Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Аудандардағы мереке: марапат жауған күн

Алға

Аудандық мәдениет үйінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан — байтақ елім» атты мерекелік салтанатты шара өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов қатысып, өз саласында үздік қызмет етіп жүрген бір топ азаматты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Құрмет грамотасымен, «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен, «Халық алғысы» медалімен және облыс әкімі О.Оразалиннің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Данағұлов «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстады. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Әйтеке би

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған осындай жиын Әйтеке би аудандық Мәдениет үйінде де өтті.

Мерекелік жиынға қатысушылар алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров баяндама жасап, ел дамуы жолындағы облыс бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов мерейлі мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақансері Ермағамбет сөз алып, тәуелсіздіктің тұғырлы бола түсуі үшін жалған сөздерге ермеуге, егемендігіміздің еңселі болуы өз қолымызда екендігін айта келіп, жарқын келешек тіледі.
Шара барысында өз салалары бойынша елеулі еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерлерге «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі және облыс әкімінің Алғыс хаты, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының Алғыс хаттары табысталды. Жиын соңы аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.

Мәртөк

«Тұғыры биік Тәуелсіздік!» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Мәртөктіктерді облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы арнайы құттықтады. Аудан әкімі Алмас Салықбаев тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктерін айта келе, аудандағы оң өзгерістерге тоқталды.
— Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың 30 жылда бағындырған белестері айқын. Ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылып, нәтижелі еңбек етілді. Атап айтсақ, тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ауданымызда 38 нысан бой көтеріп, 50-ден астам ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар ауданымызға 150 миллиард теңге инвестиция тартылды. Аудан халқының 84 пайызы газбен қамтылды, — деп атап өтті аудан әкімі.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Мәртөк ауданының 18 азаматы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында жемісті қызмет атқарып келе жатқан, пандемиямен күресте ерекше көзге түскен Мәртөк ауданының 4 азаматы «Халық алғысы» медалімен наградталды.
Е.Кенжеханұлы мереке қарсаңында облыс әкімі О.Оразалиннің атынан Алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан 25 адам Мәртөк ауданының әкімі А.Салықбаевтың атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Мұғалжар

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шарада тәуелсіздік жылдарында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар мұғалжарлықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Марапат иелерін облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов құттықтады.

Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Кенже Бисеналина Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасына ие болды.
«Тәуелсіздікке 30 жыл» медалімен энергетиктер Сергей Абашев пен Шүренбай Ержанов, шаруа қожалық басшылары Төремұрат Əбенов, Тәжіғали Елеуов, Дүйсен Мұрзатаев және Болатжан Омаровтар, денсаулық сақтау саласының ардагерлері Аманжол Адаев, Зоя Сарқұлова, басқа да азаматтар марапатталды.

Мерекелік марапат алғандардың қатарында ұзақ жылдар бойы аудан орталығының санитарлық тазалығын сақтап, Қандыағаш қаласының қатты- тұрмыстық қалдықтарын уақтылы шығарып, тазартып отырған «Ж.Э.С.» мекемесінің басшысы Едіге Жұбанышев ерекше аталды. Сонымен қатар тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіп жүрген дəрігерлер Жанна Тəжімұратова, Галина Преснякова, ембілік Ирина Қарабасова да мерекелік марапатқа ие болса, Гемодиализ орталығының бас дəрігері Олег Ханға «Ақтөбе облысына ерекше еңбегі сіңген» медалі табысталды.
Ойыл

«Елімнің бақытын тербеткен — тәуелсіздік» атты салтанатты шара өтті.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова сөз сөйлеп, облыс басшысының атынан барша ойылдықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Әрі қарай тәуелсіздік жылдарында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосқан бірқатар азаматтарға «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Халық алғысы» медальдарын табыстады.

«Халық алғысы» медалімен аудандық аурухананың кәсіподақ ұйымының төрайымы Манат Нұртанова мен орталық аурухананың анестезиологі Амантай Идиятов, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен еңбек ардагері Бөкен Жантолы марапатталды.
Сондай-ақ аудан әкімі 1991 жылы 16 желтоқсанда отау құрып, тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған Қоныс-Назгүл Құсайыновтарды інжу тойларымен құттықтап, мерекелік сыйлығын табыс етті.
Темір

Н.Байғанин атындағы аудандық мəдениет үйінде «Тəуелсіздік — баға жетпес байлығым» атты меркелік шара өтті.
Шараға өңір басшысының орынбасары С.Бекбергенов және Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Темір ауданының құрметті азаматы, ұзақ жылдар бойы ауданды басқарған А.Мырзалин қатысып, темірліктерді мерекемен құттықтады.
С.Бекбергенов өзінің құттықтау сөзінен кейін аудан, республика және облыс деңгейіндегі шараларға белсене атсалысып жүрген 32 азаматқа ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» атты мерекелік медальді табыс етті.
Аудан дамуына өз үлесін қосып жүрген тәуелсіздік құрдастары да назардан тыс қалмай, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шара өнер майталмандарының әзірлеген мерекелік концертіне ұласып, жиналған көпшілікке әсерлі көңіл күй сыйлады.

Хромтау

Аудан орталығындағы Кеншілер мәдениет үйінде «Тәуелсіз елім — тірегім, самғауыңды тіледім!» атты ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.

Шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров хромтаулықтарға аймақ басшысы Оңдасын Оразалиннің мерекелік құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Р.Хамбаров облысымыздың тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің дамуына қосқан үлесі туралы айта келе, қол жеткізген жетістіктердің барлығы ынтымақ пен бірліктің жемісі екенін атап өтті.

Құттықтау лебізінен соң мерекелік марапаттарға кезек берілді.

«Еркіндік» шаруа қожалығының басшысы Жандайбек Ермағамбетов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ 36 хромтаулыққа «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі табыс етілсе, аудандық аурухананың дәрігері Гүлнар Дүйсенова «Халық алғысы» төсбелгісін иеленді.

Аудан әкімі Азамат Бекет пен аудандық мәслихат хатшысы Дәурен Молдашев, Қуаныш Озғанов пен Александр Кошикті «Хромтау ауданының құрметті азаматы» атағымен марапаттап, қазақы дәстүр бойынша иықтарына шапан жапты.

Шалқар

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара Шалқар аудандық Мәдениет үйінде де өтті.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов қатысып, жиналған жұртшылықты ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен жетістіктеріне, Елбасының ерен еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ аудан әкімі Жанболат Жидеханов құттықтау сөз сөйлеп, Шалқар ауданы халқының ел дамуы үшін қосқан үлестерін де атап өтті.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары мен аудан басшысы еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген 45 азаматты «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

Сондай-ақ 14 адамға «Шалқар ауданының Жыл адамы — 2021» атағы берілді. Осындай марапаттар басқа да бір топ азаматқа табысталды.

Ырғыз

Айтулы мереке қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би, Шеңбертал ауылдарының орталықтандырылған ауызсу құбырының іске қосылу рәсіміне қатысты.

Одан соң Тәуелсіздік күніне орай аудандық «Арай» мәдениет үйінде өткізілген салтанатты шараға арнайы қатысып, барша ырғыздықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Бұдан кейін облыстың және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Халық алғысы» медальдарын және облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының директоры Мирхан Дуанбеков «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен наградталды.

Салтанатты жиынның соңы «Арай» мәдениет үйі өнерпаздарының  «Тәуелсіз елім  — Қазақстан» атты мерекелік концертімен жалғасты.

Қобда

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік — бабалар мұраты» атты салтанатты шара өтті.
Қобдалықтарды мерейлі мерекемен Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы Қайрат Райымқұлов құттықтап, облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Шара барысында еліміздің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында жемісті қызмет етіп, пандемиямен күресте ерекше көзге түскен Т.Кемалов пен Ж.Жұмалина «Халық алғысы», аудан кәсіпкерi С.Құсайынов «Еңбек даңқы» медальдарымен наградталды.
Шарада көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдары, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан түрлі қызмет салаларындағы қызметкерлерге арнайы Алғыс хаттар мен мерейтойлық сыйлықтар табысталды.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button