Басты жаңалықтарМәдениет

Мәдениет — ел рухының көрінісі

Биылғы жылы облыста ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың — 150, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің — 125, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығы аталып өтіледі. Сондай-ақ Балалар жылына орай балалардың бойындағы қабілеттері мен шығармашылығын дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Біз облыстағы мәдениет саласында қандай жұмыстар атқарылатынын сұрап білген едік…

Ақтөбеде алғаш рет балалар кітап фестивалі өтеді

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, биыл облыс көлемінде Кеңес Одағының Батырлары Талғат Бигелдиновтің, Мәншүк Мәметованың, Евдоким Мазковтың, Қазақстанның КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың, белгілі ақын Сырбай Мәуленовтің, жазушы Сафуан Шаймерденовтің, қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай іс-шаралар ұйымдастырылады.

— Биыл елімізде Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы орайда біз жыл басында арнайы іс-шаралар жоспарын бекіттік. Жоспарға сәйкес биыл балалар мен ересектер арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, балалардың бойындағы қабілетті дамыту мақсатында «Алақай» қуыршақ театрының ұйымдастыруымен IV «ЕркеТеатрAktobe» атты балалар театр фестивалін өткізбекпіз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық оркестрі және «Саз» балалар студиясы бірлесіп «Балалық шақтың мекені», ал камералық оркестр «Музыкальная кругосветка» атты концерттер өткізеді. Бұдан бөлек облыстық өнер музейі «Кемпірқосақ» шығармашылық көрмесін ұйымдастырады.

Биыл жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жас таланттарды іріктеуге арналған «Baqytty bala» халықаралық ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы жалғасын табады. Сонымен қатар балаларды патриоттыққа тәрбиелеу және дарынды жас суретшілерді шығармашылық ізденіске баулу мақсатында «KIDS BOOK FEST» балалар кітап фестивалі өтеді, — дейді басқарма басшысы.

Өткен жылы өңірімізде «Ғашықтар аллеясы» саябағында ақын Төлеген Айбергеновке, композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған ескерткіштер мен Алаш қайраткерлерінің құрметіне «Азаттықтың ақ таңы» тарихи кешені ашылғаны белгілі. Сондай-ақ «Ақтөбе облысының сакралды географиясы» атты ұжымдық монография жарық көрді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ. Мәселен, «Между Аралом и Уралом: книга о выдающихся памятниках архитектуры Актюбинской области», «Западный Казахстан в региональной политике империи (ХVІІІ начале ХІХ вв.)» атты монографиялар жарыққа шығады.

Бүгінгі күні облыста халыққа қызмет ететін екі кәсіби театр бар. Олар: Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры мен «Алақай» қуыршақ театры. Биыл аталған екі өнер ұжымы көрермендерге жаңа қойылымдар ұсынбақ.

Қазіргі таңда Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры бекітілген бюджет есебінен Б.Майлиннің «Әйел», У.Шекспирдің «Ричард ІІІ», У.Сароянның «Эй, кто-нибудь» шығармаларын қоюды жоспарлап отыр. Ал Н.Гогольдің «Өлі жандар» комедиясын, Қ.Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» драмасын сахналау үшін  қосымша қаржы бөлуге ұсыныс жасаған.

«Алақай» қуыршақ театры облыстық бюджет есебінен биыл үш спектакльді сахналайды. Олар — Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» повесті негізіндегі қойылым, В.Орловтың «Алтын балапан» шығармасы және Наурыз мейрамына арналған «Барыс жылы кеп қапты» спектаклі.

— Өнердің ішінде театр өнерінің шоқтығы қашанда биік. Сондықтан біз бұл өнер түріне ерекше құрметпен қарайтынымыз рас. Осы орайда биыл облыстағы екі театрда көрерменге жаңа қойылымдар ұсынуды жоспарлап отырмыз. Өздеріңізге белгілі, өткен аптада облыстық драма театрында «Ер Едіге» тарихи драмасының тұсаукесері өтті. Жаңа қойылымды жұртшылық жылы қабылдап, жоғары баға берді. Бұл да біз үшін үлкен жетістік.

Театр дегенде, бұл саладағы бірқатар мәселелерді атап өткен жөн секілді. Мысалы, кадр мәселесі. Қазіргі таңда облыстық драма театрындағы орыс труппасына артистер жетіспейді. Дегенмен бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймын. Себебі бүгінгі күні облыс әкімінің бөлген арнайы стипендиясына сәйкес Қазақ ұлттық өнер университеті және Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында 4 жас маманымыз актер мамандығы бойынша білім алуда, — дейді А.Юнисова.

Мамандар тапшы, техникалық құралдар жетіспейді

Әңгіме барысында біз басқарма басшысынан облыстағы кітапханалардың жайы, сондай-ақ ауыл-аймақтардағы кітапханаларға оқырмандарды тарту мақсатында қандай шаруалар атқарылып жатқанын сұрадық. Бұл сауалға ол былай жауап берді:

— Облыста кітапханаларға оқырмандарды тарту, кітапхана жұмысын жандандыру мақсатында бүгінге дейін көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтар болсақ,  Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Ой маржаны — кітап» атты медиа жобаны қолға алса, облыс бойынша барлық кітапханаларда «Кітапхана түні» атты әлеуметтік-мәдени шаралар өткізілді. Алдағы уақытта «Кітапхана түні» шарасын өңірдегі барлық кітапханада тоқсан сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл оқырмандар үшін өте пайдалы.

Сондай-ақ Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Менің жүрегімдегі кітап», Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Кітап. Тұлға. Рух», облыстық зағип және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы «Ерекше кітаптар әлемі», «Арнаулы кітапхана шақырады» атты жобаларды жүзеге асыруда. Осы жобалар аясында ұйымдастырылған іс-шаралар барысында кітапхана оқырмандарының саны артып отыр. Бұдан бөлек былтыр қала, аудан, ауылдық кітапханаларда «Интернетсіз бір күн», «Кітапхана және жастар», «Оқы Like», «Сіз оқитын 100 кітап», «Арманда. Ұмтыл. Жүзеге асыр» атты жобалар қолға алынып, ересектер мен  жасөспірімдердің өз уақыттарын тиімді пайдаланып, рухани азық алуына мүмкіндік жасалды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының деректеріне сүйенсек, бүгінгі күні облыста 197 мәдениет-демалыс мекемесі болса, оның 178-і — Мәдениет үйі мен клубтар. Өткен жылы аудандарда 10 мыңға жуық мәдени іс-шара (онлайн, офлайн форматта) өткізілсе, оған жалпы саны 2 миллионға жуық тұрғын қатысқан. Ал аталған мәдениет-демалыс мекемелерінде 1123 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде 975 үйірме ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтарда орналасқан.

Соңғы жылдары облыста ондаған елді мекенде жаңа клубтар мен Мәдениет үйлері салынған. Дегенмен бірқатар ауылдардағы мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы көңіл көншітпейді.

— Ауылдың Мәдениет үйлері мен клубтарының сапалы жұмыс жасауы олардың материалдық-техникалық базасына, кадрлардың жан-жақтылығына тікелей байланысты. Жыл сайын өңірдегі клубтарға күрделі жөндеулер жүргізіліп, олар жаңа жиһаздармен, түрлі қажеттіліктермен жабдықталуда. Қазіргі таңда оларды мамандармен және заманауи техникалық құралдармен тиісті дәрежеде қамтуға жергілікті билік тарапынан көңіл бөлуді қажет етеді. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, облыстағы мәдениет мекемелерінің компьютермен жабдықталуы және олардың интернет жүйесіне қосылуы кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Жасыратыны жоқ, сала мамандарының жалақысының аздығы да жұмыс сапасына әсер етуде. Соңғы жылдары мәдениет саласы мамандығы бойынша оқу бітіріп, жұмыс жасап жатқан кәсіби мамандардың тапшылығы да байқалады. Бұл орайда облыстық халық шығармашылығы орталығы тарапынан соңғы үш жылда 526 адамды қамтыған курстар мен семинар-тағылымдамалар ұйымдастырылды. Ал Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінда ашылған арнайы бөлімде бүгінде өнерлі жастар жоғары білім алуда, — дейді басқарма басшысы.

Филармония шақырады!

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония директоры Елубай Кенжалиев биыл филармонияның ұйымдастыруымен облыс деңгейінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтады. Атап айтсақ, ІХ республикалық  «Айтқыштар — Ақтөбеде» әзіл-сықақ фестивалі, «Baqytty bala-2022» IV ашық вокалдық балалар фестиваль-байқауы, «Жан серігім — домбыра» атты дәстүрлі әнші-жыршылардың республикалық байқауы, IV республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауы, сондай-ақ қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушы, академик Ахмет Жұбанов пен композитор, КСРО-ның және Қазақстанның халық артисі Ғазиза Жұбанованың туғанына 95 жыл толуына арналған «Жұбановтар әуені-2022» халықаралық хор музыкасы фестиваль-байқауы, «Классика- 2022» жас таланттардың облыстық фестивалі өтеді.

— Биыл облыста жаңа жобаларды да қолға алып жатырмыз. Мәселен, Ақтөбеден шыққан белгілі композитор Бейбіт Оралұлы атындағы «Елім менің» халықаралық ән байқауы және  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов атындағы республикалық «Дауыс» вокалистер байқауы өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отыр. Өздеріңізге белгілі, Марат Әйтімов — музыка саласында көптеген шәкірт тәрбиелеп, өзінің таланты мен кәсіби біліктілігін өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ұстаз, кәсіби әнші Димаш Құдайбергеннің тәлімгері. Сондықтан бұл байқау музыка өнеріне ерекше үлес қосқан жерлесіміздің құрметіне арналады, — дейді филармония директоры.

Елубай Кенжалиевтің айтуынша, облыстық филармония Балалар жылына орай да бірқатар шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында республикалық жас орындаушылардың және халық аспаптары ансамблі мен оркестрлерінің «Ұлы дала мұрасы» фестиваль-байқауы, «Baqytty bala-2022» IV ашық вокалдық балалар фестиваль-байқауы, сондай-ақ биыл облыста алғаш рет ұйымдастырылатын «Бала үні» атты балалар байқауы бар. Бұл шаралар өңірдегі жас таланттардың іріктелуіне, олардың болашақта кәсіби маман болып шығуына ықпал етеді.

Биыл мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 20 пайызға артты. Бұл осы салада еңбек етіп жүргендерге үлкен қолдау болды. Себебі бұған дейін қызметкерлер еңбекақыларының аз екендігін айтып, жиі шағымданатын. Бұл туралы филармония директоры былай дейді:

— Халықтың рухани баюына, өнердің озуына үлес қосып жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі зор. Сондықтан біз үшін осы жылдың ең жағымды жаңалығы — еңбекақының көбеюі болды. Мұндай қолдау өнерпаздардың көңіл күйінің көтеріліп, шабыттанып жұмыс істеуіне серпін береді. Осы тұста айта кету керек, біздің облыстық филармонияда бірқатар кадр тапшылығы бар. Мәселен, бізге кәсіби білімі бар үрлемелі (кларнет, гобой, фагот, валторн, трамбон, альт-саксафон), ішекті (контрабас, виолончель) және ұрмалы аспаптарда ойнайтын мамандар, жарық аппаратурасы мен дыбыс жазу жөніндегі техниктер қажет. Осы салада еңбек тәжірибесі бар азаматтар болса, бізге хабарласуына болады.

Қазіргі таңда өнер ұжымы алдағы 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне қызу дайындалып жатыр. Аталған мереке қарсаңында биыл Өнер орталығында А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен облыстық филармония солистерінің «Сен үшін» атты мерекелік концерті өтеді. Кешке ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Өскенбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Рахат Мадреев қатысады.  Мерекелік бағдарламалар  6-7 наурыз күндері Өнер орталығының концерт залында өтеді.

Сондай-ақ 5 наурызда «Екі езу» сатира театры «Күлкі сыйлайық әйелге» атты мерекелік концерт береді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button