Қыр үстіндегі тылсым тарих
Ұлы дала төсі өткен күннің ескерткіші — көне қорғандар мен қорымдарға толы. Гректер қорымды «некрополь» дейді, оның мағынасы «өлілердің қаласы» дегенді білдіреді. Қазақ даласындағы, соның ішінде біздің облыстың аумағындағы көне қорымдардың кейбірі, расында да, тып-тыныш мүлгіп тұрған өлілер «қаласына» ұқсайды: халықтық сәулет өнерінің үлгісі саналатын кесенелер, мазарлар, тамдар; тас қашаушы шеберлерден қалған жәдігерлер — төрт жағы бірдей өрнекке, қазіргі ұрпақ оқи алмайтын ескі жазуға толы құлпытастар, қойтастар…
Байғанин ауданының Қопа ауылдық округіне қарасты, ел аузында Едіге жалы атанып кеткен жердегі, қыр үстіндегі жым-жырт қорым, олармен салыстырғанда, жұпыны көрінгенмен, бұл жұпынылықтың тек сыртқы көрініс қана екенін, ал сыртқы көрініс тарихтың талай қатпарларына куә көне қорымның құндылығын бір мысқал да кеміте алмайтынын бірден-ақ ұғынасыз. Мұндағы бейіттердің бірқатарында үсті ашық етіп, қатар-қатар, дөңгеленте қойылған тастар тұр. Бұлар — алыстан әкелінбеген, осы қырдың жиегінен әртүрлі пішінде қашалып алынған тастар. Ал көпшілігінде ол да жоқ: біріне-бірі жалғасып жатқан төмпешік күйінде ғана сақталған. Құлпытастардың да бірен-сараны қалыпты. Бірақ олардағы араб қарпімен түсірілген мәліметтер әлі де анық көрінеді.
Қырдан төмен қарағанда, өтіп жатқан ұзын жол бар. Жергілікті өлкетанушы Ибраһим Ермекбаевтың айтуынша, бұл — өте көнеден келе жатқан жол.
— Кезінде «Ноғай жолы» аталған жолдың атауы кейіннен «Мақта жолы» болып өзгертілген екен. Өйткені орыс, татар, башқұрт көпестері осы жолмен мақта тасыпты, — дейді Ибраһим аға.
Бұрын көп төмпешіктің арасындағы үстін шөп басқан үлкен үйінді өткен-кеткеннің назарына алдымен ілігетін. 2021 жылғы зерттеулер аясындағы қазба жұмыстарынан кейін бұл үйіндінің құлап қалған көне кесененің орны екені анықталып отыр. Тіпті кесененің төменгі бөлігіндегі бірнеше қатар тас о бастағы қаланған қалпында сақталыпты. Кесененің құлаған тастарын археологтар бір-бірлеп аршып алып, әр қабырғасы 4-5 метр шамасындағы шаршы төртбұрышты толтыра жинап қойыпты. Тізілген тастардың қатары 20-ға жетеді. Қираған нысанның үлкен болғанын осыған қарап-ақ аңғарасыз.
2016 жылы осы тұсқа Алтын Орданың беклербегі, яғни бас уәзірі болған Ер Едігенің жерленгенін айғақтайтын белгі де қойылып, оның айналасы темір қоршаумен қоршалған. Белгіні қойған өлкетанушылар тек ел аузындағы мәліметтер ғана емес, архивтен алынған дерек — 1869 жылғы Орынбор өлкесінің картасына да сүйенген. Картада осы жерде Едігенің зираты бары көрсетіліпті.
Расымен де, бұл жерге ыдырап бара жатқан Алтын Орданы қалпына келтірген, 1399 жылы литва-польша әскері мен Тевтон ордені рыцарларының біріккен жасағын, ал 1408 жылы орыстарды жеңген, кейін ұрпақтары Ноғай Ордасын билеген Ер Едіге жерленген бе?
Кесене орнында зерттеу жүргізіп жатқан мамандар бұған жауап беруге әлі ерте деп санайды.
— Мұндағы зерттеулер 2019-2024 жылдар аралығына жоспарланған «Ақтөбе облысының киелі географиясы» жобасының аясында жүргізіліп жатыр. Әзірге белгілісі — кесененің орта ғасырлардағы, нақтырақ айтқанда, ХІV-XV ғасырлардағы құрылысқа жататыны. Мұнда жерленген тұлғаға қатысты пікір айтуға әлі ерте, — деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.
Жоғарыда аталған жоба облыстық тарихи-өлкетану музейінің тікелей атсалысуымен жүзеге асырылып жатыр. Жобаның аясында, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Серік Әжіғалидың жетекшілік етуімен, Байғанин ауданына, соның ішінде Үстірт, Доңызтау өңірлері жағына үш жыл қатарынан экспедициялар ұйымдастырылды. Биылғы экспедиция кезінде Едіге жалындағы қорыммен бірге, Сағыз бойындағы тағы екі қорымға айрықша назар аударылды. Бұлар — Едіге жалынан 10 шақырым жердегі Алып Ана қорымы және Сағыздың оң жақ бетінде, Едіге жалынан 7 шақырым қашықтықта тұрған Түкті Ата қорымы. Ел аузындағы деректер бойынша Едіге жалында — Едіге би, ал жоғарыда аталған қорымдарда оның ата-анасы жерленген.
— Міне, осы үш қорымда да зерттеулер жүргізсек дейміз. Алайда Алып ана қорымы Атырау облысының аумағында жатыр. Үш қорымды қатар зерттеуге осы жағынан қиындық туындауы мүмкін, — деді Мейрам Дүйсенғали.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Аслан Мәмедов те, Едіге жалындағы қазба жұмыстары төңірегінде әңгімелей келіп, орны табылған көне кесенені әзірге «Едігенің кесенесі» деп атауға болмайтынын айтты.
— Ел аузында «Едігенің кесенесі» аталғанымен, оның шындығын түпкілікті анықтау оңайға түспейді. Әлі де көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Әзірге нақты белгілі жайт — бұл жерде үлкен, күмбезді кесене болған. Ол күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, — деді Аслан Мәмедов.
Кірпіштерді дайындаған пеш те осы маңда болса керек. Бірақ, мамандардың айтуынша, оның орны әзірге табылмаған. Кірпіштер көлемі жағынан бірдей: 22х22 сантиметр, яғни шаршы пішіндес келген, ал қалыңдығы 6 сантиметр болады. Арада 6-7 ғасыр өтсе де, әлі де берік, көпшілігі сынбаған қалпы сақталған.
— Иә, ел жадында бұл жерде «Едіге жерленді» деген сөздің сақталып келгені рас. Оны үлкендерден есіттік. Кесене кірпіштерінің өлшемі бірдей болғанымен, түсі үш түрлі: басым бөлігі қызыл түсті, ал қарайып кеткені — отқа жақынырақ болып, пешке қатты күйгені; ақшылдаулары, керісінше, жеткілікті мөлшерде күймеген түрлері екен. Осы маңда бұлақ болып, тастар соның жағасында соғылған деседі. Біздің жұрт, әрине, ата-бабалар қорымын кие тұтып, қастерлеген. Бүтіні түгіл, құлап қалған кесенеге, оның кірпіштеріне тиіспеген. Дегенмен кеңестік заманның бастапқы кезеңінде, «аруаққа надандар ғана сенеді, көзі ашық адам ештеңеден қорықпау керек» деп жүрген үгітшілердің жетелеуімен, осы жерден кірпіш алып, шаруашылыққа пайдаланған бірен-саран жандар да болған. Сондай бір үйдің екі баласы қайтыс болғаннан кейін олар кірпіштерді орнына әкеліп қойған, содан кейін ешкім де тиіспеген. Бұрынғы қариялардан біз естіген әңгімелердегі деректер осындай, — дейді жергілікті өлкетанушы Ибраһим Ермекбаев.
Қазба жұмыстары кезінде кесене ішінен 6 қабір анықталған. Олардың арасында ортаңғы қабір негізгісі саналады, яғни кесене бастапқыда сол кісіге арнап тұрғызылған.
— Мұндағы адам ислам тәртібімен жерленген, басы құбылаға қаратылған және қасынан қандай да бір жеке заттары шыққан жоқ, — деді Аслан Мәмедов.
Ортаңғы қабір төрт жағынан таспен жиектелген. Бір қарағанда, мұнда дене тұрқы шағын ғана адам жерленгендей әсер қалдырады. Негізі, эпос кейіпкеріне айналған бұрынғы бабаларымызды біз алып тұлғалы кейіпте елестеткенімізбен, мысалы, ортағасырлық тарихшы ибн Арабшах (1389-1450 жж.) Едіге биді орта бойлы деп суреттеген екен. Мамандар бұл қабірде жерленген адамның жасын, жынысын, оған қатысты басқа да деректерді анықтау үшін сүйектің Алматыдағы антропологиялық зертханаға жіберілетінін айтты.
Ал мүрделердің нақты қай заманда жерленгені радиокөміртекті әдіспен анықталады. Кесенедегі қабірлердің екеуінде ғана ересек адам, ал қалғанында балалар жатыр. Бұл балалар орта ғасырларда емес, ХХ ғасырдың басында, аштық, қудалау тұсындағы қиын кезде амалсыз жерленген болуы мүмкін деген де жорамалдар бар.
Жоғарыда айтқанымыздай, мамандардың пікірінше, кесене үлкен, күмбезді болған. Оның ұзындығы 8,5 метрге жуықтаса, ені 7,7 метрден асады. Алдыңғы қабырғасы, басқаларына қарағанда, қалыңырақ қаланған және шағын ғана кіреберісі де бар. Сыртқы есігі кең, ал кіреберістен ішке өтетін есік оған қарағанда әлдеқайда тар. Мұндай жан-жақты ойластырылған, үлкен кесененің жай адамға арнап тұрғызылмайтыны түсінікті.
Зерттеушілердің айтуынша, Түкті ата мен Алып ана қорымдарында да ортағасырлық кесенелердің орындары бар. Олар — халық ғасырлар бойы тілеу тілеп, түнеп, сиынып келген киелі, қасиетті жерлер. Сондықтан ол жерлерде қазба жұмыстарын жүргізуге тұрғындар наразы болуы да мүмкін. Дегенмен мамандар қазба жұмыстары осы үш кесенеде жерленген адамдардың өзара туыстығын анықтау үшін, тарихтың ұмытылған, жазба дерегі сақталмаған парақтарын қалпына келтіру үшін қажет деп есептейді.
Едіге бидің туған жылы белгісіз, негізінен, ХІV ғасырдың 40-50 жылдары туған деп жорамалданады; ал қайтыс болған жылы — 1419 жыл. Тарихшылар 1395 жылы Темір-Құтлық хан таққа отырғаннан бастап, Алтын Орданың билігі іс жүзінде Едігеге көшкен деп санайды.
Едігенің жерленген жеріне қатысты түрлі дерек бар: Шоқан Уәлиханов оны Ұлытауда жерленген дейді. Ұлытаудың Едіге тауы аталатын бөлігінде, тау басында биіктігі құрық бойындай, пирамида іспеттес зират бар, Едіге сонда жерленсе керек деп жорамалданады. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпеев Едігені туған жері Құмкентке, Шашты Әзиздің қасына жерлеген дейді. (Баба Түкті шашты Әзизді аңызда бірде Едігенің әкесі, бірде арғы бабасы ретінде көрсетеді.) Жұбаназар Асанның айтуынша, Қадырғали Жалайыри (1535-1607 жж.) Едігенің Елек бойындағы үш Бөртенің орта Бөртесінде Қадырберді ханның (Тоқтамыстың баласы) қолынан қаза тапқанын жазып кетіпті. Бұл — Мәртөк ауданының аумағындағы жер. Атақты бидің мүрдесі қазіргі Байғанин жағына қарай сол жерден әкетілген деседі. (Бұл нұсқалардың анық-қанығы болашақта анықталады деп ойлаймыз.)
Жалпы, мамандардың Байғанин өңірі тарихын зерттеуге деген ықыласының жоғары екенін аңғардық. Мысалы, Аслан Мәмедов Едіге жалының айналасында он шақты қорған бар деп болжайды. Айтуынша, бұлар — осыдан 2-2,5 мың жыл бұрынғы сақ-сармат заманының қорғандары. Тарихшы Серік Әжіғали да: «Жем өзенінің төменгі сағасындағы Саптоғай жайлауында көлемді «патша» қорғандары бар», — деп жазады.
Байғанин аудандық музейінің директоры Ләззат Жаулина өңірден түркі дәуіріне тән екі балбал тастың табылғанына куә болғанын айтты. Оның бірі бүгінде өзі басқаратын музейдің экспозициясына қойылған. Бұл ауданда оғыздар тарихына қатысты ескерткіштер де бар. Ал Алтын Орда тарағаннан кейін бұл жер Ноғай Ордасының үлкен бір орталығы болғаны сөзсіз. Бергі ғасырларға келсек, мұнда халқымыздың тарихында жаңа бетбұрыс жасауға ұмтылған ұлы тұлғалардың іздері жатыр.
Сондықтан да мұндағы зерттеулер халқымыздың тарихын құнды деректермен толықтыра түседі деп күтуге әбден негіз бар. Соның ішінде, әрине, Едіге жалындағы зерттеулердің нәтижесін үлкен үмітпен күтеміз.
Индира ӨТЕМІС.