Басты жаңалықтарМәдениет

«Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екен…» 

Өткен аптада Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында«Ер Едіге»  этнофольклорлық тарихи драмасының премьерасы өтті. Жаңа қойылымды тамашалағандардың арасында атқарушы билік, Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарынан келген қонақтар, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері болды.

Батырға арналған алғашқы қойылым

Ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанның пьесасы негізінде қойылған спектакльде, аты айтып тұрғандай, есімі аңызға айналған қолбасшы әрі батыр Едіге туралы баяндалады. Бұл — өр рухты Едіге батырдың ерлігін дәріптеуге арналған еліміздегі алғашқы қойылым. Спектакльдің қоюшы режиссері — халықаралық байқаулардың лауреаты Данияр Базарқұлов.

Қойылымға барлығы 60-қа тарта артист атсалысты. Бастан-аяқ музыкалық аспаптармен сүйемелденіп отырған этнофольклорлық тарихи драмада Мейірбек Шакенов, Марс Әбілхасанов, Мағзом Бақытжанов, Қазихан Балдаиров, Кеңес Кемалбаев, Нұрболат Өтеғұлов, Бағдат Телеуғалиев, Жанар Кемалбаева, т.б. актерлер өнер көрсетті.

Олардың өнері, спектакльдің деңгейі, жалпы кәсіби пікірді білу үшін премьераға Алматы қаласынан арнайы келген театртанушы Айжан Ахметті сөзге тартқан едік:

— Тарихи тақырыптың қазақ театр өнерінде елеулі орын алатыны белгілі. Ел арасында аты аңызға айналған немесе тарихта есімдері алтын әріппен жазылған тұлғаларды сахна құдіреті арқылы көрерменмен «тілдестіру» тек театр өнеріне ғана тән дүние.

Тахауи Ахтанов атындағы драма театрының сахнасында Светқали Нұржанның қуатты қаламынан туған «Едігенің ескі жыры» пьесасы Данияр Базарқұловтың режиссурасымен «Ер Едіге» деген атпен қойылды. Бірнеше ұжымның бірлескен жұмысы көрерменді баурап алды деп есептеймін. Драматургияның заңдылықтарына толық жауап бере алмайтын пьесада әрекет жоқ. Автордың ақындығы басым болып, Едігенің өмірі мен ерлігін жырлайтын туынды дүниеге келген. Бірақ театр өнерінде әрекет бірінші орында тұратыны белгілі. Пьесада тартыс пен әрекетті көрсету үшін  режиссер декорация, жарық, музыканың көмегіне жүгінген. Актерлерге статикалық ойнау мәнерін ұсына отырып, әр кейіпкерді тарихи оқиғаларды баяндаушы тұрғысынан көрсеткен. Сол арқылы біз сахнадан олардың тарихи аренадағы орны мен атқарған істері жөнінде нақты мәлімет көре алдық. Яғни ата-баба тарихын ұмытпай, оны ұлықтау және бағалау мақсаты орындалды.

Еліміздегі облыстық театрлардың шығармашылық әлеуеті, өзіндік бағыт-бағдары әртүрлі екені баршаға мәлім. Соңғы жылдары облыстық театрлардың афишаларынан Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Иран-Ғайып, Думан Рамазан, Рахымжан Отарбаев, басқа да авторлардың пьесаларын жиі көреміз. Бұдан театрлардың бірінің репертуарын екіншісі қайталап тұрғаны байқалады. Кейбір театрлардың сахнасында бірлі-жарым аударма пьесалар болғанымен де тың шығармаларды қоюға деген ынта жоқ… Театрға жаңа авторлар тарту, пьесалардың тақырыптық, жанрлық жағынан әртүрлі болуы жетіспейді. Бұл —бөлек тақырып. Бір айтарым, алдағы уақытта Ақтөбедегі Ахтанов атындағы драма театрын буырқанған шығармашылық ізденістер үстінде көргіміз келеді, — деді.

Көне заманды жаңа қалыпта көрсетуге тырысқан режиссердің еңбегі көрініп тұр. Этнофольклорлық қойылым болғандықтан жыр желісінен көп ауытқымауға тырысқан. Жаңа қойылымды көрермен жылы қабылдады. Спектакль біткеннен кейін орындарынан тұрып, артистерге ұзақ қошемет көрсетті. Одан кейін ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қариннің тұсаукесер рәсіміне арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылды. Премьераныбасынан аяғына дейін тамашалаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин көрермендер алдында сөз сөйледі.

— Бүгін сіздермен бірге ел өңіріндегі елеулі оқиға барысында жүздесіп отырмыз.

Өздеріңізбен бірге тамашалаған қойылымның ерекшелігі, біздің тарихи жадымызды оятып, санамызға салмақты ой салатын оқиғалар желісімен өрнектелген.

Жалпы, Ер Едігенің тұлғасын жаңғыртуға өз хал-қадірімізше бірқатар жұмыстар жасадық. Едігетанушы ретінде танылып, ғылыми зерттеумен айналысып жүрген тарихшы-ғалымдардың басын қосып, Ақтөбе топырағында халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Ер Едігенің тұлғасын сомдап, өз есімімен аталатын көшенің бойында тұғырлы ескерткішін орнаттық. Едіге жайлы жыр нұсқаларын жинақтап, әр өңірден шыққан жыршы-жыраулардың орындауындағы «Ер Едіге — ноғайлы дәуірінің жыры»  аудиожинағын жарыққа шығардық.

Елдің тұтастығы үшін жанын пида қылғанмемлекетшіл тұлға — Едіге қай заманға да үлгі болар кейіпкер. Сондықтан қойылған ескерткіш, шығарылған кітаппен шектелмей, оның бейнесін сомдап, сахнаға алып шығу  көптен ойда жүрген шаруа еді.

Әрине, мен сыншы емеспін. Дегенмен  көрермен ретінде де, Едігедей тұлғаның өзіндік тұғырына қондыруға ұйытқы болып жүрген бастамашыл топтың қолдаушысы ретінде де өз пікірімді айтар болсам, спектакль көңілімнен шықты. Қойылым жоғарыда айтып өткен тарихи-танымдық оқиға желісімен қатар, заманауи сұранысқа сай көркемдік бейнелеумен ерекшеленген. Жаңашылдық реңкі бар.

Осы қойылымды жарыққа шығарған шығармашылық топқа, атап айтсам, театр мен облыстық филармония артистеріне, техникалық қызметкерлердің баршасына шын жүректен рақмет айтамын. Сіздерге шығармашылық шабыт пен табыс тілеймін!— дей келе, қазақы дәстүрмен пьесаның авторы Светқали Нұржанның иығына шапан жапты.

Одан соң Светқали Нұржанның өзі сөз алып, аталған туындыны жазуға 15 жылдан бері толғанып жүргенін, бұны қаламдас ағасы Есенғали Раушановтың рухына арнайтынын айтты. Облыс әкіміне, Ақтөбе жұртшылығына алғысын білдірді.

Қойылымды тамашалауға Маңғыстау топырағынан облыс әкімінің орынбасары бастаған, зиялы қауым қоштаған арнайы делегация келіпті. Бұл да өнергедегензорқұрметтібілдірсекерек.

Светқали НҰРЖАН, 

ақын, пьеса авторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері:

— Едіге — күллі түркі жұртына ортақ үлкен тұлға. Ол — Алтын орданың сәулетін арттырып, қайтадан гүлденуіне бірден-бір үлес қосқан би. Өзімнің тарихи драмамда осының барлығы өрнектеліп отырады. Сондай-ақ туындыда бірқатар тарихи тұлға бар. Автор ретінде астарлы ақиқаттарды да жеткізуге тырыстым. 

Негізінен, бұны әу баста Есенғали Раушанов ағамыз жазбақ болып, біраз ізденген еді. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден өтіп кетті… Сондықтан осы шығармамды ақын ағамның рухына арнаймын.

Жалпы, осы Едіге туралы жазамын деп 15 жылдан бері толғанып жүргенмін. Соның сәті былтыр Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы «Едіге батыр туралы пьеса жазсаңыз…» деп өтініш жасағанда бір-ақ түсті. Сонымен, пьесам 2021 жылдың шілде айында жарыққа шықты. Көлемі 30 беттей.

Өзге облыстарда да қойылады

Спектакльдің премьерасы Ақтөбеде үш күн қатарынан болды. Барлығы аншлагпен өтті. Көптен күткен премьераны тамашалауға асыққандардың саны баршылық.

— Біз бұны республикалық деңгейде қоюға тырыстық. Білікті мамандарды тарттық. Болашақта өз шығынын ақтайды деп ойлаймыз. Спектакльге 19 миллион теңге жұмсалды. Бұл қаражаттың ішінде актерлердің костюмдері, шығармашылық топтың қаламақысы бар, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

Ал аталған театр директорының міндетін атқарушы Жандос Еспанбетовтің айтуынша, «Ер Едіге» көп ұзамай Түркістан, Атырау облыстарының өнерсүйер қауымына ұсынылады.

— Үш күн премьерадан соң этнофольклорлық тарихи драманың сахналануы тоқтап қалмайды. Наурыз айында да осы спектакльді жерлес көрерменге ұсыну жоспарда тұр. Сондай-ақ театрымыздың труппасы Түркістан, Атырау облыстарына гастрольдік сапармен бармақ, — дейді Ж.Еспанбетов.

Театр қойылымдары туралы пікір білдіріп жүрген журналист Ардақ Қонақбаева спектакльдің ұжымға оңды әсері болатынына сенім білдірді.

— Қазақтың мықты ақыны Светқали Нұржанның спектаклін көрдік. Ахтанов театрында дүркіреп өткен премьерадан соң автор күркіреп өлең оқығанда кәдімгідей рухтанып қалдық.

Көптен күткен спектакльді сахналау үшін театр труппасынан басқа филармонияның хоры мен ансамблі сияқты ұжымдардың жұмылдырылғаны көңіл қуантты. Әсіресе маған ұлттық аспаптардың төрге озғаны ұнады. Қыруар еңбек бірден байқалады. Едігені ұлықтауда жасалған нақты қадам оң болсын! — дейді әріптесіміз Ардақ Қонақбаева.

P.S.Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова Едіге батырға арнап кино түсіру де жоспарда барын айтты. Демек, бұл тарихи тұлғаны Ақтөбеде ұлықтау енді басталды дегенді білдірсе керек.  Лайым, баянды болғай.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button