Басты жаңалықтар

Такси қызметі талапқа сай ма?

«Мінген құрлы зәреміз ұшып, өліп қала жаздадық», «Бұларға тек ақша керек, адам тағдыры ойларына кіріп те шықпайды». Ауданнан қалаға таксимен келген жақыныңның аузынан көбіне осындай сөздер естисің. Ойлы-қырлы, қырық жамау жол соғып, шаршап келе жатқан жолаушының жүйкесін көлікті жарыс алаңында жүргендей жүргізетін, жылдамдықты «көзден жас аққанша» үдететін шопыр бала әбден жұқартады. Тегіс жолда қаптаған жүк көліктерінің алдына шығамын деп, арақашықтықты дұрыс есептей алмай тыпыршығанда жолаушының жаны да мұрнының ұшына келеді. Енді мінбеспін деп түскен алқам-салқам таксиіне ертеңіне қайта отырады. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз, бірақ такси қызметі туралы қоғамда қалыптасқан пікір осындай. Жарым жолға келгенде тамақтануға тоқтаған көліктің дөңгелегінің  бекіткіштерінің ағытылуға шақ тұрғанын мініп келе жатқан жолаушысы айтқанда жүргізуші бірге таңғалыпты. Көрмесе ше?

Өткен жылы облыста 600-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Апат салдарынан 780 жолаушы жарақат алып, 95 адам қайтыс болған. Жол бойында көлік апатынан 5 бала өмірмен қош айтысты. Көлік қағып кеткен 17 жүргінші мерт болды. Биыл да қаңтар айында 32 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 54 адам дене жарақатын алып, 5 адамның өмірі жол бойында қиылды.

Облыстық полиция департаменті берген бұл деректердің қаншасына такси жүргізушілері себеп болғанын анықтау мүмкін емес. Осындай жантүршігерлік оқиғаға олардың қатысы бар екені анық. Мұның себебін төменде тарқатпақпыз.

Жылдамдықты асырма, кәсібіңді жасырма

Бүгінде көлігі бардың көбі такси қызметінкөрсетіп жүр. Ал еш жерде тіркелмей, жолаушы тасымалдау — заңсыздық. Бүгін көлік алып, ертеңіне такси қызметін атқарып кете беретіндерге көз үйренді. Әрине, ешкім «такси жүргізушісімін» деп жар салмайды. Жолаушылаған жүргіншілер үшін олардың тіркелген, тіркелмегені маңызды емес. Тұрғындардың ауыл мен қала арасындағы қатынасы сәт сайын тоқтамайды. Қалай болғанда да жолаушы тасымалы тұраламау керек. Заңға сүйенсек, шет мемлекетте тіркелген автокөлік құралдарымен елімізде жолаушы тасымалдауға тыйым салынған.

Такси тасымалдаушыларына көліктік бақылау жұмыстарын жүргізу кезінде құқықбұзушылықтар анықталады. Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жеке адамдардың жолаушы тасымалымен тұрақты айналысып жүргенін дәлелдеу қиын. Ондай кезде жүргізуші мен жолаушылардың түсініктемесі негізінде ғана шаралар қолданылады. Егер тасымалдаушы заңды тұлға емес, жеке тұлға болған жағдайда сот істерді қарамайды. Бұл заңсыз тасымалдаушыларды жауапкершілікке тарту кезінде қиындық тудырып отыр, — дейді Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Әскербек Сисенғалиев.

Такси жүргізушілерінің дені шетелден әкелінген автокөліктерді тізгіндеген. «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» заңының №349 қағидасына сәйкес шетелде тіркелген автокөлік құралдарымен жолаушылар тасымалымен айналысуға тыйым салынған. Сол себепті шетелде тіркелген көліктерді мінген такси жүргізушілерін  заңды түрде тіркеуге мүмкін болмай отыр.

Қазір Ақтөбе қаласында жолаушыларды такси қызметімен қамтамасыз етіп отырған 11 жеке кәсіпкер мен 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Бұл қызметте 376 көлік құралы тіркелген.

Көпшілігі такси жүргізушілерінің қызметін сынға алып жатады. МАИ қызметкерлерінің де ала таяғы алдымен таксистерге «тиеді».

Күнделікті табысын адам тасымалымен айырып отырған такси жүргізушілерінің жауапкершілігі қандай деңгейде?

Рас, сырт көзгекөлігіне адам толтырып алып, ауыл мен қала арасында тыным таппайтын такси жүргізушілері жолдың қожасындай көрінеді. Бір күнде бірнеше рет қатынау үшін жылдамдыққа жүгінетінін көзбен көріп жүрміз.«Алдымен адамды емес, ақшаны ойлайды» дейтін талай жолаушылардың аузына қақпақ бола алмайсың.

Қалай десек те такси жүргізушілерінің «аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей. Көпшіліктің сөзінше, жол-көлік оқиғаларын тудыратын — такси жүргізушілері. Көбіне жол ережесін бұзатын да солар екен.

Такси жүргізушілерінің міндеті — жолаушыларды діттеген жеріне аман-сау жеткізу.  Облыста 170 мыңға жуық көлік бар. Алайда 900 мыңнан астам тұрғынды есептесек, такси қызметіне деген сұраныс азаймасы анық.

Такси қызметінің де өзіндік тәртібі бар. Қалай дегенмен тасымалдың ең құнды «тауары» адам ғой. Сондықтан оларға қойылатын талап та жоғары.

Заң бойынша жолаушылар тасымалын заңды тұлғалар жүргізуге тиіс. Такси жүргізушісі болып қызмет істегісі келген адам жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкерлермен келісімшартқа отырады. Жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қызметін бастайтыны туралы хабарлама беріп, тіркеледі. Сол кезде  заңды тіркелген такси жүргізушісі екеніңізді растайтын сертификат беріледі. Такси көлігі күн сайын техникалық, ал жүргізушісі медициналық тексеруден өтуге тиіс.

— Біз тіркелген таксилерді ғана тексереміз. Құжаттары талапқа сай болмаса,жолаушылар тасымалының ережесін бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Былтыр бір жылдың ішінде мұндай 1000-нан аса құқықбұзушылық тіркелді, —дейді облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Айдос Құлжанов.

Жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуынша, такси жол-көлік оқиғасына ұшыраса, зардап шегуші адамдар да көп болады. «Адам тасымалымен айналысатын, бірақ тіркелмеген такси қызметін көрсетушілерді біз қызмет көрсетуші деп айта алмаймыз» — дейді олар.

Аманатты қалай арқалап жүрсіз?

Аудан мен ауылдарға немесе облыс орталығына жүргелі тұрған әрбір автокөлік иелеріжолаушыны WhatsApp топтары арқылы табатынын айтады. Қазір такси жүргізушісі де, жолаушы да сапаржайларға барып, сағаттап күтіп отырмайды. Таксиге телефонмен тапсырыс береді. Үйден алып кетеді. Әр ауданда, тіпті әр ауылдаөзінің таксилері бар. Бірақ ондағы көліктердің бәрі талапқа сай бола бермейді. Арнайы тіркелген заңды тұлға емес, кез келген адам такси жүргізушісі қызметін атқара береді. Ешкім медициналық тексеруден өтіп жатпайды. Көлік те тексерілмейді. Оған уақытта жоқ.

Дегенмен жол бойында бәрі де сақтанады. Көлігіне мінген адамдарды аманат қып алған такси жүргізушілері де жауапкершілікті сезінері анық. Республикалық жолдарда көбіне жүк көліктерінің тізбегін басып озуға тура келеді.

Тіркелмеген таксилер Хромтау қаласында көп кездеседі. Аудан орталығында жолаушы тасымалымен айналысатын бірнеше жеке кәсіпкер бар. Бірақ Хромтаудағы кен байыту орындарында ауысыммен жұмыс істейтіндер облыс орталығына бос қайтпайды. Яғни жанармай шығынын жапса да, 1-2 адам ала кетеді. Былай қарасаң, жолаушы тасымалымен айналысып жүр. Бірақ дәлел болатын құжат жоқ. Жол-көлік оқиғасы көп болатын жолдардың бірі де осы Ақтөбе-Хромтау тасжолы.

Өткен жылы жолаушы тасымалымен заңды түрде айналысып отырған кәсіпкерлер арыз-шағымдарын айтқан болатын. Себебі Хромтауда тіркелмей жүрген такси жүргізушілері көбейіп кеткендіктен заңды такси жүргізушілеріне арнайы орын белгілеп бердік. Ақтөбе қаласына сағат сайын автобус жүреді. Бізге тіркелген такси жүргізушілері жолаушыларға сапалы қызмет көрсетеді. Олардың шағымдарын, ұсыныс-пікірлерін ұдайы ескеріп, бірлесе жұмыс істейміз,— дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есет Мұқамбетқали.

Ал 10 жылдан бері тұрақты такси жүргізушісі болып қызмет істейтін хромтаулық Есет Масановтың айтуынша, такси қызметі асқан сабырлылықты талап етеді:

Күніне көлігіңе неше түрлі адам мінеді. Бәрінің көңілін табу керек. Мен бір күнде бір рет қатынаймын. Ақтөбе-Хромтау жолы өте тар. Оның үстіне жан-жақтан келген көліктер осы жолда тоғысады. Жүк көліктері көп жүреді. Сондықтан абай болу керек. Бұл жолдың әр бөлігін жатқа білемін. Тәжірибелі такси жүргізушісі ретінде айтарым, спидометрдің тілін 100-ден асырмау керек. Жылдамдықты 120-дан асыруға жолдың сапасы келмейді. Бәріне сабырлылық танытамыз,— дейді такси жүргізушісі.

Хромтау-Ақтөбебағытының жолақысы автобустарда 600 теңге болса, таксилер 1500 теңге алады. Ал такси бағасы қымбат па, әлде қолжетімді ме — бұл бөлек әңгіме.

Қысқасы, жол бойында ережені сақтау — өз өміріңнің кепілі.

Такси жүргізушілердің арасында да өз заңы бар. Кезкелген жерге барып, тұмсығыңды сұға алмайсың.Жолаушы тасымалымен тұрақты айналысатындар сырттан ешкімді кіргізбеуге тырысады. Өйткені сырттан келгендер жолаушы санын азайтады. Жолаушы азайса, табыс та кемиді. Сондықтан кәнігі такси жүргізушілерінің өздерінің айтуынша, «ұры таксилерді» нанына ортақтастырғысы келмейді. Міне, барлық аудан орталықтарында да сондай жағдай. Барлық құжаты талапқа сай, заңды тіркелген жеке кәсіпкерлердің жолаушыларын өзгелер «ұрлайды». Ал такси қызметін заңсыз пайдаланып жүргендерге бұл үшін еш шара қолдана алмайсың. Жолаушы тасымалы нарығында бәскелестік белең алып тұр. Такси қызметінің бағасына келсек, тұрақтанған сыңайлы. Ал сапасы ше?

Әлемдегі ең қымбат такси қызметі — Лондонда. Сары түсті «Hackney Carriage» көлігі— қаланың символы. Әлемнің басқа қалаларынан айырмашылығы, Лондондағы такси өзінің формасымен әйгілі болды және әлемдік белгіге айналды.

Ең арзан такси қызметі — Қытайда. Ең танымал такси көлігі — «Volkswagen  jetta». Такси жүргізушілерінің 40 пайызы — әйелдер.

Әлемдегі ең үлкен таксопарк Мехикода орналасқан.

Вьетнамда такси қызметі пілмен де атқарылады екен.

Финляндияда такси жүргізушілерінің жалақысы — 15000 доллар.

Еуропа бойынша Францияда  ғана біздің елдегідей кез келген көлік түрлерімен жолаушы тасымалдауға рұқсат етілген.

Данияда такси жүргізушілеріне автокөліктерінің ішін бейнебақылау және таксиметрмен жабықтау міндеттелген.

Автобус шығынды ақтамайды

Жолаушылар үшін қауіпсіз әрі арзан транспорттың түрі — автобус. Алайда жолаушылардың талғамы артты ма, әлде уақытқа байланды ма, автобустарды шабан көріп, жүрдек таксилерді таңдайды. Облыстың тек 4 аудан орталығына ғана автобус қатынайды екен.

Қала мен аудандарға жолаушы тасымалын реттейтін «Автовокзал Сапар» ЖШС-да қазір автобустар сиреген. Бүгінгі таңда барлық автобустардың саны 30-ға жетпейді. Бұрын Хромтау қаласына сағат сайын 10 автобус жүретін. Былтырдан бастап 5 автобусқа қысқарды. «Автовокзал Сапар» ЖШС қызметкерлерінің айтуынша, автобус қызметі  сұраныстан түскен жоқ. Алға қаласына күніне 140 жолаушы барады екен.

Облыс бойынша 73 тұрақты автобус маршруты бар. Оның 53-і қалалық, 3-еуі облысаралық және 6 халықаралық маршрут. Карантиндік шаралардың жалғасуына байланысты Ресей Федерациясының бірнеше қаласына және еліміздің Орал, Қостанай, Қызылорда қалаларына жүретін автобустар тоқтаған.

Ақтөбе қаласынан Шұбарқұдық кенті, Қандыағаш, Ембі, Бадамша және Кеңқияқ бағыттарына маршруттар жүрмейді. Себебі жолаушылар көбіне таксиге мінгендіктен автобус тасымалының шығыны көбейген. Былтыр бұл бағыттар бойынша конкурстар өткізуге бірнеше рет хабарлама берілді. Бірақ қатысушы тасымалдаушылар болмады. Биыл тағы да конкурс өткізу жоспарлануда.

Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Ырғыз, Ақтөбе-Темірбек Жүргенов бағыттарына тасымалдаушылар анықталып, келісімшарттар жасалды, — дейді облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста жолаушылар тасымалымен айналысатын 50-ге жуық такси тасымалдаушысы қызмет етеді. Олардың 15-і —Ақтөбе қаласында, 33-і аудандарда орналасқан.

Қазіргі кезде аудан мен қала арасында жолаушылар тасымалын жүзеге асырып отырған заңды 652 автөкөлік бар.

Сіз не дейсіз?

 Айша АЙМАНОВА:

— Ақтөбеде таксилердің дені газбен жүреді. Газ 50 теңгеге түсті. Бірақ такси қызметінің бағасы арзандаған емес. Керісінше, кешке қарай бағаны көтеріп жібереді. Басқа жақты білмеймін, Қандыағаш қаласына баратын болсаңыз, кешкі сағат 6-дан кейін такси қызметінің бағасы өседі. Сондықтан көбіне пойызбен барамын.

Аслан ТЫНЫМБАЕВ, такси жүргізушісі:

— Мен хромтаулық жеке кәсіпкермін. Жолаушы тасымалымен айналысуға барлық құжатым сай. Хромтау қаласында заңды тіркелген 40-қа жуық такси бар. Арнайы тұрағымыз да белгіленген.  Бірақ тіркелмеген такси жүргізушілерінің де әр жерде тұрақтары көп. Жолаушылар индрайвер қосымшасы арқылы да такси шақырады. Әрине, бәрі де ақша тауып, отбасын асырауы керек. Еріккеннен ешкім жүрмейді ғой. Бұған ештеңе істей алмайсың. Жолаушылардың да еркі өзінде. Бірақ мынаны баса айтқым келеді. Кейде таксиге мінгендердің заттары көліктің ішінде ұмыт қалып жатады. Ондай жағдайда алдымен бізге хабарласады. Ал бізге мінген жолаушылардың заттары жоғалмайды. Алып қоямыз. Такси жүргізушілері бір-біріне айтып, тез тауып береді.

Бір қиыны, жолаушылардан шағым түссе немесе заттары жоғалса, жол-көлік оқиғасына қатысы болса, алдымен бізді, тіркелген таксилерді тексеріп, мазаңды алады. Жолаушылар да түсінуі керек. Кез келген, танымайтын көлікке міне беруді азайтса екен. Әрине, бағасы бір-екі жүз теңгеге арзан болуы мүмкін. Бірақ әркім өз қауіпсіздігін ойлауы керек қой.

 Шетелдегі такси қызметі ақтөбеліктердің көзімен:

 Аружан ТАНКЕЕВА, Варшава бизнес және финанс академиясының 3-курс студенті:

Польшада көшеден такси ұстай алмайсың. Міндетті түрде такси қызметінің қосымшаларын пайдаланамыз. Ол жақта такси қызметі жақсы дамыған. Көліктері тап-таза, жүргізушілері коронавирустен қорғану үшін үнемі бетперде тағып жүреді. Жолаушы мен жүргізушінің арасында пластикалық перде бар. Такси жүргізушілерінің дені әйелдер. Бұл қызметті Украина, Белоруссия, Әзірбайжан және Грузия елдерінен келгендер атқарады.

Жолаушылардың қауіпсіздігі қатаң бақылауда. Егер жолда такси жүргізушісі сізге шабуылдаса, қосымшадағыSOS деген батырманы басып қалсаңыз, құтқарушылар тез арада тауып алады.

Такси қызметі Қазақстанмен салыстырғанда қымбат. Варшавадағы жанар-жағармай бекеттерінде 1 литр бензинің бағасы — 535 теңге.

Жұлдыз АМАНГЕЛДИЕВА, журналист:

— Түркияда аудан мен қала арасында арнайы автобустар мен жүрдек пойыздар бар. Жылдам жүретін пойыздар баратын жеріңе тез апарады.Ал таксиді интернет арқылы табасың. Қалалар арасында жолаушылар ұшақ қызметін пайдаланады. Өйткені мұнда билет бағасы қолжетімді. Қаланың ішінде таксиді кез келген жерден тоқтата алмайсың. Арнайы тұрақтарға барып, межелі жеріңді айтасың. Таксилердің түсі бірыңғай сары түс, мінген кезде төбесіндегі арнайы құрылғы баратын жеріңіздің қашықтығын, бағасын есептеп отырады. Түркияда бензин қымбат болғасын такси бағасы да жоғары. Ең арзаны теңгемен шаққанда 5 мың теңгеден басталдады.

Сондықтан жергілікті тұрғындар мен туристер трамвай, троллейбус, метро секілді қоғамдық көліктердің қызметін пайдаланады. Бір қызығы Түркияда Яндекс, индрайвер секілді такси қызметін шақыра алмайсың. Тұрақтардағы арнайы таксилердің визиткаларын сақтап, керек кезінде хабарласып, қызметін пайдаланасың.

 P.S.Такси тасымал нарығынан автобустарды ығыстыра бастады. Бірақ бұлтұрақты емес жолаушылар тасымалына жатады. Сондықтан тасымал бағасы заңмен бекітілмеген. Егер қызметтік көлікпен жолай бір адам отырғызып алсаңыз, демек, сіз де жолаушы тасымалымен айналыстыңыз деген сөз.Бұл жерде ақшаның емес, аманаттың құлы екеніңізді естен шығармаңыз. Жол-көлік оқиғасында кінәнің бәрін такси жүргізушілеріне арта бермей,көлік құралдарын басқарған әрбір адам өз өмірі мен көлігіне мінген адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінсе екен дейміз…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button