Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

Ойыл ауданындағы «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында аудан әкімі Асқар Қазыбаев тұрғындармен қорытынды есеп беру кездесуін өткізді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, «Парасат-Ғалым» қоғамдық ұйымының төрағасы Көшкінбай Ахметов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары, аудан тұрғындары қатысты.
Өткен жылғы есеп беру кездесулерде аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын жөндеу, елді мекендерді ұялы байланыспен қамту, типтік үлгідегі спорт алаңдарын салу және әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту сынды мәселелер көтерілген еді. Айтылған сөз, қордаланған мәселелер аяқсыз қалмады. Іс жүзінде жүзеге асты. Атап айтсақ, 7 елді мекеннің кіреберіс автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, Ойыл ауылдық округінің Қаракемер, Ақшатау елді мекендеріне ұялы байланыс орнатылды. 3 елді мекенде типтік үлгідегі жасанды-жамылғылы спорт алаңдары пайдалануға берілді. Әсіресе ауылішілік жолдардың асфальтталуы көңіл қуантады. Өйткені аудан орталығындағы көшелерге ғана емес, шалғай ауылдық округтердің де көшелеріне асфальт төселді. Бұл ауыл тұрғындарының мемлекет қолдауынан тысқары қалмайтындығының көрінісі.
Аудан әкімінің айтуынша, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 105,6 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 174,2 пайызға өскен. Аудан экономикасының негізін құрайтын ауыл шаруашылығы саласында төрт түлік мал саны артты. Саралжын ауылдық округіндегі «Ербазы» шаруа қожалығы 70 сауынды сиырмен тауарлы сүт фермасын ашып, Ойыл ауылдық округіндегі «Тұлпар» шаруа қожалығы 17 бие сауып, қымыз өндірді. Бұл — ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың жарқын көрінісі.
Әр салада жасалған жұмыстарға кеңірек тоқталған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы алдағы міндеттерге де тоқталды. Сондай-ақ тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Қараой ауылының тұрғыны Амангелді Темірмұқанов ауылға балалар ойын алаңын және жол салу жұмыстары жеделдетілсе деген ұсынысын білдірсе, Көптоғай ауылдық округіне қарасты Қарасу елді мекенінің тұрғыны Базарбай Асылбаев ауызсу мәселесін шешуді, сондай-ақ шағын спорт алаңын салып беруді сұрады. Қоғамдық кеңес төрағасы, Ойыл селосының тұрғыны Берік Бисекенов көптің көкейінде жүрген Ойыл өзенінің жайын жеткізді. Ортайған өзенді қалпына келтіру жұмыстарына баса мән беруге үндеді.
Әлеуметтік желі арқылы аудан мен округ арасындағы қысқы жол қатынасының қиындығы туралы сауалдар қойылды. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жас мамандардың үй алуы үшін жаңадан тұрғын үйлер салынса, 2017 жылы салынған коммуналдық үйлердің құрылысы сын көтермей тұрғандығы айтылып, жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс-тілектер келіп түсті. Аудан басшысы қойылған сауалдарға толық жауап беріп, мәселелер ескерусіз қалмайтындығын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова өңірде атқарылып жатқан игі істерге қысқаша тоқталып өтті.
— Біздің басты міндетіміз — халықтың әл-ауқатын арттырып, оларға қолайлы жағдай жасау. Елді мекендерді кешенді түрде дамытуды қолға алуымыз керек. Ойыл ауданы бойынша көптеген жобалық-сметалық құжаттары дайын. Оның басым бөлігі республикалық бюджеттен қолдау тауып отыр.
Ойыл өзенінің тартылуына байланысты қалпына келтіру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Республика бойынша кешенді жоспар бар. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл ауданы.


