Тәуелсіздік — 30

92 200 пәтердегі қоныстой 

Тәуелсіздік жылдарында елімізде 170 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Ақтөбе облысында 1991 жылдан 2021 жылға дейін 11 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 92,2 мың пәтер пайдалануға берілді.

Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе алып құрылыс алаңына айналды. Түрлі өнеркәсіп орындары, әлеуметтік нысандармен бірге тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілді. 

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы берген дерекке сүйенсек, 2000 жылдардан бастап Ақтөбенің өзінде және қала әкімшілігінің аумағында 30-дан астам жаңа аудан пайда болды.

«Нұр Ақтөбе» —  тәуелсіздіктің олжасы

2013 жылдан бастап 5 шағын ауданнан тұратын «Нұр Ақтөбе» тұрғын алабының құрылысы басталды.  Ақтөбе қаласының күншығыс бетінен жаңа қалашықтың салынуы үшін 2009 жылы шаһардың 140 жылдық тойы тұсында облыс орталығының алдағы 10-20 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму моделі жасалып, бас жоспарға өзгеріс енгізілген болатын. Ондағы түпмақсат — қаланы миллион тұрғыны бар мекенге айналдыру еді. Ал тұрғын көбейсе, тұрғын үйдің де көбейетіні заңдылық.

Екі мыңыншы жылдардың басында болашақта «Нұр Ақтөбе» ауданы аталатын тегіс далаға алғашқы үйлердің іргесі қаланып, бой көтере бастаған-ды. Бүгінде мұнда 10 827 отбасы тұрады, олар 667,8 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

«Нұр Ақтөбе» — Ақтөбе қаласының тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістіктерінің бірі.

Батыс-2 және Батыс-3

Қаланың күншығыс беткейі ғана емес, күнбатыс жағы да кеңейді. Бүгінде мұнда Батыс-2 және Батыс-3 тұрғын алаптарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

«Нұр Ақтөбе» тұрғын алабында үйлердің басым бөлігі әлеуметтік тұрғын үй болса, Батыс-2 тұрғын алабында коммерциялық тұрғын үйлер салынып жатыр.

Батыс-2 тұрғын алабы 2010 жылдан бастап салына бастаған еді. Мұнда құрылыс, әсіресе, 2018 жылы өте қарқынды жүргізілді: 23 көппәтерлі тұрғын үй салыныпты.

Бүгінгі таңда Батыс-2 ауданында 90-нан астам көп қабатты тұрғын үй  (1000-нан астам пәтер) пайдалануға берілді.

Қаладағы жаңа тұрғын үй алаптары

Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары қала аумағында Бауырластар, Рауан, Ақжар, Ақшат, Саяжай секілді тұрғын алаптарының құрылыстары басталған-ды. Бүгінде барлық тұрғын үй алаптарындағы құрылыс үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Аталған тұрғын үй алаптарының құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жаңа әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік берді. Тұрғындар үшін жаңа мектептер, ауруханалар, спорттық және мәдени нысандар салынды.

Биыл 1 181,0 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі

Тұрғын үй құрылысы облыс аудандарында да белсенді жүргізіліп келеді. Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін әлеуметтік тұрғын үй және халықтың жеке қаражаты есебінен салынып жатқан жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды. Жекелеген аудандарда барлық коммуникациялары бар көп қабатты тұрғын үйлер де салынып жатыр.

Облыста тәуелсіздік алғалы бері тұрғын үй құрылысы бір толастаған емес. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы берген мына дерекке қараңыз: 1991 жылы тәуелсіздік алған кезде Ақтөбе облысында 257,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе,  биыл жыл соңына  дейін Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша 1 181,0 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілу жоспарланған.

Статистикалық деректер былай дейді: республиканың қалыптасу кезеңінде, яғни 1992 жылдан бастап 2003 жылға дейін жыл сайын жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру 100,0 мың шаршы метрден аспаған болса, 2004 жылдан бастап құрылыстың белсенді жүргізілгені соншалық —  жыл сайын жаңа үй беру көрсеткіші 100,0 мың шаршы метрге өсіп отырды. Ал 2019-2020 жылдары қатарынан облыста тұрғын үй құрылысының рекордтық көлемі тіркелді: 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды! Соның нәтижесінде біздің өңір республикада тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша алғашқы төрттікке енді.

Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі берген дерек бойынша 2019-2021 жылдары облыс орталығында кезекте тұрған азаматтарға және мемлекеттік бағдарламалар бойынша 4049 баспана берілген.

Алдағы уақытта Ақтөбе қаласының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес қала құрылысы шығыс және оңтүстік-батыс жағына жоспарланған. Бұл тұрғын үй құрылысының бұдан әрі даму бағытын көрсетеді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button