«Тракторшының махаббаты»

Әйел әлемі
Мәртөк ауданының солтүстік-шығысында Бөрте деген шағын ғана ауыл бар.2009 жылға дейін Студенческое аталып келген Қызылжар ауылдық округінің құрамына кіретін елдімекен аудан орталығынан әлдеқайда шалғайда жатыр. Өзіміз барып көзіміз көрмесе де, Бөрте ауылының тыныс-тіршілігі бізге жақсы таныс. Онда газдың жоқтығын, интернеттің осыдан екі жыл бұрын ғана қосылғанын, облысорталығына қатынайтын жалғыз көлік —Миша ағайдың автобусы екендігін, тұрғындар қыстыгүні жолға шықса, өздерімен бірге күрек ала шығатындарын біз жақсы білеміз. Қайдан дейсіз ғой? Оны бізге ауылдағы «Тракторшының махаббаты» айтып отырады.

Мәртөк ауданы Бөрте ауылының тұрғыны, блогер Айнұр Жәкенова көпшілікке «Тракторшының махаббаты» деген есіммен жақсы таныс. Инстаграм парақшасында 520 мыңнан астам оқырманы бар блогер келіншектің жазғандарын көпшілік сүйсіне оқиды.
Газет оқырмандарына қызық болар деген оймен әлеуметтік желінің жұлдызына айналған тракторшы Әнестің келіншегін біз де әңгімеге тарттық. Таныса отырыңыздар…
Бөртедегі «сый»
Айнұр Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген соң ауылға жас маман болып барады. Ойы — бір-екі жыл ауылда жұмыс жасап, аяққа тұрып алған соң аудан орталығына келу. Бірақ тағдыр жас маманға мұнда өзінің «сыйын» дайындап қойған болатын.
Бөртеге келген күннен бастап әріптес мұғалімдер, тіпті мектеп директорының өзі Айнұрға ауылда Әнес атты бойдақ жігіт барын, содан артық жігіт таппайтынын айтып, үгіттейді. Қаладан университет бітіріп келген қыздың ауылда трактор айдап жүрген жігітке тұрмысқа шығатын ойы да болмаған.
—Алғашында бәріне «Мен бұл ауылда қалмаймын!» деп айтатын едім. Әріптестерім Әнесті қанша мақтаса да, менің ойымды өзгерте алмады. Әнес пен Айнұрды таныстыруға ауыл болып атсалысты (күліп).Бір күні қазіргі енем қайын атамнан бір құжат беріп жібереді. Ал атам болса, ұлының мұғалім қызбен танысқанын қалап, әлгі құжатты Әнес арқылы жолдапты. Барлығы сол құжаттан басталды. Әрі мен тұрған пәтердің иесі де солардың туыстары болып шықты. Ұзын сөздің қысқасы, үш-төрт ай кездескеннен соң отбасын құрдық. Ауылда трактор айдап жүрген сүр бойдаққа қалай тұрмысқа шыққанымды өзім де білмей қалдым (күліп), — дейді Айнұр.
Кейіпкеріміз үшін бастапқыда ауылдың өмірі оңай болмапты. Қорадағы сиырдан, ауладағы құстан қорқатын Айнұрдың ауыл өміріне үйренісуіне енесі көп көмегін тигізген.
— Енем — өте жақсы адам.Ешқашан атымды атаған емес, «қызым» деп еркелетеді. Қызындай қабылдады. Ерке келін болдым. Ұйқыдан ерте оятпайтын. Мен келін болып түскен жылдары енем 10 сиыр сауатын. Ал ол кезде мен үшін ауыл өмірі мүлде түсініксіз болды. Төрт түліктің бәрінен қорқамын. Бір күні енеме көмектесейін деп ойладым. Шынымды айтсам, ол кісіден ұялдым. Сөйтіп, ең жуас сиырды сауып үйрендім. Алғашында ауыл әйелдеріне күлкі болған кезімде болды. Сауатын сиырымның тұяқтарын байлатып, мүйізін жолдасыма ұстатып қоятынмын. Сол кезде мен үшін сиыр сауа білетін келіншек ең мықты келіншек болып көрінетін. Ал қазір сиыр менен қорықпаса, мен сиырдан қорықпаймын (күліп) — дейді тракторшының махаббаты.
Блогер келіншектің бір күні
О кездегі «тракторшының махаббаты» мен қазіргі Айнұрды салыстыру мүмкін емес. Бүгінде ол — ауылдағы ең ерте тұратын келіншектердің бірі. Жаз айларында таңы сағат 4.30-дабасталатын Айнұрдың бос уақыты жоқ. Түнгі сағат 12.00-ге дейінгі қым-қуыт тірліктің арасында ауылдың өмірін инстаграмдағы оқырмандарына көрсетіп те үлгереді.Таңертең сиырын сауып, оларды өріске айдап, келе сала сүтін ұйытып, өзі таңғы жаттығуын жасап, отбасының асын дайындап үлгеретін Айнұр мектептегі білікті педагогтердің бірі. Жұмыстан келгеннен кейін де сол шаруалары қайталанады.
Айнұр ауыл тірлігін айтқанда әңгіменің майын тамызады. Тыңдай бергің келеді. Қарапайым ауыл өмірінің тірлігін суреттеген кезде күн райына қарамай,Бөртеге қыдырып барып қайтсам ба екен дейсің.
— Бөрте — көпұлтты, достығы жарасқан ауыл. Барлық ұлттың мерекесін бірге атап өтеміз. Ал соғым сою — ауылда кәдімгі үлкен мейрам. Кімдер соғымын ерте сойды, не сойды, еті қалай шықты, қай малын жемдеп жатыр — бәрін біліп отырамыз. Соғым соятын кезде үйде сценарий жазылады. Бұрын енем жазатын, қазір мен жазамын. Онда соғымға кімді шақырамыз, бас қасапшы кім, кім малдың ішек-қарнын тазалайды, оған суды кім құйып тұрады, қуырдақты кімнің турап, етті кімнің таситынына дейін жазылады.Көршілер соғым сойған кезде қолдан келгенше көмектесеміз. Біздің Бөртеде ішек-қарын тазалауды жақсы меңгерген әйелдерді «кишманка» дейді. Мен әлі ондай дәрежеге жете қойғаным жоқ, бірақ сол жерде көмектесіп жүретіндердің бірімін, — дейді ол.
Кейіпкеріміз қазір бөртеліктердің қоралары толып, сиырлары төлдеп, ауыздары аққа жетіп жатқанын айтты. Бүгінде Айнұрдың қорасындағы Апрель, Хюррем, Зита мен Гита атты сиырлары да инстаграмдағы оқырмандарына жақсы таныс. Карамелька атты бұзауының да сүт ішетін уақытын жарты Қазақстан біледі.

Ауыл жаққа шақырамын сіздерді…
Кейіпкеріміз әлеуметтік желіге ең алғашқы жазбасын қалдырғанда, елге танымал блогерге айналып кететінін білмек түгіл армандамағанын да айтады.
— Көктем, жаз айларында Бөрте өзені бойын жағалап жүгіретін әдетім бар. Сондай күндердің бірі болатын. Таңертең жүгіріп келе жатып: таңмен таласа тұрып, қанша шаруа бітірдім, ал қаланың келіншектері болса, әлі ұйықтап жатыр деп ойладым. Келе сала «Менің таңертеңім» деген тақырыпта шағын жазба жазып, инстаграм парақшама салдым. Ол кезде парақшамда тек өзім танитын 300-ге жуық қана оқырманым бар болатын. Солар жаңа жазбама көптеген жағымды пікірлер қалдырып, бөлісіп жатты. Оқырманға қызық екенін түсіндім. Содан кейін әлеуметтік желіде ауыл әйелінің өмірін көрсететін жазбалар жаза бастадым. Ол кезде ауылда ұялы байланыс жоқ. Үйдің төбесіне, шөптің үстіне, терезенің алдына барып, әлеуметтік желіге сурет жүктейтінбіз, — дейді Айнұр.
Ол күнделікті күйбең тірлігін әлеуметтік желіде жариялауына алғашында отағасы қарсы болғанын айтады. Кейін блогерліктің де мамандықтың бір түрі екенін түсінген соң келісімін беріпті. Қазір Айнұрдың әлеуметтік желіге жүктейтін видеосы мен фотосуреттерінің бірден-бір авторы — тракторшы Әнестің өзі.
— Парақшамның атауын да қызық болсын деп «Тракторшының махаббаты» деп қойдым. Осы атауының өзі маған біраз оқырман әкелді. Кейін республикалық телеарналар шақыра бастады. Солай оқырман жинадым, — дейді блогер келіншек.
Алғашында әлеуметтік желіге жай ғана хоббиі ретінде қараған келіншек бүгінде оның үлкен табыс көзі екенін түсінгенін айтады. Қазір Айнұр — блогер ғана емес, облыс орталығындағы 4 бірдей дүкеннің амбассадоры. Яғни 4 дүкеннің өнімін жарнамалап, танымал ететін адам. Сауда-саттық саласын жақсы меңгерген ол амбассадор болудың да оңай шаруа емес екенін біледі. Ол үшін өзіндік тұрақты аудиторияң болуы қажет. Ал Айнұр — өз аудиториясын қалыптастырған блогер. Одан бөлек қыз-келіншектер арасында түрлі марафондар ұйымдастырып, блогерліктің қыр-сырымен бөлісіп жүр.
— Менің оқырмандарымның дені — қыз-келіншектер. Сондықтан парақшамда соларға қажетті мәліметтермен де бөлісіп отырамын. Оларға ауыл әйелінің күйбең тірлігін ғана емес, заманға сай жаңаша ауыл әйелінің образын да көрсеткім келеді. Ауылдағы тірлігімнен өзге, сұлулық салондарына да баратынымды, қалай бет күтімін, шаш күтімін жасайтынымды да бөлісіп отырамын.Адам алдымен өзін жақсы көруі керек. Сонда сені айналаңдағылар да жақсы көреді, — дейді ол.
Айнұрдың бір жазбасы бір жазбасына ұқсамайды. Әзіл араласқан жазбаларында ауылдың еш боямасыз өмірі жатыр. Ол өзінің инстаграмдағы жазбаларының бүгінгі таңда үлкен нәтижелер беріп жатқанын айтады. Мәселен, Айнұрдың инстаграм парақшасы арқылы Бөртенің табиғатын көріп, қызыққан 3-4 отбасы ауылға көшіп келіпті.
— Бұған дейін күйеулерімен келіспей, ауылға бармай жүрген келіншектердің кейбірі, менің жазбаларымды оқығаннан кейін ойларын өзгертіп, ауылға барыпты дегенді естіп жатамын. Өзіме де жазатындар бар. Сондай-ақ бүгінде инстаграмда ауылдың шынайы, қарапайым өмірін қабылдаған келіндер блогы көбейді. Кейбіреулері блог жүргізуді менен көріп, қолға алғандарын айтады. Отбасының ұйытқысы болып, үлгілі келін образын көпшілікке көрсеткеннің еш айыбы жоқ сияқты. Керісінше, ата-енесін баптаған, отағасын құрметтеген келіншектердің бұл әрекеттері көпке үлгі. Оқырман жылтыраған жасанды өмірден шаршаған. Оларға қарапайым адамдардың тірлігі қызық. Жазда бір түсірілімге шақырылып, екі апта астанада болдым. Сол кезде парақшамдағы қаралымым түсіп кетті. Тіпті оқырмандарым «тезірек ауылға қайтыңызшы, сіздің ауылдағы өміріңізді сағындық» деген пікірлерін жіберіп жатты, — дейді Айнұр.
Р.S Айнұрдың жазбаларында жасандылық жоқ. Ауылдың өмірін боямасыз, шынайы көрсетеді. Оның «фишкасы да» осында.
Әңгіме барысында блогер келіншек миллион оқырманы бар әлеуметтік желінің мега жұлдызына айналғысы келетіндігін айтты. Бірақ оның дәл қазіргі мақсаты одан да маңыздырақ: қайырымдылық қорын ашқалы жатыр. Айнұр қолға алған «Анаға аманат» атты қордың жұмысы мүгедек баласы бар аналарды қолдауға бағытталмақ.Көпшіліктің сүйікті блогері, «тракторшының махаббаты», Бөртенің сұлу келінінің бұл қадамына біз де сәттілік тіледік!
Ақерке САТЫБАЛДЫ.



