Басты жаңалықтарӘлеумет

Баға, қайда барасың?..

Елімізде жыл сайын қаңтар айы басталысымен азық-түліктің бағасы шарықтап кетеді. Кәсіпкерлер мен саудагерлер бағаның көтерілуін инфляциямен, жанар-жағармай бағасының қымбаттауымен байланыстырса, атқарушы билік бағаны барынша «ауыздықтауға» тырысып келеді. Биыл өңірде азық-түлік бағасы өсті ме? Бағаны тұрақтандыруға байланысты қандай шаралар атқарылып жатыр? Осы мәселе төңірегінде жауапты мамандар мен тұрғындардың пікірін білген едік…

«Табыстағы» бағалар

Бүгінде ақтөбеліктердің көпшілігі азық-түлікті «Анвар», «Дина» сауда желілерінен, «Табыс» коммуналдық базарынан, сондай-ақ Орталық базардан алады. Бұл сауда орындарында баға әртүрлі. Арнайы араладық: Осылардың ішінде «Табыс» коммуналдық базарында көкөніс, ет пен дақылдардың бағасы басқаларға қарағанда әлдеқайда арзан. Мәселен, бұл жерде картоптың бір келісі —180-200, пияз — 100, сәбіз — 190, қырыққабат — 260, қызылша — 200, қияр — 750, қызанақ 800 теңге, сиыр етінің бір келісі — 1850, жылқы еті — 2200-2500, қой еті 1500-2000 теңге тұрады.

Көкөніс сатумен айналысатын Жазира Жетпісбаева биыл бағаның біршама көтерілгенін айтады. Мысалы, өткен жылы «Табыс» базарында картоптың бағасы 150-160 теңге болыпты.

Көкөністің бағасы өткен жылмен салыстырғанда біршама өсті. Дегенмен халық бағасына қарамай алып жатыр. Жалпы, азық-түліктің қай түрі болсын, жылдан-жылға қымбаттап барады. Өткен жылы бізде қырыққабат бағасы арзандау болып еді. Биыл 260 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Оның себебі, қырыққабат біздің өңірге Жамбыл облысынан әкелінеді. Ал картоп Қарғалы ауданының Петропавловка, Пригородный, Шәмші Қалдаяқов ауылдарынан келеді. Сапасы жақсы, алушылар көп. Мәселен, қазіргі таңда қаладағы 16 мектеп пен 8 балабақша картоп, пиязды тұрақты түрде менен сатып алады, — дейді Жазира Жетпісбаева.

«Табыс» базарын аралап, бағаларды бағамдап жүргенімізде тұрақтандыру қорынан келетін көкөністерді сататын шағын дүкенді көрдік. Бағаларды барып қарап едік, бұл жерде көкөніс басқаларға қарағанда 20 пайызға арзан болып шықты.

Дүкен сатушысы Оля Бөкенбаеваның айтуынша, қазір дүкенде картоптың бір келісі — 94, пияз — 94, сәбіз — 94, қырыққабат — 270, қызылша — 200, қияр — 800, қызанақ — 700, күріш 240 теңгеден сатылып жатыр.

Картоп, сәбіз, пияз бізге тұрақтандыру қорынан келеді. Ал қырыққабаттың қымбат болатыны, оңтүстік өңірлерден тасымалданады. Көкөністердің бағасы арзан болғанымен, сапасы жақсы. Картоптың бірден бірнеше қабын алып кетіп жатқандар бар, — дейді Оля Бөкенбаева.

Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы сауда желілерінің бірінде тұрақтандыру қоры картобының сапасына қатысты біраз шу болғаны белгілі. Осыған байланысты дүкен сатушысынан бұған дейін қордан жеткізілген картоптың сапасын сұрап едік, «Сапасы жаман емес, бағасына сәйкес қой», — деген екіұшты жауап алдық.

«Табыс» коммуналдық базары қаланың шетінде орналасқан. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі бұл базарға келгеннен гөрі үйлеріне жақын жердегі «Анвар», «Дина» сауда желілеріне барғанды жөн көреді. Дегенмен көкөніс, ет өнімдерін арзан бағаға алғысы келгендер бұл жерге апта сайын келеді екен. Қала тұрғыны Ләйлә Қалиева үнемі «Табысқа» келіп, азық-түлік алуды дағдыға айналдырған.

Мен Болашақ ауданында тұрамын. Зейнеткермін. Апта сайын осы жерге келіп, азық-түлік аламын. Басқа сауда орындарына қарағанда, «Табыста» баға біршама арзандау. Өткен жылмен салыстырғанда биыл баға едәуір өскені байқалады. Дегенмен Жаңа жыл қарсаңында баға тіпті өсіп кетіп еді. Қазір тұрақталған сияқты. Біз сияқты зейнеткерлер үшін азық-түлік бағасының арзан болғаны жақсы. Жалпы қымбатшылық  қарапайым халыққа қиын болып тұр, — дейді Ләйлә Қалиева.

Ал қала тұрғыны, «Табыс» базарында 30 жылдан бері ет сатумен айналысатын Науат Демесенова биылғы азық-түліктің бағасы өткен жылмен бірдей екенін айтады.

— Ет бағасы биыл қымбаттаған жоқ. Бізге көбіне ірі қара мал еті Қобда, Ырғыз аудандарынан келеді. Бұрын Байғанин ауданынан келетін, биыл қыс түскелі келген жоқ. Жаңа жылдан бері етсіз отырған күніміз болған жоқ. Халық келіп алып жатыр, шағымданып жатқан ешкім жоқ. Жалпы азық-түліктің бағасы былтырғы жылмен бірдей болып тұр, — дейді ол.

Сүт пен сұйық май неге қымбат?

Біз бағаларды салыстыру үшін қаладағы «Анвар», «Дина» сауда желілеріне де бардық. Байқағанымыз, Жаңа жылдан кейін бұл сауда орындарында баға едәуір қымбаттаған. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында «Анвар» сауда желісінде картоптың бір келісі 216 теңге болса, қазір — 221 теңге, сәбіздің келісі 176 теңге болса, қазір — 188 теңге. Ал

тұрғындар көп қолданатын «Новый день» (3,2%) сүтінің бір литрі 312 теңге болса, қазір — 326 теңге, пияз 90 теңге болса, қазір — 97 теңге. Міне, нақты дәлел. Ал сұйық майдың бағасы шарықтап тұр. Мысалы, тұтынушылар көп қолданатын «Маслозавод» майының бір литрі бұған дейін 760 теңгеге сатылса, қазір оның бағасы — 830 теңге.

«Анвар» сауда желісінің қызметкерлерінен бағаның қымбаттау себебін сұраған едік: «Бізге жоғары бағамен келеді, біз үстіне көп қоспаймыз», — деп қысқаша жауап берді.

Біз Сәңкібай батыр даңғылындағы «Анвар» супермаркеті мен Әбілқайыр хан даңғылындағы «Дина» супермаркетін асықпай аралап шықтық. Мұнда келушілердің саны көп екен. Тұрғындардан бағаға байланысты пікір сұраған едік, көпшілігі наразылықтарын білдірді.

— Түсіп жатқан баға жоқ. Бір жалақымен өмір сүретін біз сияқты адамдар үшін қымбатшылық қиын болып тұр. Мен жеке шаруашылықта жұмыс жасаймын, темір қабылдап сатамыз. Айына 100-110 мың теңге жалақы аламын. Зайыбым жұмыс істемейді. Тапқан еңбекақыма азық-түлік апарамын. Үйде 6 адамбыз, 4 балам бар. Айына 100 мың теңгеге тамақ аламыз. Қанша ақша тапсақ та, жетпейді. Себебі бәрі қымбат. Соңғы оқиғаларға байланысты өңірде газ бағасы түскенін естідік. Енді азық-түлік бағасы арзандаса деген тілек бар, — дейді қала тұрғыны Сетал Беребасов.

«Анвар» супермаркетінен самбодан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Раиса Байлиеваны кезіктірдік. Депутаттан азық-түлік бағасына қатысты пікірін сұрадық.

Президентіміздің тапсырмасынан кейін азық-түлік бағасы тұрақтанды. Жыл басында картоп, сәбіздің бағасы көтерілген жоқ. Өзім осы «Анвар» супермаркетіне келіп, апта сайын азық-түлік аламын. Бұған дейін сауда орындары әр затқа 100-200 теңге қосып сатса, қазір ондай шарықтаған баға жоқ. Негізі, бағаны көтеретіндер — өндірушілер мен халық арасындағы делдалдар. Сондықтан монополия және бәсекелестікке қарсы департамент өз жұмыстарын дұрыс атқарса, бұлай баға көтерілмес еді. Біз қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері ай сайын сауда орындарындағы бағаларға мониторинг жасаймыз. Дегенмен заң жағынан біздің қолымызда құзыреттілік жоқ. Сол үшін кәсіпкерлерге нақты талап қоя алмаймыз, — дейді ол.

Сөз арасында әлем чемпионынан айына азық-түлікке қанша жұмсайтынын сұрағанымызда: «Отбасында төрт адамбыз. Бір аптада тамаққа кемінде 15 мың теңге жұмсаймыз. Айына қанша жұмсайтынымызды есептей беріңіз», — деді (күліп).

Сонымен сүт пен сұйық май бағасы неге қымбат? Бұл сауалды біз кәсіпкерлерге де, саудагерлерге де қойып көрдік, бірақ ешқайсысы себебін айтуға құлықты емес екенін аңғартты. Бірді-екілі сауда саласының өкілі сүт, сұйық май өнімдері өзге өңірлер мен көрші елдерден қымбат бағаға келетінін жеткізді. Ал жауапты мамандар өңірдегі бағалар республикалық бағадан төмен екендігін ғана айтты.

Бағалар «сөйлейді»

 «Анвар» супермаркеті:

Картоптың бір келісі — 221, сәбіз — 188, пияз — 97, қырыққабат — 276, қызылша — 275 теңге.

Сұйық майдың бір литрі: «Шедевр»  — 824, «Корона Изобилия» — 712, «Маслозавод» — 830, «Боготовское» — 672, «Злата» — 699 теңге.

Сүттің бір литрі: «Новый день» (3,2%) — 326, «Новый день» (6%) — 362, «Милко» (3,2%) — 291, «Околица» (6%) — 459, «Одари» (3,2%) — 492, «Лактел» (3,2%) — 409, «Айс» (3,2%) — 405, «Село лесное» (4%) — 402 теңге.

«Дина» супермаркеті:

Картоптың бір келісі — 225, пияз — 95, қырыққабат — 280, сәбіз — 177 теңге.    

Сұйық майдың бір литрі: «Саратовская» — 638, «Забота» — 749, «Майское» — 728 теңге.

Сүттің бір литрі: «Новый день» (3,2%) — 355, «Новый день» (6%) — 395, «Милоко» (3,2%) — 383, «Милоко» (6%) — 422, «Петропавловское» (3,2%) — 403, «Лактел» (2,5%) — 397, «Лактел» (3,2%) — 428 теңге.

Бағаны негізсіз көтергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Бағаларды бағамдап болған соң, Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеевтен өңірде азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы сұрап білдік.

Статистика департаментінің деректері бойынша өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында облыс бойынша тұтыну бағаларының индексі 108,7 пайыз болды. Қазақстан Республикасы бойынша бұл көрсеткіш – 108,4 пайыз. Оның ішінде тамақ өнімдері бойынша көрсеткіш — 110,7 пайыз (республикада — 109,9 пайыз).

Ал Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексіне келсек, биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап 18 қаңтарға дейінгі кезеңде бұл көрсеткіш 100,1 пайыз болса (республикада — 100,2%), ай басынан бастап аталған көрсеткіш — 100,5 пайыз.

Жалпы, бүгінгі күні Ақтөбе қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 19 түрінің 16 позициясы бойынша бағалар республикалық бағадан төмен. Қалған үш позиция бойынша бағалар республикалық бағадан жоғары болып отыр. Олар — қарақұмық (4,5%), пияз — (1,5%) және қырыққабат (25,5%), — дейді А.Көкеев.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында жыл сайын қала әкімдігі жергілікті тауар өндірушілермен, сауда желілерімен, базарлармен және жылыжай шаруашылықтарымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қояды. Мысалы, өткен жылы 40 меморандум жасалған.

— Қалалық кәсіпкерлік бөлімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 позициясының бағаларына, бағаларды ұстап тұруға және жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған меморандум шарттарының сақталуына байланысты үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Жыл басынан бүгінге дейін жүргізілген мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі анықталған жоқ. Егер осындай дерек анықталса, онда біз дереу Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне бағаның көтерілуінің негізділігін тексеруге хат жолдаймыз.

19 қаңтарда Ақтөбе қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша өткізілген жиында қала әкімі Асхат Шахаров бөлім басшыларына бағасы төмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілер мен өндірушілерді іздестіруді жалғастыруды, төмен бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін, шикізат өндірушілерді іздестіру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ 2004 жылғы 12 сәуірдегі №544 «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізілмеген сауда нысандарында (супермаркеттер, шағын маркеттер, үй жанындағы дүкендер) шекті сауда үстемесінің мөлшерін сақтау бойынша күн сайын мониторинг жүргізу керектігін айтты. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында қаланың ішкі сауда субъектілерінің 2004 жылғы 12 сәуірдегі № 544 «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 1-тармағын сақтау туралы жадынама-хабарлама әзірленді. Ақтөбе қаласы Астана және Алматы аудандары әкімдіктерінің және кәсіпкерлік бөлімінің мамандары қаланың ішкі сауда субъектілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратуда. Бүгінгі күні қаламызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары тұрақты бақылауда, — дейді бөлім басшысы.

Аталған жадынамада ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабы 1-тармағына сәйкес ішкі сауда нысандары (супермаркеттер, шағын маркеттер мен дүкендер) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын (төменде тізімі беріліп отыр — авт.) өндірушілер мен көтерме сауда бағасынан 15 пайызға асырмау керек. Егер шекті сауда үстемесі бойынша белгіленген мөлшерден асыру фактісі анықталған жағдайда

ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі

(Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген)

№ п/п Тауардың атауы
1 Бірінші сортты бидай ұны
2 Бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді)
3 Рожки (өлшеніп салынатын)
4 Қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын)
5 Тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын)
6 Картоп
7 Асханалық сәбіз
8 Басты пияз
9 Қырыққабат
10 Аққант – құмшекер
11 Күнбағыс майы
12 Сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі)
13 Тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік)
14 Пастерленген сүт, майлылығы 2,5%, жұмсақ қаптамада
15 Майлылығы 2,5% айран, жұмсақ қаптамада
16 Сарымай (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%,

толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ)

17 Тауық жұмыртқасы (I санатты)
18 Ac тұзы («Экстра»-дан басқа)
19 Сүзбе (майлылығы 5-9%)

 

Тұрақтандыру қорында 2768 тонна картоп бар

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуін тежеу ​​мақсатында құрылған өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс жасайды. Бүгінде бұл қорда 2768 тонна картоп, 300 тонна пияз, 595 тонна сәбіз, 60 тонна қырыққабат, 100 мың литр сұйық май бар.

«Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ақтоты Тасымбетованың айтуынша, өңірлік тұрақтандыру қорының қызметі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі №280 бұйрығымен және Ақтөбе облысы әкімдігінің 2019 жылғы 21 қазандағы №440 қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларымен реттеледі.

— Өткен жылдың қазан айында картоптың бір келісі 120 теңге болды. Бір аптадан кейін тауарлық интервенциядан кейін картоптың орташа бағасы 106 теңгені құрады. Қазіргі таңда картоп бағасы 94 теңгеге түсті. Сондай-ақ сәбіз бен пияздың бір келісі — 94, бір келі күріштің бағасы 210 теңгеге сатылып жатыр. Бүгінге дейін облыста 160,9 тонна картоп, 65,3 тонна сәбіз және 15,4 тонна пияз сатылды. Тұрғындар бұл өнімдерді «Табыс» базарынан, «Анвар» және «Дина» сауда желілерінен нарықтағы бағаға қарағанда төмен бағамен сатып алуына болады, — дейді А.Тасымбетова.

«Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасарының айтуынша, аталған сауда орындарынан бөлек қаладағы шағын базарлардан да (арнайы кестеде беріп отырмыз —авт.) арзан бағамен көкөніс түрлерін сатып алуға болады.

P.S. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында Үкімет пен барлық әкімдерге алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Бұл туралы Президент: «Егер нарықта азық-түлік мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға еш амал көмектеспейді», — деген болатын. Сондай-ақ Президент азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты өңір басшыларына тапсырмалар берген. Бұл мәселені «Ақтөбе» газеті ұдайы назарда ұстайтын болады. Әзірге облыс орталығындағы сауда желілердегі бағаны ғана жаздық. Аудандарда қалай? Бұл сұраққа алдағы нөмірлерде жауап беретін боламыз. Сіздің ауданда баға қандай, оқырман?..

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button