Жаңалықтар

Жылыту мәселесі шешілді

Жаңа жыл қарсаңында Әуе қалашығы шағын ауданы тұрғындарының көптен күткен мәселесі реттелді. Жаңа қазандық орнатылып, жылу берілді.

Жылыту маусымы басталғалы аталған аумақ тұрғындарының жылудың дұрыс берілмеуіне шағымданғаны белгілі. Себеп — қазандықтың әбден ескіріп, дұрыс жұмыс істемеуі.

Атқарушы биліктің араласуымен 1976 жылғы қазандық жаңартылды. Қазіргі таңда 4 жылу беру қазандығы да штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл 43 тұрғын үй, 7 бюджеттік мекеме, 33 заңды тұлғаны қамтиды. Яғни сол нысандарды жылытады.

— Жылыту маусымы басталғанда осы Әуе қалашағы шағын ауданында мәселе туындағанын барлығыңыз білесіздер. Біз бұны барынша бақылауда ұстауға тырыстық. Күн сайын облыс әкіміне бұл жөнінде хабардар етіп тұрдым. Міне, жаңа қазандық алып, сол түйткілді шештік. Қазіргі таңда бұның қуаттылығы талапқа сай беріліп тұр. Күні-түні тынбай еңбек еткен қарапайым жұмысшыларға рақмет! — деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Ресейлік қондырғының жұмысымен танысқан соң билік өкілдері сол аумақтағы №29 орта мектепке де барды. Оқу қабинеттерін аралап, жылу жүйесінің қалыпты режимде берілгеніне көз жеткізді.

Айта кетейік, «Aqtobe su-energy group» АҚ басшылығы жылу беру ішінара тоқтатылған күндерге төлемақыны қайта есептеуге уәде берді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button