БілімБасты жаңалықтар

Ұлттық жоба: 4 негізгі бағыт, 5 міндет

Өткен жылы қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 10 ұлттық жоба бекітілді. Соның бірі —  «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Ұлттық жоба 4 негізгі бағыттан, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Үкіметке мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Соған байланысты мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған білім сапасын көтеруге бағытталған кешенді жоба әзірленіп, қоғамда талқыланып, былтыр күзде бекітілді, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Ұлттық жоба 4 негізгі бағыттан, 5 міндеттентұрады. Еліміздің білім саласының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын қамтиды.

Жаңа модель:  «Ойын арқылы оқыту»

Бірінші міндет — мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «қаражат балаға» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Соның нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95 пайызға, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100 пайызға жетеді.

Біздің облыста 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі ұйымдарда қамтылу көрсеткіші – 87 пайыз. Жоспар артығы мен орындалды. Негізі,бұл көрсеткішті 85,4 пайызға жеткізуді жоспарлаған едік. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту – 89 пайыз.  Ал 3-6 жастағы балалардың қамтылуы қазірдің өзінде 100  пайыз болып тұр, — дейді басқарма басшысы.

Өңірде мектепке дейінгі 559 ұйым жұмыс жасайды. Оның 400-і — балабақша, қалғаны —  шағын орталық. Мұнда 43 086 балдырған тәрбиеленіп жатыр.

Қазір облыс бойынша 175 жекеменшік балабақша бар. Ондағы 15 715 балапанның  99 пайызы мемлекеттік тапсырыстың игілігін көруде.

—  Жеке балабақша ларға мемлекеттік тапсырыс берілудің арқасында жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердің саны артты. Мысалы соңғы 3 жылда жеке балабақша желісі 26,6 пайызға көбейді, — дейді Ж.Батырхан.

Облыста 7353 бала балабақша кезегінде тұр. Ең көбі Ақтөбе қаласының үлесінде. Облыс орталығында да 5122 балапан кезегін күтіп жүр.

Мектепке дейінгі ұйымдарды ашу және енгізудің қадамдық жоспарына сәйкес былтыр 25 балабақша ашылды. Айта кету керек, Алға мен Шалқар аудандарында бір-бірден артық бала бақша ашылып, балабақша ашу жоспары асыра орындалды.

Биыл 30 балабақша ашу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты мектепке дейінгі ұйымдардың бәрінде бала дамуының жаңа моделі енгізілетін болады. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты енгізіледі.

Қала мен ауыл: Алшақтық жойыла ма?

Ұлттық жобаның екінші міндеті— орта білім беру сапасын арттыру. Нақтырақ айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Соған байланысты кешенді шаралар қабылданатын болады.

— Оқушылардың функционалдық, математикалық сауаттылығын қалыптастыру бойынша тәжірибелерді зерделеу арқылы педагогтерге көмекші құралдар дайындалып, жинақталуда. Шағын жинақты ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсететін 11 ресурстық орталық (31 магниттік мектептер) жұмыс жасайды. Аталған мектептерде 1812 оқушы білім алады, — дейді басқарма басшысы.

Былтыр алғаш реет балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру механизмі қолданысқа енгізілді. Барлық балаларды қосымша білім алуға тарту және тең қол жеткізу мақсатында 2021 жылы жергілікті атқарушы органдардың балалар­ға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысын орналастыру нормасы заңнамалық түрде бекітілді. 2025 жылы ауыл балаларын қосымша біліммен толықтай қамту жоспарланып отыр.

Биыл 11 мектеп салынады

Үшінші міндет — мектептерді жайлы, қауіпсіз және заман талабына сай білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді жою және апатты мектептер үлесі 0,1 пайызға дейін қысқармақ. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп жаңартылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.

Биыл біздің облыста 11 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бәрі де ауыспалы жобалар. Осы құрылыстардың арқасында орын тапшылығы бар 3,  аппатты жағдайдағы 2  және үш аусымда білім беретін  2 мектептің мәселесі шешіледі.  

Мысалы, Қобда ауданында Терісаққан ауылындағы және Мұғалжар ауданында Құмжарған ауылындағы мектептердің ғимараты апатты жағдайда тұр. Биылаталғанекіауылда да 60 орынғаарналғанжаңамектепсалынатынболады, — дейді басқарма басшысы.

Қазір облыстағы 405 білім шаңырағының 3-еуі — апатты, 5-еуі — үш ауысымды, 34-і — ескі мектеп.

Жалпы 5 жылдық жоспар бойынша біздің өңірде 54 жаңа мектеп салу жоспарланған: 2021 жылы – 12 мектеп, 2022 жылы – 11 мектеп, 2023 жылы – 12 мектеп, 2024 жылы – 7 мектепжәне 2025 жылы – 12 мектеп. Сөйтіп, 2025 жылы апатты, үш ауысымды, ескі мектептердің мәселесі түбегейлі шешіледі.

Сұранысқа сай маман

Төртінші міндет—қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың барлығы да қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады.

«Білім туралы» Заңға сәйкес біздің облыста 2018 жылдан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға гранттар бөлініп жатыр. Мысалы, жергілікті бюджеттен жоғары оқу орындарында білім алуға 2018 жылы 100, 2019 жылы 100,  2020 жылы 80,  былтыр  80 грант бөлінді. Қазір жергілікті бюджет есебінен 280 жас білім алып жатыр, — дейді Жолдас Батырхан.

Облыста 42 колледж бар. Онда  25 596  жас оқуда. Білім алушылардың 58,1 пайызы мемлекеттік тапсырыспен оқиды.

Соңғы 3 жылға талдау жасасақ, қызмет көрсету және техникалық қызмет көрсету— 17,4 пайыз, білім беру — 18,3%, құрылыс, коммуналдық қызметтер, энергетика және көлік— 11,3 пайыз, өндіріс, монтаж, пайдалану және жөндеу (салалар бойынша) — 11,8 пайыз, байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар 11,1 пайыз бағытындағы мамандықтарға деген сұраныс басым. Биыл облыстағы колледждерден  6 жаңа техникалық мамандық ашу жоспарланып отыр.

Бесінші міндет — қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда, бұл жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді.

P.S.«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының бұрынғы мемлекеттік бағдарламалардан басты ерекшелігі — нақты және ең маңызды міндеттерге бағытталған. 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламамен салыстырғанда ұлттық жобада іс-шаралар жоспары 10 есе аз екен.  Кешенді жоспардың білім сапасын арттыруға қаншалықты ықпал ететінін уақыт көрсетеді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button