Басты жаңалықтар

Экомәдениетке де эволюция керек

Соңғы жылдары дүниежүзі бойынша экологиялық мәселелердің ерекше өзекті екені, табиғат қорғаушылардың бұған қатысты дабыл қағып жатқаны белгілі.  Уақыт өткен сайын экологиялық жағдай нашарлап барады. Әлемнің бір бөлшегі — Қазақстандағы экожағдай да мәз емес. Соның ішінде Ақтөбедегі ауа, су және жер қабаттарының ластануы, одан келетін залал еріксіз бас шайқатады… Бұл туралы талай айтылып та, жазылып та жүр.

Осы орайда біз ақтөбеліктердің экомәдениеті қандай, сол жөнінде сала мамандары мен белсенділердің пікірін біліп, аталған мәселенің мәнжайын  зерделеуге тырысқан едік…

 «…Алыстан келмейді»

Ақтөбеде өзен-көлдердің тартылып, зауыттардың кесірінен ауаның ластанғаны көпшілікке мәлім. Тіпті Ақтөбеніңреспубликадағы экологиясы нашар өңірлердің арасында «көш бастап» тұрғаны да рас. Бұл — журналистер талай көтергенмәселе. Ал жергілікті жұртшылықтың экомәдениеті қалыптасты ма? Осы сұрақты біз облыстың бас экологіне қойған едік.

— Тұрғындардың экологиялық мәдениетін, ең алдымен, балабақша, мектептерден бастау керек. Әсіресе оқушылардың экологиялық мәдениеті төмен.Түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілсе дейсің.

Қалада қоқыс уақтылы шығарылмайды. Аталған түйткілді қала әкімдігі жолға қою қажет. Тап осы істе тұрғындардың наразылығы орынды. Бұл турасында бізге де көп шағымданады. Бірақ кейбір тұрғындардың да кінәсі барын жоққа шығаруға болмайды. Айталық, қоқысын контейнерге емес, соның жанына лақтырып кететіндер кездеседі. Бұның өзі біздегі экомәдениеттің қандай екенін көрсетпей ме?

Ақтөбеде қоқысты сұрыптап төгу мәселесі де ақсап тұр. Басқасын былай қойғанда, үйіндегі жиһазын, құрылыс материалдарының қалдығын қоқыс жәшігіне тастайтындар бар. Бұл — тәртіпке қайшы. Қала шетінде, жағалауларда да осындай  үйінділер көп. Бұның барлығын экобелсенділер жинайды. Ал бүлдіріп, шашатын — өзіміз. Сырттан келіп, қажетсіз заттарын лақтыратын ешкім жоқ екенін ұмытпайық, — дейді Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.

Оның айтуынша, өңірде экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Соған сәйкес 6 бағытты — ауа, қалдықтар, көгалдандыру, су, жер ресурстары және экологиялық мәдениетті арттыруды қамтитын 33 іс-шара белгіленіпті.

Әңгімелесушіміз өзі басқаратын департаменттің мұрындық болуымен экоакциялардың, сенбіліктердің жиі өткізілетінін де айтты.

…ДЕДІ

 «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму — еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығыосы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды.

Еліміздегі экология мәселесі басты назарда болуға тиіс. Әсіресе ауаның тазалығы айрықша маңызды».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

халыққа арнаған Жолдауынан.

 

3 ұйым, 500 белсенді 

«Актобе, дыши!» еріктілер қозғалысының жетекшісі,облыстық мәслихаттың депутатыЕвгений Лазарчуктабиғатты қорғау мәселесінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің көп екенін айтады.

— Өзім жетекшілік ететін «Актобе, дыши!» еріктілер қозғалысы 2019 жылы құрылды. Содан бері Ақтөбенің біраз жерін араладық. Қоқысын кез келген жерге тастап жүре беретіндер, қатты-тұрмыстық қалдықтарды айтпағанда, күнделікті қоқысты да контейнердің ішіне лақтыруға қиналатындар бар. Ағаштарды сындырып, айдындарға түрлі қалдықтарды төгетіндер де көп. Ал жер үйде тұратындардың арасында әлі күнге қоқысын, жапырақтарды өртейтіндер бар. Сол арқылы олар онсыз да лас ауамызды бүлдіретінін түсінбей ме, білмеймін…

Ел Президентінің шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялағаны белгілі. Ондағы мақсат бизнесті қолдау. Алайда кейбір кәсіпкерлер бұны «оңтайлы» пайдаланып, қарапайым санитарлық нормаларды сақтамайды: қоқысты өртейді, оны көрінген жерге лақтырады. Қазу жұмыстарын талапқа сай жүргізбейді. Айналып келгенде бұның барлығы экологиямызға орасан зиян тигізіп жатыр, — деген Евгений Лазарчук кәсіпкерлік нысандарына арналған мораторийді тым болмағанда ішінара өзгерту керектігін, әйтпесе қоршаған ортаны  сақтап қалу қиынға соғатынын тілге тиек етті. Оның ойынша, Еуропа елдеріндегідей қаладағы бейнекамераларды мақсатты пайдаланып, айыппұл көлемін де арттыру қажет. Сол кезде ғана тәртіп орнайды.

Экобелсенді сөз арасында өзі секілді Ақтөбенің табиғатын қорғап жүргендерге де тоқталды.

— Өңірде экоқозғалыстардың 3-еуі бар. Бұларға 500-ге тарта адам тіркелген. Осы сәтті пайдаланып, Саят Нұрғалиев, Жолдас Белоқосов, Сергей Айымбетов, Жандос Дүйсенов, Ерлан Өтенов, ИльяЯрошенко, Марат Сайрамбаев, Илья-Любовь Бучковтар, Алексей-Ольга Чегодаевтар, ВладиславЧернобровкиндерді ерекше атап өткім келеді. Қысы-жазы экоакцияларға қатысатын олардың еңбегі ерен, — дейді белсенді депутат.

Облыстық мәслихат депутаттығына халықтың тікелей қолдауымен сайланған Евгений биыл да ағаштарды дұрыс егу жайына, кейін тиісінше суарылуына баса назар аударатынын қосты. Оның су қоймасындағы жағдайды жақсарту, үй жануарларын далаға шығарудың тәртібін сақтау, т.б. мәселелерді биылғы сессияларда көтеретінін білдік.

АЙТПАҚШЫ…

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов хабарлағандай, еліміздегі кәсіпорындар 2023 жылға дейін шығарылатын қалдықтарға қатысты автоматтандырылған онлайн мониторинг жүйесін орнатуға тиіс.

— Автоматтандырылған мониторинг жүйесі кәсіпорындар шығаратын зиянды қалдықтар көрсеткішін онлайн режимде қадағалау мен қандайда бір заңбұзушылықты уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған жүйе халықтың өнеркәсіп жұмысына деген сенімін арттырып, жұртшылықты ашық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін маңызды, — деді ол.

Табиғат жанашыры: «Тек қана тәртіп!»

 Табиғат жанашыры Нұрлан Есенғазының айтуынша, экомәдениетті қалыптастыруда әуелі заңды басшылыққа алу керек.

Тазалық мәдениеті деген бар. Мәселен, әкімшілік жол салғанда немесе жөндеу жұмыстарын жасағанда артынан құрылыс қалдықтарын шашып кетеді. Сондай-ақ қаланың қақ ортасынан өтетін жыра-жылғалар, арықтар да түгелімен бөгелген. Соның кесірінен жаңбыр, қар сулары жолға жиналып, ақырында асфальт тез тозады.

Жаңадан ашылған «Денсаулық» саябағын алайық, ол да азып кеткен. Көктемде жөндеу жұмыстары неге жүргізілмеді? Демалыс орны деген аты бар ғой. Сондықтан әр сала бойынша басшылыққа кәсіби маман тағайындалуы тиіс.Қысқасы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін заңдылықтарды басшылардың өзі орындап, халыққа үлгі көрсетуі қажет. Сосын ғана экомәдениет туралы сөз қозғауға болады. Артынша кез келген жерге қақырып-түкіріп, темекісін, қоқысын лақтырып жүре беретіндерді жауапқа тарту қиын емес, — дейді экобелсенді.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!

Ресми деректерге сүйенсек, Ақтөбе қаласында 3345 контейнер қойылған 476 алаң бар. Қоқысты сұрыптап салуға арналған 1443 контейнерді сатып алу жоспарланған. Әзірге тек 681-і ғана орнатылды. Қазіргі таңда осындай контейнерлер Нұр Ақтөбе мен Батыс-2 шағын аудандарында бар. Әйнек, пластик, қағазды бөліп салуға арналған жәшіктерді айтып отырмыз.  Бұл да болса тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға сеп болары сөзсіз.

НЕ ДЕЙСІЗ?

Мұрат ЖӘКИЕВ,

эколог:

— Ақтөбеліктердің экомәдениеті төмен. Бір ғана Қарғалы өзенінің жағалауын көрсеңіз, соған көз жеткізесіз. Өткен жылдың соңында ғана сол жақтан бір жүк көлігіне сыятын қоқыс жинадық. Біздің қоршаған ортаға деген көзқарасымыз осындай. Ағаш кесу, зауыттардың ауаны ластаудағы «үлесін» айтпай-ақ қояйын.

Меніңше, экомәдениетті жақсарту үшін тәрбиені балабақшадан бастау керек.

 Әсел БАКУБАЕВА,

мемлекеттік қызметкер:

— Меніңше, әкімшілік шараларды күшейту керек. Айыппұл төлей алмаса, өзі ластаған жерді өзіне тазалатқан жөн. Сондай-ақ контейнерлер, жәшіктердің санын арттыру қажет. Әсіресе қоқысты сұрыптауға мән берілсе екен.

Экомәдениетті көтеруге бағытталған көрме, фестиваль сияқты қызықты шаралар көптеп ұйымдастырылса, артық етпейді.

Есбол МҰҚАНБЕТҚАЛИЕВ, 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры:

— Экопакеттерді қолданысқа кеңінен енгізу керек. Яғни полиэтиленнен бас тартсақ, бұның өзі қоршаған ортаға, біздің бұған қатысты мәдениетімізге үлкен серпін берер еді.

Мекемелерде «жасыл кеңсе» болуы керек. Жасыл желекті, гүлдерді көптеп ексек, оның мән-маңызын өскелең ұрпаққа жан-жақты түсіндірсек, бұның пайдасы мол. Үй, жұмыс орнымыздың маңына, саябақтарға тал-теректі мейлінше көп егу қажет. Оны насихаттауды ұмытпасақ, өзгелерге үлгі етсек, экомәдениетіміз көтерілер еді. Әйтпесе бізде бұл жағы жоққа тән.

Сәуле ЖАМАЛИҚЫЗЫ,

кітапханашы:

— Қандай мәдениет болсын, адам өзінен бастауы керек. Бәрі отбасынан басталады. Мысалы, үйде кез келген жерге қоқысты лақтырмайсың ғой, сол сияқты сыртта жүргенде де әдепті сақтау керек.

Ресми органдар қаладағы зауыттарға бақылауды күшейтіп, солардан Жапониядағыдай ауаны тазартатын қондырғыларды орнатуды талап етсе, Ақтөбенің экологиясы жақсарар еді. Әйтпесе таңертеңнен-ақ қаланың аспаны тұманнан көрінбейді. Бұның бәрі денсаулығымызға зиян ғой…

Гауһар АЛЕКСЕЕВА,

жас журналист:

 

— Бейнекамералар көбейсе, сол арқылы экомәдениетті бұзғандарды тәртіпке салса, көп нәрсе өзгерер еді деп ойлаймын. Айыппұлды көбейту керек. Сосын түсіндіру жұмыстарын да мейлінше көп ұйымдастыру қажет.

Айнагүл ӨЛМЕСЕКОВА,

актриса:

— Ұл-қыздардың экосауатын арттыруға күш салу керек. Тәрбие сабақтарында, мектептен тыс шараларда осы мәселе көптеп айтылса, бәлкім, оң өзгеріс болар?!

Сонымен қатар сенбіліктерді кең көлемде өткізсек, соған белсенді қатысқандарды елеусіз қалдырмасақ, бұл да жақсы әсер етер еді. «Бұған көше тазалайтындар ғана жауапты» деген пейілде болсақ, күл-қоқыстан ешқашан арылмаймыз.

Темекі тұқылын көрінген жерде тастап жүре беретіндерді мысал етіп, әлеуметтік бейнероликтер түсірілсе, оның соңы әкімшілік айыппұлмен аяқталатынын түсіндірсек, бұл да тиімді тәсіл деп білемін.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button