Мәдениет

Болашақты бесікпен байланыстырдық

Сұлтанбек Ташкенбай:

Болашақты бесікпен байланыстырдық

Сонау тоқсаныншы жылдардың тұсында Ақтөбеден «Алдаспан» атты қоғамдық қозғалыстың бой көтергені айналаға тез тарап кетті. Өйткені, тілімізді тірілтуден тіршілігін бастаған бұл ұйым көп ұзамай әлеуметтік мәселелерге де белсенді түрде араласа бастады. Билік органдары олармен санасатын болды, сөйтіп тәуелсіздіктің тамыр жаюына жан сала қызмет істеген алдаспандықтар бірте-бірте ықпал ету аяларын кеңейте берді.

Сол қатарда жүрген азаматтардың бірі Сұлтанбек Ташкенбай бүгінде теміржол саласында еңбек етеді.

— Қандай да ұмтылыс жасау үшін әдетте оған әсер ететін жағдайлар болады ғой. Жалпы осы қозғалысқа қалай келдіңіз?

— Әрине. Аяқ астынан адам жаңа бағытқа ұмтылмайды. Ұлттық мінез, қазақы қан бойымызда бұрыннан бар шығар. Бірақ маған қатты ықпал етіп, ойымды қозғаған мына бір жайт болды.

1986 жылдың желтоқсан айында мен Қандыағаштан Никельтауға қарай шығатын бағыт бойындағы Жарық разъезінде бас инженер болып қызмет істейтінмін. Нақ сол кезде бастық кезекті еңбек демалысында жүрді де, мен оның орнында болатынмын. Бір күні түскі үзілістен соң жұмысқа келе жатсам, алдымнан ұлты марий Яков Андреевич деген азамат шықты да, құпия бірдеңе айтқысы келгендей жан-жағына қарай берді.

«Не болды?» десем, «Естіген жоқсың ба, Қонаевты орнынан алып, орнына Колбин дегенді қойыпты» дегені. Шынымды айтсам, төбемнен біреу бір шелек мұздай суды құйып жібергендей болды. Тұрған орнымнан қозғала алмай қалдым. Ішке келген соң да  жұмысымда береке болмай, көңіл-күйім сам-соз болып, ой толқынысына берілдім.

«Апыр-ау, республикамызды ұзақ жыл басқарып келе жатқан халыққа қадірлі адамды аяқ астынан неге орнынан алып тастайды» дейді бастапқы ойым. Содан кейінгі мазасыздандырған жай — аты-жөні елге беймәлім орыс ұлты өкілінің Қазақстанды басқаруға келуі.

Сірә, менің азаматтық ашынуым, ұйып жатқан ұлттық қанымның шапшып көтерілуі осы кезден басталған болар.

1987 жылдың қаңтар айының бірінші жұлдызында әйелімнің толғағы басталып, түн ішінде тепловозбен Қандыағашқа жеткізуге тура келді. Вокзалда бізді бірден милиция қызметкерлері ұстады да, сұрақтың астына алды. «Түн ішінде не істеп жүрсіңдер, Ақтөбеге бара жатырсыңдар ғой» деп бір түрлі күдіктене қарайды. Сонымен әйелімді ауруханаға апара жатқанымды айтып, жайымды білдіргеніммен, олар сенбестік танытып, соңымыздан еріп жүрді.

Содан түн ортасы ауа әйелімді перзентханаға тапсырып, кері қайтпаймын ба? Тағы да милиция алдымды торуылдап жүр екен. Олардың шектен тыс сақтығына ызаланып, «Туған елімде, өзімнің Қазақстанымда еркін жүре алмайтын болғаным ба?» деп айтып салдым.

Міне, осы оқиға да мені шамырқандыра түсті.

Көп ұзамай Ақтөбеге қоныс аудардым, мұнда қазақтардың, қазақ тілінің қандай дәрежеде екенін айқын сезіндім.

— Сол уақыттарда Ақтөбенің орыс тілді аталатындығын бәріміз де білетінбіз. Оны қазақ тіліне күрт бұру идеясын сіздер көтердіңіздер ғой.

— Біздердің алғашқы топтасуымыз «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымында   басталды. Осында келіспеушіліктер туындап қалды. Бір топ «қазақ тілін өмірге бірте-бірте жайлап енгізейік» деді. Біздер «қазақ тілі бірден мемлекеттік тіл мәртебесіне шығуы керектігін» айттық. Содан жиырма шақты адам жалау көтеріп шықтық.

Көп ұзамай біздің қатарымызға кондитер фабрикасынан бір топ жұмысшы қыздар келіп қосылды. Кәсіпорын басшылығы оларды тұрып жатқан жатақханаларынан шығуға мәжбүр еткен. Міне, осы мәселе біздің енді әлеуметтік салаға да бет бұруымызға жол ашқандай еді.

Біз өңірде қазақ тілінің мәртебесін күрт көтермей, бұрыннан сірескен тоңды жібіте алмайтынымызды анық сезіндік. Сондықтан да күн-түн демей қозғалыс жасауға тура келді. Облыс орталығындағы ірі кәсіпорындарда болып, олардың басшыларынан ұжым мүшелерінің ұлттық құрамы, атқаратын қызметтері туралы анықтама берулерін талап еттік. Обалы не керек, сол кезде анау-мынауды алдына келтірмейтін дөңайбат шенеуніктердің өзі бетімізді қайтарып көрген емес.

Сол уақытта, мәселен, «Ауылмаш» зауытында болғанымызда, осында жұмыс істейтіндердің 7 пайызы ғана қазақтар екенін білдік. Олардың өзі еден жуушы, қарауыл, тағы сондай қосалқы жұмыстарды атқарады екен.

Кондитер фабрикасында басшылар құрамы орыстардан тұрады екен де, жұмысшылық бірыңғай қазақтардың еншісіне тиген.

Осындай деректердің қолымызға тиюі бізге батыл қимылдар жасауға жол ашты. Басқа да кәсіпорын-мекемелердің басшылары бұдан былай бізбен санаса бастады.

Ендігі бір міндет — қазақ мектептерінің қатарын көбейту болды. Сол ретпен қаланың сегізінші шағын ауданында құрылысы салынып бітіп қалған ғимаратты нысанаға алдық. Білім беру саласы басшыларымен сөйлесіп көріп едік, ондағылар талабымыздың орындалуы мүмкін еместігін айтып, бізге қолдарындағы қазақ ата-аналарынан түскен алпыс шақты ғана өтінішті көрсетті.

Біздің топ жедел іске кірісіп, әр үйдің есігін қағып жүріп, аз уақыттың ішінде мыңдай арызды топтастырдық. Сөйтіп, сегізінші шағын ауданнан ашылған мектепте, басқасын айтпағанда, он төрт бірінші сынып бой түзеді. Мектепте сабақтар екі ауысымда жүре бастады.

Жұмыс ауқымымыз көбейген соң «Алдаспаннан» «Азат» партиясының бөлімшесіне айналдық. Облыстық құрылтайда Естай Жайлыбаев, Серік Ерғали және мен үшеуміз тең төраға болып сайландық.

— Осындай қозғалыстың басы-қасында жүру біреулерге ұнамауы мүмкін. Өз басыңызға төнген қауіп-қатер, қиындықтар болды ма?

— «Алдаспанның» әр жиыны қас қарайғанша созылып кетеді. Ол кезде қалада көлік қатынасы нашар, автобустар ерте тоқтап қалады. Сондайда шағын ауданнан сонау №41 разьездегі үйіме жаяулап қайтқан кездерім де болды.

Берірек уақытта облыс деңгейіндегі депутат болу үшін екі рет кандидатурамды ұсындым. Соның екіншісінде қатты қарсылықтарға тап болдым. Сайлаушылармен кездесу барысында жеңіп шығатыным белгілі болды. Бірақ жан-жақтан қысым көбейді. Мектеп бітіргелі тұрған балама екі рет шабуыл жасалды. Әлдекімдер ағайындарыма кісі салып, кандидатурамды қайтып алуым қажеттігін айтқан. Осындай жағдайда сайлау болар қарсаңда шегініс жасауға мәжбүр болдым.

— Оралдағы казактар қозғалысына қарсы Ақтөбеден жеті азаматтың жанын шүберекке түйіп аттанғанына кезінде куә болғанымыз бар. Сол оқиғаны бүгінгі оқырман үшін анықтаңқырап айтып берсеңіз.

— Казактар қозғалысы сол уақытта елдігімізге, тіпті турасын айтайын, мемлекеттігімізге тура төнген қауіп болды. Олар Орал қаласында өздерінің съездерін салтанатты түрде өткізу арқылы қазақ жерінде тамырын тереңге жая түскісі келді, ұлтымыздын намысын аяққа басқысы келді. Әйтпесе ақ патшаға казактардың қызмет етуінің 400 жылдығын Ресейде өткізбей, қайта сол жақтан бізге қарай ағылуында не мән бар?

Жергілікті билік өкілдері бұған көзжұма қарағанымен, біз шыдай алмадық.

Ақтөбеден Көшкінбай Ахметов, Серік Ерғалиев, Естай Жайлыбаев, Айтқали Италиев, Кәрімхан Кикенбаев, Сейілхан Мұстафин және мен жолға шықтық. Қауіпсіздік органдарының адамдары бізден қолхат алып қалды.

Сапардың қауіптілігін сезіндік, сонда да тәуекелге бел байладық. Орал оқиғасы қазақ намысының жерге тапталмағанын көрсетті. Шен-шекпенін жарқырата киіп, алдымыздан «Зенит» мәдениет үйіне қарай қылыштарын қайқаңдатып өткен казактар арада шамалы уақыттан соң көлденең тартылған автобусқа таласа-тармаса жанталаса мініп, қала аумағынан көздерін жоғалтты. Осы аралықта қанды оқиғаның орын алуы да мүмкін еді. Бақытымызға орай, біздің азаматтарымыз сабырлылық пен төзімді серік етіп, мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне қол жеткізді.

Ақтөбеге майданнан жеңіспен оралған жауынгерлердей көңіл-күйіміз көтеріңкі оралды.

— Осы жылдар ішінде өміріңізде есте қалатын ерекше жайттар болды ма?

— Неге болмасын? 1991 жылы жолдастарымыз бірігіп «Бекарыс» шағын кәсіпорынын құрдық. Алдында мен басқаратын «Абат» атты мемлекеттік көп салалы кәсіпорын көпір салу, теміржол жөндеу жұмыстарымен айналысатын. Сол шаруаларды түгелімен «Бекарысқа» аудардық. Сонымен бірге осында қазақтың ұлттық-мәдени шараларын кеңінен дамытуды ойластыра бастадық.

Қазақта «Ең әуелі бесігіңді түзе» деген сөз бар ғой. Осы қағиданы ойға алып, бесік жасау ісін қолға алдық. Содан кейін сандық құрадық, қазақы ас үй жабдықтарын әзірледік. Шеберлер тауып алып, қыз жасауы — көрпе-жастықтар даярлаттық.

Осындай жағдайда қала басшысы болып отырған Сержан Жаманқұлов ағамыздың қабылдауында арнайы болдым да, ол кісіге: «Аға, отбасымда төрт балам бар, мен қалалық кеңесте үй кезегінде тұрмын, содан алып тастаңыз, бірақ маған ферроқорытпа зауыты аймағындағы қараусыз қалған механикаландырылған колоннаның ғимаратын қалдық бағасымен сатуға көмектесіңіз, елге қажетті шаруалар атқарамыз», — дедім.

Сөйтіп, жалпы аумағы 200 шаршы метрдей болатын осы ғимаратта әлгі айтқан жұмыстарды атқара бастадық.

Біздің «Бекарыс» фирмасының жақсы аты айналамызға бесік шығаруымызбен кеңінен танылды ғой деймін. Сол бесік арқылы басты идеямызды жүзеге асырғандай күй кешемін қазір.

— Қазақ халқының бүгінгідей жақсы күнге жететіндігіне, тәуелсіздік туын жоғары көтеретіндігіне сол бір алмағайып кезеңде көңіліңіз сенетін бе еді?

— Сенім болды. Өйткені, біз таңдаған бағыт кейінге бұрылысы жоқ, алаңсыз алға ұмтылуды көздейтін еді. Біздер уақыт лебін біршама сезіндік деп ойлаймын. Өйткені КСРО-ның көп ұзамай құлайтындығын «Алдаспанның» апта сайын болатын отырыстарында айта бастағанбыз.

Сондай-ақ мақсаттас, пікірлес бір топ жастардың басын біріктірген бір идея бізді енді бұлтарыс жасауға келтірмейтіндей де еді.

— Еліміз егемендігінің бастауында, тәуелсіздік тұғыры әлі тіктелмеген уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған сол азаматтардың қазіргі қарым-қатынасы қалай? Бір-бірлеріңізді ұмытып кеткен жоқсыздар ма?

— Біздер 2010 жылы ел тәуелсіздігі жолындағы қозғалысымыздың жиырма жылдығын атап өту үшін бірқатар шаралар ұйымдастырдық. Сол тұста басымыз жиі бірігіп, өзара пікірлесіп, өткен күндерді еске алдық, болашаққа қатысты ойларымызды бөлістік.

Әуелден-ақ біз «Ел тәуелсіздігіне қолымыз жетсе, саясатқа көп араласа қоймаймыз» деген ұстанымды бағдар етіп алғанбыз. Сол арманымыз орындалды. Дегенмен, көпшілігіміз қазір әр салада өз мамандығымыз, өз кәсібіміз бойынша алаңсыз еңбек етіп жатқанымызбен, кейде саясатқа амалсыз араласып кететін жағдайлар болады әлі де.

Қазір сол қозғалыс басында болған Айшат Омарова, Шералы Бәйімбетов секілді жолдастарымыз Алматыда тұрады. Өмірден өткенінше осы іске адал қызмет еткен Оразбай Жұматов да біздің жадымызда.

— Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз.

— Зайыбым Гүлзейнептің мамандығы теміржол саласындағы инженер-технолог. Бұрындары қызмет істегенімен қазіргі уақытта үй шаруасында. Үлкенім Жұлдызай «Тұран-Әлем» банк бөлімшесінде бас бухгалтер, одан кейінгі Нұркен – теміржолшы, Гүлназ «Қазақтелекомда» маман, кенжеміз Назерке «КТК» телеарнасында спорт шолушысы болып қызмет істейді.

* * *

…Біздің кейіпкеріміз Қызылорда облысының Сұлутөбе ауылы маңындағы Белтораңғы деген жерде дүниеге келген. Қазір жұрты ғана жатқан бұл мекенде заманында Мұстафа Шоқайдың кіндігі кесілген екен.

Сұлтанбек Ташкенбай өзін жас кезінен «интернационалистпін» деп есептегенін айтады. КСРО уақытында шалғай шетелде әскер қатарында болғанда сан ұлт өкілдерімен қоян-қолтық бірге жүріпті.

Тіпті өз облысымыз аумағындағы Жарық разъезінде еңбек еткенде де ұжымдағы жетпістей адамның бес-алтауы ғана қазақ екен.

Ол қазірде де өз мамандығы бойынша теміржол саласында еңбек етеді. Бүгінде елудің жуан ортасына жақындады. Әке жолын қуып ізбасары болып жүрген Нұркеніне кейде сынай қарайтыны бар. Сондайда өзінің жалындап өткен жастық шағы есіне жиі оралады…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button