Құқық

Заңнаманы ізгілендіру

Қоғамды қатыгездендіруден сақтайды

Жазалаудың бәрі жақсы жолға бағыттай бермейтіні, бұның бәрі айналып келгенде қоғамдағы қатыгездік ахуалын орнықтыра түсуге бір себеп тудыратындығын жоққа шығаруға болмайды. Соңғы кезде қабылданған ҚР «Қылмыстық заңнаманы әрі қарай ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылық кепілдіктерін одан әрі күшейту мәселелері бойынша  ҚР кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң осы реттегі ерекше қадамға айналып отыр. Сондықтан да аталған шараның өмірге келуі судьялар қауымдастығы, құқық қорғау органдары мен заңгерлер арасында кеңінен пікір алмасуға негіз болуда.

Осы заңның тек қана сот емес, жалпы құқық қорғау саласында қалай қолданылатындығы туралы ортақ пікірді қалыптастыру мәселесін көтерген

облыстық сот басшылығы жақында «Дөңгелек үтел» ұйымдастыруға ұйытқы болды. Оған облыстық сот, қылмыстық істерді қарайтын қалалық және мамандандырылған соттар мен әкімшілік сот судьялары, прокуратура, ІІД саласының басшылығы мен қылмыстық атқару жүйесі өкілдері шақырылды.

Алғашқы болып сөз алған облыстық сот төрағасы Бектас Бекназаров қылмыстық заңнманы ізгілендіру қазіргі күні мемлекеттік саясаттың бір бағыты екендігіне баса назар аударды.

Осы ретте ол 2010 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру нәтижелерін сараптай келе, Ақтөбе облысы соттарында қылмыстық істер бойынша жаза ретінде бас бостандығынан айырудың жиі қолданылғандығына, яғни республикалық көрсеткіштен 5 пайызға артық екендігіне тоқталды. Ал  2011 жылдың қаңтар айында дәл осы көрсеткіш республикалық деңгеймен шамаласуы — жүзеге асырылып жатқан ізгілендіру шараларының алғаш нәтижелері деп қабылданды.

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселесі бойынша жаңа заңға бас бостандығынан айыруға балама жаза ретінде бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстарға тарту және т.б. енгізіліп, ендігі кезекте халық пен мемлекет сот және құқық қорғау органдары салаларынан осы жаңалықтарды дұрыс қолдана білуді талап ететіндігі анық.

Ақтөбе қалалық №2, Мұғалжар аудандық №2, Алға, Мәртөк және бірқатар аудандық соттарда жаңа заң бойынша өзгерістер енгізілген ҚР Қылмыстық Кодексінің 103,105 және т.б. баптары бойынша бас бостандығын айыруға сотталғандар бар болса, ендігі жерде осы бағытта заң талаптарына сай жұмыс жүзеге асырылуы қажет.

Талқылау барысында «Дөңгелек үтел» отырысына қатысушылар аталмыш заң заңды күшіне енгеннен кейін белгілі бір баптар бойынша балама жазалар енгізілгеннен соң жазасы жеңілдеуі мүмкін сотталғандардың өтініш құжаттарын қарап, бас бостандығынан айыруды басқа жазаға ауыстыру мүмкіндігін қарастыру туралы ортақ пікірге келді. Аталмыш құжаттар сотқа келген соң, судья ҚР Қылмыстық кодексін, жаңа заң талаптарын және сотталушының жеке мінездемесін, қылмысты жасау мән-жайларын ескере келе шешім шығаруы қажет.

Осы орайда, тақырыпты талдауға белсене араласқан Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы Ә. Әділованың «Мысалы, мен белгілі бір іс бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 103-бабы 1-бөлімімен тұлғаны кінәлі деп тауып, бас бостандығынан айыру туралы үкім шығардым. Енді, міне, жаңа заң талаптарына сай, сотталушы өз жазасын жеңілдету туралы құжаттарын жинап, сотқа жолдайды. Ол құжаттар бөліну кезінде қарауға маған келіп түсетін болса, мен одан бас тартуым қажет пе, әлде оны қарай аламын ба?» деген сұрағы бойынша, талқылауға қатысушылар «іс құжаттарын қарап, жазаның қаншалықты дұрыс тағайындалғандығын тексеріп, сотталушының жеке басына баға беріп, шешім қабылдауыңыз қажет» деген пікірге келді.

Қылмыстық атқару жүйесі өкілдері қазіргі күні Ақтөбе облысының түзеу мекемелерінде өз жазасын өтеп жатқандар арасынан 522 адамның жазасы жаңа заң талаптарына сай қайта қаралып, өзгертілуі мүмкін екендігін баяндады. «Дөңгелек үтелдің» негізгі тақырыбы болған жаңа заң қабылданғанына аз ғана уақыт өтсе де, сотталғандар мен олардың заңды өкілдері белгілі бір баптар бойынша жазаны жеңілдету мәселелерін көтеріп, түзеу мекемелері мен арнайы органдарға хабарласып жатқандығын мәлімдеді.

Көпшіліктің пікірінше, ҚР «Қылмыстық заңнаманы әрі қарай ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылық кепілдіктерін одан әрі күшейту мәселелері бойынша  ҚР кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қазіргі күні түзеу мекемелерінде өз жазасын өтеп жатқандар санын азайтып, онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы заңбұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартылғандардың жазасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Тәртіп бұзушыны бас бостандығынан айырып, қамауға алмай-ақ жауапқа тартудың тағы бір оң нәтижесі — бұл халық арасында сотталғандардың санының азаюы болмақ.

Қазіргі күні республика бойынша түзеу мекемелерінде алпыс мыңнан астам адам өз жазасын өтеуде. Ал бұл дегеніміз аз ғана халқы бар еліміз үшін мақтанарлық көрсеткіш емес. Қазіргі күні мемлекет тарапынан жүзеге асырылып отырған сот және құқық қорғау саласындағы реформалардың нәтижесінде сотталғандар саны едәуір азаяды деп күтілуде.

Демек, ізгілендіру қылмыстың көбеюіне жол ашатын фактор емес. Бұл шара бәрібір заң бұзушыны жауаптан жалтартпайды. Ендеше, заң талаптарын салмақты түрде пайдалану, сөйтіп, қоғамды қатыгездендіруден сақтауға қызмет ету — судьяларымызға сын.

Нұр ДАБЫЛОВ.

***

Мектеп қаржысын қымқырғандар

Елдің еңбегін еш ететін, мемлекеттің іргесін сөгетін бүгінгі таңдағы қауіптің бірі —  сыбайлас жемқорлық. Мұның қауіптілігі де сол, егер адам баласының ойына, санасына енсе адалдықтан, ардан аттауына итермелейді.

Елбасымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті үдете түсу жөніндегі стратегиялық мақсаты қандай қауіпті кеселдің де алдын алуға, оның тамырына балта шабуға болатындығын айқындап берді.  Сыбайлас жемқорлықпен жүргізіліп жатқан күрес бүгінде елеулі кезеңге аяқ басып отыр деп түйіндеуге болады.

Шалқар аудандық сотында былтыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты барлығы тоғыз адамға сегіз қылмыстық іс қаралып, үкім шығарылды.

Егер нақтылап айтар болсақ, мектеп есепшілігінен бес жылға мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бас бостандығынан айыру жазасына бір адам сотталды. ҚР ҚК-нің 63-бабын қолдану арқылы шартты түрде жазаға алты адам тартылып, айыппұл түріндегі жазаға бір адамға үкім шығарылды, бір адамға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды.

Аудандық сот осы санаттағы қылмыстық істерге жаза тағайындағанда сотталушыларға қылмыстық жауапкершіліктері мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың бұрын-соңды сотталмағандықтарын, қызмет бабында ұнамды мінезделетіндіктерін, асырауларында кәмелетке толмаған балалары бар екенін және денсаулық жағдайларын ескерді. Сондай-ақ жаза тағайындалғанда сотталушылардың жасаған қылмыстарының қоғамға қауіптілік дәрежесі, келтірілген мүліктік зиянның мөлшері, яғни мемлекет қаржысын ірі мөлшерде ысырап еткендіктері қылмыстық жауапкершіліктері мен жаза шарасын ауырлататын  мән-жайлар деп табылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жалпы қылмыстық істер бойынша ақтау үкімі шығарылған жоқ. Жасалған қылмыстардың басым бөлігі аудан мектептеріне бөлінген қаржыны талан-таражға салуға байланысты. Елбасы мұғалімдердің әлеуметтік жағдайларын жылдан-жылға жақсарту талабын қойып отырғанда мұндай келеңсіздіктерге жол беру мүлдем жараспайтын қылық екені анық.

Тұрсын Қошаева,

Шалқар аудандық сотының

кеңсе меңгерушісі.

***

Сот жүйесіндегі жаңалықтар

Сот жүйесін реформалау туралы Елбасының Жарлығына сәйкес соттың жұмыстарын ұйымдастырып, материалдық жағынан қамтамасыз ету құзыреті Жоғарғы соттың жанынан құрылған сот кеңсесіне берілді. Мұның өзі сот тәуелсіздігін қалыптастыруға жасалған үлкен   қадам. Осылай сот өзге билік органдарынан бөлініп, тәуелсіз билік тармағына айналды. Сот кеңсесінің құрылуы соттың материалдық жағынан жабдықтау мәселесін түбегейлі шешіп қоймай, оны сапалық биікке де көтерді.

Кеңес заманында сот жүйесі тоғыз сатылы болғандығы есімізде. Талапкер немесе жауапкер сот шешімімен келіспеген жағдайда жоғары сатыға шағымданып, сот процесі бірнеше жылдарға созылған. Осының бәрі адам жүйкесін жұқартып, материалдық жағынан көп шығын әкелетін. Еліміздегі сот саласында жүргізілген реформаның жетістігі ретінде үш сатылы сот жүйесінің құрылуын атап өтуге болады.

Үш сатылы сот жүйесі 2010 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Бұл жүйе сот шешімдерінің сапасын жақсартып, істі қарау мерзімін қысқартуға игі ықпалын тигізеді. Мәселен,бұрын облыстық және Жоғарғы сот кейбір істерді бірінші сатыда қарайтын. Ісі бірінші сатыда облыстық сотта қаралған адам сот шешіміне келіспеген жағдайда Жоғарғы сотқа шағымдана алады. Ал дәл осындай аудандық сотта қаралған іс бойынша азаматтардың облыстық сотқа шағымдауына мүмкіндігі бар. Ал ісі бірінші сатыда  Жоғарғы сотта қаралған жағдайда, азаматтардың сот шешіміне шағымдану мүмкіндігі мүлде болмайды. Өйткені Жоғарғы соттың шешімі ең соңғы шешім болып табылады. Бұл азаматтардың сот шешіміне байланысты шағымдану құқығын бұзуға ықпал етеді.

Үш сатылы сот осы мәселені түбегейлі шешеді. Бірінші сатыдағы барлық істер енді тек аудандық және оған теңестірілген соттарда ғана қаралатын болды.Сот шешіміне келіспеген азаматтар облыстық сотқа, содан кейін Жоғарғы сотқа шағымдануларына мүмкіндіктері бар. Үш сатылы сот жүйесі істі қарау мерзімін қысқартады, сөйтіп азаматтардың уақыттарын үнемдеуге игі ықпалын тигізеді.

Өткен жылы елімізде болып, сот жүйесіне жеті талап тұрғысынан мониторинг жүргізген Біріккен Ұлттар Ұйымы сот мониторингі жөніндегі кеңесшісі Пим Альбертс Қазақстанның сот жүйесінің әлемдік стандарт талабына сай екендігін мәлімдеп, оның өзге елдерге үлгі боларлық жақсы жетістіктері туралы атап көрсетті.

Сот жүйесінің бір жетістігі істі судьяларға автомат жүйесі бойынша бөлу. Бұл судьялардың арасындағы істерді бөлуде сәйкессіздіктердің болуына жол бермейді. Сондай жетістіктердің бірі судьяның қызметін пайдаланушы азаматтардың шағымды электронды түрде және жазбаша хат арқылы да бере алатындығы. Соттың істі қарау барысы туралы интернет жүйесі арқылы азаматтардың ақпарат алып отыруларына мүмкіндіктері барлығы да сот саласының  үлкен жетістігі деуге болады.

Қазақстан сот жүйесінің   тағы бір үлкен жетістігі – сот мәжілістерінде қазіргі заманғы   озық ақпараттық технологияларды қолдану. Бейнеконференц байланыс арқылы өтетін осындай сот мәжілістері елімізде кең көлемде жүргізілуде. Мұндай мәжілістер негізінен апелляциялық шағым бойынша қаралатын істерде қолданылады.Ол айыпкерді әкелу, куәларды шақыру сияқты көп шығыннан босатады және сот отырысының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Қазақстанның сот жүйесінде жәрдемдесу жобасы аясында республиканың соттары сапалы аудио бейнежазба жүргізілуге арналған жаңа заманға сай техникамен жабдықталған. Бұл сот процесінің ашық өтуінің бір кепілі болып табылады.Осыған сәйкес жоғарғы сатыдағы соттардың бейнежазбаны көру арқылы процесс толық объективті ақпарат алуға мүмкіндіктері бар. Аудио -бейнежазба соттардағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі.

Президент сот жүйесі дамуының негізгі міндеті ретінде сот төрелігін іске асыруда заңды қатаң сақтауды тапсырды. Судьялардың тәуелсіздігі мен сот төрелігінің тиімділігі сот жүйесінің дамуына басты бағдар болып табылады. Қазіргі таңда   сот-құқықтық реформалар сәтті жалғасуда. Мамандандырылған экономикалық, әкімшілік және қылмыстық   соттар өз мақсатын ақтауда. Осыған орай облыстық соттарда оқу орталықтары жұмыс істеп, судьялардың, жас кадрлардың жұмысын үйлестіруге бағытталған.

Сот беделі — мемлекеттің беделі. Сот беделінің судьялар беделінен құрылатынын ешқашан естен шығармау судьялар қауымдастығының айнымас қағидасы болып қала береді.

Гүлмира Омарова,

мамандандырылған

ауданаралық экономикалық

сотының жетекші маманы.

***

Жыл қорытындысы: судьяға түсер салмақ көп

Облыстың сот қауымдастығы жыл басында өткен кезеңнің қорытындыларын сараптауға жиналды. Бұл кезең олар үшін жаңашылдыққа толы болды. Атап айтар болсақ, облыстық соттардағы қадағалау сатысы таратылып, облыстық сот судьялары бірінші сатыдағы қылмыстық істерді қараудан босатылды. Сонымен қатар, кассациялық сот алқасы жұмыс жасай бастады. Алқа билер қарайтын аса ауыр қылмыстық  істер ауданаралық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотына берілді.  Өткен жылы  сот төрелігін жүзеге асыру бағытында көптеген шаралар жасалып, бұл жұмыстар оң нәтижеге жеткізді.

Апелляциялық сот алқасының төрағасы Рахметолла Хайруллиннің айтуынша, ағымдағы жылы да ҚР Жоғарғы соты мен облыстық сот тарапынан қойылып отырған талаптар қатаң сақталатын болады.

Бір атап өтерлік жайт, судьяларға жүктелген жүк салмақ та аз емес. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе қалалық сотының судьялары орта есеппен ай сайын 75 іс қараған, бұл жалпы  нормативтік жүктемеден үш есе артық.

Былтыр облыс бойынша соттар 3656 адамға қатысты 3149 қылмыстық іс қарады. Егер салыстыра айтатын болсақ,  2009 жылмен салыстырғанда жұмыс көлемі 13,1%-ға өскен (3198 адамға қатысты 2784 іс).  Ағымдағы жылда қаралған істерден 1629 адамға қатысты 1320 іс бойынша үкім шығарылды. Соның ішінде, 11 адам ақталды.  Судьялар жүктемесінің нормативтік жүктемеден едәуір асуы әлі де сақталуда. Әсіресе, бұл жағдай қалалық №2 сотына тән. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қалалық №2 соты қараған істердің саны жалпы облыс соттары қараған істер  санының  50,9 пайызын (3149) құрады. Осыған  байланысты, ағымдағы жылда бір айлық жүктеменің орташа көрсеткіші 1 судьяға 9 іс болса, 2009 жылы 6 іс болды. Ал қалалық №2 сотта бір айлық жүктеменің орташа көрсеткіші 1 судьяға 12 істі құраған. Жалпы жүктеме көрсеткіші 2006 жылдан бастап ұлғайып келеді, өйткені қылмыстық істердің соттарға түсуі жыл сайын 80-90-ға көбеюде.

Есеп беру мерзімінде облыс соттары барлығы 21806 азаматтық іс қарап, 13626 іс бойынша шешім шығарды.

Тараптардың дауды өзара бітімгершілік келісімдермен аяқтау шаралары тек Байғанин және Ойыл аудандық соттарында ғана қолданылмаған. Істерді тараптардың өзара бітімгершілік келісіммен аяқтау шаралары Ақтөбе қалалық сотында (338), экономикалық сотта (78), Хромтау аудандық сотында (45) белсенді түрде қолданылды.

Облыстық соттың ұйымдастыру-талдау бөлімінің басшысы Нұрлан Күнтуов Ақтөбе облысының соттарында «Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі» бағдарламасының жүзеге асырылуына байланысты жіберілген  кемшіліктер дер кезінде анықталып, уақытылы шешім қабылданғанын баяндады.

Жиынға қатысқан ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Жолымбет Бәйішев облыс соттарының жүзеге асырып отырған қызметіне оң баға берді.

Облыстық соттың

баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button