Әкімдер есебі

Ауылдың жаңа бейнесі

Жақында Алға ауданындағы екі ауылдық округтің әкімдерінің есебіне қатысып қайттық. Олар — Тоқмансай ауылдық округінің әкімі Шоқан Көшкімбаев пен Бесқоспа ауылдық округінің әкімі Жандарбек Бақытжанұлы. Екеуі де өткен жылы халық сайлаған әкімдер.

Тоқмансайлықтардың сауалдары күнделікті күйбең тірліктің айналасында қалған жоқ, ауылдың саналы, салауатты азаматтары бүкіл халықтытолғандырып жүрген мәселелерді алға тартты. Соның ішінде қазіргі қымбатшылық, бағаның тұрақсыздығы көбірек айтылды. Жиынға аудан тарапынан келген басшылар бұл мәселенің қатаң бақылауда тұрғанын айтты.Тағы бір өзекті мәселе — жастардың жұмыссыздығы. Аудан бойынша ашылған, ашылғалы жатқан жаңа жұмыс орындары бар, бұл мәселе де назарда ұсталмақ.

Бір жақсысы, Тоқмансай ауылында жайылымдық жер жекеге көп сатылып, талан-таражға салынбаған. Сонда да болса ішінара беріліп кетіп, пайдаланылмай жатқан үш мың гектар шамасындағы жер тұрғындар игілігіне қайтарылып алыныпты.

Бесқоспа ауылдық округі орталығы Есет батыр Көкіұлы ауылында атқарылған жұмыс көп: амбулатория салынды, көшелер асфальттанды, бірқатары жарықтандырылды.

Ал ауыл тұрғындарының сауалдары былай өрбіді: шаруа қожалығының басшысы Серік Жантілеуов малға анықтама алу үшін, жол жабық болған жағдайда, Бестамақ арқылы Алғаға қатынайтындықтарын, қазақша айтқанда «мына жерден», яғни Бестамақтан неге алуға болмайтыны туралы мәселе көтерді.

Ауыл тұрғыны Қойбағар Бектұрғанов қоқыс полигоны туралы сөз қозғады. Ауылда мал егу мәселесінің түйткілді болып тұрғаны да осы азаматтың сөзіне арқау болды. Сондай-ақ ол ауылға балабақша қажеттігін де айтты.

Ауылдың дәрігері күнделікті жүн мен терінің қоқысқа тасталатынын, ол ертең күн

жылынса шіріп-құрттайтынын, сөйтіп, микроб таралатынын айтып, дабыл қақты.

Өкінішке қарай, бұл аудан, тіпті облыс көлемінде шешіле қоятын мәселе емес. Бір жылдары, баяғы кеңес кезіндегідей жүн-жұрқа, тері-терсек қабылдана бастаған. Бірақ кейін бізге белгісіз бір себептермен тоқтады…

Не десек те, көп жұмылса, бірге ойласып, жолын іздесе, қиындықтың қандайын да жеңуге болады. Осы жиындарда айтылған жұрттың талап-тілегі жерде қалмай, ауыл, аудан басшылары, одан да жоғары жақ ескереді деп үміттенеміз.

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алғаауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button