БілімБасты жаңалықтар

«Алтын белгінің» қадірі кетті ме?

Өңірдегі  4 мектептің лицензиясы жоқ. 8 білім беру ұйымы аттестациядан өтпеген. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі шеберхана меңгерушісі болып жүр. Кейбір мектептерде педагогтердің сапалық құрамы талапқа сай келмейді. Балабақшаларда топтарды жасақтағанда балапандардың жас ерекшеліктері ескерілмейді.Білім беруді бизнес көзіне айналдырып, бейініне, бағытына қарамай, педагог мамандықтарды ашып алған колледждер қаптап кетті. Міне, мұның бәрі білім сапасына кері әсер етіп жатыр.

Біз облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаевамен білім беру ұйымдарында анықталған мәселелер туралы сөйлескен едік. Сонымен…

8 білім мекемесі аттестациядан өткен жоқ

Былтыр 9 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау жүргізу жоспарланған екен. Соның 8-і (!) талаптарға сәйкес келмей, аттестациядан өтпепті. Бұл мекемелердің арасында мектеп-гимназия да бар.

Мемлекеттік аттестация жүргізілген мекемелердің 89 пайызы сыннан өткен жоқ. Соның бірі — Мәртөк ауданындағы №2 мектеп-гимназия.

Атестациялау барысында білім беру ұйымындағы оқу процесі, білім сапасы, кадрлардың сапалық құрамы, ғимараттың материалдық-техникалық базасы секілді бірнеше бағыт бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ 4, 9, 11-сыныптың оқушыларынан тест алынады. Балаларға министрлік жанындағы ұлттық тестілеу орталығында дайындалған тест тапсырмалары беріледі. Департамент мамандары тестілеу барысындағы тәртіпті қадағалайды. Кейбір мектептерде «Алтын белгіге» үміткерлер өте төмен ұпай жинады.

Мемлекеттік аттестация кезінде білім беру ұйымындағы оқу-тәрбие жұмысы жан-жақты сарапқа салынып, бағаланады. Қорытындысында Ақтөбе қаласындағы №45 «Алтын бала» балабақшасы ғана аттестациядан өтті, — дейді департамент басшысы.

Оның айтуынша, Алға ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы мектеп, Әйтеке би ауданындағы Ж.Сәрсенов атындағы мектеп, Ырғыз ауданындағы М.Төлегенов атындағы мектеп, Мәртөк ауданындағы №2 мектеп-гимназия, Шалқар ауданындағы Бершүгір мектебі және Қобда ауданындағы туберкулез ауруына қарсы санаторлық түрдегі «Нұр» балабақшасы, Мұғалжар ауданының «Самал» бөбекжай-бақшасы, Хромтау ауданының «Ақбөбек» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік аттестациядан өткен жоқ.

Комиссия мүшелері аттестациядан өтпеген мекемелерге барлық кемшілікті көрсетіп, оларды түзеуге ұсыныстар береді. Сол ұсыныстардың негізінде білім беру мекемесі өздерінің жоспарын жасап, уақытын белгілейді. Департамент мамандары сол уақытта қайтадан аттестация жұмыстарын жүргізеді. Осы кезде кемшіліктер жойылып, бәрі талапқа сай болса, мекеме аттестациядан өтеді. Егер өтпесе, мемлекеттік бақылаудың келесі кезеңі — профилактикалық бақылау жүргізіледі. Мұнда да кемшіліктер түзелмесе, нұсқама беріліп, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Бұл — мемлекеттік бақылаудың төртінші кезеңі. Талап орындалмаса, сотқа материал әзірленеді, сот шешім шығарады.

Бұдан байқайтынымыз, қазір мемлекеттік аттестациядан өтуі тиіс білім беру ұйымдарына кемшіліктерді түзетуге көп мүмкіндік беріліп жатыр. Оларға тексеру жүргізіліп, кемшіліктер анықталған бойда айыппұл салынып жатқан жоқ, — дейді Бұлбұл Күзембаева.

Биыл да мемлекеттік аттестация жүргізужұмыстарыжалғасады. Жоспарбойыншаменшікнысанынақарамастан, 166 мекемеге аттестация жүргізілмек. Талапқасәйкесбілім беру ұйымы 5 жылсайынмемлекеттікаттестацияданөтуітиіс.

Шоқысу мектебі жабыла ма?

Өңірдегі 4 мектептің лицензиясы жоқ. Орта мектеп ашуға лицензиясы жоқ Шалқар ауданындағы Шоқысу мектебінде заңбұзушылықтар болғанына қарамастан,аталған білім мекемесібиыл екінші жыл жұмыс жасап жатыр.

Шоқысу мектебі —қолданыстағы лицензияға сәйкеснегізгі мектеп. Сол себепті онда 10-11 сынып оқушыларының білім алуы — негізсіз. Бұл білім шаңырағы 2020 жылдан бастап орта мектеп болып қайта жасақталған. Бірақ талаптарға сәйкес келмегендіктен мектепке  лицензия берілген жоқ. Өйткені мұнда талапқа сай жаңа кабинеттер жасақтау мүмкін емес.  Ғимарат шағын, кабинеттер тар. Ешқандай жағдай жасалмаған. Жергілікті атқарушы орган тарапынан аталған мектептің орнына жаңа мектеп салу қажет деген ұсыныстар айтылып жатыр.Қалайда жергілікті атқарушы орган осы заңбұзушылықты жоюы керек. Мектептің орта білім беру қызметімен айналысуға лицензиясын заңдастыру керек немесе 10-11 сынып оқымауы тиіс., — дейді департамент басшысы.

Облыс бойынша 3 жаңа мектептің лицензиясы жоқ. Бұл мекемелер: Ақтөбе қаласындағы №78 мектеп, Темір ауданындағы Қызылжар мектеп-интернаты, Мәртөк ауданындағы Құмсай бастауыш мектебі.

Лицензия берілмеуінің негізгі себептері — жаңа ғимаратты пайдалануға беру құжаты, жер учаскесінің актісі жоқ екендігі. Сондай-ақ материалдық-техникалық жарақтандырылуы да талапқа сай емес.

№78 мектептің пайдалануға берілгеніне биыл екінші жыл. Содан бері лицензиясыз жұмыс жасап жатыр. Мектеп ашылған кезде биология, химия, физика кабинеттері жабдықталған жоқ-тын.Кейін бұл мәселе шешілді. Қазір лицензия алуға сұраныстары қаралып жатыр.

Әрбір білім беру ұйымын ашпас бұрын алдымен маманмен қамтып, материалдық-техникалық базасын дайындап алу керек, — дейді Бұлбұл Күзембаева.

Былтыр департамент мамандарыоблыстағы 405мектептіаралапшығыпты. Мониторинг жүргізіп, мектепке не жетіспейді, не қажеттігісарапталған. Қорытындысыоблысәкіміне,министрліккежолданған. Нәтижесіндеоблысәкімініңқолдауыменалдағы 5 жылда 232 мектептіңматериалдық-техникалықбазасынжаңартужоспарланыпотыр. Биылдыңөзінде 50-ден астаммектептіңбазасыннығайтуғақаржыбөлінген.

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі шеберхана меңгерушісі болып жүр

Былтыр 52 білім беру мекемесіне профилактикалық бақылау жүргізу барысында 324 заңбұзушылық анықталыпты. Оның 152-сі — өрескел, 81-і — елеулі, 91-і — болмашы заңбұзушылық.

Профилактикалық бақылау, нұсқамалардың орындалуы бойынша жоспардан тыс тексеру және арыз-шағымдар бойынша жалпы 123 білім беру ұйымын тексердік. Ойыл ауданындағы Саралжын, Берсиев атындағы мектеп, Әйтеке би ауданындағы Әйке, Басқұдық, Хромтау ауданындағы Құдықсай, Байғанин ауданындағыЖиенбаев атындағы мектеп, Мұғалжар ауданындағы Жаңатұрмыс, Ембі қызмет көрсету колледжінде заңбұзушылықтар көп анықталды, — дейді департамент басшысы.

Оның айтуынша, «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты» талаптарының бұзылуына байланысты 36 заңбұзушылық анықталған.

Білім сапасы білікті педагогке тікелей байланысты. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін облыс мектептерінде маман емес педагогтер, яғни сабақ беретін пәнінің маманы емес мұғалімдер көп. Шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептерге мамандар жетіспейді. Оның бір себебі сағат аз болғандықтан мұндай мектептерге мамандар бармайды. Дегенмен министрліктің №595 бұйрығына сәйкес әр пәннен өз пәнінің маманы сабақ беруі тиіс. Әйтеке би ауданындағы Әйке орта мектебінде 5 педагог өз пәні бойынша сабақ беріп жатқан жоқ. Мысалы, бұл мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі шеберхана меңгерушісі болып жүр. Қыналы орта мектебінде орыс тілінен қазақ тілі пәнінің мұғалімі сабақ береді. Қыналы мектебіндегі заңбұзушылықтың жойылмауына байланысты іс сотқа беріліп, айыппұл салынды.

Сабақ беретін пәніне сәйкес маман емес педагогтер 12 балабақшада, 41 мектепте, 1 колледжде анықталып отыр. Бұл — өрескел заңбұзушылық, — дейді Б.Күзембаева.

Оның айтуынша, былтыр өткізілген ұлттық біліктілік тестілеу кезінде

42 мұғалім ұялы телефон, шпаргалка қолдану секілді тестілеу ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылыпты. Педагогтер аудиториядан шығарылған және тәртіптік шара қолданылған.

Білім беру ұйымдарын тексеру барысында біліктілік талаптарының бұзылуына байланысты 129 заңбұзушылық анықталды. 8 мектепте, 1 колледжде педагогтердің сапалық құрамы төмен. 27 мектепте оқу кабинеттері мен спортзалдар жоқ. 16 мектеп оқу-лабораторияларымен, құрал-жабдықтармен, қамтылмаған. 29 мектепте бастауыш сыныптардың оқушыларына арналған жеке шкафтар жоқ. Мұндай көп мысал айтуға болады.

Дегенмен, министрлік педагогтердің жауапкершілігін арттыру және оларға қойылатын біліктілік талаптарын күшейтужөнінде шаралар қабылдап жатыр, — дейді Бұлбұл Бисембайқызы.

Көпсалалы колледждер неге көбейіп кетті?

Қазір көпсалалы колледждер көбейіп кетті. Тіпті медицина, ауылшаруашылық, техникалық бағыттағы колледждердің бәрінде де педагогикалық мамандықтар бар. Бірінде екеуден, енді бірінде үшеуден ашып алған. Қай колледжді алсақ та, бастауыш сынып мұғалімі мен денешынықтыру пәнінің маманын даярлайды.

Әр колледж өз бейіні бойынша жұмыс істеуі керек. Қазір колледждерде педагогикалық мамандықтар ашыла бермес үшін талап күшейтіліп жатыр. Былтыр министрлік №391 бұйрыққа өзгеріс енгізді. Соған сәйкес енді кез келген колледжжаңадан педагогикалық мамандық аша алмайды. Өйткені педагогикалық мамандықты ашуға ниетті колледжде бұған дейін кем дегенде 5 педагогикалық мамандық болуы керек.  Ал медициналық бағытта мамандықтар ашу үшін колледжде кем дегенде 4 медициналық мамандық болуы тиіс. 

Колледждегі білім сапасы қалай?  Біз мұны анықтау үшін колледждердің лицензияларына ревизия жүргіземіз. Мониторинг қорытындысы бойынша3 колледж 7 педагогикалық мамандық бойынша бейініне сәйкес келмейтін лицензия қосымшасын қайтарды. Сонымен қатар 20 колледж оқытылмайтын және бейініне сәйкес келмейтін 44 мамандық, 51 біліктілік бойынша лицензияға қосымшаны ерікті түрде қайтарып берді. Бұл — үлкен жұмыс, — дейді Бұлбұл Күзембаева.

P.S.Білім саласына мемлекет тарапынан қолдау көп. Облыс бюджетінің 40 пайызы білім саласына бөлінеді. Ел тарихында тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Президент тапсырмасына сай әр жыл сайын мұғалімдердің  жалақысы 25 пайызға өсіп отыр. Мысалды тізе берсек, елімізде педагогтердің беделін арттыра түсу үшін жасалып жатқан әлеуметтік қолдаулар өте көп.Дегенмен сол игіліктердіңқайтарымы қайда? Бір ғана мысал:«Алтын белгі» аттестаты — білім сапасының көрсеткіші болудан қалып барады.«Алтын белгі» иегерлері ұлттық бірыңғай тестілеуде шектеулі ұпай жинай алмай жатыр. Бұдан тура 10 жыл бұрын 312 түлек «Алтын белгіге» үміткер болып, ҰБТ қорытындысында оның 109-ы (34,3 пайызы) білімін дәлелдеген екен. Ал былтырғы оқу жылының қорытындысында 652 бала алтын медаль алыпты. Қазіргі үздіктер бұрынғыдай үміткер болып, ҰБТ-да білімі сыналмайды да, бірден, мектептен,«Алтын белгі» иегері атанады. Ал мектеп басшылығы өздерінің мүддесі үшін оңды-солды «үлестірген»медальдің зардабын ақыр соңында оқушы тартып, психологиялық соққы алады. Кінәлі кім..

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button