Мәдениет

Хирургтер зейнетке шықпайды…

Бір қарасаң, бұл кісінің басқалардан түк айырмашылығы жоқ. Кәдімгі алпысты алқымдаған кісі. Бір қарасаң, өзіне ғана тән болмысы, мазмұнды өмір жолы бар. Оның ерекшелігі — медицина ғылымының майын ішкендігі, алдына соңғы үмітін арқалап келген мыңдаған адамға қолының шипасын тигізгені, сонау қиын-қыстау заман туғанда да мол мүмкіндігі бола тұра айлығы аз жерден кетпей еңбек етіп келе жатқандығы, пышақтың қырында жүрсе де, аузынан әзілі түспейтіндігі…

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің №1 хирургиялық аурулар кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, жалпы хирургияның жоғары дәрежелі дәрігері Нағашыбай Ақатаев осындай кісі.

—    Алпысқа келсем де, өзімді қартайдым деп есептемеймін. Баяғыда бір шал жетпіске толып жатқанда терең күрсініп алып: «Қайран, алпысым-ай!» — деген екен деседі. Енді мен «қайран, елуім-ай» дейтін шығармын. Ал былайынша, алпыс деген тал түс сияқты екен…

—    Ғасырдың бел ортасынан астыңыз. Өз-өзіңізге есеп бердіңіз бе? Жеткеніңіз көп пе, жете алмағаныңыз көп пе?

—    Жеткенімнен жетпегенім көп деп ойлаймын. Өмірімнің соңына дейін қанша нәрсе жасап үлгеретінімді де білмеймін. Адам болған болмысымды айналам біледі, өзім пәлен деп айта алмаймын. Дәрігерлік дәрежемді алдыма дәру іздеп келген адамдар айтар. Маман, кәсіп иесі ретінде өтуге тиіс баспалдақтың барлық сатысынан өттім деп есептеймін. Оқу бітірген соң ауданда хирург болдым, одан соң Ақтөбеде қатардағы дәрігер, медициналық академияда ассистент мұғалім, доцент, облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас хирург, медакадемияның клиника жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі болып еңбек еттім. Қазір хирургиялық аурулар кафедрасының жетекшісімін.

—    Орыс хирургтары өздерін «пышақ қырында жүрміз» дейді екен. Сіздің «пышақ қырында» жүргеніңізге қанша жыл болды?

—    36 жыл. Аптасына 2-3 операция жасайтынымды ескерсек, 36 жылда кемінде 5 мың операция жасаған екенмін. Ауданда жұмыс жасап жүрген кезде гинекологиясы бар, травматологиясы бар, әйтеуір пышақ алып кесетін, жіппен тігетін медициналық операциялардың барлығы хирургтың қолынан өтетін-ді. Ал облыс орталығына — көп маманның ортасына келгеннен кейін, ұсақ-түйек операциялардың барлығына араластық. Медицина — тәжірибемен байитын сала. Тәжірибеміз байып, уақыт өткен сайын жеңілдеу операцияларды жастардың қолына беріп, өзіміз күрделі операцияларға ауыстық.

—    Қандай операция күрделі болып есептеледі?

—    Күрделі емесі жоқ, қан шыққасын, пышақпен кескесін, тілгесін, тіккесін, барлығы да күрделі деп есептеледі. Негізі біздің саламыз — іш-құрсақ хирургиясы деп аталады, яғни операция қарын, өт жолы, бауыр, талақ, ұйқы безі, аш ішек, тоқ ішек, тағы басқа ауруларға байланысты жасалады. Соларды алып тастау, алып тастаған ағзаның орнына соның қызметін атқарып тұрған басқа ағзаны қою… мұның барлығы оңай жасалатын операциялар емес.

—    Сәтсіздіктер бола ма?

—    Әлбетте, болады. Орыс әріптестеріміздің арасында «У каждого хирурга свое кладбище» деген сөз бар. Рас, әдетте адам өлімі дәл сол операцияның салдарынан, яғни хирургияның дәрменсіздігінен емес, аурудың әбден асқынып кеткендігінен болады. Бірақ, марқұмның туыстары олай ойламайды, олардың пікірінше, барлығына дәрігер ғана кінәлі. Науқастың жағдайын тек дәрігер ғана біледі, алайда соны біле тұра операциядан кейін сәтсіздік орын алса, оған қайғырмайтын, уайымдамайтын хирург жоқ. Ол мүмкін көзіне жас алмас, оңашаланып сарыуайымға да түсіп кетпес, бірақ «неге құтқара алмадым, неге сәтсіздік болды, аурудың меңдеп кеткенін біле тұра неге операция жасауға бел будым…» деген сан сұрақтың ортасында сенделіп жүреді. Ол жалғыз менің ғана емес, барлық хирургтың басында кездесуі мүмкін жайт.

—    Сондай кезде «осы жұмысты қойсам қайтеді» деген пендеуи ой бола ма?

—    Жоқ, хирургияны тастап кеткім келген кезім болған емес. Керісінше, сәтсіздіктің неден болғанын, қатенің қай жерден кеткенін іздеуге тырысамын, өзге дәрігерлермен ақылдасамын, олардың тәжірибелерімен бөлісемін. Содан соң классикалық әдебиеттен бастап қазіргі жаңа технология жөніндегі әдебиеттерді тағы бір қарап, қай тұсты пайдаланбай қалдым, қай жерде қате жібердім — барлығын жіліктеп оқимын.

—    Хирург өмір бойы оқумен айналысады деңіз…

—    Ия, кез-келген дәрігер, соның ішінде хирург «мен оқып болдым, толдым, жетілдім, кітапта жазылғанның барлығын білемін, мен білмейтін ештеңе жоқ» деп өз-өзіне көңілі толған күні алға қарай дамуды қойып, кейін қарай кетеді, деградацияға ұшырайды. Ондай маманға адамның өмірін сеніп тапсыруға болмайды. Сондықтан хирург өмір бойы кітаппен дос болуы керек. Казіргі жастар кітапты көп оқымайды. Алайда, оларды жамандай беруге болмас. Бұрын үлкендердің де бізге көңілі толмайтын. «Шошимын кейінгі жас балалардан» деп Абай атамыз айтқан ғой. Үлкендердің жастарға қашанда көңілі толмайды. Қазіргі жас маман кітаптан гөрі интернетке көбірек сүйенеді, біз бұрын бір тақырып жөнінде жазу үшін бір апта бойы кітап ақтарушы едік, қазіргі студенттер бір күнде интернеттен көшіріп алып келеді, кейбіреуі жазып әкелгенін оқымайды да… Тақырыпты оқып, зерттеп, сараптамаған соң, ол есте қалмайды ғой.

—    Ауырған адам қатты қиналған сәтте тәжірибесі көп маманға барғысы келеді. Арнайы сізді іздеп келушілер көп па?

—    Ауырмаған адам қай дәрігердің қаншалықты білікті маман екенін біле бермейді, яғни, «басы ауырмағанның, құдаймен шаруасы жоқ» деген сияқты. Мені сұрастырып жүріп іздеп келетіндер баршылық. Басқа облыстардан да арнайы ат арытып келеді. Соңғы үмітіне сүйеніп жеткендердің алдында жауапкершілік жүгі де екі есе көбейеді. Жалпы, кез-келген сәтті шыққан операция тек дәрігердің өзі үшін ғана емес, оның жұмыс жасайтын жері үшін де жарнама болып есептеледі.

—    Ақтөбеде хирург жеткілікті ме?

—    Ресми деректер бойынша, Қазақстанның батыс өңіріне қазір мыңға жуық дәрігер жетпейді. Соның 200-ден астамы Ақтөбе облысына керек. Осының 50 шақтысы — хирург маманы болуы керек. Кезінде жеке емханалар ашылып, бюджеттік салада айлық шайлыққа жетпейтін қиын кезеңде мықты хирургтердің көбі кетіп қалды. Әсіресе, жастар солай жасады. Ал нағыз хирургияның не екенін түсінетін біз секілді орта жастан асқандар орындарынан қозғалған жоқ. Өйткені, хирургияның материалдық жағынан гөрі моральдық жауапкершілігі зор деп түсіндік. Мен өз басым ешқашан жеке емханаларда жұмыс жасап көргенім жоқ, рас, шақырған жерлер де жетіп жатты, кетіп қалуға жағдайым да болды. Тіпті «сен беріліп тұрған мүмкіндіктерді пайдалана алмайсың, бас пайдаңды білмейсің» деп ренжіген ағаларым да кездесті.

—    Хирургтар денені шімірікпей пышақпен кесе алатын қатыгез сияқты көрінеді маған…

—    Жоқ, біз қатігез емеспіз. Алайда хирургтің қатал болмасқа, кеудесінде өз «мені» болмасқа шарасы жоқ. Жалпы, хирургияда демократиядан гөрі диктатура көп. Мысалы, бізде жиырма шақты дәрігер бар, бір ауруға қатысты солардың жиырма түрлі пікірі болады, бірі «кесейік» десе, екіншісі «тілейік» дейді. Хирургия кафедрасының меңгерушісі солардың барлығының пікірін тыңдап, ортақ шешім шығаруға тиіс. Диктатура осы жерде керек.

—    Қазір еліміздегі хирургияның дамуына қалай баға бересіз?

Даму үстінде. Бұрын елімізде тек Сызғанов атындағы хирургияның ғылыми орталығы, балалар хирургиясы мен педиатрияның ғылыми орталығы ғана жұмыс жасаған болса, қазір травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығы, республикалық ғылыми нейрохирургия орталығы, республикалық ұлттық нейрохирургия ғылыми орталықтары, тағы басқалары ашылып, жалпы хирургия саласының дамуына үлес қосып жатыр. Еліміз бен шетел хирургиясы арасында тығыз байланыс орнады. Олардың тәжірибесін үйрену үшін біздің мамандарға ең алдымен тіл білу керек.

—    Сіз білесіз бе?

—    Білмеймін. Енді үйрену қиын шығар бізге.

—    Зейнетке шыққан соң үйренесіз.

—    Иә, құран мен намазды және шет тілін зейнетке шыққан соң үйренемін. Әзілім ғой, әрине. Зейнетке шығудың ауылы алыс деп ойлаймын. Өйткені, хирургтер көзі көрмей, қолы дірілдеп қалмаса, зейнетке шықпайды. Біздің арамызда жасы 70-80-ге келсе де, жұмыс жасап жүрген хирургтер бар. Ленинградта 104 жасқа келіп көз жұмған Федор Углов деген хирург болды. Ол кісі 100 жасын науқастың жүрегіне операция жасау арқылы атап өткен. 104 жасқа жеткенше «Вестник хирургии» журналының редакторы болған. Сондықтан, мен 60 жасқа келдім, осымен біттім деп ойламаймын. Қанша жасайтынымды, қалай жасайтынымды бір Алла біледі. Бірақ, ауырамын деп қыңқылдай беретін адамың мен емес.

—    Спортпен айналысасыз ба?

—    Жоқ.

—    Мүмкін жастық элексирін ішетін шығарсыз?

—    Жоқ, ішпеймін.

—    Сіздің әдеби кітаптарды көп оқитыныңызды білемін.

—    Иә, оған міндетті түрде уақыт табуға тырысамын. Жұмекен, Төлеген, Мұқағалидың, тағы басқалардың өлеңдерін үнемі оқып тұрамын. Жақында Есенберлиннің «Көшпенділерін» қайтадан қарап шықтым. Он күндей демалыс алып, сауықтыру санаторийіне жатып, соны пайдаланып «Абай жолын» қайталап шықсам деген ойым бар. Бала кезімізде қой бағып жүргенде оянған әдебиетке деген сүйіспеншілігіміз әлі сол күйінде. Кітап өмірді әдемілендіреді…

Қолы жеңіл хирург

Әріп ҚОЙШЫБАЕВ,

онколог, онкология кафедрасының меңгерушісі:

— Нағашыбай Ақатаев — Ақтөбе өңірінің, Ырғыз елінің халқы мақтанышпен айтатын азаматтарының бірі. Біздің ауданда бұл кісінің жәрдемі тимеген отбасылар аз. Ауылда оны «қолы жеңіл хирург» деп атайтын. Нағашыбай ағаны бала кезімнен білемін. 5-6 сыныпта оқып жүрген кезімде осы кісі туралы көп естіп, мен де сондай хирург болсам деп армандаушы едім. Сол арман мені медициналық институтқа алып келді. 5-курста оқып жүргенде Нағашыбай ағамыз бізге бірінші рет дәріс оқыды. Сол уақыттан бері оның адамгершілігін, азаматтық позициясын, мамандыққа деген адалдығын біз, студенттер, соңынан ерген інілері, үлгі тұттық, ұқсауға тырыстық.

Бұл кісі айналасындағыларға болсын деген ақ ниетті, пейілі таза адам. Әзілді сүйетін ағамыз қай ортаның да сәні. Пышақтың қырында жүретін хирургтар ортасында сөзбен демеп, көңіліңді көзбен ұға алатын мұндай адамның болғаны өте маңызды.

Оның отбасы да көпке үлгі боларлықтай ұйыған ұя. Сәндеш жеңгеміздің де мамандығы дәрігер, ол кісі қазір зейнетте. Үлкен қызы облыстық жедел жәрдем ауруханасында бөлім меңгерушісі, кіші қызы дизайнер. Ағамыз үш жиен немеренің сүйікті атасы.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button