте PhD докторанттардың диссертациялық жұмыстарын қорғау үшін диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Біздің  университетте  Қазақстанның батыс өңіріндегі жоғары оқу орындарының студенттері арасынан запастағы офицерлерді даярлайтын жоғары оқу орныаралық әскери кафедра бар. Әскери-медициналық факультетте болашақ әскери дәрігерлер білім алады.

Біздер облыстың тұрғындарына бұқаралық қысқы спорт түрін дамыту, жаппай шаңғы мен коньки спортына жас балғындарды баулу, осы спорт түрінен Олимпиада чемпиондарын дайындауға үлесімізді қосайық деп үндеу тастаймыз!  — деді ол.

Салтанатты  ресми  бөлімнен соң барлық сайысқа қатынасушыларға арнайы нөмір белгіленген спорттық жейде мен 65 жылдық мерейтойдың таңбасы табыс етілді. Шаңғышы профессор-оқытушылық құрам жас айырмашылықтары бойынша бірнеше санатқа бөлінді. Ең алдымен шаңғы жарысын жасы 60-тан жоғары санаттағылар бастады. Жарыс жолының ұзақтығы әйелдер  үшін 1,5 шақырым, ерлер арасында 3 шақырым  болып белгіленді.

Жарыстың бас төрешісі дене тәрбиесі кафедрасының  аға оқытушысы, шаңғы спорты  бойынша жаттықтырушы  Елена Дема жүлде қорының қомақты екенін айтты. Жеңімпаздарға арнайы медальдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

65 жылдық мерекеге орай сайысқа 65 адам қатысты. Жарыс қорытындысында әр жас санаты бойынша В.Лешенко,  Ғ.Исаев, Ш.Медетова, Н.Жұмабай, Н.Әзбергеновтер жеңімпаз атанды.

Н.ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button