Әкімдер есебі

Кәсіпкерлерге кеңес берілді

Облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов бастаған ақпараттық-насихаттық топ өкілдері Ойыл ауданына келіп, шаруа қожалық төрағаларымен және кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Топ құрамында облыстық кәсіпкерлік, ауылшаруашылық басқармасының басшылары мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және екінші деңгейлі банк өкілдері бар.

Алдымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев кәсіпкерлік саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен кәсіпкерлік жобалары туралы баяндады.

Ауыл тұрғындары қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер мен субсидия мәселелері жөнінде сауалдар қойды. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Жанайым Ербатырова қаржы мәселесі бойынша кеңінен тоқталса, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов халықты кәсіппен айналысуға бейімдеп, еліміздің экономикасын көтеруге шақырды.

Бүгінде тұрғындардың шағын және орта бизнеспен айналысуына барынша жағдай жасалған. Бұл мақсатта мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер беріледі.

Шара барысында жаңадан кәсіп ашқысы келетіндерге де жан-жақты кеңес берілді. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай облыс бойынша ветеринарлық қызмет саласының жай-күйі және ветеринарлық-санитарлық бақылауды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Сондай-ақ қазіргі ауылдық округтерде өршіп тұрған мал ауруының алдын алу туралы ветеринарлық іс-шаралар бойынша ақпарат берді.

Жиын соңында жеке қабылдау өткізіліп, тұрғындар сауалдарына жауап берілді.

Г.АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button