Әкімдер есебі

Таза ауызсумен қамтамасыз етіледі

Аудандық Мәдениет үйінде Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов  тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық мәслихат депутаттары, шаруа қожалық басшылары, жеке кәсіпкерлер, тұрғындар қатысты.

Кездесу барысында аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстармен 2022 жылға арналған міндеттерді баяндады.

Былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен Жұрын мен Елек ауылдарына, №315 теміржол бекетіне көгілдір отын кіргізілді. Қаракөл ауылына газ құбыры тартылып, биыл ауылішілік жұмыстары аяқталатын болады. Аудан әкімі биыл Жарық пен Мұғалжар ауылдары көгілдір отынмен қамтамасыз етілетіндігін айтты. Сонымен қатар былтыр Талдысай мен Басшилі ауылдарына орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылғандығын, биыл Жарық, Құмсай, Шеңгелші, Қожасай ауылдары орталықтандырылған таза ауызсумен және тұрғын саны 200-ге жетпейтін Сабындыкөл, Жаңатұрмыс, Миялыкөл, Тепсен-қарабұлақ, Көтібар-батыр, Көктөбе, Көлденең-Темір, Көбелей, Құмсай, Құмжарған, Еңбек, Темір-көпір елдімекендері кешенді блок модулі арқылы ауызсумен қамтамасыз етілетіндігін жеткізді.

Қандыағаш қаласында — 600 орындық, Ембі қаласында — 320 орындық, Талдысай ауылында — 100 орындық, Алтынды ауылында 60 орындық жаңа мектептердің құрылыс жұмыстарының биыл аяқталатындығын атап өтті.

Кездесуде Қандыағаш қаласының тұрғыны Тайыр Нарынбаев қаланы көгалдандыруға қатысты ойын ортаға салып, жеміс ағаштарын, терек, қара тал секілді әрі әдемі, әрі қоршаған ортаға пайдалы көшеттерді отырғызуға атсалысқысы келетінін айтты.

Аудандық мәслихаттың депутаты Гүлзада Жұмабаева Жем қаласының тұрғындары атынан Жемдегі дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жасау, болмаса жаңа ғимарат салуқажеттігін айтып, депутаттық сауалын жолдады.

Мұғалжар аудандық музейінің директоры Шамшат Әбдірзақов ағайынды Жұбановтардың туған жері Жаңатұрмыс ауылында Жұбановтар әулетіне арнап музей ашуды ұсынды.

Сондай-ақ кездесуде Қандыағаш қаласындағысаябақтың құрылысын аяқтау, Аманкелді көшесіне асфальт төсеу сынды мәселелер көтерілді.

Аудан әкімі тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар ескеріліп, жұмыс жоспарына енгізілетіндігін жеткізді.

Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button