Басты жаңалықтар

Әлеуметтік желі: дұрыс қолдану — табыс көзі

Бүгінде әлеуметтік желінің табыс көзіне айналғаны рас. Оған дәлел ретінде  инстаграм әлеуметтік желісінде отандық блогерлердің күн санап артып келе жатқанын айтуға болады. Тіпті ешқандай қызметте жүрмей-ақ, көпшілікке танылып кетуге мүмкіндік көп. Бұл тек біздің елде ғана емес, шетелде де солай.

Әлемде әлеуметтік желілердің ішін­де қолданушылар саны жағынан facebook көш бастап тұр. Facebook-ке күніне орташа есеппен 1,6 млрд қолданушы кіреді екен. Әр 20 минут сайын бір миллион сілтеме таралады. Бұл әлеуметтік желінің ай сайынғы аудиториясы 35 млн адамға артып, жалпы қолданушылар саны 2,45 млрд  адамға жеткен.

Әлеуметтік желілердің ішіндегі тағы бір танымалы — instagram. Бұл желіде жазылған адамды сырттай бақылап қана қоймай, қажетті ақпаратты дер кезінде алуға, бизнес жүргізуге мүмкіндік мол. Осы артықшылықтарды ұтымды пайдаланып, жеке брендингті жарнамалау арқылы танымал болып үлгергендер бар.

Бұл желіде жазылушылар саны ең көп аккаунт — instagram әлеуметтік желісінің ресми парақшасы. 442 млн жазылушысы бар парақшада авторлық суреттерді жариялауға болады. Сондай-ақ түрлі тақырып бойынша топтастырылған сапалы суреттер бар. Екінші орында —  атақты футболшы Криштиану Роналду. Оның оқырман саны — 368 миллион. Футбол алаңында ғана емес, жалпы өмірде де халықтың назарынан тыс қалмайтын адамның оқырмандары күн санап артуда. Үшінші орында 273 миллион оқырманы бар шоу-бизнес жұлдызы Селена Гомез. 29 жастағы өнерпаздың аккаунтына жарнама беру құны 800 мың долларды құрайды екен. Бұл — әлем бойынша үздіктердің үштігі.

Мамандардың айтуынша, желідегі оқырмандар саны көбейген сайын, жарнамаға төленетін ақша құны да артады. Мәселен, еліміздегі ең рейтингі жоғары жұлдыздардың алдыңғы қатарында тұрған әнші Ерке Есмахан парақшасындағы бір посттан 3 миллионға дейін табыс табатынын айтқан бір сұхбатында. Ал продюсер Баян Мақсатқызының парақшасына жарнама беру үшін кемі 300 мың теңге қажет дейді мамандар.

Негізінен, жарнама аудиториясы — жас буын. Мәселен, 18 жастан асқан жастар іnstagram-ды тұрақты түрде пайдаланады. Қолданушылар саны артқан сайын әлеуметтік желінің қыз­мет аясы да кеңеюде.

Сүйікті ісін кәсіпке айналдырды

Әлеуметтік желі табыс көзін тапқанға кәсіп болуда. Олардың ішінде инстаграмды табыс көзіне айналдырып отырған жас блогерлер де көп.

Солардың бірі — ақтөбелік Аружан Өмірхан.  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті инстаграм әлеуметтік желісіне aruzhan.miro атауымен тіркелген. Бүгінде оның парақшасына 55 мыңнан астам оқырман жазылған. Жай ғана отбасын қуанту үшін түрлі кондитерлік өнімдер пісірумен айналыса бастаған ол бүгінде көпшілікке шеберлік сабақтарын ұйымдастырып жүр.

Осыдан бір жарым жыл бұрын әлемде пандемия басталғаны белгілі. Карантин кезінде барлығымыз үйде болып, қашықтан білім алдық. Бос уақытымды текке өткізгім келмеді. Бала кезімнен тәттілер пісіргенді жақсы көргендіктен, түрлі курстарға қатысып жүрдім. Елімізде тағамдардың рецепті толық, түсінікті, қазақ тілінде жазылған әлеуметтік желілер аз. Басқалар да үйренсін деген ниетпен қыз-келіншектерге арнап видео түсіріп, әлеуметтік желіге жүктей бастадым. Парақшама жүктелген түсірілімдерім көп қаралым жинап, аз уақыттың ішінде танымал бола бастадым.

Қолынан іс келетін кез келген жастың блог жүргізіп, одан табыс табуына керемет мүмкіндік бар. Ең бастысы — инстаграм әлеуметтік желісінде аудитория жинағың келсе, белгілі бір бағытта жұмыс жасаған дұрыс, — дейді ол.

Аружанның ең алғашқы онлайн шеберлік сабағына 200-ден астам адам қатысқан.

Егер торт пісіріп, киім тіксеңіз немесе киім-кешек сататын дүкен ашсаңыз, қолыңыздан келетін қандай да өнеріңіз болса, оны инстаграм парақшасы арқылы көрсетіп, тұтынушыға ұсынып, табыс табуға мүмкіндік мол екенін айтады.

Парақшаны белсенді жүргізу үшін үнемі тақырыпқа сай мәтін жазып тұру қажет. Оқырман пікірлеріне белсенді жауап беруді, пікір таластыруды, жекеге келген хаттарға жауап қатып, әрдайым жан-жақты ізденуді талап етеді.

Биылдан бастап шеберлік сабақтарын өткізуді қолға алдым. Қолжетімді бағада түрлі торттарды әзірлеу жолын үйретемін. Менен үйренген кейбір қыздар жаңа мамандық иесі атанып, табыс тауып жатыр.

Қазір кез келген жиын-той, қуаныш тәттісіз өтпейді. Мерекенің сәніне айналған тәттілер мен торттар әр дастарқанның төрінен орын табады. Бір кездері аналарымыз тәттілерді өз қолымен пісірсе, қазір бұл істі кәсіби шеберлерге тапсыруды жөн көреді.

Жалпы, ғаламторды тиімді пайдалана білген адамға оның пайдасы өте зор. Тек біреудің әлеуметтік желіге жүктеген киім-кешегін, ішкен-жегенін қарау, мағынасыз видеолар көру, уақытыңызды ұрлайды, — дейді.

Осылайша Аружан өзінің хоббиі арқылы тұтынушыларының алғысына бөленуде. Көріп тұрғаныңыздай, кез келген істі кәсіпке айналдыруға болады. Ол үшін ерінбей еңбек ету ғана керек. Оның болашақ арманы — өз кондитерлік дүкенін ашу.

Үздік жас блогер

Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияның 11-сынып оқушысы Айжан Маратқызы өткен жылы қалалық «Іnsta жұлдыз — 2020» байқауынан көрерменнің таңдауымен жеңімпаз атанды.

Қазір оның әлеуметтік желідегі парақшасында 324 мыңға жуық адам бар.

Қыздарға әсемдік, сән әлемі туралы кеңестер беріп, пайдалы ақпараттармен бөлісіп отырады.

— Мен үшін әлеуметтік желінің пайдасы көп. Себебі өзімнің сүйікті ісімді таптым. Блог жүргізіп, өз аудиториямды жинадым. Және бір жағынан табыс табуға мүмкіндік туды.

Қазір тұтынушылар да сауда дүкендерін әлеуметтік желі арқылы іздеп, тауып барады. Бұл — әрине, уақыт үнемдеуге өте тиімді. Кейде осындай орталықтардан жарнама жасауға ұсыныс түседі.  

Жарнаманың өз қыр-сыры бар. Мысалы, миллион оқырманы бар блогердің жарнамасынан түк пайда келмеуі мүмкін. Керісінше, жазылушылардың саны екі есе аз, бірақ танымал адамның бірауыз сөзі айтарлықтай нәтиже беруі ғажап емес. Мәселе тек санда емес, сапада, — дейді.
Әрине, әлеуметтік желіні адамдар әртүрлі мақсатта пайдаланады. Әлеуметтік желінің көмегімен біреу өз бизнесін жүргізіп жатса, біреуі қайырымдылық жұмыстарын өткізіп жатыр, енді біреуі өзінің оқып, көріп, білген-түйгенін жұртпен бөлісіп жатыр. Әлеуметтік желі арқылы соңғы жаңалықтар мен оқиғалардан әрдайым хабардар болып отырасың. Оған қоса түрлі көңіл көтеретін музыкалар мен әндер, фильмдер мен кітаптар, лекциялар мен мақалаларды да қалағаныңша тауып оқуға болады. Енді сіз де әлеуметтік желіге қандай мақсатпен кіріп жатқаныңызды ойланыңыз…

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button