Басты мәселе — мал өрісі

Мәртөк ауданының әкімі Алмас Салықбаев және Хазірет, Родников, Қаратоғай ауылдық округі әкімдері өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
Аудан әкімі алдымен Мәртөк ауданының экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, жергілікті бюджеттің көлемі артқанын, өнеркәсіп саласының өнімі де молайып келе жатқандығын жеткізді.
Жалпы, аудан тұрғындарының негізгі кәсібі — ауыл шаруашылығы. Былтыр бұл сала бойынша инвестиция көлемі 2,53 млрд теңгеге жеткен.
Елді мекендердің ішкі жолдарын қалпына келтіру жұмыстары бойынша 2,3 млрд теңгеден астам қаржыға 75,5 шақырым ауылішілік және облыстық маңызы бар көшелер жөндеуден өткізілген. Биыл тағы бірнеше көше мен бірқатар елді мекеннің жолдарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табатын болады. Саржансай, Қаратоғай, Қазан, Кеңсахара ауылдарының 1580 жаңа жер учаскесі газбен, ауызсумен және электр қуатымен қамтылған.
Алмас Салықбаев ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып, көптеген жобалар мен маңызды іс шараларды іске асыруда қолдау көрсеткен аудан тұрғындарына ризашылығын айтты.
Әр ауылдағы әкімдер есебінен кейін тұрғындар ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектерін білдірді. Үш ауылда да халық әсіресе мал өрісіне арналған жайылым мәселесін шешіп беруді сұрады.
Есепті кездесулерден соң аудан әкімі азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.
Ә.КЕЛБАТЫРОВА,
Мәртөк ауданы.


