Экономика

Жайлау малға толатын кез жақын…

Елбасы биылғы Жолдауында ауылшаруашылығын дамытып,  әсіресе, мал басын көбейтуді баса айтқан болатын. «Ауыл шаруашылығындағы еңбек­тің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есеге өседі. Аграрлық секторда етті мал ша­руашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең.

Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі.

Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүм­кін­дік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Бұл бірінші кезекте  малдың барлық түрінің асыл тұқымдарының санын көбейтуге мүмкіндік береді» делінген.

Елбасының Жолдауында айтылған жоба іске асудың аз-ақ алдында тұр. Жақында жаңа жоба өмірге келді. Әзірге талқылану үстінде. Іске асырылған күні ауылшаруашылығы саласына біраз көмегін тигізері сөзсіз. Енді сол ауылда мал бағып, өрісті сиырға толтырамын деушілерге арналған  жаңалыққа толығырақ тоқталайық.

«Сыбаға» сыбаға береді

«Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жүзеге асатын «Сыбаға» бағдарламасы әзірге нақтылануда. Ол  іске қосылған кезде ауылда мал алғысы келетін шаруаларға 1 миллионнан 7,5 миллион теңгеге дейін 7 жылдық мерзімге несие беріледі. Ең бастысы, жылдық сыйақы мөлшері де екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда анағұрлым төмен — 6 пайыз. Мұнда арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Несие алушы негізгі берешекті төлеуде  2 жылға, ал сыйақыны төлеуден 1 жылға босатылады. Бұл бастапқыда кәсіпті дамытып, аяқтан тұрып кетуге жақсы мүмкіндік. Сондай-ақ, ыңғайлы шарттың бірі — несие алушы қарызды өзі қалаған мерзімінде өтей алады, мысалы, ол ай сайын емес,  жылына бір рет төлеуіне болады.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының экономика бөлімінің бастығы Қаршыға Шәмішовтің айтуынша, бұл бағдарлама бойынша несие алудың өзіндік талаптары бар.  Алдымен несие алуға тілек білдіргендер тізімі анықталады. Олар жергілікті жердің әкімшілігіне барып, өтініштерін тапсырады. Болмаған жағдайда тікелей осы қордың филиалдары орналасқан  жерге келіп, арыздарын берулеріне болады. Олардың қатарында  шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылық, жеке кәсіпкер, серіктестіктер болуы мүмкін.

Несие алу үшін кепілдік керек. Ауылдағы тұрғын үйлерді, қоймаларды, сол секілді басқа мүліктерін  кепілге қоюға болады. Және қарызды қайтара алатындай мүмкіндіктері болуы керек.  Өзге құрылымдарға, банктерге, салық органдарына  бережағы болмауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, несиелік  тарихы таза болғаны жөн.  Мысалы, бір адам  бұрын банктен несие алып, уақытында қайтармаса,  оның бәрі  компьютерден тексерген кезде шығады. Және бұл қаражат мал алуға берілетіндіктен, алушының малды бағуға инфрақұрылымы бар ма, ол да тексеріледі. Қорасы, малға азық жинайтын жері, жайылымы болуы шарт. Шаруашылығында ауру малдың жоқтығы анықталады. Содан соң  алғысы келетін малдың  елу пайызы шаруаның  қорасында байлаулы болуы керек. Мысалы, 10 сиыр алатын болса, оның бесеуі үйінде мөңіреп тұруы қажет. Осындай жағдайда ғана өнімділік артады, — дейді  Қаршыға Шәмішов.

Несиені алған шаруалар міндетті түрде асыл тұқымды ірі қара малын сатып алулары керек.  Бұл бағдарламаның  негізгі міндеті — ет экспортын дамыту. Біздің  өлкеде етті және сүтті малдарды өсіретін шаруа қожалықтары бар. Олар Қобда және Мәртөк аудандарында орналасқан.

Басқа бағдарламалар

Мал бағу да оңай шаруа емес, оның жазғы жайылымын таңдау, қысқы жем-шөбін дайындаудың өзіне біраз күш қажет. Ал, қаржының керектігі бір басқа. Ауылшаруашылығы табиғатқа тәуелді болғандықтан, диқандар көктемгі еккен егіннің шығымын тілейді. Қылтиған дәнін төкпей-шашпай жинап алу да үлкен  жұмыс. Егін шықпай қалса, көктемгі күйбең мен ала жаздайғы еңбегің бекерге кетті дей бер. Ауылшаруашылығын  қолдау мақсатында көптеген бағдарламалар жасалып жатыр.

Мәселен, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес мал азықтандыру базасын жетілдіру мақ­сатында министрліктің тарапынан «Шебер-жоспар» бағдарламасы әзірленген. Осы бағдарлама негізінде еліміздегі мал шаруашылығымен айналысатындарға мал азығы базасын нығайтуды ынталандыру ретінде жем-шөп дайындауға жұмсалған шығындарды ішінара өтеу үшін субсидиялау мәселесі қарастырылуда. Сонымен бірге, ет және сүт өнімдерін өндіру, құс шаруашылығы мен биязы жүнді қой ша­руашылығын дамыту бойынша да арнайы жоспарлар дайындалған.

Қазіргі таңда  «Сыбағадан» басқа тоғыз арнайы  бағдарлама шеңберінде шағын несие беру жүзеге асырылуда. Мәселен, көктемгі егіс басталғанда «Егінжай» бағдарламасының аясында несие алуға болады. Ал,  «Бизнес өңірлер» бағдарламасы кез-келген өңірдегі бизнес түріне қарай қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, дүкен, қонақ үй кешені, сұлулық салоны, шаштараз, тойхана және тағы да басқа ауылда жоқ қоғамдық қызмет көрсету орындарын ашқысы келетін адамдарға  таптырмайтын көмек. Сол секілді «Ауылдық шағын несие», «Шағын несие ұйымдары», «Жас маман», «Жылыжай», «Табиғи орта», «Ауылдық несие», «Мал азығы» бағдарламалары бар.

Біздің облыста «Аграрлық несие корпорациясы» өз қызметін іске асыруда.  Оның міндеті облыстағы 12 несие серіктестігін қаржымен қамтамасыз ету. Екіншіден, ауылдық несие кооперативтерін ұйымдастыру. Қазір бізде 50 несие кооперативі тіркелген,  отызы жақсы жұмыс істеп жатыр.

Кооперативтегі ұйымдардың саны оннан кем болмауы керек.  Олар өз жобаларын ұсынып, қанша қаражат керектігін айтады. Қазір көбінің қиналатыны —кепілдік жағы.  Кепілдікке алынған заттың құны алатын несие көлемінен бір жарым есеге артық болуы керек. Кепілдікке қоятын  мүліктің жарамдылығын арнайы компания тексеріп,  бағалайды.

Мәселен, өткен жылы облыстың ауылшаруашылық саласына 653 миллион теңге көлемінде несие берілді, — дейді Қаршыға Қыдырұлы.

Техниканы да несиеге береді

Ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтары да несиеге беріледі. «Қазагрофинанс» компаниясы он жылдан астам уақыт бойы техниканы лизингке беріп келеді. Қазір оның жылдық сыйақысы  4 пайызға төмендеді. Бірақ, техниканы алу үшін алдын ала жалпы құнның 15 пайызын төлеуі керек. Содан соң кепілге сол техниканың өзі қойылады. Бұл бюджеттен қарастырылатын қаржы бойынша берілетін әдіс. Басқа қаражат көздерінен берілетін қаржы бойынша алатын несиенің  жылдық сыйақысы — 11 пайыз. Несиенің ұзақтығы — 7 жыл. Ал, Ислам банкі арқылы  несие 10 пайызбен он жылға беріледі. Алынған қаржыны қайтару шарттары келісім-шартқа отырар кезде алушының жағдайы ескере отырып жасалады.

Бәрінен де мал бағып…

Бүгінде облыста 32 шаруа қожалығы  етті ірі қараны өсірумен айналысады. Етті малдың тірілей салмағы  кемінде 170-180 келіден кем болмауы керек. Малды бордақылайтын арнайы орындар бар. Етті тапсыратын жерде малдың ауру еместігі жөнінде анықтама беріледі.

Біздің  өңірде ет бағасы арзан емес, асыл тұқымдысын айтпағанның өзінде, жәй сиырдың құны — 150-170 мың теңгеге барады.

Мәселен, малды мемлекет берген  жеңілдікпен несиеге алдық дейік, ертеңгі күні оны бағатын малшы таба алмай әуре боламыз ба деген қорқыныш та бар. Бүгінде мал бағуға құлшынып отырғандар аз. Шопан табу тіпті,  қиямет болып тұр. Әрине, оларды да түсінуге болар. Қыста  қыстауға, жазда жайлауға көшу керек. Қой бақсаң көктемгі, күзгі қырқуы бар. Жазда күпкіге түсіресіз, шыбын шықса құртын тазалайсыз. Шөбін дайындайсыз, қыстамаға қора-қопсысын ретке келтіресіз, мұның барлығы қып-қы­зыл бейнет. Бұрын ата-бабамыз малмен ғана күнелткендігін естен шығармаймыз. Дегенмен, қаланың заманауи тірлігіне бой үйретіп алғандар, мал бағуға бара қоятынына күмәндіміз.  Әсіресе, жастар жағы.

Р. S. Әрине, ауыл шаруашылығын  қаржыландыру үлкен жетістік. Алайда, дәл қазіргі кезең мен талап тұрғысынан алғанда республикада мал шаруашылығына берілетін несиелер үлкен пайызбен және қысқа мерзімге қарастырылған секілді. Мәселен, Белоруссияда мал шаруашылы­ғына несие беру 1 пайыздан аспайды және ол ұзақ мерзімге (30 жыл) беріледі екен.

Қазіргі уақытта әлемнің дамыған аграрлы елдерінде мал шаруашылығындағы жем-шөп дайындау ісінде инновацияны, нанотехнологияны енгізіп қойған. Ал біздегі шаруашылықтардың дені ескі тракторларын құрап-сұрап, алажаздайғы уақыты шөптің науқанымен кетеді. Сондықтан, ең әуелі саланы заманауи техникамен қам­та­масыз ету қажет.

Дегенмен сең  қозғалды. Даламыз малға толатын кез де алыс емес ау…

Облыста 468093 бас ірі қара бар.

Шошқа  — 78, 316

Жылқы — 73,559

Түйе — 16,546

Қой-ешкі — 149,431

Құс — 1,401 501

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button