БілімБасты жаңалықтар

«Альфа» ұрпаққа «жұрттың баласы» үлгі емес

«Ата-аналық борыш материалдық қажеттілікті өтеумен шектелмеуі тиіс. Баланы бағып-қағу басқа, тәрбиелеу басқа. Дегенмен соңғы кезде көпшілік ата-ана осы екеуінің аражігін айыра алмай жүр». Бұл — біздің кейіпкеріміз, «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Елжас Ертайұлының пікірі.

Біз біраз жылдан бері бала тәрбиесі тақырыбын зерттеп жүрген педагог Елжас Ертайұлымен Ақтөбеге сапары кезінде тілдесіп, қоғамдағы өзекті мәселе — ұрпақ тәрбиесі туралы әңгімелескен едік…

 «Z» буыны, сен кімсің?

«Қазақта балаға қатысты айтылатын бағып-қағып өсіру деген сөз бар. Яғни, бағып-қағып өсіру — тамақтандыру, материалдық қамту. Өкінішке қарай, соңғы кезде ата-аналар  бала тәрбиесі деген ұғымды осы бағып-қағумен шатастырып жүр. «Баламның қарны тоқ, көйлегі көк, уайымы жоқ, ешкімнің баласынан кем емес, басқа не керек енді?» дейтіндер көп.

Балалар ата-анасының назарын өзіне аударғысы келіп, бірнәрселерді сұрап жатса: «Басқалардан нең кем сенің? Жегенің алдыңда, жемегенің артыңда. Планшетің бар, компьютер тұр. Не жетпейді осы саған?!»— деп дүрсе қоя береді. Осы сөздерімізге мән берейікші. «Басқа не керек енді?», «Не жетпейді саған?» деу арқылы біз баланың материалдық жағдайын жасауды жеткілікті деп түсініп отырмыз. Бала үшін бар қажетті жағдайды жасап қойдым деп ойлаймыз. Қарнының тоқтығы, киімінің бүтіндігі ғана маңызға ие. Бұл — қате түсінік. Ата-аналық борыш — материалдық қажеттілікті өтеумен ғана шектелмеуі тиіс.

Тіпті балалардың материалдық  жағдайын жақсартуды  баланың қажеттілігі деп қарастырудың қажеті де жоқ. Шындығына келсек, баланың «көйлегінің көк» болуы — ата-ананың қажеттілігі. Біз мұның бәрін өзіміз үшін, өзіміздің абыройымыз үшін істеп жүрміз. Бізде: «Ел не дейді?», «Жұрт не дейді?» деген жалған намыс бар. «Бәленшенің баласының киген киімін қарашы», «Бір телефон алып беруге шамасы жетпеген бе?»  деген сөздерді естімеу үшін балалардың жағдайын жасауға ұмтыламыз. Дегенмен бала тек материядан ғана тұрмайтынын ұмытпау керек. Баланың ішкі жан дүниесі бар, оның сезімдері, рухани әлемі бар. Өкінішке қарай, көпшілік ата-ана баланың ішкі әлемі бар екенін ескермейді де. Егер біз оның жан дүниесіне үңіліп қарамасақ, сезімдеріне көңіл бөлмесек, оның рухани дамуына атсалыспасақ, онда бала тәрбиесіне жеткілікті деңгейде көңіл бөліп жүрміз деу — бекер.

Ғалымдар әр заманның ұрпағын арнайы зерттеп, оларды «Х», «Y», «Z» деп буындарға бөліп тастады. Соңғы буынды «альфа» деп жатыр. Осы «Z»,«альфа»  буындарының ең басты ерекшелігі —  өте сезімтал екендігі. Бала кезімізді еске түсірейікші, әке-шешеміз ұрсып, айқайласа да, олардың сөзін жүрекке ауыр қабылдамай, ойнап кететін едік. Бір жылап алып,ренішті лездеұмытатынбыз. Қазіргі балаға қабақ шытсаңыз, көзі жасаурап шыға келеді. Ұруға қорқамыз, суицид жасап қоя ма деп…

Бүгінгі ұрпаққа «Біз осындай болып едік», «Біздің кезімізде ондай емес еді…» деп мақтанудың қажеті де жоқ. Біз — басқа буынның өкіліміз, балаларымыз басқа буын. Сол себептісоңғы буындағы ерекшеліктерді ескере отырып, олармен тиімді қарым-қатынас орнатуымыз керек.

Еліміз жасөспірімдер арасындағы суицид жөнінен әлем бойынша бастапқы қатарларда тұр. Бала неге суицид жасайды? Өйткені оның жан дүниесіне үңілмегендіктен, оны түсінуге әрекет етпегендіктен осындай қадамға баруына тура келді. Сол себепті де «Оның ішкі әлемі не болып жатыр?»,«Оны не мазалайды?»,«Неден қорқады» деген сауалдардың жауабын алуға ұмтылуымыз керек. Бұл өте маңызды.

Бала тәрбиелеу — үлкен процесс.Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деп айтқан.

Бала тәрбиелеуді игеру үшін әрбір ата-ана арнайы ізденуі керек. Мамандықты игеру үшін кемінде 4 жыл оқимыз, ал ата-ана деген маңызды «мамандықты»игеруіміз үшін кемінде бір кітап оқыдық па?» — дейді Елжас Ертайұлы.

Бала проблема ма?

«Бала тәрбиесінде әрбір ата-ана есінде мықтап сақтап, санасына сіңіріп, қабылдап, мойындауы керек маңызды екі ұғым бар. Біріншісі,бала —проблема емес, екіншісі,әрбір баланың өзіне тән өмірі бар.

«Бала — проблема емес» дегенді естігенде әдетте ата-аналар екіге бөлініп кетеді. Болашақ ата-аналар мен жас ата-аналар: «Бала проблема болушы ма еді» дейді таңырқап. Ал жасөспірімдердің ата-аналары: «Кім айтты оларды проблема емес деп, олар — бітпейтін проблема» дейді.

Жас ата-аналар сәбиінің әр қылығына қуанады. Кішкентай кезінде бала ата-анасының барлық айтқанын жасайды, дегеніне көнеді. Баланың жасы өсіп, өзінің ойы, өзінің мені қалыптасып, «мен бұл тамақты ішпеймін», «бұл киімді кимеймін», «сабақ оқығым келмейді» дей бастаған кезде оны проблема деп түсінеміз. Эмоцияға беріліп, «шаршадым сенен, бәле болдың» деп баланың бетіне айта саламыз (Статистикаға сүйенсек, әйел адамдардың эмоцияға берілу көрсеткіші ер адамдарға қарағанда 6 есе көп екен).Осы сөздер арқылы біз баланың миына «сен проблемасың!» деген хабарлама жіберіп жатырмыз. Бұл сөзіміздің балаға қалай әсер ететінін түсіну үшін бір сәт баланың орнына өзімізді қойып, сезініп көрейікші. Ерлі-зайыптылар бір-бірінен осы сөздерді естісе, қандай күйде болар еді? Яғни сезім жараланады. Бала да солай. Өздерін керексіз, қадірсіз, бақытсыз сезінеді. Сол себепті аузымыздан шығатын әр сөзге абай болғанымыз жөн. Бұл ретте аналар ақтала бастайды: «Әдейі айтпаймызғой», «Ашумен айтып қаламыз» деп. Бір нәрсе ақиқат: сіздің қалай айтқаныңыз маңызды емес. Маңыздысы, бала оны қалай қабылдады? Егер бала сөзіңізді расында проблема деп қабылдаса, онда нағыз проблема — осы. Қазақта «Айтылған сөз — атылған оқ» деген бар. Атқан оғыңыз бала жүрегіне қадалуы мүмкін…

Екіншісі— әр баланың өзіне тән өмірі бар. Әр бала — жеке тұлға. Бұл ұғымды теориялық тұрғыдан бәріміз қабылдаймыз, «расында, әр бала — жеке тұлға» деп бас изейміз. Дегенмен іске келгенде олардың тұлға екенін ұмытып кетеміз. Көпшілік ата-ананың өздері салып алған «портреті» бар. Бұл — мықты баланың портреті. Сосын баламызды сызбамыздағы мықты балаға қарай «сүйрейміз», оны сол сызбамызға кіргізуге тырысамыз. «Сен осындай болу керексің!», «Сен осы қосымшаға баруға тиіссің!» деп баламызды мықты қылуға күш саламыз.

Біздің ұғымымыздағы бұл портрет төрт нәрсе арқылы салынады екен. Біріншісі, бала тәрбиесі туралы семинарларға қатысып, сол жерден балаға қатысты жаңа ұғым естіп аламыз да «сондай болу керек» дейміз. Екіншісі, бала тәрбиесіне байланысты кітаптардан оқып алып, «үлгілі  балаосындай болуы тиіс» деп жанталасамыз. Үшіншісі, балалық шағымыздағы орындалмай қалған армандарымыз да «мықты баланың» портретін салуға көмектеседі. Төртіншісі — «Жұрттың баласы». «Жұрттың баласын» бәріміз танимыз. «Естімеппін, кім ол тағы?» деп таңырқайтын ата-ана жоқ.

Сайып келгенде, бала — проблема емес. Олар дүниеге пәк күйінде келді. Ал өсе келе қалай«проблемаға» айналып кетті? Кінәлі кім? Мағжан Жұмабаев: «Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі» деген. Яғни тәрбие процесіне араласқан адамдардың бәрі кінәлі.

Абай: «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деп осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен», — дейді кейіпкеріміз.

«Жұрттың баласы»

«Біздің таңымыз «жұрттың баласымен» ататын едіғой. Есімде, ата-әжеміз, әке-шешеміз таңертең «жұрттың баласын» айтып, ұйқыдан оятушы еді: «Ау, тұрсаңшы, жұрттың баласын қарашы,бозала таңнан тұрып алып, әлі тыным таппай жүр» деп.«Мықты баланың» портретінің негізгі бөлігін салуға осы «жұрттың баласының» үлесі көп. «Жұрттың баласы» деген кім? «Жұрттың баласы» — ерте тұрып, сабаққа кеткенше біраз шаруаны тындырып тастайтын, тілалғыш, оқу үлгерімі өте жақсы, ақылды, алғыр, тәртіпті, өнерлі бала.  Сөйтсе, шын мәнінде, «жұрттың баласы» ертегінің кейіпкері секілді өмірде жоқ екен. Мен үшін «жұрттың баласы» — көршінің баласы, көршінің баласы үшін «жұрттың баласы» — мен.

«Ешқашан ешкімді ешкіммен салыстырма». Осыны санадан шығармау керек. Ешбір бала басқа бір баланың жетістігін қайталауға міндетті емес. Әрбір бала өзінің қызығушылығына, өзінің әлеуетіне, өзінің бейіміне қарай өзінің жетістігіне жетуі қажет. Біреудің биігіне жету біз үшін арман болмауы тиіс.

Тиін мен пілді мысалға алып, екеуіне ағашқа өрмелеуді тапсырайық. Кіп-кішкентай тиін үшін ағашқа өрмелеу түк те қиын емес. Ал піл алып денесімен ағашқа қарап, аңтарылып тұрады. Содан кейін:«Ұят емес пе, осындай алып денеңмен бір ағашқа шыға алмадың?» деп пілге ұрсамыз. Пілдің негізгі қызметі ағашқа шығу емес қой. Оның міндеті — ауыр жүкті көтеру, сол шыға алмай тұрған ағашты құлату, тасу. Дәл осы логикамен ойланып көрейік. Біз кейде балаларымыздан пілден талап еткеніміз секілді олардың әлеуетіне сай келмейтін нәрселерді талап еткендей боламыз. Баланы дамытайық, бірақ алдымен оның ерекшеліктерін, қабілетін біліп, соған сай бағыт-бағдар беруге тырысайық», — дейді Елжас Ертайұлы.

Бала — айна

«Бала —айна. Балаға қандай тәрбие бергеніңізді білгіңіз келсе, баланың ойын сәтін тамашалаңыз. Байқатпай бақылап көріңіз, балаңыз не ойнап жүр, қалай ойнап жүр, қандай сөздер қолданып жүр? Ойын сізге балаға қалай тәрбие беріп жатқаныңызға талдау жасауға мүмкіндік береді. Бұл тәсілді жиі пайдаланыңыз. Бала үшін ойын шынайы өмір секілді. 4-5 жасар бала өзінің ішкі күйзелісін айта алмайды, оны ойын арқылы білдіреді. Сол үшін психологияда ойын терапиясы деген ем түрі бар.

Ересек ұл балалардың тәриесін анықтау үшін олардың футбол ойнаған сәтін тамашалаңыз. Футбол — эмоцияға толы ойын. Бұл ойын барысында бала өзін-өзі басқара алмай қалады. Басқа кезде артық ауыз сөзі жоқ, тәртіпті болып көрінуі мүмкін, бірақ футбол ойнау барысында жасырын мінез сыртқа шығады.

Ата-ананың 5 түрі бар: күшті ата-ана, әлсіз ата-ана, мақтаншақ ата-ана, уайымшыл ата-ана,  тергеуші ата-ана.

Балаға сезіміне ерік беріп, оны басқаруын үйреткен, баласына үлгі бола алған ата-ана — күшті ата-ана. Бізде сезімге қысым жасау көбірек. «Жылама, ашуланба» деген сөздерді қолдану арқылы олардың сезімдерін басып тастауға күш саламыз. Сезімді басқаруды үйрету — ақыл айту ғана емес, іс-әрекетіңіз арқылы үлгі бола білу. Бала айтқанды емес, көргенді жасайды. Құлақ тәрбиесі емес, көз тәрбиесіне көңіл бөлу керек. Айтқан сөзіміз бен әрекетіміз сәйкес болуға тиіс. Балаға «бағдаршамның жасыл түсі жанғанда ғана өт» деп алып, онымен бірге көшеге шыққанда бағдаршамды елемей, жолдан жүгіріп өтсеңіз, бала басқа кезде де сол сіздің әрекетіңізді қайталайды. Бұның екі салдары бар. Қауіпке өз әрекетіңіз арқылы итермелеуіңіз мүмкін. Бұл — бір. Екіншіден, педагогикалық тұрғыдан алғанда баланың ата-анаға деген сенімі жоғалады.

Әлсіз ата-ана — ашуын баласынан алатын ата-ана. Біреуге ренжіп келгенде балаңның тамақтанғаны да ұнамауы мүмкін.

Мақтаншақ ата-ана — «мен сенің жасыңда» деп жырлайтын ата-ана. Бұл әдіс тәрбие түгілі мотивация да бермейді. Баланың өзіне деген сенімі азаяды. Уайымшыл ата-ана баланың әр әрекетіне уайымдайды. Қауіптің алдын алу мақсатында балаға шектеулерді көбейтеміз. Шектеудің көбеюі баланың дамуына кедергі келтіреді. Уайымшыл ата-ананың баласы қорқақ, ынжық, жасқаншақ болады. Баланың өз бетімен өмір сүру дағдысын қалыптастыруымыз керек. Дағды қалыптасуы үшін бала кейде құлауы, кейде қиындық көруі керек. Құлаған бала тұруды үйренеді, қиындық көргенде онымен күресуді біледі.

Орынсыз уайым — баланы шектен тыс жақсы көретініміздің белгісі. Оларды меншігіміз секілді қабылдап алғанбыз. Сол себепті балаға деген махаббатты төменгі шек пен жоғары шектің ортасында ұстауымыз керек. Махаббат төменгі шектен түсіп кетсе, бала өзін қажетсіз сезінеді, жоғары шекте болса, баланың өз еркімен дамуына мүмкіндік бермейміз. Аллаға сеніп, аманат ете білуіміз керек.

Тергеуші ата-ана бала табалдырықтан аттамайжатып, оны тергеуге кіріседі. Тергеу дұрыс қарым-қатынас әдісі емес. Тергеу арқылы біз адамдарды шаршатамыз.

Балаға жақсы тәрбие беру үшін ата-ананың бойында болуы қажет ең ізгі қасиет — мықты ерік-жігер», — дейді кейіпкеріміз.

P.S. Ағылшындардың «Баланы тәрбиелеме, олар бәрібір өзіңе ұқсайды. Одан да өзіңді тәрбиеле» деген нақылы бар. Бұл — бүгінгі ата-ана жадында сақтауға тиіс басты қағида.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button